Әлемде елең еткізер бір жаңалық болса, интернетте «Симпсондардың» бұны ерте көрсеткен ескі кадрлары шыға келеді. Дональд Трамптың президент болуы, смарт-сағаттар, видеоқоңыраулар, пандемия немесе өрт – мультсериал авторлары бәрін өмірде болмай тұрып көрсетіп үлгерген сияқты. Осыдан кейін сериал төңірегінде неше түрлі қауесет қаптады. Біреулер сценаристерді сәуегей десе, енді біреулер оларды «уақыт саяхатшылары» деп әзілдейді. Tamga Media осы тақырыпты зерттеп көрді.
«Симпсондар» – 1989 жылдан бері экраннан түспеген тарихтағы ең ұзақ мультсериал. Осы уақыт ішінде 800-ден астам сериясы шығып, кейіпкерлері заманауи мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Тіпті бұл мультсериалды көрмегендердің өзі Гомер, Барт, Мардж есімдерін жақсы біледі.
Уақыт өте келе жұрт «Симпсондарды» болашақты болжайтын сериал деп айта бастады. Әлемде бір үлкен жаңалық шықса, интернет қолданушылары жүздеген серияның ішінен соған ұқсас сәттерді іздеуге кіріседі. Кейде ұқсас жайттарды тауып, шынымен таңғаласыз. Бірақ жалған ақпарат та көп: мульфильм кадрларын, суретін өңдеп, серияның шыққан уақытын әдейі бұрмалап немесе жанкүйерлердің өзі салған суретін сериалдың кадры етіп тарататындар бар.
Егіз мұнаралар және 11 қыркүйектегі теракт
«Симпсондардың сәуегейлігі» туралы әңгіме дәл осы сериядан кейін кеңінен тараған болса керек.

2001 жылғы 11 қыркүйекте болған терактіден кейін интернетте «Гомер Нью-Йоркке барады» (1997 жылғы 9-маусым, 1-бөлім) бөлімінің кадры жаппай тарады. Онда Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасының алдында Лиза қолына 9 доллар деп жазылған жарнама журналын ұстап тұр. Жұрт 9 саны мен қатар тұрған екі ғимаратты біріктіріп, 11 қыркүйекті білдіретін 9/11 коды деп қабылдайды.
Бір қарағанда, шынымен солай ма деп таңғаласыз. Бірақ ол бөлімде ешқандай болжам жасалмаған. Ол кезде егіз мұнаралар Нью-Йорктегі маңызды нысанның бірі еді, сондықтан фильмдер мен сериалдарда, жарнамаларда өте жиі көрсетілетін. Тіпті осы бөлімнен қаланың тағы бір әйгілі ғимараты Эмпайр-стейт-билдингті де көруге болады.
Осы оқиғадан кейін жұрт кез келген ұқсас кадрдан астар іздей бастады. Кейін Дүниежүзілік сауда орталығының мұнаралары бар кино постерлерін, комикстер мен жарнама плакаттарын да «болжамдар» қатарына қосты.
Видеоқоңырау, смарт-сағат және басқа да технологиялар
Мультфильмнің ескі бөлімдерінен қазіргі видеоқоңыраулар, смарт-сағаттар, сөйлейтін көмекшілер мен виртуал шлемге ұқсайтын заттарды көруге болады.
Мысалы, «Лизаның үйлену тойы» (1995 жыл, 6-маусым, 19-бөлім) бөлімінде кейіпкерлер бір-бірімен видеоқоңырау арқылы сөйлеседі. Қазіргі смартфондардағы видеоқоңырау функциясы пайда болғанға дейін көрсетілген еді.

Ал «Апат алдындағы үйлену тойы» (2009 жыл, 20-маусым, 15-бөлім) бөлімінде кейіпкерлердің қолында кәдімгі Apple Watch-тан аумайтын смарт-сағаттарды көресіз.
Кейін сериалда шынайы өмірдегідей көрсететін виртуал құрылғылар мен басқа да гаджеттер пайда болды. Ол кезде мұндай дүниелер кәдімгі ғылыми фантастика еді.
Десе де бұл гаджеттер туралы сериалға дейін инженерлер мен фантаст жазушылар айтып кеткен, тіпті алғашқы үлгілері де болған, ал видеоқоңырау идеясы ХХ ғасырдың ортасындағы кітаптарда кездесетін. Сондықтан «Симпсондардың» авторлары болашақты болжаған жоқ, тек жақын арада өміріміздің қалай өзгеретінін елестетіп көрді.
Дональд Трамптың президент болуы
Бұл – мультсериал тарихындағы ең танымал сәйкестік. «Барт болашақта» (2000 жыл, 11-маусым, 17-бөлім) бөлімінде Лиза АҚШ президенті болады. Ол ел билігін президент Дональд Трамптан қабылдап алғанын айтады.

16 жылдан соң Трамп шынымен президент болғанда бәрі таңғалды, бірақ бұдан терең мән іздеудің қажеті жоқ. Өйткені Дональд Трамп 90 жылдардың өзінде-ақ саяси амбициясын жасырмай, сайлауға түсуді жоспарлап жүрген. Мультсериал авторлары да оның осы бір образын сатиралық сюжетке әдейі арқау еткен.
Сценаристердің айтуынша, ол кезде идея ақылға қонымсыз көрінген. Уақыт өте келе қалжың шындыққа айналып, әлемді таңғалдырды.
Disney-дің Fox компаниясын сатып алуы
Disney 21st Century Fox медиахолдингін сатып алып, көп талқыланған оқиғаның бірі болды.
«Жұлдызбен дос болғанда» (1998 жыл, 10-маусым, 5-бөлім) бөлімінде экраннан “20th Century Fox – Walt Disney-дің бір бөлімшесі” деген жазу көрінеді. 20 жылдан соң, яғни 2019 жылы Disney шынымен де Fox-тың үлкен бөлігін 71 миллиард долларға сатып алды.Бұл оқиға да өмірде дәл келіп, көрерменді таңғалдырды.

Дегенмен сценаристер ерекше болжам жасамағанын, тек Disney компаниясының ауқымы кеңейіп, өзге кәсіпорындарды жұтып қоюға деген құштарлығын келемеждегенін мойындады.
Экономика саласындағы Нобель сыйлығы
Симпсондардың Нобель сыйлығына қатысты тағы бір болжамы дәл келді.
«Мектеп мюзиклі» бөлімінде (2010 жыл, 22-маусым, 1-бөлім) мультфильм кейіпкерлері Нобель сыйлығының болашақ лауреаттарына бәс тігіп, тізімге экономист Бенгт Хольмстремді қосады. Қызығы, алты жылдан соң, яғни 2016 жылы ғалым шынымен де Нобель сыйлығын алады.

Сценаристер эпизод дайындағанда экономика саласындағы профессормен кеңескен екен. Профессор сол уақыттың өзінде-ақ зерттеулері мықты деп бағаланған ғалымдардың тізімін ұсынған. Сондықтан бұл тылсым күштің әсері емес, сарапшының дұрыс болжамының нәтижесі.
Эбола мен коронавирус
Мультсериал төңірегіндегі ең көп миф дәл осы пандемия тақырыбынан шықты. Мысалы, 2014 жылы Эбола індеті өршігенде, желіде «Лизаның саксофоны» (1997 жыл, 9-маусым, 3-бөлім) бөлімінен алынған кадрлар тез тарап кетті. Ол эпизодта Мардж Бартқа «Әуесқой Джордж және Эбола вирусы» (Curious George and the Ebola Virus) кітабын оқуды ұсынады.
Мұны көрген жұрт сериал авторлары індетті алдын ала болжапты деді. Алайда Эбола вирусы бірінші рет 1976 жылы анықталды. Мультфильм шыққан уақытта ғалымдар вирус туралы білетін.

Коронавирусқа қатысты жағдай тіпті қызық. Көпшілік сериалды түсіргендер COVID-19 індетін де болжады деп шулады. Оған «Кісендеулі Мардж» (1993 жылы, 4-маусым, 21-бөлім) бөлімі себеп болды.
Алайда мультфильмде індет Қытайдан емес, Жапониядан келген сәлемдеме арқылы таралады. Онда өмірде жоқ, ойдан шығарылған «Осака тұмауы» туралы айтылады. Ал әлеуметтік желіде тараған кадрлардағы «Coronavirus» деген жазу түпнұсқада болмаған. Оны кейін интернет қолданушылары өздері қосып жіберген.
«Болжамның» көбі неге фейк?
«Симпсондарға» қатысты аңыз-әңгіменің көптігі соншалық, қазір мультфильм кадрының қайсы шын, қайсы өтірік екенін ажырату қиын.
Желіде сериалдың Нотр-Дам соборындағы өртті, Pokemon GO ойынын, Украинадағы соғысты, тіпті атақты адамдардың өлімі мен ұшақ апаттарын алдын ала білгені туралы суреттер қаптап жүр. Бірақ мұның көбі – кәдімгі фотошоп. Дайын суреттерді өңдеп, бөлімдердің жылын өзгертіп, үлкен оқиғалардан кейін «ескі болжам» қылып, әдейі видео құрастырған. Сондықтан бұл өтіріктерді әшкерелеу үшін мультфильмнің түпнұсқасын қарасаңыз болғаны.
Сонымен «Симпсондар» шынымен болашақты болжай ала ма?
Мультфильмнің шыққанына 35 жыл болды. Осы уақыт ішінде 800-ден астам бөлімі жарық көрді. Онда мыңдаған кейіпкер, түрлі техника, саяси оқиғалар мен апат көрсетілген. Осыншама көп оқиғаның ішінде кейбірінің кейін шынайы өмірде қайталануы – қалыпты жағдай.
Оның үстіне, сценаристер бәрін ойдан шығара бермейді. Олар ғылымдағы жаңалықтарды, қоғамдағы өзгерістер мен жаңа үрдістерді негізге алады. Бастапқыда қиял болып көрінген идеяның көбі жылдар өте келе шындыққа айналып жатады.
Қысқасы, «Симпсондардағы» дәл келген болжамның көбі – жай ғана сәйкестік немесе болашақтағы үрдістерді дұрыс болжай білу. Ал мультфильмнің басты ерекшелігі – оның бүкіл әлемге кеңінен танылып, мәдениетіміздің бір бөлігіне айналғанында. Сондықтан әлемде ірі оқиға бола қалса, көп адам «Симпсондар мұны да алдын ала көрсеткен жоқ па?» деп интернеттен іздей бастайды.



