Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде жасанды интеллект компанияларының қағаз кітаптарды жаппай сатып алып, оларды сканерден өткізгеннен кейін бума-бумасымен қоқысқа тастап жатқаны туралы ақпарат жиіледі. Бұл тура Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойынша 451 градус» романының сюжетіне ұқсас: тек мұнда кітаптарды өрт сөндірушілер емес, мәтінге «мұқтаж» машиналар жоюда. Tamga Media кітаптың не себепті жасанды интеллектке жақпай қалғанын анықтап көрді.
Ең атышулы оқиғалардың бірі Claude ЖИ-моделін жасаушы Anthropic компаниясына қатысты. 2024 жылы компания кітап сатушылар мен дистрибьюторлардан басылымдарды ірі партиялармен сатып ала бастады. Бірақ оларға кітаптың өзі емес, ішіндегі мазмұны ғана керек еді.
Олар қағаз кітаптардың түптемесін кесіп, парақтарын өнеркәсіптік жоғары жылдамдықты сканерден өткізіп, электронды нұсқасын компанияның базасына теркеді. Ал қағаз түпнұсқалар лақтырылды.
Anthropic бұл жобаны Project Panama деп атады. Ішкі құжаттардың бірінде бұл бастама «әлемдегі барлық кітапты сканерден өткізіп, оларды бөлшектеп жою» деп сипатталған. Сот материалдары компанияның бұл мақсатқа миллиондаған доллар жұмсап, миллиондаған басылым сатып алғанын растап отыр. Мердігер фирмалардың бірі жарты жылда 500 мыңнан 2 миллионға дейін кітапты өңдеуді жоспарлаған. Алайда осы уақытқа дейін нақты қанша дана қағаздың жойылғаны ашық айтылмай келеді.

ЖИ-ге кітаптар не үшін қажет?
Интернеттің дамыған заманында компанияға тек мәтін керек болса, оны желіден тегін де табуға болады емес пе? Бірақ мәселе мынада болып тұр, адам жазған сапалы мәтіндер ЖИ әзірлеушілері үшін ең құнды ресурсқа айналды.
Себебі кітапта адамдардың шығармашылығынан туған шынайы дүние мен редактор тексерісінен өткен жатық мәтін бар. Тіпті кейбір ескі әрі сирек кездесетін басылымдардың электронды нұсқасын интернеттен таппайсыз. Кітапта интернеттегі спам, жарнама мен сауатсыз жазылған фразалар жоқ.
Оның үстіне, қазір интернеттегі мәтіндердің көбін нейро желілердің өзі жазады. Енді ойлап қараңыз, ЖИ-дің жаңа модельдері интернеттегі ЖИ жазған ескі мәтіндерді пайдаланса, сапасы қандай болмақ? Осы орайда кітаптың жөні бөлек, ол – адамның табиғи тілі сақталған негізгі дереккөзі.
Anthropic компаниясы сканерден өткізген кітаптардың ішінен керегін таңдап, ЖИ-ді үйретуге пайдаланды да, кейбірін жай ғана деректер қорында сақтайды.
Кітапты неге бөлшектейді?
Бүтін кітапты аппаратқа салсаңыз, беті қайырылып, сөздері анық түспейді. Оның үстіне, әр парақты қолмен сканерлеп отыру көп уақыт алады. Яғни компания мамандары кітапты парақтарға бөлу жаппай сканерлеу процесінің технологиясына байланысты дейді.
Егер кітаптың түбін кесіп тастаса, тап-тұйнақтай тегіс парақтар қалады. Оларды өндірістік сканерден зулатып өткізіп, электронды нұсқасын лезде жасап алуға болады.

Сондай-ақ сақтау мәселесі тағы бар. Миллиондаған қағаз кітапты ұстау үшін алып қоймалар қажет. Ал қолында дайын цифрлық файл тұрғанда, компаниялар қағаз түпнұсқаны сақтауға шығынданғысы келмейді. Нәтижесінде кітап бір рет қана пайдаланатын құралға айналады. Оны сатып алады, бөлшектейді, мәтінін көшіреді де, қағазын лақтыра салады.
Міне, сондықтан да бұл жағдай Рэй Брэдберидің романына сырттай ғана ұқсайды. «Фаренгейт бойынша 451 градус» романында кітапты ішіндегі ойы мен мазмұны үшін жойса, ЖИ кітаптың ішіндегі құнды мәтінін алып, қағазын тастайды.
Мұндағы айырмашылық кітапты мүлдем жойып жібермей, ЖИ-ді үйрету үшін компьютер базасына сақтайды. Тек қағаздың орнын сервердегі деректер толтырады.
Соттың бұған не қатысы бар?
Project Panama жобасының беті «Барц Антропикке қарсы» сотында ашылды. Жазушылар Андреа Барц, Чарльз Гребер мен Кирк Уоллес жиналып, Anthropic компаниясын «кітаптарымызды рұқсатсыз ЖИ-ді үйретуге пайдаланды» деп сотқа береді.
2025 жылдың маусымында судья Уильям Алсап бұл оқиғаға қатысты маңызды шешім шығарды. Ол Anthropic-тің заңды түрде сатып алынған қағаз кітаптарды сканерлеп, түпнұсқасын жоюын американдық fair use (адал пайдалану) доктринасына сай деп тапты. Ақшасын төлеп сатып алған дүниені қай форматта пайдалануды тұтынушының өзі шешуге құқылы.

Алайда, Anthropic-тің екінші әрекеті мүлдем басқа. Компания интернеттегі пираттық сайттардан 7 миллионнан астам кітапты тегін көшіріп алған екен. Сот мұны заңсыз деп шешті.
Нәтижесінде 2026 жылы Anthropic компаниясы жазушыларға 1,5 миллиард доллар компенсация төлеуге және заңсыз файлдардың бәрін өшіруге келісті.
Сонымен не болды? Заңды сатып алынған кітапты бөлшектеп, цифрлық форматқа көшіруге сот рұқсат берді де, ал пираттық цифрлық кітаптарды жоюды талап етті.
Amazon компаниясына да таныс жағдай
Осы оқиғадан кейін кітапты сатып алып, жойып жіберу азайды деп ойласаңыз, қателесесіз.
2026 жылдың жазында 404 Media журналистері Амазонды тексермек болып, қоймаға мыңға жуық сирек кездесетін кітап жіберіп, ішіне AirTag трекерін жасырып салып жібереді. Нәтижесінде жүк Лас-Вегастағы қоймадан бір-ақ шығады. Ол жерде де кітаптарды баяғы тәсілмен бөлшектеп, сканерлеп жатыр екен.
Қоймадағы жұмысшылар журналистерге бәрін ашып айтып берді, Amazon компаниясының өзі де орталықта кітаптар өңделетінін жасырмады. Бірақ компания «өңделіп жатқан кітаптар ЖИ үшін қолданылды» деп ашық айтпады. Демек табылған кітаптарды ЖИ-дің жаңа нұсқасын үйретуге пайдаланды деп кесіп айтуға әлі ерте.
Өкініштісі өңдеуге түскен басылымдардың арасында қайта басылып шықпайтын, тарихи құнды кітаптар болды. Жасанды интеллект үшін кітап жай ғана символдар жиынтығы, ал адамзат үшін - мәдени жәдігер. Бірақ өнеркәсіптік сканерден өткеннен кейін бұл жәдігерді қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Қанша кітап осылай жойылды?
Осы орайда үлкен бір санды айтқың-ақ келеді, бірақ әлем бойынша мұның есебі жоқ. Сот құжаттарында Anthropic компаниясы миллиондаған қағаз кітап сатып алғаны расталған. Ал соның қаншасын сканерден өткізіп, қоқысқа тастағаны белгісіз.
Жоғарыда айтылған екі миллион, бар болғаны мердігер фирманың алты айлық жоспары ғана. Amazon бойынша жағдай тіпті белгісіз. Журналистер мың шақты кітаптан тұратын бір партияны ғана бақылай алды, ал компанияның жалпы қанша кітап алғаны құпия.
Әлем бойынша дәл қанша миллион кітаптың осылайша қоқысқа кеткенін айту қиын, оның ортақ есебі жүргізілмейді. Бірақ факт бар, сапалы мәтін алу үшін кітаптарды жою – ЖИ индустриясының стандартты өндірістік конвейеріне айналды.
Сирек кездесетін кітаптар жай сөздерден тұратын жинақ емес. Оны ұстап көруге, сөреге қоюға, сыйлауға, тіпті балаңа да қалдыруға болады. Кейде кітаптың аз данамен шыққанының өзі құнды, кейде әдемі мұқабасы үшін де бағалы. Ал бот үшін мұның еш мәні жоқ. Кітап мыңдаған шақырым жол жүріп қоймаға түседі, түптемесі кесіледі, сканерде бір-екі секунд тұрады да, қоқысқа кетеді. Цифрлық дәуірдің шындығы осындай.



