Қазір әнді интернетке жүктеу өте оңай. Ал бұрын ше? Есіңізде болса бұрын музыка табалдырығын аттағысы келген жас орындаушы алдымен продюсер іздеп, лейблдармен келісіп, жылдар бойы таныс-тамыр жинайтын еді.
2010 жылдары SoundCloud пайда болғалы бәрі өзгерді. Енді кез келген аты шықпаған рэпер немесе жасөспірім тректі платформаға жүктеп, ертеңіне-ақ миллиондаған тыңдаушылардың кумиріне айналады. Yung Lean, Post Malone, XXXTentacion, Juice WRLD, Lil Uzi Vert сияқты орындаушылар өз жолын осылай бастаған еді. Жас өнерпаздардың тырнақ алды туындысы тек достарының арасында тыңдалып қана қоймай, платформадағы мыңдаған тыңдаушының да плейлистіне қосылды.
Кез келген адам ән жүктей алатын шақ
SoundCloud 2007 жылы Берлинде пайда болды. Оны швед дыбыс режиссері Александр Люнг пен музыкант Эрик Вальфорсс ашқан. Басында олар сайтты жай ғана музыканттар бір-біріне аудио файл жіберетін орын қылғысы келеді.
Алайда платформа лезде тарап, музыканың әлеуметтік желісіне айналады. Мұнда кәсіби әншілер де, диджейлер мен битмейкерлер де, жаңадан бастаған рэперлер мен қарапайым тыңдармандар да жиналады.

Платформаны қолдану өте қарапайым болғандықтан, туындысын жүктегісі келетін кез келген әнші лейбл немесе редактор іздемейді. Әнді үйден жазып, мұқабасын дайындап, сайтқа салады да, сілтемесін достарымен бөліседі. Бір күнде жұлдыз болып, қаншама мыңдаған немесе миллиондаған тыңдарманның сүйікті әншісіне айналады.
Платформаға биттер мен ремикстерден бастап, подкастарға дейін салуға болады. Spotify тек дайын, ресми әндерді ұсынса, SoundCloud-та шығармашылық процесті реалити-режимде бақылауға болады. Оның басты артықшылығы - интерактивтілік. Тыңдармандар әннің белгілі бір секундын белгілеп, пікір қалдыра алды. Егер сіздің трегіңізді белгілі бір өнерпаз репост жасаса, ол реакция арқылы Twitter бен Tumblr-ге, одан әрі беделді музыкалық блогтарға тарап кетеді.
Сондықтан 2014 жылға қарай SoundCloud айына 175 миллион тыңдарманымен ғаламтордағы ең ірі музыка платформаның біріне айналды.

SoundCloud арқылы танылған жұлдыздар
Платформаны қолданған әншілердің бәрі бірдей жолын осы жерден бастады дей алмаймыз. Кейбірінің лейблде таныстары, менеджерлері мен өз аудиториясы болды. Дегенмен, көбі платформада алғашқы миллиондаған тыңдарманын тапты.
Yung Lean
Швед рэпері Yung Lean 2010 жылдардың басында Sad Boys тобымен бірге тректерін SoundCloud пен Tumblr-ге жүктейді. 2013 жылы онда Ginseng Strip 2002 әні жүктеліп, кейін клипі YouTube-те трендке айналды.
Стокгольмнен шыққан жасөспірім ешқандай продюсерсіз-ақ АҚШ пен Еуропаның интернет мәдениетінде аты шыққан тұлғаға айналды.
Post Malone
Post Malone-ның оқиғасы тіпті қызық. 2015 жылы ол SoundCloud-қа White Iverson әнін жүктейді. Трек алғашқы айда-ақ миллионнан астам рет тыңдалған. Бұл ән оған Republic Records лейблымен келісімшартқа отыруға жол ашты Ал бірнеше жылдан кейін әлемдегі ең танымал хитмендердің біріне айналды. SoundCloud оған үлкен сахнаға жол ашып берді.

XXXTentacion
XXXTentacion-ның оқиғасы мүлдем басқаша өрбіді. Оның Look at Me! әні 2015 жылы SoundCloud-қа жүктеліп, басында шағын ортада ғана айтылып жүрді.
Екі жылдан кейін трек интернетті шарлап, нағыз хитке айналды. Кейін ән ресми түрде қайта шығып, АҚШ-та платина алды. XXXTentacion, Lil Pump және Ski Mask the Slump God сияқты рэперлер кейіннен жұрт “SoundCloud rap” деп атап кеткен жаңа толқынның басында тұрды.

Lil Uzi Vert
2017 жылы Lil Uzi Vert платформаға XO TOUR Llif3 әнін жүктегенде, танымал болады деп ойламады. Бірақ трек бірден өз тыңдарманын жинап, суырылып алға шықты. Артынан трек барлық стримингті жаулап, 2017 жылдың ең басты хиттерінің бірі болды.
Juice WRLD
Juice WRLD SoundCloud-қа платформаның алтын дәуірі аяқталатын шақта келді. 2017 жылы All Girls Are the Same әнін жүктегеннен кейін, оның алғашқы тректері интернетте тарап кетті.
Оның шығармашылығы — рэп, эмо және поп-панк элементтерінің әуезді вокалмен шебер ұштасты. Жанр талғамайтын интернет-аудиторияға бұл стиль майдай жақты.
Көп ұзамай Juice WRLD ірі лейблмен келісімшартқа отырып, мансабының жаңа кезеңін SoundCloud-тан тыс жалғастырды.
Lil Pump
Платформаның кезекті толқынында бағы жанғандардың бірі — Lil Pump. Оның 2017 жылы жарық көрген Gucci Gang трегі интернет кеңістіктен асып, үлкен медиаға жол ашты.

Әннің ұзақтығы екі минут, қайырмасы қайталана береді, соған қарамастан трек Billboard Hot 100 чартында үшінші орынға дейін көтерілді. Сөзі барынша қарапайым болса да, өз заманының нағыз интернет-хитіне айналды.
SoundCloud-тың басты феномені де осында еді: ән қаншалықты өзгеше, дөрекі немесе қарапайым болмасын, егер ол интернет аудиторияның жүрегінен жол тапса — танымалдылыққа ештеңе бөгет бола алмайтын.
SoundCloud rap осылай пайда болды
Уақыт өте келе платформа төңірегінде “SoundCloud rap” деп аталатын субкультура қалыптасты. Оның қатарында XXXTentacion, Ski Mask the Slump God, BONES, Trippie Redd, Smokepurpp, Playboi Carti мен есімдеріне “Lil” қосып алған басқа да көптеген орындауларшы болды. Түрлі стильді басын қосқан бұл ағымды белгілі бір жанр емес, еркіндікті ту еткен жаңа буынның философиясы деп ұққан дұрыс.
Бұл бағыттың басты тартымдылығы — оның шынайылығында еді. Орындаушылар әнді өңдемей, «шикі» күйінде жүктей салатын. Шығарманың болмысын ашатын ауыр бастар, автотюн, қысқа тректер мен рэптің эмо, панк, электронды әуенмен араласып кетуі қалыпты құбылысқа айналды. Бұрын «шала жазылған» деп есептелген дүниелер, керісінше, стильдің басты ерекшелігіне айналды.
Ең бастысы — жас өнерпаздар ірі лейблдердің шешімін күтпей, үйден не гараждан жазған әндерін платформаға тегін әрі лезде жүктей алды.

2010 жылдардың басында музыканы сілтемелер арқылы таратып, SoundCloud-қа шыққан тректі қолданушы бөлісіп, әлеуметтік желіге салатын. Одан әрі Ютубқа жүктеліп, блогерлер мен тыңдармандар асыға күтіп жүретін.
Кейін Ютуб видеоларға басымдық берді, ал Spotify мен Apple Music ән тыңдайтын басты алаңға айналды. Өз кезегінде Instagram мен Tiktok әннің бірнеше секундтық тизерін өз аудиториясына танымал ететін.
Музыканттар үшін SoundCloud сілтемесін адамдарға жібермей, әлеуметтік желілерде әннің қайырмасы танымал роликте болса жеткілікті еді. Видео тарап кетсе, тыңдарман әнді Spotify, Apple Music пен Ютубтан өзі-ақ іздеп тауып алады.
Кезінде музыканы интернеттің ортақ мәдениетіне айналдырған SoundCloud-тың бұл рөлін кейін әлеуметтік желілер тартып алды.
Оның үстіне авторлық құқық мәселелері мен қаржылық дағдарыс салдарынан 2017 жылы платформа қызметкерлерінің 40%-ын қысқартуға мәжбүр болды. Тек ірі инвесторлардың қолдауы ғана компанияны жабылудан аман алып қалды.
SoundCloud әлі де тірі
SoundCloud бүгінде тәуелсіз музыка әлеміндегі өз орнын сақтап қалды.
Қазір бұл алаңда электронды музыка қарқынды дамып жатыр. Жас продюсерлер, диджейлер мен рэперлер мұнда әлі де бар: демо-жазбаларын жүктеп, дыбыспен еркін эксперимент жасайды әрі өз тыңдарманын оңай табады. Платформаның ресми дерегіне сүйенсек, қазір мұнда 193 елдің 40 миллионнан астам орындаушысы жүктеген 400 миллионға жуық трек бар.
Платформа өз әлемін қайта тапты. SoundCloud - белгісіз орындаушының өзгеге ұқсамайтын сирек туындыларын тауып алатын таптырмас алаңына айналды.
Иә, қазір музыканттар үшін мүмкіндік көп: тректі стримингке жүктеп, TikTok пен Shorts арқылы танылады, Instagram жүргізіп, концерт береді. Бірақ бүгінгі цифрлық музыка мәдениеті дәл осы SoundCloud-тан бастау алғанын ұмытпаған жөн. Платформа дер кезінде пайда болып, қаншама беймәлім өнерпаздың бағын жақты.



