Кейде “Желіде бірнеше минутқа қана отырамын” дейміз, бірақ бір қарасаңыз – бір күніңіз өтіп кеткен. Сізде де осылай бола ма? Біреудің әңгімесін тыңдап, бір қысқа видеодан екіншісіне ауысып отырып, қалай таң атып, кеш батқанын байқамай қаласыз. Бұл тәуелділіктің жаңа түрі – скроллинг. Скроллинг несімен зиян және өзіңіздің желіге тәуелді болып қалғаныңызды қалай білуге болады?
Әлеуметтік желіде тұтынушының назары – басты валюта: алгоритм қолданушының таңдауы, әдеті мен осал тұстарына қарай ыңғайланады, ал желідегі ақпарат тоқтаусыз жаңарып отырады. Кейінгі жылдағы зерттеулер бойынша, қарапайым көрінген скроллингтің артында зейінге, көңіл күйге және өз өміріңді басқару сезіміне зиянын тигізетін салдары бар.
Неге біз сағаттап желіде отырамыз?
TikTok, Instagram және YouTube алгоритмдері сіздің не ұнататыныңызды қадағалап отырады. Олар сіздің видеоны қанша секунд көретініңізді, не нәрсеге ұзағырақ тоқтайтыныңызды, неге лайк басатыныңызды және қандай контентке оралатыныңызды есте сақтайды.
Егер сізге ролик ұнаса, жүйе бірден соған ұқсас видеоларды көрсетіп бастайды. Сондай-ақ қандай контентті тоқтамай, бірден өткізіп жіберетініңізді де біледі. Алгоритмге бір ғана нәрсе маңызды: ол сіздің әлеуметтік желіде ұзақ отырғаныңызды қалайды.
Колумбия университетінің зерттеуіне сәйкес, қосымшалар қолданушының әрекетін қарап, ақпаратты соған сай көрсетеді. Сол арқылы адамдар ұзақ телміріп отырады да, мінезі мен әдеті өзгере бастайды.
Скроллинг неге зиян?
Қысқа видеолар тез эмоция береді де, ағзада дофамин бөлінеді. Кейін оған ми үйреніп қалады да, үнемі талап етіп тұрады. Мұны тіпті «дофамин скроллингі» деп атайды. Назарыңыз ауып, бір нәрсе зейін қою қиынға түседі, сол үшін тоқтамай желі парақшасын парақтай бергіңіз келеді. Салдарынан бір нәрсені тереңінен ойлау, фокус қою қиынға соғуы мүмкін.
Бұдан ең қатты зардап шегетін нәрсе – ұйқы. Себебі кейде түнделетіп смартфон қарап, скроллинг жасап жатамыз. Кейінгі уақытта ұйқыңыз болмай жүргенін байқасаңыз, түнде ұйықтар алдында гаджет қолданбауға тырысып көріңіз.

Скроллингке қанша уақыт кетеді?
Адам әлеуметтік желіде күніне шамамен 2 сағат 20 минут өткізеді екен. Жастар үш-төрт сағатқа дейін көбірек уақыт жұмсайды. Бір TikTok-тың өзіне күніне кем дегенде бір сағат жұмсаймыз.
Бұл жерде уақытымызды жоғалтып қана қоймай, өзімізді бақылай алмай қаламыз. Зерттеулер бойынша, адам әлеуметтік желіде не үшін отырғанын білмей, үнемі парақтай берсе, жиі беймаза болып, көңіл күйі түсуі мүмкін.
Скроллингке тәуелді болмаудың жолы
Балалар мен жасөспірімдер скроллингке тәуелді болмасы үшін ересектер олармен серуендеп, кітап оқып, спортпен айналысып, көбірек офлайн уақыт өткізуі керек. Баланың желіде отыруға мүлде уақыты болмағаны дұрыс.

Ал ересектер не істеуі керек? Мамандар TikTok, Reels және Shorts азырақ қарап, арнайы лимит қоятын қосымшаларды пайдалануға кеңес береді. Неғұрлым сапасыз дофаминді аз алса, соғұрлым тәуелді болмайды.
Сондай-ақ ең қызық қосымшаларға таймер қойыңыз. Таймер уақытты көрсеткенде бірден тоқтап, желіні қолданбауға тырысыңыз.
Әлеуметтік желіні мүлдем қолданбаңыз демейміз. Бастысы, арнайы уақыт арнап пайдаланыңыз. Скролл жасап болған соң, өзіңізден: «Не үшін қосымшаға кірдім?» деп сұраңыз. Пайдалы әлеуметтік желі мен қолданбалардың зияны жоқ. Проблема сіз әлеуметтік желіні қалағаныңыз үшін емес, тоқтай алмағаныңыз үшін қолдана берген кезде басталады.



