Мәдениет●Тұлғалар●Үштөбеде қазақтарды тегін емдейтін кәріс дәрігері кім?

Үштөбеде қазақтарды тегін емдейтін кәріс дәрігері кім?

1 қазан 2026
6 мин
Ким Бу Соп | Фото: жеке архивінен

Ким Бу Соп – Намъянджу қаласындағы Hyundae Hospital ауруханасының негізін қалаушы, ортопед-хирург. Ол тізе буынының жарақаттары мен ауруларын емдейді. Ең қызығы, кәріс дәрігері жыл сайын Қазақстанға келіп, қазақстандықтарға тегін медициналық көмек көрсетеді. Бүгін ол бұл игі істі бастауына не түрткі болғанын Tamga Media-ға айтып берді.


— Қазақстандықтарға тегін медициналық көмек көрсетуіңізге не себеп болды?


2009 жылдан бастап Моңғолияда медициналық волонтерлік миссияларға қатысып, он жыл бойы жергілікті халыққа тегін медициналық көмек көрсеттік. Келесі онжылдықта осы игі істі басқа елде де жалғастырсақ деген ой келді. Сөйтіп 2018 жылдан бастап Қазақстанға келіп, осында да халыққа тегін медициналық көмек көрсете бастадық. Басқа ел емес, дәл Қазақстанды таңдауымның да өз себебі бар.


Сол кездері мен кәрістердің Қазақстанға қоныс аудару тарихын зерттеп, қазақ халқының көшіп келген кәрістерді бауырына басып, пана болғанын білдім. Бұл оқиға мені қатты толқытты. Қазақстан халқына алғысымды білдіріп, «бір кездері жасаған жақсылығының қарымтасын қайтарсам» деген ниет пайда болды.

Осы тарихты тереңірек зерттеген сайын қазақ халқының жасаған жақсылығының қаншалықты маңызды екенін түсіне түстім. Тіпті 1937 жылы қазақтардың өздерінің жағдайы да мәз емес еді. Соған қарамастан олар қолындағы барымен бөлісті. Соның арқасында көптеген кәріс жанұясы қақаған қыстан аман шығып, кейін Қазақстанда тұрақтап қалды. Мен мұны нағыз адамгершіліктің, шынайы гуманизмнің үлгісі санаймын. Сондықтан мен Қазақстан халқына шын жүректен ризашылығымды білдіремін.


Бүгінде Қазақстанда 100 мыңнан астам корей тұрып жатыр. Байқағаным осы уақыт ішінде қазақстандықтар мен кәрістер арасында өте жылы, достық қарым-қатынас орнаған. Ал корейлер кезінде қоныс аударған Жапония, АҚШ, Оңтүстік Америка сияқты елдер туралы ештеңе айта алмаймын.  


Айтпақшы, осы медициналық миссия барысында өз елімізде интернет арқылы кәрістердің Қазақстанға жер аударылу тарихын кеңінен насихаттауға тырыстық. Соның арқасында бұл тарихты білетін адамдардың қатары көбейіп, көзқарасы өзгеріп жатыр.


— Қазақстанға алғаш келгендегі әсеріңіз қандай болды?


Қазақстанға алғаш келгенге дейін бұл елдің жер көлемі өте үлкен екенін, бұрын Кеңес Одағының құрамында болғанын, кейін тәуелсіздік алғанын білетінмін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи ресурстарға бай, ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндігі мол екенінен хабарым болды.


Ал мұнда алғаш келгендегі әсерім тіпті бөлек. Алматыға келе жатқанда ұшақтан алдымен Тянь-Шань таулары көрінді. Сол сәтте-ақ табиғаттың сұлулығына тәнті болдым.


Кореяда қай қалаға барсаңыз да, айнала толы құрылыс нысандары, бетоннан салынған биік ғимараттар. Ал Қазақстанда ұшы-қиыры жоқ, кең байтақ дала. Еркіндік сезінесің. Сонда «Сіздер қандай бақыттысыздар!» дегің келеді.

Қазақстанға келіп жүргеніме тоғыз жыл болды. Осы аралық ішіндежалпы қазақ халқына деген көзқарасым өзгерген жоқ. Мен олардың алдында әлі де қарыздармын.  


Тағы байқағаным Қазақстанда заңдар мен мемлекеттік институттардың жүйесі біршама жақсы қалыптасқан. Меніңше, елдің одан әрі дамып, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндігі зор. Кейде Қазақстанның тұрмыс-тіршілігі мен жалпы атмосферасы Азияның дәстүрлі елдеріне қарағанда Еуропа мемлекеттеріне жақынырақ сияқты көрінеді.


Сонымен қатар мені Қазақстанда ата-анаға деген құрмет пен ағайын-туыс арасындағы берік байланыстың әлі күнге дейін сақталғаны таңғалдырды. Бір кездері мұндай құндылықтар Кореяда да өте мықты болған. Алайда қоғамның дамуына байланысты ол біртіндеп жоғалып бара жатыр. Сондықтан Қазақстандағы берік отбасы құндылықтарына қызыға да, қызғана да қараймын.


— Қабылдауыңыз қайда, қалай өтетіні жайлы толығырақ айтып беріңізші.


Біздің медициналық волонтерлік миссиямыз Талдықорған өңірінде өтеді. Себебі мұнда кезінде корейлер алғаш қоныстанған елді мекендердің бірі Үштөбеде орналасқан. Қазақстанда тұратын корейлер үшін Үштөбе екінші Отанына айналған. Дәл осы жерде қоныс аударғандардың алғашқы буыны жаңа өмір бастап, кейін олардың ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпіріне қоныстанды.


Қабылдауға келер болсақ, келетінімізді шамамен бір-екі ай бұрын хабарлаймыз. Жергілікті ауруханаға нақты күнін айтып, науқастардың медициналық құжаттарын аламыз. Оларды алдын ала зерттеп, қандай оталар жасай алатынымызды анықтаймыз. Сондай-ақ қажетті хирургиялық құрал-жабдықтар мен материалдардың бәрін дайындап әкелеміз.


Әр сапарымызда шамамен 30 науқасқа ота жасаймыз. Сонымен қатар 1 500 адамды амбулаториялық қабылдаудан өткіземіз.

— Қазақстан мен Оңтүстік Кореядағы ортопедия мен травматологияның айырмашылығын қалай бағалайсыз? Қазақстан медицинасына немесе Корея медицинасына бір-бірінен енгізуге тұрарлық тәжірибелер бар ма?


Қазақстан мен Кореядағы ортопедия мен травматологияны салыстыратын болсақ, айырмашылық бар екенін мойындау керек. Меніңше, бұған әсер ететін басты фактордың бірі – тәжірибесі мол мамандардың аздығы. Дәрігерлерді даярлаудың ұзақтығы мен құрылымы да Кореядағы жүйеден ерекшеленеді. Мысалы, бұрынғы медициналық білім беру жүйесі кеңестік үлгіге негізделді және оның өзіндік шектеулері болды.


Медицинада өте маңызды бір нәрсе бар. Ол – жақсы маманнан үйрену. Бәлкім, Қазақстандағы кейбір аға буын дәрігерлерде кезінде тәжірибелі мамандардың қасында жүріп, ұзақ уақыт бойы тәжірибе жинауға мүмкіндігі аз болған шығар. Мұндай жағдайды мен Моңғолияда да байқадым.


Кореяда да 1980 жылдарға дейін медицинаның деңгейі бүгінгідей болған жоқ. Көптеген корей дәрігерлері шетелге барып, шетелдік мамандардан білім алып, жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтады. Соның нәтижесінде бүгінде Корея медицинасы әлемде жетекші деңгейге жетті. Сол сияқты Қазақстанда да білікті мамандардың саны артып, олар өз білімдері мен тәжірибесін жас дәрігерлерге бере бастаса, медицина сапасы жақсарады.


Медицина бір-екі ай ішінде дамып кетпейді. Бес, он, жиырма немесе отыз жыл бойы ота жасап келе жатқан маман өзінің жинақтаған білімін, тәжірибесін және кәсіби дағдыларын шәкірттеріне беруі керек. Мысалы, мен ортопед-хирург болып 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Осы уақыт ішінде шамамен 30 мың науқасқа операция жасадым. Жинаған тәжірибемнің арқасында кез келген клиникада жасала бермейтін, күрделі оталарды да жасауға мүмкіндігім бар. Сондықтан шетелдегі медициналық миссияларымыз барысында, ең алдымен, тәжірибесі аздау мамандарға күрделі оталарда көмек көрсетуге тырысамын. Қолымнан келгенше, денсаулығым барда осы жұмысты жалғастыра бергім келеді.


Бүгінде Қазақстанда жол-көлік оқиғалары мен басқа да жазатайым жағдайлардан болатын жарақаттардың салдарын емдеу саласы белсенді дамып келеді. Сондай-ақ Қазақстандағы жас дәрігерлер мен орта буын мамандарының білім алуға, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылып жүргенін үнемі байқаймын. Сондықтан Қазақстандағы медицинаның деңгейі алдағы уақытта жылдам қарқынмен өседі деп ойлаймын.

— Сізбен бірге Қазақстанға келетін команда мүшелері бұл миссияға қалай қарайды?


Біз Қазақстанға 2018 жылдан бастап келіп жүрміз. Команда ішінде бұл медициналық миссияға жыл сайын қатысатындар бар. Кейбіреулері бес рет келсе, енді біреулері үшін бұл – үшінші сапар. Сонымен қатар әр миссияға қатысушылардың шамамен 20-30 пайызы Қазақстанға алғаш рет келеді.


Медициналық миссия – демалыс емес. Біз таңертең ерте тұрып, кешке дейін жұмыс істейміз. Аз уақыт ішінде мейлінше көп науқасты қабылдап, емдеуге тырысамыз. Әрине, бұл – физикалық тұрғыдан өте ауыр. Кей мамандар шаршағаны соншалық, мұрнынан қан кетеді, тіпті, өздері де ауырып қалып жатады. Осындай сәттерде команда мүшелері бір-біріне қолдау көрсетіп, жігер береді.


Медициналық миссияға біз өзгелерге көмектесуге бара жатқандай аттанамыз. Алайда сапар соңында бергенімізден алғанымыз әлдеқайда көп екенін түсінеміз. Науқасты емдеп, оның жағдайының жақсарғанын, қайтадан қуанып жүргенін көргенде көп нәрсеге жаңаша көзқараспен қарай бастаймыз.Кореяға оралған соң «Біз бұдан да көп нәрсе істей аламыз» деген сенім пайда болып, жаңа күш-қуатпен, ынтамен жұмысқа кірісеміз.


Науқастарды қабылдау аяқталғаннан кейін кем дегенде бір күн демалып, елмен танысуға арнаймыз. Әсіресе, Тянь-Шань тауларына көтеріліп, Алматыға биіктен қарағандағы көрініс керемет, көзің тоймайды.

— Өзіңіз үшін осы миссияның үлкен нәтижесі қандай болды?


Мен үшін ең үлкен нәтиже – науқастардың толық сауығып шығып, алғысын айтуы. Пациенттердің арасында аяқ-қолдарында өте ауыр деформациясы бар, ұзақ уақыт бойы қажетті ем ала алмаған адамдар да болды. Әсіресе екі жыл бұрын операция жасаған бір науқас ерекше есімде қалды. Отадан кейін ол аяғын алғаш рет түзеп, он жылдан кейін бірінші рет түні бойы алаңсыз ұйықтағанын айтты. Мұндай сөздер жадыңда мәңгі сақталады.


Тағы бір кішкентай қыздың оқиғасы есімде. Бұған дейін оған ота жасалғанымен, нәтижесі сәтсіз болған. Аяқ башпайлары деформацияға ұшырағаны сонша ол аяғын үнемі целлофанмен, матамен жауып жүруге мәжбүр болған. Біз оған қайта ота жасап, деформацияны түзеткеннен кейін, ол матаны алып тастап, қуанғанын көрдім. Сол сәтте еңбегіміздің нақты нәтижесін көріп, ерекше сезімде болдым.


— Болашаққа жоспарларыңыз қандай? Бұл істі әлі де жалғастыру ойыңызда бар ма?


Бастапқыда біз Қазақстандағы медициналық волонтерлік миссияларымызды он жылға жоспарлаған едік. Осы кезең аяқталғаннан кейін жұмысымызды қалай жалғастыратынымызды әлі талқылайтын боламыз. Алайда Қазақстандағы жыл сайынғы медициналық миссиямыз біз ойлағаннан да басқа деңгейге шығып кетті. Осы жылдар ішінде құрған қарым-қатынастардың арқасында біз Алматыда көпсалалы аурухана салуды, кейін мейіргерлерді даярлайтын институт ашуды жоспарлап отырмыз.


Науқасты емдеуде дәрігердің рөлі үлкен, бірақ, мейіргер жұмысының маңызы да бұдан кем түспейді. Менің білуімше, Қазақстандағы мейіргерлердің көп бөлігі арнаулы орта кәсіптік білім алады. Сондықтан біз мейіргерлерге терең кәсіби білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретін жүйе құрғымыз келеді. Егер жыл сайын шамамен 80-100 жоғары білікті мейіргер даярлай алсақ, бұл Қазақстан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға ықпал етер еді. Әрине, жақсы аурухана салу, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, сапалы дәрі-дәрмекпен қамту өте маңызды. Алайда ең бастысы – адамға, яғни медицина мамандарына инвестиция салу.

Алғашқы жылдары мен Талдықорғанға алты апта сайын бір рет келіп, жылына бірнеше рет осында операция жасайтынмын. Қазір міндеттерім көбейді. Сондықтан Қазақстанға бұрынғыдай жиі келе алмаймын. Соған қарамастан, осы жылдар ішінде көптеген қазақстандық дәрігерлер мен мейіргерлерге Кореяда білім алып, тағылымдамадан өтуге көмектестік. Мен бұл жұмысты да әрі қарай да жалғастырғым келеді.


Егер біз қазақстандық медицина мамандарына өз білімімізді, тәжірибемізді және Кореяның денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыру қағидаттарын бере алсақ, бұл маңызды нәтижелерге жеткізеді деп ойлаймын. Мысалы, өткен жылы Моңғолияның Баянқоңыр қаласында амбулаториялық медициналық орталық ашуға көмектестік. Бұл медициналық мекемеде шамамен 300-400 қызметкер жұмыс істейді. Солардың 70-ке жуығын алты кезеңнен тұратын тағылымдама бағдарламасы аясында оқыттық. Қызметкерлер Кореядағы амбулаториялық медициналық көмектің қалай ұйымдастырылғанын өз көздерімен көріп, тәжірибе жинақтауы үшін жағдай жасауға тырыстық. Нәтижесінде онда «бір терезе» қағидатына негізделген жүйе құрылды, яғни пациент бір жерде тексеруден өтіп, диагнозын алып, қажетті емін ала алады. Бүгінде бұл жүйе сәтті жұмыс істеп тұр.


Қазақстанда біз бұдан да ауқымды жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Мемлекеттік медициналық мекемелерде қалыптасқан дәстүрлі тәсілден өзгеше медициналық қызмет көрсету үлгісін көрсеткіміз келеді. Заманауи ауруханада науқастың мүддесі мен қажеттілігі бірінші орынға қойылатын болады. Біз осындай аурухана елдің денсаулық сақтау жүйесінің дамуына өз үлесін қосып, жаңа серпін беріп, медицинаны одан әрі жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады деп үміттенеміз.

Бөлісу: