Ойын-сауықЭзотерикаТағдыр мен терапия: авторлық таро карталары

Тағдыр мен терапия: авторлық таро карталары

11 сәуір 2026
5 мин
И судьба, и терапия: авторские колоды таро
Motherwitch Oracle | Фото: littleredtarot.com

Авторлық таро карталары – бұл қазір жаңа тынысы ашылған тұтас бір мәдениет. Мыңдаған суретші, музыкант пен танымал тұлғалар өз картасының жинағын жасап жатыр. Олар уақыт өте келе аңызға айналып, коллекционерлер үшін құнды жәдігерге айналады. Біздің шолуымыз танымал, оғаш, инди және өзге де ерекше карталар жинағы туралы болмақ. 


Қазіргі авторлық карталар жинағының бір ортақ «түп атасы» – классикалық Райдер-Уэйт таросы. Бұл карта жинағы 1909 жылы жасалып, осы саланың негізін қалады. Карталар жинағына өз авторы мен баспагерінің есімі берілген: оны Артур Эдвард Уэйт ойлап тапса, Уильям Райдер басып шығарған. 117 жыл ішінде бұл картаның әлем бойынша 100 миллионнан астам данасы тарап үлгерді.


Ең маңыздысы – бұл үлкен аркандар да, кіші аркандар да толық суреттелген алғашқы карталар жинағы. Әр картада өз сюжеті бейнеленген. Бұл картаның мағынасын түсіндіретін «көмекші құралға» айналған. Сонымен бірге картаны қалай жаю керек екені туралы, әр картаның мән-мағынасы жөнінде жазылған нұсқаулық кітап та жарық көрді. Райдер-Уэйт карталар жинағы барлық заманауи таро нұсқаларының шабыт көзіне айналғаны сөзсіз.


Авторлық карталар жинағы: қысқаша шолу


Авторлық карталар жинағы сырт бейнесімен ғана емес, жеткізер ойымен, терең мағынасымен де ерекшеленеді. Осыған байланысты оларды қалай қолдану керек екені жөнінде жаңа міндеттер мен тәсілдер пайда болды. Авторлық нұсқаларда карта атауларын өзгертуге болады. Мысалы, адамды шошытатын «Өлім» картасының орнына жағымдырақ естілетін «Трансформация» атауын қолданады. Мұнда қатал тұжырымдар жұмсартылып, түрлі құдай аналардың, квир-персоналардың бейнелері, психотерапия метафоралары қолданылады. Тіпті карта құрылымын өзгертіп жіберетіндер де бар (мысалы, иерархиясы мен жүйесі жоқ «Оракулдар»).


Авторлық карталар жинағы – адамдардың өзін-өзі танытуының тағы бір түрі. ХХ ғасырдың басындағы христиан-патриархал Еуропадан кейін, басқа мәдениет пен гендер өкілдері де өзін және өз мифтерін тарих бетінде қалдырғысы келді. Психология мен терапия дамып, бұған өз септігін тигізді. Карталар бейнелер мен архетиптер арқылы «сөйлейді», сондықтан олар сиқырдан алыс адамдар үшін де түсінікті. Қазіргі таро тағдырды болжаудан гөрі, ішкі жан дүниеңді саралау (рефлексия) құралына көбірек ұқсайды.


Өз кезегінде суретшілер үшін бұл – үлкен шығармашылық алаң. Ал 78 карта – бұл бір ортақ идеямен біріктірілген 78 шағын картина. Кейбір карта жинағы нағыз өнер туындысы сияқты. Ендеше, осы ғаламға бірге еніп, әр коллекционердің немесе осы салаға қызығатындардың қоржынында болуға тиіс карта жинағын табайық.


Сальвадор Далидің сюрреалистік колодасы


Бұл коллекция 1970 жылы жасалған, бірақ тек 1984 жылы жарық көрген. Бастапқыда Далиге Live and Let Die фильміне Джеймс Бонд туралы жасап беруді ұсынады, бірақ соңында келісімшарт болмай, бұл іс аяқсыз қалады. Дегенмен суретші идеясынан бас тартқан жоқ. Сөйтіп Далидің автопортреттері, Галаның бейнелері және батыс кескіндемесінің классикалық туындылары бейнеленген карталар жинағын жасап шығады.


Алтын жалатылған жиектер, классикалық сурет пен Дали сюрреализмі қосылған коллаждар, ағылшын және испан тіліндегі атаулар, барқыт қорап пен түсіндірме кітап – бәрі бұл карталар жинағын сән-салтанаттың шыңы етіп көрсетеді. Бұл жинақты эзотерика құралы ретінде де, ХХ ғасырдағы өнер тарихын танытатын оқулық ретінде де қарастыруға болады.


Cat Full of Spiders Tarot: Готикалық колода


Актриса Кристина Риччи ұсынған таро карталары. Риччи өзінің кино мансабында мыстандардың, мазасыз жасөспірімдердің және жұмбақ кейіпкерлердің рөлін көп сомдағандықтан, мистика тақырыбы оның бейнесіне дөп келеді. Картадағы бейнелер Кристинаның рөлдері мен ішкі өзгеру кезеңдерін көрсетеді. Риччидің айтуынша, бұл карталар – өзіңді тану мен саралау құралы. Бәріміз де өмір жолында түрлі рөлде боламыз, ал сұрақтардың жауабы әлдеқашан ішімізде жатыр.


Карталармен бірге Риччидің жеке алғысөзі мен Марк Хэмптонның шығармашылық нұсқаулығы беріледі. Түсіндірмелерді жазуға таро туралы кітаптарымен танымал Минерва Зигель де атсалысқан.


The Black Queer Tarot: Инклюзивті квир-колода


Бұл жай ғана карта емес, қара нәсілді квир-жандардың тағдыры мен ішкі әлемінен сыр шертетін рухани жоба. Мұнда нақты адамдардың – суретшілердің, белсенділер мен орындаушылардың бейнелері қолданылған. Карталар жинағының авторы – гарлемдік суретші Кендрик Дайе. Ол бұл жобаны досы Джастин Генримен және фотограф Стелла Маглайямен бірге жасаған. 


Әр бейне – мифология мен заманауи мәдениеттің қоспасы. Карталар өзін-өзі тану құралы ретінде қолданылады. Бұл жинақ өз әлеуметтік маңызы мен рухани мәні үшін көпшілікке танымал болды.


Motherwitch Oracle: Мыстан архетиптері


Бұл дәстүрлі таро емес, бар болғаны 40 картадан тұратын оракул. Оның авторы – суретші әрі әнші Наташа Хан (Bat for Lashes). Оның «Ымырт» (Twilight) немесе «Аштық ойындары» (The Hunger Games) фильмдеріне жазған саундтректерін тыңдаған болуыңыз мүмкін. 


Бұл карталар медитация мен өзін-өзі тану үшін ғана емес, сәуегейлік құралы ретінде де қолданылады. Мұнда табиғи символизм, әйелдік қуат пен түйсік тақырыптары біріктірілген. Шабыт көзі – даналық пен сиқырды бойына жинаған «мыстан ана» бейнесі. Карталар төрт энергетикалық санатқа бөлінеді: жоралғылар, табиғи күштер, болмыстар және белгілер.


Prisma Visions Tarot


Иллюстратор Джеймс Р. Эдс жасаған көркем карталар жинағы дәстүрлі символиканы импрессионизм мен сюрреализм стилінде көрсетеді. Коллекционерлер бұл картаны екі ерекше қасиеті үшін жоғары бағалайды. Біріншісі – кіші аркандардың әрбір масті (мысалы, тостағандар, таяқшалар) қатар қойғанда біртұтас көрініс, бір үлкен оқиғаны көрсетеді. Екіншісі – жинақта 78 емес, 79 карта бар. Қосымша Strange картасы әр жаңа басылым сайын әртүрлі болады.


Көне сиқыр таросы: Құдай аналар сыбыры


Бұл – әлем халықтарының мифтеріндегі әйел құдайларға арналған фэнтези стиліндегі жинақ. Классикалық карталар жүйесі ежелгі аңыздардағы бейнелерге негізделген. Жинақ сәуегейлікке емес, ішкі түйсікті тыңдауға, мифтерді және көне магия әлемін түсінуге арналған. Әр карта белгілі бір құдайдың бейнесін және мінезін көрсетеді. Сондықтан карталарды талдағанда тек кітаптағы мағынаға емес, сол құдайдың болмысына да назар аудару керек.


Мұнда бүкіл әлемнің мифтері тоғысқан: ежелгі грек, славян, мысыр, скандинав, африка, түркі, тіпті шумер мәдениеті де бір жинақта бар.


P.S. Егер бұл тақырып қызық болса және Таро карталарының басқа түрлерін білгіңіз келсе, бізге жазыңыз – оны біз жұмысымызды жалғастыруға берілген «белгі» деп қабылдаймыз.

Бөлісу: