Бастапқыда бәрі бұрынғыдай емес екенін байқап, серігіңнің жанында өзіңді жайсыз сезіне бастайсың. Кейін бұл сезім шаршатады, ашу да пайда болады, тіпті жаныңда адам болса да, өзіңді жалғыз сезінесің. «Жалғыз жүргенім оңайырақ болар еді» деген ой жиі келе бастайды. Мұндай жағдай ұзаққа созылған сайын, ара-қатынастың қашан және қалай суығанын түсіну де қиындай түседі. Tamga Media қарым-қатынастың аяқталғанын білдіретін бірнеше белгіні тізіп көрсетті.
1. Өзіңізді сыйлаудан қаласыз
Айнаға қарап тұрып: «Өзімді мүлде тастап жіберіппін» деп ойлайсыз. Жүдеп кеткенсіз, бойыңызда қуат жоқ. Мәселе тек сырт келбетте емес, осы адамның қасында өзіңізді сыйлаудан қалғаныңызды іштей сезесіз.
Бәрі ұсақ-түйектен басталады. Сырт келбетіңізге тиісіп айтқан әзілдеріне уақыт өте келе шынымен сене бастайсыз. Сізді қолдаудың орнына үнемі ұрса береді, кез келген нәрсе көңіліңізге қатты тиеді. Не істесеңіз де мін тауып отыратын болған соң, өз бетіңізбен шешім қабылдай алмай қаласыз. Бара-бара өзіңізге мүлдем сенбейтін боласыз.

2. Көңіл-күй мың құбылады
Қарым-қатынастарыңыз бірде жақсы, бірде жаман. Бір күн жылы сөйлесіп, жақын болсаңыздар, келесі күні суып, ұрсып шығасыздар. Мұндай жағдай адамды қатты шаршатып, қажытып жібереді. Мысалы, бүгін араларыңыз тамаша, бірге жоспар құрып, жақсы отырасыздар. Ал ертең бір ұсақ-түйек үшін бәрі бұзылады: ренжісіп, бір-біріңізді елемей, бірнеше күн сөйлеспейсіздер.
Одан не күтеріңізді білмей, үнемі уайымдап жүресіз. Бұл қарапайым ұрыс-керістен де бетер шаршатады. Өйткені арада ешқандай тұрақтылық та, сенім де жоқ.
3. Үнемі мін тағады әрі менсінбейді
Кәдімгі ұрыс пен адамды үнемі бағаламаудың айырмашылығы көп. Кез келген әңгіме өкпе-ренішке тіреле берсе, бұл жай ұрыс емес. Психолог Джон Готтманның зерттеуі бойынша, мұндай қарым-қатынас көбіне айырылысумен аяқталады.
Бәрі ұсақ-түйектен басталады. Маңызды нәрсені айтсаңыз да, ашуланып, мән бермей, тіпті күлкіге айналдырады. Сөйлей қалсаңыз, қолдау білдірмей, тіпті бірден сізді кінәлап шығады. Тіпті соңында, өзіңізді кінәлі немесе ақымақ сезініп қалмас үшін үндемегенді жөн көресіз.

4. Бір-біріңізге ештеңе айтпайсыздар
Жұбыңызға ішіңіздегіні айтқыңыз келмей қалса, бұл жақсылықтың нышаны емес. Басында «айтпай-ақ қояйын, маңызды емес» деп ойлайсыз. Ал кейін ең маңызды жаңалықтарыңызды оған емес, достарыңызға немесе ата-анаңызға айта бастайсыз.
Демек, араларыңызда жақындық қалмаған. Бір үйде тұрсаңыздар да, бөтен адам сияқтысыздар. Психологтардың айтуынша, сенім мен жылу болмаса, адам өзін ешқашан бақытты сезіне алмайды.
5. Қысым көріп жүрсіз
Дұрыс қарым-қатынаста адам ештеңеден қорықпай, еркін болады. Үнемі оның қас-қабағын бағып, ыңғайына жығылып жүрсеңіз, бұл – үлкен белгі.
Оны ашуландырмайын деп, әр сөзіңізді іштей іріктеп, алдын ала ойланып сөйлейсіз. Бірден ұрсып кететінін білген соң, көп нәрсені тіс жарып айтпайсыз. Үнемі іштей тынып, үреймен жүресіз. Адамның қасында өзіңізді қауіпсіз сезінбесеңіз, бұл қарым-қатынастың соңы қауіпті болуы мүмкін.

6. Қарым-қатынас өміріңізді қиындатып жіберді
Махаббат өмірді бірден ертегі қылмаса да, екі адамға бірге жүру жеңіл болуы керек. Ал керісінше болса, бұл жақсы белгі емес.
Сіз бұрын өзіңізге ұнайтын істерді тастап кеттіңіз. Үнемі оның көңіл-күйі мен жоспарының ығына жығылып жүресіз. Достарыңызбен де араласуды қойдыңыз. Тіпті бір күні «осы адамсыз өмір сүру әлдеқайда оңай болар еді» деген ойға келесіз.
7. Шекараңызды сыйламайды
Жеке шекара – сіздің кеңістігіңіз, уақытыңыз, ақшаңыз бен араласатын ортаңыз. Оны бір, екі, үш рет елемей қойса, кейін бұл қалыпты жағдайға айналады.
Өтінішіңізге құлақ аспайды, ақшаңыз бен затыңызға өзінікіндей қарайды. Бүкіл уақытыңызды алып, қасынан бір елі қалдырғысы келмейді. Осының бәріне шекара қойғыңыз келсе, бірден үлкен жанжал шығады.

8. Одан қашқақтайсыз
Кейінгі кездері үйге барғыңыз келмей, жалғыз қалғыңыз келетінін байқайсыз. Басында мұны жай ғана «жұмыстан шаршадым» деп ойлап, мән бермеуіңіз мүмкін. Бұның негізгі себебі – сіз оның қасында жүргенде демала алмайсыз.
Үйге қайтпас үшін жұмыста әдейі бөгеліп, достарыңызбен кездесіп, түрлі сылтау іздей бастайсыз. Тіпті үйдің алдына келіп тұрсаңыз да, кіргіңіз келмей, көліктің ішінде жайдан-жай отыра бересіз. Егер бірге болуды ойлағанда қуанудың орнына, іштей мазаңыз қашып, қысылсаңыз – араларыңыздың суығаны.
9. Бітпейтін ұрыс-керіс шаршатты
Ұрыспайтын жұп болмайтыны анық. Бірақ ең бастысы – ұрысқаннан кейін не болатыны. Әр ренжіскен сайын бір жағдай қайталана берсе, мысалы, біріңіз жекіп тастап, екіншіңіз үндемей бөлмеге тығылып қалсаңыз – бұл тығырыққа тірелгеніңіз.
Кез келген сөйлесудің соңы немен бітетінін іштей сезесіз: біріңіз іштегіні айтқыңыз келеді, екіншіңіз теріс айналасыз. Біріңіз түсіндіргіңіз келеді, екіншіңіз құлаққа да ілмейсіз. Соңында мәселе сол күйі қалады, тек екі ортада жүйкеңіз тозып, шаршап қаласыз. Психологтардың айтуынша, осындай бітпейтін ұрыс-керіс адамды қатты қажытып, арадағы сезімді суытып жібереді.

10. Бірге болғыңыз келгеннен емес, қорыққаннан жүрсіз
Кейде адамдар бір-бірін қатты жақсы көргеннен емес, жай ғана жалғыз қалудан қорыққан соң бірге жүре береді. Айырылыссам «жалғыз қаламын ба», «жұрт не дейді», «ертеңгі күнім не болады» деген үрей жібермейді.
Өзіңізді алдамай, іштей ойланып көріңізші: сізді осы адамның қасында не ұстап тұр? Шын мәнінде, бірге болғыңыз келе ме, әлде бәрін тастап кетуге батылыңыз жетпей жүр ме?
Түйін:
Ең бастысы, бұл белгілердің бәрі қарым-қатынастың біткенін білдірмейді. Қиындық кез келген жұпта болады, оның көбін ашық сөйлесіп шешуге болады.
Мұндайда таңдау екеу-ақ: не бірге жабылып жүріп араны түзейсіздер, не «бұдан ештеңе шықпайтынын» іштей ашық мойындайсыздар. Кейде бәрін уақытында тоқтата білу – ең дұрыс шешім.



