1 маусымда суға шомылу маусымы басталады. Жыл сайын төтенше жағдайлар министрлігі тек рұқсат етілген жерлерде шомылуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, және балаларды қараусыз қалдырмауды қатаң ескертеді. Өйткені мамандардың айтуынша, жазатайым оқиғалардың көбі дәл осы қарапайым ережені сақтамаудан болады.
ТЖМ мәліметінше, былтыр елімізде су жағасындағы 722 орында демалуға рұқсат етілген. Дегенмен шомылу маусымында 276 адам, оның ішінде 85 бала бір өлімнен аман қалған. Судағы тәртіп ережелерін бұзған 7000-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құтқарушылар 95% жағдайда адамдар тыйым салынған жерлерде суға батып кететінін мәлімдеді.
Сонымен қатар кейбір жағажай белгіленген талаптар мен санитария нормаларына сай келмегеннен де, жазатайым оқиғалар болады. Оған қоса бүгінде демалушылар гидроциклдерді көп айдайды. Ал оны ережеге бағынбай пайдаланса, адам өміріне қатер төндіруі мүмкін.
АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының судағы оқыс оқиғаларға қатысты жаһандық зерттеуі бойынша, жыл сайын шамамен 236 000 адам суға шомылып жатып қайтыс болады. Ал мұндай қайғылы жайттың 90%-дан астамы табысы төмен және орташа елдерде тіркеледі. Көбіне бес жасқа дейінгі балалар суға батып мерт болады.

Шомылуға барғанда нені ескеру керек:
1. Судың ішіне кірмей тұрып не істейміз?
Көп адам суға түсер алдында оның қауіпсіздігін тек сырттай қарап бағалайды. Бірақ тыныш көрінген судың өзі қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан суға түспей тұрып, мына белгілерге міндетті түрде назар аудару керек:
Судың түсі кенет өзгерсе, мысалы лайланып не күңгірт тартып кетсе, бұл су астында қатты ағыс барын немесе түбінің қозғалып жатқанын көрсетуі мүмкін. Мұндай жерде тереңдік те күтпеген жерден өзгеріп кетеді.
Судың бетінде көпіршік пайда болып, су ирелеңдеп бір бағытта сызықтар болса немесе айналып жатса, бұл су астында күшті ағыс барын білдіруі мүмкін. Мұндай жерде су адамды өзіне тартып кетуі ықтимал.
Жел кенет күшейіп, ауа райы өзгерсе, су бетінде толқын көбейіп, ағыс та күшеюі мүмкін. Мұндай кезде суда тепе-теңдікті сақтау қиындайды. Әсіресе көл мен өзеннің ашық жерлерінде бұл өте қауіпті.

2. Кез келген жерде суға түсе бермеңіз
Ең үлкен қателердің бірі – рұқсат етілмеген жерде шомылу. «Суға түсуге болмайды» деген белгі тұрған аймақтарға жоламаңыз. Арнайы жабдықталған жағажайлар қауіпсіздеу болады. Онда құтқарушылар мен медицина көмегі де табыла кетеді.
3. Суға бірден секірмеңіз
Адам күннің астында ұзақ жүргеннен кейін бірден мұздай суға түссе, секірсе, ағзаға ауыр соққы болуы мүмкін. Мұндай кезде қан қысымы өзгеріп, бұлшықет тартылып, адамның басы айналуы немесе есінен танып қалуы да ықтимал. АҚШ-та шығатын “Физиология” журналындағы “Суға бату физиологиясы” деген шолу мақаласында адам суық суға бірден кірсе, ағза қатты реакция беретіні жазылған: адамның тынысы тарылып, денесі тез әлсірейді. Сондықтан суға бірден секірмей, әуелі беті-қолыңызды сулап, суға баяу түсіп, денені су температурасына үйреткен дұрыс.
4. Балаларды бір секунд та қараусыз қалдырмаңыз
Кішкентай балалар көбіне су қауіпін түсіне бермейді. Сол себепті олар суға абайсыз кіріп кетуі мүмкін. Ең қорқыныштысы – бала дыбыс шығармай-ақ суға батып кетуі мүмкін. Тіпті таяз суда да тұншығып жатады. Сондықтан ересек адам суға шомылып жүрген, су маңында ойнап жүрген баланы үнемі қарап, көзден таса етпеуі қажет.
5. Мас күйде суға түсу – ең қауіпті әрекеттердің бірі
Адам ішімдік ішкенде дұрыс тепе-теңдікті сақтай алмайды және қауіпті жағдайды сезбей қалады. Сол себепті ол өз күшін бағаламай, тереңге кетіп қалуы немесе тез шаршап, ағысқа қарсы тұра алмай қалуы мүмкін. Сондықтан суға ішімдік ішіп түскен өте қауіпті.
6. Жалғыз жүзбеңіз
Тәжірибелі жүзгіш болсаңыз да, аяғыңыз тартылып қалуы, шаршап қалуыңыз мүмкін. Сондықтан жалғыз жағадан тым алыс кетпеңіз, шама-шарқыңызға қараңыз.

7. Күн өтіп, шөлдеуіңіз мүмкін екенін ұмытпаңыз
Көп адам қауіп-қатер тек суда деп ойлайды. Бірақ жағажайдағы аптап та қауіп екенін ескерейік. Жағажайда көбірек су ішіңіз, ыстық күннің астында ұзақ жатпаңыз, баскиім киіңіз, SPF кремін жағыңыз. Егер басыңыз айналып, әлсіреп, жүрегіңіз айныса, көлеңкеге барып, су ішіп, ағзаны қалпына келтіру қажет.
8. Селфи үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз
Кейінгі жылдары су жағасында видео не фото түсіремін деп жарақат алатындар көбейген. Әсіресе жартаста, қайық шетінде, ағыс жанында тұрып түсірілім жасау қауіпті екенін де қоса кетейік. Бір секундтық видео өмірден қымбат емес.
Ағыс алып кетсе не істейміз?
Қайтарма ағыс – теңіздегі су ағынының бір түрі. Ол адамды жағадан теңіздің ішіне қарай тартып әкетеді. Мұндай ағыс өте жылдам әрі қауіпті болуы мүмкін. Құтқарушылар қайтарма ағысынан шығуды көлік тайғанақтаған кездегі жағдаймен салыстырады. Егер абыржып, көлікті күштеп басқаруға тырыссаңыз, жағдай одан сайын ушығады. Сол сияқты қайтарма ағыста да ағысқа қарсы жүзсеңіз де, бұл көмектеспейді, тек шаршатады.
АҚШ-тың ресми метеорологиялық сайты, нақтырақ айтқанда National Hurricane Center (NHC), қайтарма ағыстан аман қалу үшін мына қадамдарды істеуді ұсынады:
1-қадам: Сабыр сақтап, суда қалқып тұрыңыз.
Ағыс адамды су астына тартпайды. Тек жағадан алыстатады. Сол сәтте ағысқа қарсы жүзуге тырыспаңыз және үрейленбеңіз!
2-қадам: Жағалауға паралелль бағытта жүзіңіз.
Көп адам қорыққаннан жағаға қарай тіке жүзе бастайды. Бірақ мамандар олай істемеуге кеңес береді. Оның орнына жағалауға параллель, яғни оңға немесе солға қарай жүзген дұрыс. Сонда адам қауіпті ағыстан шыға алады. Кейде толқын қайта итеруі мүмкін, сондықтан сабыр сақтап, толқынмен қиғаш бағытта жүзген жөн. Бұл толқынның жағаға қарай шығуына көмектеседі.
3-қадам: Көмек шақырыңыз.
Қолыңызды бұлғап, құтқарушыларға немесе жағажайдағы адамдарға көмек қажет екенін білдіріңіз. Сабыр сақтап, суда қалқып тұруға тырысыңыз. Ал енді ағып бара жатқан адамды құтқаруға асықпаңыз. Біреуді ағыс әкетіп жатса, әуелі жағдайды бағалау керек. Құтқарушыны шақырыңыз. Өзіңіз суға түспеңіз. Ағыс кезіндегі өлім жағдайларының көбі басқа адамды құтқарып жатқан кезде болады.

Алғашқы көмек: суға батып есін жоғалтқан адамға не істеу керек?
Судағы тағы бір ең қауіпті жағдай – адамның суға тұншығып қалуы. Мұндай сәтте тез әрі дұрыс әрекет ету керек.
Тез арада 112-ге хабарласыңызАлдымен төтенше жағдай қызметіне қоңырау шалыңыз. Оқиға орнын нақты айтып, адам саны мен жағдайды түсіндіріңіз.
Тынысын тексеріңізАдамның тыныс алып жатқанын бақылаңыз. Егер тынысы жоқ немесе әлсіз болса, дереу әрекет ету маңызды.
Жасанды жолмен тыныстауға көмектесіңіз және жүрек соғысын тексеріңізЕгер адам дем алмаса, алғашқы көмек ретінде жасанды тыныс беру және қажет болса жүрекке жанама массаж жасау қажет. Бұл болсын қан айналымын және оттегінің жетуін уақытша қамтамасыз етеді.
Жедел жәрдем келгенше бақылаңызАдам есін жиғанша немесе дәрігерлер келгенше оның жағдайын бақылап, денесін жылы ұстау керек.
Аустралия – әлемде су қауіпсіздігін ең қатаң түрде бақылайтын елдердің бірі. Мұнда жағажайлардың басым бөлігінде құтқарушылар тұрақты жұмыс істейді. Соған қарамастан, суға бату және қауіпсіздік бойынша ұлттық зерттеу есептері бойынша, 2024-2025 жылдары жағалауда 154 адам суға батып қаза тапқан. Қауіптің негізгі себептерінің бірі – біз жоғарыда айтқан қайтарма ағыстар. Бұл статистика елде қауіпсіздік жүйесі мықты болғанымен, табиғи қауіп толық жойылмайтынын көрсетеді.

Аквапарк расымен қауіпсіз бе?
Көпшілік аквапаркті толық қауіпсіз орын деп есептейді. Алайда сырғанақтар, бассейндер мен жасанды толқындар аймағында да жарақат алу қаупі бар. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер жиі тайып құлап жатады, су жұтып қояды немесе бір-бірімен соқтығысып қалады. Аквапаркке барған кезде сырғанақтарға арналған талаптарды сақтау керек. Әр аттракционның жасқа, бойға немесе салмаққа байланысты шектеуі бар. Бұл талаптар жай ғана формалды нәрсе емес, қауіпсіздік екенін ұмытпаған жөн. Жүгіруден және біреуді итеруден аулақ болыңыз. Бассейн маңы үнемі дымқыл болады. Жүгіріп келе жатып тайып құлауыңыз, ауыр жарақат алуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, су тазартылғанымен, көпшілік орын болғандықтан түрлі бактерия тарауы мүмкін. Сондықтан суды әдейі жұтпау керек және шомылғаннан кейін душ қабылдау қажет.
Ескеріңіз: үрлемелі шеңбер, матрас немесе жеңқаптар адамды толық судан қорғай алмайды. Көпшілік олар болса, суға батпаймын деп ойлайды. Бірақ қатты толқын не ағыс кезінде мұндай көмек құралдары аударылып, сырғып кетуі немесе адамды жағадан алыстатып әкетуі мүмкін.
Көп адам үшін суға түсу – жаздың ең жарқын сәті. Бірақ демалыс жақсы өтуі үшін қарапайым ережелерді естен шығармайық.




