Чиа тұқымы қосылған смузи, матча-латте, балдыр ұнтақтары мен годжи жидектері бүгінде экзотика емес. Олар пайдалы тағам мәзіріне айналды. Қазір тіпті “суперфуд жесең, өзіңді сергек сезініп, қалаған дене пішініңе тез жетесің” деген пікір де бар. Бірақ бұл қаншалық рас? Суперфуд деген не өзі? Tamga Media физиолог, нутрициолог әрі health-коуч Талшын Артыққызынан сұрап білді.
Суперфуд деген не және оған не жатады?
Медицинада да, ғылымда да “суперфуд” деген нақты термин жоқ. Бұл – бұрыннан рационымызда болған пайдалы тағамдарға берілген маркетингтік атау. Жидектер, дәндер, тұқымдар әлеуметтік желінің арқасында "жаңа" өнім сияқты көрініп, трендке айналды.
“Шын мәнінде, жаңа өнім пайда болған жоқ. Ас қорытуға, иммунитетке, ми мен жүрек-қан тамыр жүйесіне пайдалы, талшыққа, антиоксиданттарға, дәрумендер мен минералдарға бай тағамдарды “суперфуд” деп атап жүр. Қоғамда дұрыс тамақтану сәнге айналған соң, суперфуд та соның бір бөлігі болды”, – дейді маман.
Қазір суперфуд деп көбіне чиа, спирулина, хлорелла, матча, годжи жидектері, авокадо, брокколи мен түрлі балдырларды атайды. Олар құнарлы әрі көбіне қымбат. Дегенмен нутрициолог қалтаға ауыр салмақ салмайтын, бірақ өте құнарлы басқа да өнімдер бар екенін айтады.
“Сирек кездесетін әрі қымбат тұратын өнімдер ғана суперфуд емес. Мәселен, Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан тұрғындарының дәстүрлі рационында суперфуд ұғымына толық сай келетін көптеген өнім бар: жидектер, асқабақ дәндері, таңқұрай, қарақат, көкжидек, балық пен балық майы және тағы басқа", – дейді нутрициолог.
Суперфудты қалай тұтыну керек?
Нутрициологтың айтуынша, суперфуд рационды байыта алады. Бірақ ол дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына тек қосымша болуы керек.
“Адам күнделікті ақуыз, май, көмірсуы бар өнімдермен тамақтануы қажет. Суперфудты рационның негізі етіп, күн сайын қолданбаған жөн. Кез келген нәрсені шамадан тыс тұтыну зиян. Әсіресе хлорелла, хлорофилл және аминқышқылдары бар ұнтақ қоспаларға сақ болу керек. Оларды көп қолданса, асқазанға, бауыр мен бүйрекке зиян келтіріп, ағзадағы минерал тепе-теңдігін бұзуы мүмкін. Ішек жұмысы бұзылып, қан азаюы немесе панкреатитке дейін апаруы мүмкін”, – дейді сарапшы.
Қазір көбі таңғы ас пайдалы болуы үшін міндетті түрде авокадо мен брокколи жеу керек деп ойлайды. Бірақ оларды зәйтүн майы немесе балық сияқты қолжетімді өніммен алмастыруға болады.
“Бүгінде кейбір өнім жарнаманың салдарынан шектен тыс жоғары бағаланып жүр. Мысалы, спирулинаны әмбебап сауықтыру құралы ретінде ұсынады. Бірақ ол бәріне бірдей жарай бермейді. Оны қалқанша безі, бауыры, бүйрегі ауыратындарға ішуге болмайды. Балдырлар да адам ағзасындағы бар мәселені шешіп бере алмайды. Чиа мен годжи жидектері де асыра бағаланған. Олар адамды арықтатып, тамырды тазалап, холестеринді төмендеді деп жатады. Қарапайым жидектерді жесеңіз де, осындай оң әсерін көресіз”, - дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол “суперфуд тез арықтатады”, “ағзаны тазартады”, “ондаған аурудың алдын алады” деген уәделердің бәріне сене бермеуге кеңес береді. Бір ғана өнім салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтанудың орнын толық баса алмайды.
“Әлеуметтік желіде кей блогер “ұйқысы қанбайтын, күйзеліске түскен, аз қимылдайтын адамға суперфуд көмектеседі” деген иллюзияны қалыптастырып жүр. Соның салдарынан кейбірі салауатты өмір салтының орнына таңғы смузиге “сәнді” өнім қосса болды деп ойлайды", – дейді Талшын Артыққызы.
Қорытындылай келе, суперфудты рационына қосқысы келетін адам дайын ұнтақтар мен қоспаларды таңдағанда олардың сертификатына, тексеріліп-тексерілмегеніне, ресми тіркеліп-тіркелмегеніне мән бергені дұрыс. Ал табиғи түрін таңдағанда антиоксидантқа, дәруменге, аминқышқылына бай өнім алған жөн.




