Ойын-сауықСаяхатСоло саяхат: жалғыз жолдың қызығы мен қиындығы

Соло саяхат: жалғыз жолдың қызығы мен қиындығы

19 шілде 2026
5 мин
Руслан Меделбек | Фото: жеке архивінен

Өміріңізде бір рет болсын «бәрін тастап, жалғыз саяхатқа шығып кетсем ғой» деп ойладыңыз ба? Ал сол ойдан кейін бірден «жалғыз жүрген қауіпсіз бе?», «ішім пыспай ма?» деген күмән туады. Соло саяхат — шынымен де қорқыныш пен еркіндік, қуаныш пен қатер қатар жүретін тәжірибе: жаңа адамдармен танысасыз, оған қоса сақ болуды да үйренесіз. Tamga Media жалғыз саяхаттағанды әдетке айналдырған үш жиһанкезбен сөйлесіп, олардың қуанышты да, сабақ болған сәттерін тыңдады.


Назерке Абибулла, саяхатшы:


«Жалғыз саяхаттағанда жаңа адамдармен көп танысасың»


Назерке алғаш жалғыз өзі Грузияға, Арменияға, Әзербайжанға барған. Басында жалғыз саяхаттауға қорыққанын жасырмады. Ол кезде ағылшын тілін де дұрыс білмейтін. Оған қоса небәрі сегіз күнде үш елді аралаймын деп саяхатын нағыз хаосқа айналдырып алғаны тағы бар. Дегенмен уақыт өте келе, ол мұндай сапардың өз артықшылықтарын байқаған. Тіпті кейін де жиі жалғыз саяхаттай бастаған.

Назеркенің айтуынша, жалғыз жүргенде жергілікті тұрғындармен танысып, етене араласып кетеді екен. Жергілікті халқы арқылы сол елді жақсырақ тани түсемін дейді. Мәселен, кәдесый сататын грузин сатушы ескі астана Мцхетаға апарып қыдыртыпты. Ал Вьетнамның Нинь-Бинь өлкесінде жергілікті отбасымен танысып, бірнеше күннен соң туысқандай болып кетіпті. Тіпті олармен бірге «Тет» деген жаңа жылын тойлаған.

«Балалар жаңа жылда тәттіге қарық болады екен. Маған да уыстап әкеп берді. Балаларға үлкендер lucky money, қазақшаласам «сәттілік әкелетін ақша» береді. Маған да бейтаныс адамдар ақша беріп жатыр. Жақындардың басын қосатын, ата-баба рухына дұға бағыштайтын мейрам екен. Дәл осылай сол елдің қарапайым адамдарының тұрмыс-тіршілігін көрген, салт-дәстүрімен танысқан ұнайды», — дейді Назерке.


Назерке жалғыз саяхаттағанда, әсіресе қыздар сақ болғаны жөн дейді. Себебі жолда жақсы жандармен қатар ниеті теріс адамдар да жолығуы мүмкін.

«Ереванға таксимен бара жатқанымда екі армян жігіт жол бойы мазамды алып, тиісті. Біреуі жанымда отырды. Google аударма арқылы сөйлесті. Қанша айтсам да, сөз ұқпайды екен. Абырой болғанда, алдымда отырған француз қыздар мұны байқап, көлік тоқтаған соң, жаныма ауысты. Екеуі жаныма отырып алған соң, ол жігітке басқа орынға отыруға тура келді», — дейді ол.

Дегенмен Назерке «жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деп, бүкіл ұлт туралы жаман ойлаудан аулақ болатынын айтады. Себебі қол ұшын созған жандар да бар дейді.

«Шекарада әдетте қайда баратыныңды, қайда қонатыныңды сұрайды. Қонақүй брондағаныммен мекенжайын жазып алмаппын. Атын ғана білемін. Интернет те жоқ, іздеп табу мүмкін емес. Шекарада ұзақ тұрдым. Жолаушының бәрі өтіп кеткен. Таксист қайта-қайта не болғанын сұрайды. Сапарлас екі француз қыздың бірі келді де, солармен бірге бара жатқанымды айтып, шекарадан өтуге көмектесті. Ереванға жеткенде ақша айырбастайтын жер тауып берді. Қонақүйге жақын жерге жеткізіп тастады. Екеуі волонтер болып жүрген қыздар екен. Осылай, бейтаныс екі қыз бір емес, бірнеше рет көмектесті», — дейді ол.


Назеркенің бұл оқиғасы жалғыз саяхаттың екі жағын да көрсетеді: бір жағынан жаңа мәдениетке жақын танысуға, шынайы достық табуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан сақтық пен байыпты шешім қабылдауды талап етеді.


Сәния Сейілханова, саяхатшы:


«Ешкім кедергі жасамайды, бағытымды, күнімді өзім құрамын»


Сәния саяхаттағанды жақсы көреді және әр сапарынан қуат алып қайтады. Бірақ бұл энергиясы екі айға ғана жетіп, содан соң қайтадан жолға шыққысы келеді екен. Сол себепті жылына кемі үш рет саяхаттауға тырысады. Бұрын ол әрдайым құрбыларымен немесе отбасымен бірге саяхаттайтын, бірақ пандемия кезіндегі тоқырау бәрін өзгерткен. Сол уақытта ол Түркияға барғысы келген, бірақ достарының қолы тимеген. Сөйтіп өмірінде бірінші жалғыз сапарға шығуға бел буған.


Сәния жалғыз саяхаттасам, адамдардан алшақтап кетермін деп ойлаған. Дегенмен керісінше, күтпеген жерден жаңа достар тауыпты. Осы сапардан кейін ол жиі жалғыз сапарлайтын болған.

«Хостелдерде керемет адамдар жиналады: Еуропадан барған бэкпекерлер, айлап жолда жүргендер. Үндістан, Бали, Малайзия, Түркия азаматтарымен таныстым. Кейбірімен әлі күнге дейін доспыз», — дейді саяхатшы.


Сәнияның айтуынша, соло саяхаттың тиімді тұсы көп: өзгелерді күтпейсіз, ешкім кедергі жасамайды, өз бағытыңызды, өз күніңізді өзіңізге ыңғайлап жоспарлай аласыз. Ағылшын тілін білсеңіз, кез келген жерде кез келген адаммен тіл табыса аласыз.


Руслан Меделбек, трэвел-блогер, журналист:


«Соло саяхат үшін Азия елдері қолайлы дер едім»


2017 жылы таныстарының қолы тимей қалған соң, Руслан алғаш рет жалғыз сапарға шықты. Өзінің айтуына қарағанда, Таиланд пен Сингапурға 12 күнге барған. Ол кезде саяхат қазіргідей қолжетімді емес еді: роуминг қымбат, қосымша аз болған соң, қағаз картаны ұстап, адамдардан жол сұрап жүрген.


Алғашқы сапардан кейін хостелдер мен лоукостерлер өмір салтына айналған. Жердің сұлулығы кез келген қолайсыздықты ұмыттырады дейді. Дегенмен жиһанкездің сөзіне қарағанда, жалғыз сапарлағанда қауіпсіздікке аса мән берген жөн. Себебі әр елде туристерді тонайтын ұры-қары бар.

«2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадаға барғанмын. Кейін өзім қалып, қаланы аралайын дедім. Сол кезде Копакабана жағажайында жасөспірімдер туристердің сөмкесін жұлып әкеткенін өз көзіммен көрдім. Олимпиада кезінде қала тыныш еді. Ойын біткен соң, полиция тарап кеткен. Қалада қылмыс қайта жанданған. Ал Парижде жүргенімде бір топ қыз келіп, қайырымдылық жасап, қол қоюды сұрады. Оларды тыңдап, мәтінді оқып жатқанда, біреу сөмкемді ашып жатқанын сездім. Артыма жалт қарасам, әлгі қыздар апыр-топыр қаша жөнелді. Бұл ұрылардың кең тараған тәсілі екенін кейін білдім», — дейді ол.


Русланның айтуынша, соло саяхат үшін Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Малайзия, Индонезия сияқты елдер қолайлы, себебі ол жақта тәртіп қатаң. Дегенмен ол қай елде қандай жағдай болмасын сабыр сақтау керек екенін түсінген. Барлығын салқындылықпен шешуді үйренген. Ол саяхатқа шықпай тұрып, бәрін зерттеп, сұрап-біліп алу артық етпейді дейді.


Соло саяхатқа шықпай тұрып, мына ережелерді ұмытпаңыз:

Сапарға шықпай тұрып:

  • Маршрутты асықпай жоспарлаңыз — бір қалаға кемінде бірнеше күн арнаңыз, бәрін бір сапарға сыйғызуға тырыспаңыз.

  • Виза мерзімі мен шекара ережелерін, құжаттарды, әсіресе бірнеше елді аралайтын болсаңыз, алдын ала тексеріңіз.

  • Сапар сақтандыруын алдын ала рәсімдеңіз, бұл артық шығыннан құтқарады.

  • Паспорт пен виза көшірмесін қағаз түрінде де, онлайн түрде сақтап алыңыз. Құжаттардан бөлек жерде болғаны жөн.

  • Баратын елдің төтенше жағдай нөмірлерін (полиция, жедел жәрдем) және өз елшілігіңіздің байланысын алдын ала біліп алыңыз.

  • Жергілікті тілде көмек сұрау, бағыт білу сияқты бірнеше негізгі сөз тіркесін үйреніп алыңыз.

Сапарда:

  • Қонақүй мекенжайын, байланыс нөмірлерін жазып алыңыз — интернет болмаған жағдайда да қолжетімді болсын.

  • Бейтаныс адаммен жоспарсыз, әсіресе байланыс пен интернет жоқ жерде жол жүрмей тұрып, екі рет ойланыңыз.

  • Әр елдің қауіпсіздік ерекшелігін алдын ала зерттеп алыңыз (тонау тәсілдері, көп кездесетін алаяқтық сызбалары).

  • Тек ресми тіркелген такси немесе қосымша арқылы көлікке отырыңыз, кездейсоқ тоқтаған көлікке мінбеңіз.

  • Қымбат зергерлік бұйым, техника сияқты назар аудартатын заттарды ашық көрсетіп жүрмеңіз.

  • Жақындарыңызға күнделікті бағытыңызды айтып отырыңыз, бірақ нақты орналасқан жеріңізді әлеуметтік желіде жарияламаңыз.

Бөлісу: