1990 жылдары Қытайда халықтың 4%-ы ғана жоғары білімге ие болатын. Мықты жоғары оқу орны аз, ал ғалымдары саусақпен санарлық еді. Дегенмен 1998 жылы Қытайда жоғары білім туралы заң қабылданғанды. Осыдан кейін мұндағы жоғары оқу орындар дүниежүзіндегі ең үздік университеттерге айналды. Мәселен, Tsinghua, Peking, Fudan сияқты оқу орындары әлемдегі ең үздік университтер тізіміне кірді. Тіпті Қытайға түрлі елден білім іздеп баратындар да көп. Сонда аспан асты елінің білім беруде қандай артықшылығы мен кемшілігі бар? Жастар несіне қызғады? Қытайда білім алып жатқан студенттермен сұрап көрдік.
Ақнұр Сейдалы, Бейжіңдегі Қытай мұнай университетінің түлегі:
Сабақтың 50%-ы – теория, 50%-ы – тәжірибе
Қызылордаданмын. 2012 жылы Бейжіңдегі Қытай мұнай университетінің грантын ұтып алып, оқуға түстім. Сол кезде мен үшін әлемнің екінші жағы – Қытай жаңа, қызық әрі талапшыл жер болып көрінді.
Университет қаланың шетінде, басқа жоғарғы оқу орындарымен шоғырланған аймақта орналасқан. Онда студент үшін барлық жағдай жасалған: жатақхана, аурухана, жаттығу залы, футбол, теннис, баскетбол, волейбол, бадминтон алаңдары – бәрі бар. Тіпті, мен оқыған кезде асханаларда әр ұлтқа, діни ұстанымға арналған тағамдар бөлек болатын. Ең бастысы, мұның бәрі бұл елдегі әрбір екінші университетте бар.

Қытайдың білім беру жүйесі біздің елдегідей, яғни студенттің үлгерімі 100 балл жүйесі бойынша бағаланады. Пәндерді алдын ала бекітеді, кей пәнді таңдап оқуға болады. Мұнда оқытушылар әділетті. Студенттен басты талап ететіні – уақытылы сабаққа келу, үй жұмысын орындап, емтихандарды тапсыру. Шетеден келген студенттеріне сәл жұмсақтық танытады, бірақ қытайлық студенттерге қатаң талап қояды. Олар күнде таңертең алтыда алаңда жүгіріп, жаттығу жасап, әнұран айтатын. Бізді міндеттемейтін. Дегенмен сабаққа мүлдем бармаған, тәртіп бұзған, емтиханды сәтті тапсырмаған кез келген студентті бірден оқудан шығарып жібереді.
Қытай – өндіріс елі. Сол себепті университеттеріндегі сабақтың 50%-ы – теория, 50%-ы – тәжірибе. Мысалы, металлургия пәнінде металдың барлық түрімен жұмыс істеп көрдім. Таулы өлкеге барып, геологиялық тәжірибе жинадым. Қазір сол алған білімім мен тәжірибем өміріме азық болып отыр. Бес жыл мұнай компаниясында істедім. Қазір қытай тілінен сабақ беремін әрі аудармашымын.
Дегенмен қытайлық студенттермен жақын дос болып кету қиындау. Олар шетел студенттерімен көп араласа бермейді. Себебі олар бос уақытын қыдыру, кино көру сияқты өзіне пайдасы жоқ нәрселерге арнамайды. Керісінше, үнемі кітап оқып, іс-шараларға, жарыстарға дайындалып жүреді. Сондай ортада жүрсең ғана олармен қарым-қатынас құра аласың. Мысалы, бізбен достасқан қыздар көбінесе ағылшын, орыс тілін үйренгілері келетін. Ал біз олардан қытай тілін үйренетінбіз. Мұндай достық, әрине, ұзаққа созылмайды.
Қазір Қытай университеттері шетел студенттеріне грант ұтып алудың бірнеше жолын ұсынады. Мен өз тәжірибемде алдымен HSK емтиханынан өттім – бұл қытай тілінен сынақ болатын. Ал 2025 жылдан бастап тағы бір міндетті емтихан – CSCA (Chinese Scholastic Competence Assessment) енгізілді. Мұнда үміткердің математикадан, физикадан, химиядан білімін тексереді.
Қытай – өте талапшыл, сөзінде тұратын, еңбекқор халық. Олар сіздің нәсіліңізге, түріңізге емес, тек қаншалық еңбекқор екеніңізге қарап бағалайды. Жалқау болсаңыз, Қытайда оқуды жоспарламай-ақ қойыңыз.

Рахат Өмірбек, Duke Kunshan университетінде 1-курс студенті:
Бір аптада бір пәннен 100-150 бет материал оқимыз
Duke Kunshan университетінің 1-курс студентімін. Бұл – АҚШ-тағы Duke университетінің Қытайдағы филиалы. Мұнда оқу жүйесі АҚШ-тың, Қытайдың да талабына сай. Оқуды аяқтаған соң қос диплом аламын.
Бізде “сабаққа міндетті түрде қатысу керек” деген қатал ереже жоқ. Ең бастысы – емтихандарды уақытында тапсыру. Бірдеңе істей алмай қалсам, профессор түсінеді, тапсырманы кейінге қалдыруға болады. Бірақ бұл жалқаулыққа жол беруге болады деген сөз емес.
Дәрістер өте қызық өтеді. Профессорлар материалды алдын ала платформаға жүктеп қояды, біз оны оқып, дәрісте талқылаймыз. Мұғалімдер тек тақырыпты беріп қоймай, нақты бағыт көрсетеді, жол сілтейді.
Бір аптада бір пәннен 100-150 бет материалды оқимыз, бірақ жүйелі әрі қызық болған соң, тез түсінеміз. Duke Kunshan университетінде барлық пән ағылшын тілінде өтеді. Қытай тілін білу міндетті емес, бірақ мен өзім қазір үйреніп жүрмін. Мен ойлағаннан жеңіл болып шықты.

Дәстүрлі университеттер бір жылды екі семестрге бөледі, ал Duke Kunshan-да бір оқу жылы төрт семестрге бөлінген. Әр семестрде тек екі пән оқимыз, сондықтан жеті апта бойы сол пәндерге толық зейін қойып, терең меңгере аламыз. Маған бұл жүйе өте ұнайды.
Университеттегі басты құндылық – global student, яғни әлем студенті. Мұнда 70-тен аса елдің студенттері оқиды, профессорлар да түрлі елдерден келген. Сол себепті барлығына құрметпен қарау, ашық болу маңызды. Мұнда оқып, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген адамдармен танысып, тәжірибе мен білім аласың.
Жатақхана да керемет – өзімді қонақүйде жатқандай сезінемін. Барлық жағдай жасалған: теннис, бадминтон алаңдары, бассейн, монша, сауна, тіпті кинотеатр бар.
Аптасына төрт күн оқып, үш күн демаламын. Бос уақытты саяхатқа арнаймын. Қытайда бір қаладан екінші қалаға пойызбен 15-20 минутта жетуге болады. Пойыздар сағатына 250-400 шақырым жылдамдықпен жүреді. Билеті де арзан – шамамен 1500-2000 теңге. Қалалар дамыған, ауасы таза, күнделікті заттар да қымбат емес, өмір сүру жеңіл. Халқы студенттерді сыйлайды.




