Ойын-сауықӘдебиетТанымал тұлғалардың бір ғана ұсынысы кітапты қалай бестселлерге айналдырады?

Танымал тұлғалардың бір ғана ұсынысы кітапты қалай бестселлерге айналдырады?

23 қыркүйек 2026
3 мин
Instagram @oprahsbookclub

Кезінде кітаптың хит болуына әдеби сыншылардың пікірі ықпал етсе, бүгінде танымал актриса немесе жұлдыздың бір ғана жазбасы жеткілікті. 1990 жылдары бір ғана тележүргізуші бастаған үрдіс бүгінде баспа индустриясының қуатты қозғалтқышына айналды. Опра Уинфриден Дуа Липаға дейін баспа нарығын басқарып отырған ең беделді жұлдызды кітап клубтарына сараптамалық шолу жасаймыз.


Опраның кітап клубы


1996 жылы Опра Уинфри өзінің авторлық телешоуы аясында кітап клубын ашып, баспа нарығында жаңалық жасады. Кейін бұл құбылыс әлемдік медиада «Опра эффектісі» деген атауға ие болды: ол қай кітапты таңдаса, сол туындының сатылымы күрт өсіп, көпшілікке беймәлім авторлар бір түннің ішінде танымал болды. Баспагерлердің есебінше, заманауи прозадан бастап классикаға дейінгі 80-нен астам кітап дәл осы Опраның ұсынысымен кең аудиторияға жол тартқан. Ірі Hachette баспа басшысының айтуынша, Опра кітап клубы идеясын ойлап тапқан жоқ, бірақ ол кітап оқуды адамдар бір-бірімен бөлісетін ортақ процеске айналдырды.


2019 жылдан бастап клуб Apple TV+ платформасына көшті. Қазір Опра авторлармен тікелей сұхбаттасады, ал жобаның форматы қарапайым телебағдарламадан гөрі терең деректі фильмге ұқсайды.

Риз Уизерспунның кітап клубы


Актриса Риз Уизерспун кітап клубын 2017 жылы ашты. Бұған дейін ол Голливудта әйел кейіпкерлері алдыңғы қатарға шығатын сапалы сценарийлердің тапшылығына наразы болып, өзінің Hello Sunshine продюсерлік компаниясын құрған еді.


Кітап клубы осы ауқымды жобаның заңды жалғасына айналды. Уизерспун ай сайын бір кітап таңдайды. Көбіне бұл әйел авторлар жазған немесе күрделі әйел тағдырын суреттейтін шығармаларды ұсынады. Клуб таңдаған туындылардың біразы кейін Уизерспунның компаниясы арқылы экрандалады. Оның кітап ұсыныстарының негізінде түсірілген әлемдік хиттер қатарында «Үлкен кішкентай өтірік» (Big Little Lies), «Барлық жерде тұтанған оттар» (Little Fires Everywhere) және «Оның маған айтқан соңғы сөзі» (The Last Thing He Told Me) бар.


2023 жылы Риздің клубы ұсынған кітаптардың баспа нұсқасы алғаш рет Опра клубының көрсеткішін басып озып, 2,3 миллион данаға жетті.

Эмма Уотсонның феминистік кітап клубы


2016 жылдың қаңтарында БҰҰ-ның гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі елшісі Эмма Уотсон Goodreads платформасында Our Shared Shelf атты кітап клубын ашты. Жобаның басты мақсаты — феминизм мен теңдік туралы әдебиеттерді көпшілікпен бірге оқып, талдау.


Аудиториясы бұл ұсынысты лезде құптап, клуб бір тәулікке жетпей алғашқы мүшелерін жинады. Көп ұзамай қатысушылар саны 200 мыңнан асты. Алғашқы талқылау Глория Стайнемнің мемуарынан басталса, кейін тізімге «Элджернонға арналған гүлдер», Элис Уокердің «Күлгін түс» романы және тұлғалық болмыс тақырыбын қозғайтын ондаған терең туынды қосылды.


Қазір клуб белсенді жұмыс істемесе де, мұнда талқыланған отыздан астам кітаптың мұрағаты кез келген оқырман үшін ашық тұр.

Дуа Липаның халықаралық әдебиет клубы


Поп-жұлдыз Дуа Липа өзінің Service95 Recommends кітап клубын 2023 жылы ашты. Жоба әншінің мәдениет пен журналистикаға арналған Service95 медиаплатформасының бір тармағы ретінде жұмыс істейді.


Голливудтық әріптестерінен айырмашылығы, Дуа Липа көбіне аударма әдебиетке және әртүрлі мәдени ортадан шыққан авторларға басымдық береді. Оның сүйікті тізімінде Джордж Сондерстің «Lincoln in the Bardo» романы мен Мишель Заунердің «Crying in H Mart» мемуары бар.

"Мен кітап оқуды жақсы көремін. Кітаптың адамға қандай сезім сыйлай алатынының өзі мен үшін ғажап. Егер осы сезімді өзгелермен бөлісе алсам, демек, дұрыс бағытта келе жатырмын", - дейді Дуа Липа Elle UK басылымына берген сұхбатында.

Назар аударуға тұрарлық тағы бірнеше клуб

  • Read with Jenna: АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буштың қызы, тележүргізуші Дженна Буш Хейгердің клубы. Ол көпшілікке әлі таныла қоймаған жазушылардың бағын бір сәтте жандырып, мансабының өсуіне үлесін қосады. Оның тізіміне ілігу жазушы үшін айы оңынан туғанмен тең. Сондықтан журналистер мұндай мүмкіндікті төбеден жай түскендей тосын әрі өмірді күрт өзгертетін оқиғамен салыстырады.

  • Between Two Books: Florence and the Machine тобының солисі Флоренс Уэлч жүргізетін клуб. Ол бірнеше жылдан бері таңдаулы көркем прозаны оқырмандарымен бөлісіп келеді.

  • Belletrist. Бұл — актриса Эмма Робертс пен оның продюсер құрбысы Кара Прайсс негізін қалаған жоба. Идея 2017 жылы екеуінің бір-біріне кітап ұсынуынан басталған. Кейін Робертс осы ұсыныстарды көпшілікке ашық түрде жариялауды ұйғарып, жоба біртіндеп жеке кітап қауымдастығына айналды.

  • TeaTime Pictures Book Club. Актриса Дакота Джонсонның 2024 жылдың наурызында іске қосылған салыстырмалы түрде жаңа кітап клубы. Жоба оның продюсерлік компаниясымен тығыз байланысты және әдеби туындыларды кино мен телевизия саласындағы жобалармен ұштастыруға бағытталған.

  • Оқуға арналған жеке тізімдерін Барак Обама мен актриса Сара Джессика Паркер де тұрақты түрде жариялап отырады. Сара Джессика Паркердің бұған қоса SJP for Hogarth атты жеке баспа импринті бар.

Инфлюенсерлерге кітап клубы не үшін керек?


Танымал тұлғалардың бұл трендке жаппай қызығуының артында тек кітапқа деген кіршіксіз махаббат қана тұрған жоқ. Әрине, олардың көбі оқу мәдениетін насихаттауды басты орынға қояды. Алайда, мұндағы басты фактор — парасоциалды байланыс пен назар аудару экономикасы.


Психологиялық тұрғыдан алғанда, танымал әрі өзіміз ұнататын тұлғаның ұсынысы бізге жақын досымыздың кеңесіндей әсер етеді. Баспа нарығын зерттеушілер оқырманның кітап сатып алуына көбіне таныстарының ұсынысы тікелей түрткі болатынын айтады. Ал инфлюенсердің беделі осы сенімін бірден миллиондаған адамға тарата алады.


Екінші жағынан, Риз Уизерспун немесе Дакота Джонсон секілді продюсер жұлдыздар үшін нағыз бизнес-инструмент. Кітап клубы бір жағынан олардың зияткерлік талғамын көрсетсе, екінші жағынан болашақ фильмдер мен сериалдарға арналған дайын идеялар (IP - интеллектуалды меншік) қорын қалыптастырады.


Дегенмен, бұл құбылысты толығымен коммерция мен маркетингке телу әділетсіз болар еді. Әйтпесе, Флоренс Уэлчтің тікелей табыс әкелмейтін кітап клубын жылдар бойы жүргізуін немесе Эмма Уотсонның жүздеген мың оқырманмен күрделі феминистік әдебиетті ерінбей талқылауын түсіндіру қиын.


Сірә, кітап клубтарының түпкі мәні өзгерген жоқ: адам өзі оқып, ерекше әсер алған жақсы кітабын өзгемен бөліскісі келеді. Жалғыз айырмашылығы, жұлдыздардың сол әсерді бір сәтте ести алатын миллиондаған аудиториясы бар.

Бөлісу: