Әлемде●Экология●Табиғатқа жанашыр сән: Алма қабығынан былғарыны қалай жасайды?

Табиғатқа жанашыр сән: Алма қабығынан былғарыны қалай жасайды?

20 қазан 2026
5 мин
Фото: Fraunhofer UMSICHT

Технологиялар дәуірінде адамзатты таңғалдыру қиын. Сырт көзге қарапайым болып көрінетін ұғымдар мен заттардың артында миға қонымсыз процестер жатуы мүмкін. Мәселен жай ғана алманың өзінен толыққанды бұйым, онда да әлемдік сән индустриясында өзіндік орны бар сөмке жасап шығаруға болатынына сенесіз бе? Tamga Мedia сән индустриясындағы ecо-friendly мәдениетімен терең ұштасатын AppleSkin технологиясы туралы ақпарат ұсынады.


Өнеркәсіптік өңдеу орталықтарынан күнделікті мыңдаған тонна алма қабығы, сығындысы мен ұнтақталған қалдықтары қоқысқа кетіп жатыр. Бірақ жаһандық экология проблемаларын зерттеу нәтижесінде туындаған экология мәдениеті «жасыл технологиялардың» дамуына жол ашты. Айтпақшы, 21 қазан — Алма күні (Apple Day). Бұл дәстүр 1990 жылы Ұлыбританияда басталған. Осы күнге орай алманың тек тағам ретінде емес, басқа салаларда да қалай қолданылатынына назар аударуға болады. Түрлі қалдықты кәдеге жаратуға мүмкіндік туды. Оның ішінде қоқысқа кетіп жатқан алма қалдықтарының өзінен пайдалы дүние – кәдімгі былғары мен пластикті алмастыратын ерекше био-материал жасап шығаруға болады екен. Осылайша алмадан жасалған жаңа экологиялық материал – AppleSkin технологиясы алға шықты. Ең қызығы, бұл материалға әлемдік сән индустриясының алпауыттары қызығушылық танытып, табиғатқа залал келтірмейтін экологиялық таза материалды қолдану сәнге айналды.

Бұл технология қашан және қалай пайда болды?


Алма қалдықтарын сән индустриясына бейімдеу идеясы кездейсоқ туған жоқ. Бұл жаңалық Италияның солтүстігіндегі Оңтүстік Тироль аймағындағы Больцано қаласынан бастау алған. Еуропадағы ең ірі алма бақтары шоғырланған және алма шырындары мен пюрелерін жаппай өндіретін басты орталықтардың бірі. Жыл сайын жергілікті кәсіпорындарда өңделетін тонналаған жемістің қабығы мен өзегінен тау-тау болып органикалық қалдық жиналатын. Бұл қалдықтарды кәдеге жарату жергілікті өндірушілер үшін үлкен экологиялық мәселеге айналды.


Түйткілді шешуге алғашқылардың бірі болып италиялық өнертапқыш әрі химик Альберто Волькан ұмтылыс жасады. Ол осы шикізаттың целлюлозаға бай екенін ескеріп, оның сығындысынан алдымен биологиялық «алма қағазын» жасап шығарды. Өнертапқыш мұнымен тоқтап қалмай, жергілікті кәсіпкер, Frumat компаниясының негізін қалаған Ханнес Партпен бірлеседі. Осылайша кептірілген алма ұнтағын полиуретан және мақта негізімен біріктіру арқылы сән әлеміне үлкен серпіліс алып келген, алма қалдығынан жасалған былғарыға балама материалдардың бірі – AppleSkin формуласы жасалады. Бұл материал икемділігі мен беріктігі жағынан кәдімгі былғарыдан кем түспейтін сапада жасалатын болды. 2018 жылы Миланда өткен сән әлемінің беделді Green Carpet Fashion Awards салтанатында Frumat компаниясы осы технологиясы үшін үздік инновация жүлдесін жеңіп алды. Уақыт өте келе бұл өндіріс италиялық ірі тоқыма алпауыты Mabel компаниясымен серіктестік аясында өнеркәсіптік деңгейге көтеріліп, ресми түрде UPPEAL™ деген коммерциялық атауға ие болады.


Алмадан жасалған тері қалай әлемдік брендтердің таңдауына айналды


Ерекше био-материалдың пайда болуы сән әлемінде ірі компаниялар арасында нағыз экологиялық жарысқа жол ашқандай болды. Бұған дейін көптеген дизайнер мал терісінен бас тартқанымен, оның орнына мұнай шикізатына негізделген синтетикалық материалдарды, яғни кәдімгі дерматинді қолдануға мәжбүр болатын. Ал алма қалдықтарынан жасалған материал сән үйлеріне эстетика, сапа, қауіпсіздікті қатар ұстап тұруға мүмкіндік беретін нағыз баламаға айналды.

Экологиялық сән трендке айналған тұста әлемдік алыптар жаңа материалды өнімдерін жасау үшін кеңінен қолдана бастады. Мәселен, америкалық Tommy Hilfiger компаниясы 2020 жылы осы технологияны қолданып, алма қалдығынан жасалған ресми веган кроссовкалар желісін ұсынды. Тіпті дәстүрлі былғары өнімдерімен танымал Нидерландтың O My Bag бренді де веган аудитория үшін арнайы AppleSkin материалынан тігілген сөмкелер мен әмияндар шығарды.


Сонымен қатар бұл материалды өндірісінің басты философиясына айналдырған стартаптар көптеп пайда бола бастады. Канадалық Samara өнімдерін алма қалдығын ішінара пайдаланып жасайды. Ал италиялық Miomojo сияқты танымал брендтер қарапайым синтетиканың орнына толықтай 100% алма шикізатын таңдап, минималистік премиум сөмкелер мен рюкзактарды сәнге енгізді. Алма материалының таралу шеңбері тек аксессуарлармен шектелген жоқ. Оның төзімділігі өзге де ірі салалардың назарын аударып, сағат өндірушілері одан баулар жасаса, бірқатар халықаралық автоконцерн экологиялық таза концептуалды электрокарлардың автосалонын қаптауға пайдаланып келеді.

Индустрия қандай қиындықтарға тап болды?


Алма былғарысы индустрияға айтарлықтай серпіліс әкелді. Дегенмен қиындықтар мен технологиялық шектеулер түріндегі кемшіліктер де болды. Біріншіден, тұтынушыны жаңылыстыру, AppleSkin атауынан материал түгелдей алмадан жасалады деген әсер тууы мүмкін. Алайда іс жүзінде олай емес. Оның нақты құрамы өнім түрі мен өндірушіге қарай өзгереді: алма шырынын өндіргеннен кейін қалатын қабық, өзек пен сығынды материалдың белгілі бір бөлігін ғана құрайды. Ал беріктік, икемділік пен тозуға төзімділік беру үшін оған полиуретан (PU), мақта, полиэстер немесе басқа компоненттер қосылуы мүмкін.


Осы ерекшелік гринвошинг мәселесін де туындатады. «Алма былғарысы» немесе «өсімдік негізіндегі материал» деген атауды көрген тұтынушы оны жүз пайыз табиғи, пластиксіз әрі табиғатта толық ыдырайтын өнім деп қабылдауы мүмкін. Шын мәнінде қазіргі AppleSkin нұсқаларының құрамында синтетикалық компоненттер де бар. Сондықтан оны кәдімгі былғары мен толық синтетикалық материалдарға балама ретінде қарастырған дұрыс, бірақ «толығымен табиғи» немесе «қоршаған ортаға мүлде зиянсыз» деп сипаттау дәл болмайды.


Екінші күрделі мәселе – тозғаннан кейін мұндай бұйымдарды қайта өңдеу қиындығы. Органикалық алма қалдығы мен полимерлер өндіріс кезінде бір-бірімен тығыз байланысатындықтан, оларды кейін бір-бірінен ажыратып, қайта кәдеге жарататын инфрақұрылым әлемде әлі жеткілікті дамымаған.


Бұған қоса өнімнің өзіндік құны да арзан емес. Кәдімгі жасанды былғарымен салыстырғанда алма қалдықтарын жинау, кептіру және арнайы технологиямен ұнтақтау процесі қосымша шығынды талап етеді, сол себепті мұндай сөмкелер мен аяқ киімдер әзірге қарапайым масс-маркет өнімдерінен әлдеқайда қымбат сегментте қалып отыр.


Шикізаттың маусымдық сипаты деген проблема да бар: шырын зауыттарынан шығатын қалдықтың көлемі әзірге жаһандық сән индустриясының сұранысын толық өтеуге қауқарлы болмай тұр.


Дегенмен ғалымдар синтетикалық полимерлердің орнын толықтай биологиялық шайырлармен алмастыру бағытындағы ізденістерін жалғастырып жатыр. Сондықтан бүгінгі шектеулер – бұл индустрияның толықтай табиғи өнімге айналу жолындағы уақытша баспалдағы ғана. Десе де алмадан былғары өнімдерін жасау – аталған бағыттағы үлкен жаңалықтардың бірі екені сөзсіз.

Бөлісу: