ДенсаулықСұлулықСұлулық хирургиясы: мүмкіндік пе, тәуекел ме?

Сұлулық хирургиясы: мүмкіндік пе, тәуекел ме?

16 маусым 2026
4 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

2026 жылғы 15 мамырда 53 жастағы Сәуле Базархан пластикалық хирургия клиникасында анестезия арқылы липосакция жасатпақ болып, қайтыс болды. Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов иегінің астындағы артық майды алдырғысы келіп ота жасатқан – кейін оның жағдайы күрт нашарлап, ол да көз жұмған. Бұл оқиғалар әлі тергеліп жатыр. Сонда да фактінің өзі сөйлейді: өлім-жітімге қарамастан эстетикалық медицинаға сұраныс артып жатыр. 


Эстетикалық медицина деген не?


Эстетикалық медицина – адамның сырт келбетін жақсартуға арналған медициналық сала. Ол екі бағытқа бөлінеді:

  • Хирургиялық емес әдістер (косметология): ботокс, филлер, лазерлік жасарту, пилинг сияқты инъекция және аппарат арқылы істелетін процедуралар.

  • Хирургиялық әдістер (пластикалық хирургия): бұл өз кезегінде эстетикалық (мұрын пішінін түзету, қабаққа операция жасау, кеуденің көлемі мен пішінін өзгерту, липосакция және дене бітімін қалыптастыру және тағы басқасы) және реконструктивтік (жарақат, күйік немесе туа біткен ақаулардан кейін қалпына келтіру) хирургия болып бөлінеді.

Әлемдегі сұраныс қандай?


ISAPS статистикасы бойынша, 2024 жылы эстетикалық процедуралар жасатқан адамдар саны 38 миллионға жуықтаған. Оның ішінде әлем бойынша шамамен 17,4 миллион эстетикалық хирургиялық операция, ал 20,5 миллион косметологиялық процедура жасалған. Кейінгі төрт жылда бет-әлпеті мен дене пішінін өзгерткісі келгендер саны 42,5% өскен. 


Зерттеуге сүйенсек, қабаққа ота жасататындар қатары жыл сайын артып келеді. Одан кейінгі орындарда липосакция (денедегі артық майды алу), кеуде үлкейту, мұрын пластикасы. Географиялық мекен бойынша, ең көп эстетикалық ота АҚШ-та жасалады екен. Шамамен 6,1 миллион адамнан асады. Екінші орында – Бразилия, онда 3,1 миллион адам эстетикалық медицинаға жүгінген. 


Қазақстанда сұраныс пен баға


Пластикалық хирург Думан Дәуренұлының айтуынша, Қазақстанда ең көп жасалатын операциялар – мұрынды түзеуу (ринопластика), қабаққа ота (блефаропластика), кеудені үлкейту немесе кішірейту (маммопластика), липосакция және бетті тарту операциялары.


Клиникалардың ашық бағаларына қарағанда, операция құны оның түріне және күрделілігіне байланысты өзгереді. Бағалар шамамен 150 мың теңгеден басталып, 2 миллион теңгеден асып кетуі мүмкін.


Мысалы, қабаққа жасалатын ота (блефаропластика) Алматыдағы орташа клиникаларда 400-700 мың теңге аралығында тұрады. Ал мұрынды түзеу (ринопластика) көбіне 700 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді.


Дегенмен нарықта арзан бағада жасайтын ұсыныстар да кездеседі. Бірақ мұндай жағдайда міндетті түрде клиниканың лицензиясы мен дәрігердің сертификатын алдын ала тексеру өте маңызды.


Тәжірибе: ота жасатқан адаммен сұхбат


Ажарын әрлегісі келген әйелдің бірі – Гүлназ Тоқтықара. 46 жастағы келіншек 5 баланың анасы. Гүлназ бірінші баласын босанғаннан кейін-ақ бет терісінің өзгерісін байқаған. Содан бері 20 жылдан астам уақыт бойы бетіне түрлі күтім жасаған. Кейіпкеріміз 15 жыл көзілдірік таққан. Көзін емдеткеннен кейін көзінің астындағы әжімдер анық көріне бастаған. Содан кейін эстетикалық ота жасатуды жөн көріпті.


Ол Ақтөбеден Алматыға барып, бет терісін тартқызып, көзінің астындағы артық тері мен майды алып, ісігі мен әжімді азайтуға арналған ота (төменгі блефаропластика) жасатқан. Отаға 1 миллион теңге жұмсаған. 


Гүлназ ота жасатпай тұрып, жалпы қан анализін, В,С гепатитіне, АИТВ-ға анализ тапсырған, қант деңгейін тексерткен. Ота алдында дәрігерлер ағзаның жалпы жағдайын міндетті түрде бақылайды. 

«Алғашында бетім ісім, көгеріп тұрады. Тіпті өзіңді айнадан танымай қалуың мүмкін. Соның бәріне алдын ала дайын болуың керек. Алғашқы ауыр кезең шамамен 7-10 күндей болады екен. Қазір бетім қалпына келіп жатыр. Жалпы адамға көрінетін негізгі ісік екі-үш аптада азая бастайды. Бірақ толық нәтиже бірден шықпайды, бет толық орнығып, табиғи қалыпқа келуі бірнеше айға созылады», – дейді Гүлназ. 


Гүлназдың тәжірибесі оңды аяқталды. Алайда мұндай нәтиже бәріне бірдей кепілдік берілмейтінін мамандар ескертеді. Клиниканы дұрыс таңдамаған немесе ота алдындағы тексеруді өткізбеген жағдайда қауіп арта түседі.


Кімдерге эстетикалық ота жасауға болмайды?


Пластикалық хирург Думан Дәуренұлының айтуынша, эстетикалық ота бәріне бірдей жасала бермейді. Кейбір жағдайларда операция жасауға болмайды. Мысалы:

  • бақылаусыз қант диабеті бар адамдарға

  • ауыр жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарға

  • қан ұю жүйесінде бұзылуы бар адамдарға

  • белсенді онкологиялық ауруы барларға

  • жүкті әйелдерге

  • ауыр психикалық бұзылыстары бар адамдарға жасатуға болмайды.

Думан Дәуренұлы, пластикалық хирург:

«Отадан кейін де белгілі бір шектеулерді ескеру керек. Мысалы, темекі шегуге, алкоголь ішуге, ауыр спортпен айналысуға, монша мен саунаға баруға болмайды. Мұрынға операция жасалса, оны ұрып алмау қажет және қатты үрлемеу керек. Әдетте дәрігерлер ота алдында барлық ережені міндетті түрде түсіндіріп береді». 


Ең қауіпті эстетикалық ота түрлері


BBL (Brazilian Butt Lift – бразилиялық бөксені үлкейту). Бұл отада дененің басқа бөлігінен майды алып, бөксе аймағына салады. Дегенмен май қан тамырына түсіп кетсе, өкпе мен жүрекке қауіп төндіретін май эмболиясы пайда болуы мүмкін. АҚШ пен Ұлыбританияда BBL пластикалық хирургиядағы өлім қаупі ең жоғары операциялардың бірі ретінде таныла бастады. Бұл туралы British Journal of Plastic Surgery-да деректер бар.


Тағы бір қауіпті  эстетикалық ота – липосакция. Бұл – денедегі артық майды арнайы әдіс арқылы сорып алып тастайтын операция. Көбіне іш, бел, сан, қол және иек аймағындағы майды азайту үшін жасалады. Алайда бұл операцияның да өз қауіптері бар. Кей жағдайда қан ұйығы өкпеге өтіп, өкпе тромбоэмболиясына әкелуі мүмкін. Бұл өмірге қауіпті жағдайлардың бірі болып саналады және өлімге себеп болуы мүмкін. Мақала басында аталған Сәуле Базархан мен Ербол Айтуовтың жағдайлары да осы операция түрімен байланысты.


Психологиялық дайындық та маңызды


Сыртқы келбетті өзгерту кей адамның өзіне деген сенімін арттыруы мүмкін. Бірақ ол ішкі психологиялық мәселелерді толық шешіп бермейді.


Зерттеулерде, мәселен Aesthetic Surgery Journal, Plastic and Reconstructive Surgery журналдарында операция алдында адамның психологиялық жағдайын тексеру маңызды екені айтылған. Себебі депрессия немесе мазасыздық бар адамдар операция нәтижесіне жиі көңілі толмай қалуы мүмкін.


Сондықтан қазіргі медицинада ота алдында адамның психологиялық жағдайын бағалау қалыпты тәжірибеге айналған. Кей жағдайларда хирург, анестезиолог және психолог бірге жұмыс істейді.


Қорытынды


Эстетикалық хирургия – жоспарлы түрде жасалғанымен, нақты медициналық операция. Оның өзіне тән қауіптері бар. Сондықтан эстетикалық ота жасатамын дейтіндерге мындай кеңес ұсынамыз: 

  • Тек сертификатталған, тәжірибесі расталған хирургты таңдаңыз

  • Ота алдында толық медициналық тексеруден өтіңіз.

  • Бірнеше клиниканың кеңесіне барыңыз, баға ғана емес – дәрігердің біліктілігіне назар аударыңыз.

  • Клиниканың лицензиясын тексеріңіз.

  • Психологиялық дайындығыңызды да бағалаңыз: ота барлық күмәнді жоймайды.

Бөлісу: