СпортСпортСпортзалға жаңадан барғанда неге өзімізді ыңғайсыз сезінеміз?

Спортзалға жаңадан барғанда неге өзімізді ыңғайсыз сезінеміз?

8 мамыр 2026
5 мин
Фото: Shutterstock

Абонемент алсаңыз да, спортзалдың есігін алғаш аттаудың өзі – бір мұң. Спортзал – адамның әлі ешнәрсеге тісі батпайтынын, епсіздігін жұрт алдында ашық көрсететін санаулы жердің бірі. Құрылғылар таңсық, ондағы әдеп те бөлек, айналадағы адамдар да бейтаныс. 


Осындай сәтте «Мынаған отыруға бола ма? Қанша күтуім керек? Қайда қараған дұрыс? Күлкіге қалмай қалай сұраймын?» деген сұрақтар мазаны алады. Шын мәнінде, көпшілікті тоқтататын жаттығудың ауырлығы емес, дәл осы ортаға үйрене алмау, қысылу сезімі. Tamga Media жаттықтырушымен сөйлесіп, осы ыңғайсыздықтың себебі неде екенін және неге көп адам спортзалды ерте тастап кететінін сұрап білді.


Не істеріңді білмейтін бірінші күн


Залға алғаш кірген адамның есі шығады. Себебі музыка саңқылдап тұр, мұрныңа темірдің иісі келеді, түсініксіз тренажерлар қаз-қатар тізілген. Оның үстіне, айнала толған өз ісін беске білетін жұрт. Жаттығуды бастамай жатып-ақ, осының бәрі адамды есеңгіретіп, басын айналдырып жібереді.


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Алғашқы жатсыну  – кез келген ортадағы адамның табиғи күйі. Мейлі фитнес-клуб болсын, мейлі жаңа жұмыс болсын, бәрібір. Мұндайда адам жан-жағына сақ болып қарап, бағдарын таба алмай тұрады. Киім ауыстыратын жер қайда, әжетхана қайда – бәрі ол үшін беймәлім. Көзінен бір жағынан қызығушылық, екінші жағынан сәл уайым байқалып тұрады».


Дегенмен залдағы ең ынталы адам да осы жаңадан келген жан екен. Көптен бері келіп жүргендер көзін телефоннан алмай немесе төмен қарап, бәрін автомат түрде істей береді.


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Залға енді ғана келіп жүрген жаңа адамдармен алғашқы күндері тілдескен өте қызық. Олардың бар зейіні осында, бәрін білгісі келіп тұрады. Ал бір-екі жыл қатынап жүргендер залда түйсікпен-ақ қозғалады, кестесін жатқа біледі. Сырттай қарағанда, жаңадан келген жанның осы бір талпынысы әлдеқайда тартымды көрінеді».


Алғашқы минуттардағы абыржуды әлсіздікке балап керегі жоқ. Бұл – жаңа ортаға бой үйрету сәті, ол адам ойлағаннан да әлдеқайда жылдам өтіп кетеді.

«Спортзалға бару үшін әлі бабымда емеспін» деген ой талай адамға тосқауыл болады. Құлаққа ерсі естілгенімен, бұл сезімнің салмағы батпан. Адам өзін бұрыннан келіп жүрген «ардагерлермен» салыстырып, әлі бастамай жатып салы суға кетеді. 


Жаттықтырушының сөзіне қарағанда, қорқыныштың да пайдалысы мен пайдасызы бар. Адам жаттығу бастарда «жарақат алып қалмаймын ба?» деп қорықса, бұл – орынды қауіп. Ал «күлкілі көрініп қалмаймын ба?» деп жасқанса, бос әуре. Бәрі де солай көрінеді, бәрі де солай терлейді. Бұған үйрену керек. 


