Қазақ даласында 48 мыңнан астам ірілі-ұсақты көл бар. Қазақстандағы әр көлдің табиғи ерекшелігі бар. Бірінің түсіне мұздық суы әсер етсе, енді бірінде тұз концентрациясы өте жоғары, ал Қайыңдының астында тұтас орман сақталған. Осындай ерекше табиғи құбылыстардың айналасында уақыт өте аңыз-әпсаналар да қалыптасқан. Tamga Media еліміздегі айрықша көлдердің табиғи ерекшелігі мен олар туралы аңыздарды баяндайды.
Жасылкөл көлдері: Жоңғар Алатауының інжу-маржаны
Жоңғар Алатауында 200-ге жуық көл бар. Солардың ең көріктілерінің бірі – Жоғарғы және Төменгі Жасылкөл. Екі көл де таулы шатқалдардың арасында, Ағыны қатты өзені бойында орналасқан. Жоғарғы Жасылкөл теңіз деңгейінен 2262 метр биіктікте жатса, Төменгі Жасылкөл 1630 метр биіктікте орналасқан. Бұл өңірге Тянь-Шань шыршалары, тік жартастар мен мұздықтар ерекше көрік береді. Көп турист ағылмайды, адам көзінен тасада орналасқан. Оған жетудің өзі оңай емес: тікелей көлік бармайды, жол таулы-соқпақты.
Төменгі Жасылкөл – табиғи бөгет көлі. Ол бірнеше ғасыр бұрын болған жойқын жер сілкінісінен соң пайда болған. Тау жыныстарының опырылуы өзен аңғарын бөгеп, табиғи көл қалыптастырған. Көлдің суы мұздықтардан бастау алатындықтан, жаздың ең ыстық күндерінде де температурасы +8...+10°C-тан аспайды.

Көздің жауын алар қос айдын Жоңғар Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағына енген. Жыл мезгілдеріне қарай көлдің түсі өзгеріп отырады. Көктем мен жазда тау шыңдарындағы мұздықтар ерігенде, өзен ағысымен көлге тау жыныстарының ұсақ ұнтақтары мен минералдар шайылып келеді. Мұның әсерінен көл беті көгілдір, кейде ақшыл, бозғылт реңкке енеді. Ал күзде, судың ағысы саябырсығанда, минералды бөлшектер түбіне тұнады. Дәл осы уақытта көл қанық изумруд түске боялады. Бұл маңда тау теке, қар барысы, аю сынды түз тағылары мекен етеді.
Тағы бір қызық дерек, Төменгі Жасылкөлге 1852 жылы танымал еуропалық саяхатшылар, ерлі-зайыпты Томас пен Люси Аткинсондар ат басын бұрған. Қазірге дейін бұл маңға шетелдік туристер көптеп ағылады.
Жергілікті жұрт бұл көлді «Арудың көз жасы» деп те атайды. Ертеде әке қарғысына ұшырап, сүйгеніне қосыла алмаған қыздың мөлдір жасынан осы жасыл айдын пайда болыпты деседі. Сонымен қатар бұл – тау маралдары су ішетін киелі өңір. Көне наным бойынша, көл жағасынан маралдар тек жаны таза, ниеті түзу адамға ғана көрінеді.
Қайыңды: су астындағы орман
Күнгей Алатауының шатқалында, теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте айрықша табиғи-гидрологиялық ескерткіш Қайыңды көлі орналасқан. Бұл көл басқа көлдерге қарағанда жас және туристер арасында танымал. Алматы облысының Кеген ауданында, «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жатыр.
Қайыңды көлі 1911 жылғы қаңтарда болған алапат Кемин жер сілкінісінің (магнитудасы шамамен 8.0) салдарынан пайда болған. Жер асты дүмпуінен тау жыныстары мен әктас блоктары шатқалға опырылып құлап, Қайыңды өзенінің арнасын жауып қалған. Бұл жерге су жинала келе, сай бойында өсіп тұрған қалың шыршаны басып қалады. Нәтижесінде ұзындығы шамамен 600 метр, тереңдігі кей жерде 20-30 метрге жететін табиғи көл пайда болған.

Көл бүгінде республика бойынша танымал, ал су бетіндегі найзадай тік шырша діңгектері мен су астында шірімей, әлі күнге дейін жатқан ағаштардың жасыл қылқандары бұл көріністі тамашалаған жанға ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды.
Көлге су тау мұздықтары мен бұлақтардан келіп құятындықтан, жаз айларында да температурасы +6°C-тан аспайды. Дәл осы мұзды су мен ондағы минералдар ағаш сүрегінің шіруіне жол бермей, оны табиғи түрде «консервациялап» тастаған.
Адам денесі суға батпайтын көл – Райкөл
Жетісу облысының Ақсу ауданы аумағында, Жалқұм құмды алқабында емдік қасиетімен танылған бірнеше ерекше көл бар. Жергілікті жұртшылық пен саяхатшылар арасында бұл мекен «Райкөл» деп аталады. Талдықорған қаласынан шамамен 200 шақырымнан астам қашықтықтағы құм арасында жатқан бұл көлдің құрамы ерекше. Райкөл – суы минералдар мен тұзға өте бай, бальнеологиялық құндылығы жоғары су қоймасы. Тұз концентрациясының тығыздығы сондай, дене су түбіне батпайды, керісінше беткі қабатқа қарай кері итеріледі. Осы физикалық сипатына байланысты саяхатшылар оны көбіне Таяу Шығыстағы Өлі теңізбен салыстырады.
Көл жүйесінің тағы бір гидрологиялық ғажабы – ащы, тұзды көлдің дәл жанында (кей жерлерінде бірнеше ондаған метр қашықтықта) жерасты қайнарларынан бастау алатын мөлдір тұщы көлдер мен бұлақ көздерінің болуы. Тұзды суға түсіп, минералды батпағымен емделген жандар бірден қатар жатқан тұщы суға шомылып, тұзын шайып шыға алады.

Көл түбіндегі шөгінді балшық пен тұз қабаты құрамындағы күкіртсутек пен басқа да биологиялық белсенді элементтердің есебінен буын, сүйек және тері ауруларына оң әсер ететін емдік ресурс ретінде қолданылады.
Жергілікті өлкетанушылар көлге қатысты аңыз туралы жиі жазады. Ел аузындағы әпсана бойынша, ертеректе осы өңірде өмір сүрген Бабеке батырдың жары Рай есімді келіншек өмір сүрген. Оның үстіне жаралар көптеп шығып, ауылдастары оны елсіз, құмды шөлге апарып тастайды. Жалқұмның аптап ыстығында шөлдеп, әлсіреп келе жатып, ойпатта жылтырап жатқан осы суға кезігеді. Азабынан біржола құтылу үшін суға кетпек болады, бірақ тұзды көлге оның денесі батпайды. Шарасыз қыз жағалаудағы жылы батпақты денесіне жағып, күн шуағына жылынып жата береді. Күндер өте келе көл суы мен шипалы батпақтың құдіретімен денесіндегі жаралар жазылып, буындарының дерті сап тыйылады. Десе де ауылына оралмайды. Қартайғанға дейін осы көл маңында өмір сүріп, кейін де осы маңға жерленеді. Оның зираты қазірге дейін сақталған. Ал көлдің өзі Рай көлі деп аталып кеткен.
Марқакөл: Оңтүстік Алтайдың мөлдір жауһары
Қазақ жеріндегі сұлулығымен ерекшеленетін тағы бір өлке – Оңтүстік Алтай өңірі. Мұнда теңіз деңгейінен 1449 метр биіктікте еліміздегі ең терең әрі таза тау көлдерінің бірі Марқакөл жатыр. Көл тереңдігі шамамен 27-30 метр. Көл тектоникалық қозғалыстар мен ежелгі мұз басу дәуірінің әсерінен қалыптасқан.
Марқакөлді Күршім және Азутау жоталары қоршап жатыр. Көлге 20-дан астам тау өзені мен бұлақ құяды, бірақ одан жалғыз ғана өзен – асау Қалжыр өзені бастау алады (кейін Қара Ертіске құяды). Суы тым суық әрі тұнық. Қазақстандағы ең үлкен таулы көлдердің бірі: ұзындығы шамамен 38 шақырым. Қыс мезгілінде көл толығымен мұзбен қапталады. Мұздың қалыңдығы кей жерде 1 метрден асып кетуі мүмкін.

Бұл айдында дүниежүзінің басқа ешбір жерінде кездеспейтін, мұз дәуірінен бері сақталған реликті балық түрі – Марқакөл майқаны тіршілік етеді. “Қызыл кітапқа” енген қар барысы, қызыл қасқыр, жабайы мысық, сілеусін, ал өсімдіктерден басқа Алтын тамыр да осы өлкеде.
Марқакөлге қатысты ел аузында аңыз көп. «Бабалар сөзі» көптомдығында көлге қатысты екі аңыз-әпсана жазылған. Бірінші нұсқасы бойынша, ертеде көл орнында алуан түрлі шөп өсетін жазық дала болған. Бірде оны жайлаған бір байдың жүйрік аты бір орнында тұра алмай, қатты мазасызданыпты. Бір кезде жерден су атқылап шығады. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген қозы-марқасы су астында қалып қойыпты. Осыдан барып пайда болған көл «Марқакөл» деп аталыпты. Ал екінші нұсқасында бұлақ басынан су атқылап, артынша орнында көл пайда болғаны жазылған.
“Таулар арасындағы жазықта кішкентай ғана таза бұлақ сылдырап ағып жататын. Әкесі мен ұлы бағатын қойлар осында су ішуге келетін. Олардың отарында бір кішкентай марқа қозы болушы еді. Бір күні сол қозы бұлақтан су ішуді ойлайды. Кенет оны су тарта бастайды. Мұны көрген бала марқаны құтқаруға жүгіреді. Бірақ қанша тырысқанымен шамасы келмейді. Содан соң көмекке әкесін шақырады. Олар екеулеп тартып жүріп, ақыры қозыны құтқарады. Сол кезде бұлақтан су атқылап кетеді де, бүкіл жайылымды басады. Сөйтіп, көл пайда болды. Содан бері бұл көл «Марқакөл» аталып кетті”, – делінген “Бабалар сөзінде”.
Хан Тәңірі бөктеріндегі Тұзкөл
Алматы облысы Райымбек ауданында теңіз деңгейінен 1951 метр биіктікте Тұзкөл көлі бар. Көл Кеген ойпатының шығыс бөлігінде, айналасын қарлы Тянь-Шань жоталары көмкерген биік тау бөктерінде жатыр. Әдетте аса тұзды көлдер шөл немесе жазық ойпаттарда түзіледі. Ал Тұзкөлдің екі мың метрге жуық биіктікте, қарлы шыңдардың ортасында орналасуы – сирек кездесетін геологиялық феномен.

Көлдің суы маусым мен жауын-шашын мөлшеріне байланысты өте жоғары концентрацияға ие (литріне 250-ден 300 грамға дейін жетеді). Тұздылығы жағынан ол Израильдегі Өлі теңізбен және АҚШ-тағы Үлкен Тұзды көлмен деңгейлес. Тұздың тығыздығынан суға кеткен адам су түбіне батпайды, бетінде қалқып жүреді. Ал көл түбіндегі батпақ шөгінділерінде натрий, хлоридтер және күкіртсутек қосындылары мол.
Тұзкөл туралы алғашқы жазбаша ғылыми мәліметтерді қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов қалдырған. Ол 1856 жылы Ыстықкөлге сапарында осы өңір арқылы өтіп, тау арасындағы тұзды көлді картаға түсіріп, жергілікті халықтың одан тұз алу кәсібін сипаттаған. Көл жағалауындағы тұз аппақ қар секілді көрініп, Хан Тәңірі шыңымен бірге ғажап көрінеді.
Қазақ жеріндегі бұл көлдер еліміздегі мыңдаған көлдің бір парасы ғана. Түсі ерекше Көбейтұз, Индер, Шайтанкөл, Торайғыр көлдері туралы келесі мақаламыздан оқи аласыздар.