Шын мәнінде, сізге ешкім қарап тұрған жоқ


Жаңадан келген адам «жұрттың бәрі маған қарап тұр» деп ойлайды. Гантельді сәл қисық ұстаса, бәрі соны байқап қойғандай, ал анау жігіт телефонына емес, тура соған қарап тұрғандай ыңғайсызданады. Психологтар мұны «прожектор әсері» деп атайды. Бұл – адамның өз тұлғасына өзгелердің назарын тым асыра бағалауынан туатын сезім. Бейтаныс ортада бұл күй одан сайын ушыға түседі: айнала жат болған соң, ми кез келген нәрсені қауіп немесе бағалау нысаны ретінде қабылдай бастайды.

«Көпшілігі «жұртқа қалай көрінем?» деп алаңдайды. Үнемі өзін біреулермен салыстырып жүреді. Жүгіргенде, терлеп-тепшігенде, тілін тістеп штанга көтергенде ебедейсіз көрінуден сескенеді. Бірақ бұл – бос уайым. Жаттығу кезінде, әсіресе ол ауыр болса, бәрінің де сиқы сондай болады. Ол жерде ешкім сізді сөкпейді. Жаттығу болған соң, солай болуға тиіс. Фитнес-клуб – жұрт аяғы үзілмейтін көпшілік орын. Әрине, адамдар бір-бірімен көз түйісіп қалады. Қалыпты нәрсе ғой. Бұл тек адамның өзі мұндай жақын араласуға үйренбей, іштей қысылғанда ғана мәселеге айналады».


Қалған жұрттың бәрі өз шаруасымен, өз мұң-мұқтажымен немесе айнадағы өз бейнесімен әлек болып жүр. Бірақ көбі мұны тым кеш түсінеді. Ал сізге біреу шынымен мұқият қарап тұрса, ол – жаттықтырушы болуы мүмкін және бұл өте жақсы нышан.

«Жаттықтырушының сізге көз қырын салуы – құптарлық дүние. Ол сіздің жаңадан келгеніңізді байқап, өзіңізге немесе айналадағыларға зақым келтіріп алмауыңызды қадағалап жүр. Бұл – қызмет сапасы, қауіпсіздік пен жаттықтырушының кәсібилігі».


Вадим Кимнің айтуынша, жаңадан келген адамның жаттығуды дұрыс істемей жатқаны бірден көрінеді  немесе құрылғыларды іске қоса алмай әлек болады. Жүгіру жолағын қоса алмайды немесе тренажерді өзіне лайықтап реттей алмайды. Бұл – үйреншікті жағдай, оған бола ешкім кінә артпайды. 


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Жаттығуға жарты сағат қалғанда тойып тамақ ішіп келетіндер де бар. Бірақ бір рет асқазаны мазалаған соң, бірден сабақ алады. Кешігіп келу, сағыз шайнау деген сияқты дүниелер де кездеседі. Ал қазіргі ең үлкен әрі күлкілі мәселе – телефонға телміріп отырып алу. Жаттығу кезінде хат жазысып немесе инстаграм парақтап отырған өте қауіпті. Төңірегің толған ауыр темір, штангалар, біреулер кір тасын көтеріп жатады. Абайсызда жиырма келілік темір аяғыңа түсуі немесе штангаға басыңмен соғылуың ғажап емес. Адамдар бұған жеңіл-желпі қарайды. Тренажер залында телефонды мүлдем жинап қойған абзал. Бұл – жаңадан бастағандардың да, бұрыннан жаттығатындардың да үлкен қатесі. Жұртты бұл әдеттен тыю өте қиын».


Неліктен алғашқы ай шешуші саналады?


Көпшілігі алғашқы төрт-сегіз аптаның ішінде-ақ жаттығуды тастап кетеді. Бұл – фитнес-бизнестің негізіне айналған шындық.


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Фитнес клубтардың бүкіл есебі адамның жылдық карта сатып алып, бір-екі ай қатынағаннан кейін келмей қоюына негізделген. Залдардың лық толып кетпейтіні де содан. Жыл бойы аптасына үш рет тұрақты келетін адамдар өте сирек. Статистикаға үңілмей-ақ, залға келетіндерге қарап-ақ мұны бірден байқауға болады. Тұрақтылар шамамен 10%. Соған жетсе, соның өзі жақсы».


Дегенмен көбінің бірнеше рет талпынып көруі – әбден қалыпты жағдай. Дене тәрбиесі мен өз-өзіңді қамшылау бәріне бірдей оңай соқпайды.

«Жаттықтырушылар – күнде бірнеше рет жаттығу жасаудан ләззат алатын жандар. Бірақ табиғаты мүлдем бөлек адамдар бар: олар зияткерлік еңбекке, шығармашылыққа жақын. Мұндай жандар үшін физикалық жаттығу – үлкен сынақ. Күрделі істің бірінші реттен игерілмейтіні белгілі. Біреулер бастайды, ұнамаса басқасын көреді, кейін қайта оралады. Тым болмаса осылай – бір бастап, бір тастап жүрсе де, қозғалыс болғанының өзі олжа».


Жаттықтырушының сөзінше, біреулердің қалып, біреулердің кетіп қалуы тек мінезге ғана байланысты емес. Бұл – қажеттілік деңгейі. Йога сияқты топтық жаттығуларға 40-тан асқандар тұрақты қатысады. Ал 60-тан асқандар тіпті мықты. Керісінше, 20-25 жастағы жастардың денсаулығы әлі зор: түні бойы қыдырып, ертесіне белін бүгіп штанга көтерсе де, денесі бір-екі күнде қалпына келе салады. Ал 40-қа келгенде бұрынғы қателер мен дерттер жиналып, сыртқа шыға бастайды. Оны елемей кете алмайсың. 

«Кейде клиенттер «жаттығудан кейін адам болып қаламын» дейді. Міне, осындай өткір қажеттілік туғанда, адам тұрақтылық танытады. Ал ондай мұқтаждық болмаса, спортты басқа бір рахатқа алмастыра салу оңай».


Жаттықтырушы жаңадан келгендерге қалай қарайды?


Сырт көзге кәсіби маман бірден жаныңнан табылып, бәрін тәптіштеп түсіндіріп, қамқорлыққа алуға тиіс сияқты көрінеді. Алайда тәжірибелі жаттықтырушының бұған қатысты өз пайымы бар.


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Мен өзімді ешкімге таңбаймын. Фитнес клубқа келетіндер – ересек адамдар. Көмек керек жан өзі-ақ сұрайды. Тек біреу денсаулығына зақым келтіріп, белі мен мойнын үзіп алардай қауіпті әрекетке барса ғана араласамын. Ал адам жай ғана өз бетінше жаттығып жүрсе, оның мазасын алмаған дұрыс. Фитнес клуб – адамның тынығатын, оңаша қалатын, ойын жинақтап, сергіп алатын орны. Сондықтан жаңа адамның соңынан қалмай, «жүр, мен сені үйретемін» деп мазалаудың қажеті шамалы».


Қорқатын ештеңе жоқ


Спортзалды жатсыну – «бұл жерге менің деңгейім жетпейді» деген жаңсақ ойдан туады. Негізінде, бұл ешкімнің еншілеп алған меншігі емес, бәріне ортақ мекен.


Вадим Ким, жаттықтырушы:

«Залдағылардың басым бөлігі – сіз сияқты жаңадан бастағандар немесе әуесқойлар. Кәсіби маман өте аз. Өзіңізді өзгемен салыстырып әуре болмаңыз. Бәрі де – өзіңіз сияқты қарапайым адамдар. Сондықтан сескенуге еш себеп жоқ. Жаттығу  – өз-өзіңді зерттеудің таптырмас жолы. Өз тәніңмен жұмыс істеу қашан да қызық».


Сонымен спортзал сізге өз үйіңіздей болып кетуі мүмкін бе? Жауап өзіңізге байланысты. Жұрттың көзіне жалтақтауды қойып, өзіңізді еркін сезінгенде, міне, сонда ғана зал «өз жеріңізге» айналады. Бұл сезім үшінші апта мен алтыншы аптаның аралығында байқаусызда келуі мүмкін. Әрине, сол уақытқа дейін шыдап, залға баруды тастамасаңыз болғаны.

Бөлісу: