Медиа●Қоғам●Шын ба, әлде фейк пе? Интернеттегі ақпаратты тексерудің қарапайым жолдары

Шын ба, әлде фейк пе? Интернеттегі ақпаратты тексерудің қарапайым жолдары

7 шілде 2026
5 мин
"Гуща событий" сериалынан үзінді | Фото: IMDb

2025 жылы Қазақстанда жүргізілген онлайн сауалнамаға қатысқандардың 68,3%-ы интернет пен әлеуметтік желілерде жалған ақпаратты жиі кездестіретінін айтқан. Алайда олардың кейбірі ақпараттың рас-өтірігін бірден ажырата алмайды. Бұл материалда фейк ақпараттың қандай түрлері бар, оны қалай тексеруге және жалған ақпарды қалай тануға болатынын түсіндіреміз.


Фейк ақпарат – адамдарды жаңылыстыру үшін әдейі жасалған немесе тексерілмеген жалған ақпарат. Ол мәтін, фото, видео немесе аудио түрінде тарауы мүмкін. Фейк жаңалықтар қоғамда үрей туғызады, адам пікірін өзгертіп, саяси және әлеуметтік мәселелерді ушықтырады. Жалған ақпараттың тарауына бірнеше себеп болуы мүмкін:

  • Саяси мақсаттар – қоғамдық пікірді өзгертіп, билікке ықпал ету.

  • Cенсация –  ақпарат арқылы оқырман тарту, көп қаралым жинау.

  • Кәсіби сауатсыздық – ақпаратты тексермей жариялау

  • Интернет-алаяқтық.

Фейк ақпараттарға не жатады?


UNESCO ұсынған мәлімет бойынша, жалған ақпараттың мынадай түрлері бар:

  • Жаңсақ ақпарат – адам ақпараттың жалған екенін білмей, оны шын деп ойлап таратады.

  • Дезинформация – біреуді әдейі адастыру немесе манипуляция жасау үшін таратылатын жалған ақпарат.

  • Зиян ақпарат – ақпараттың ішінде шындық болуы мүмкін, бірақ оны әдейі бұрмалап немесе контекстен бөліп, біреуге зиян келтіру үшін таратады.

Ал мазмұнына қарай фейк ақпарат мынадай болуы мүмкін:

  • Толық ойдан шығарылған ақпарат – ешқандай дәлелі жоқ, әдейі жасалған жалған жаңалық.

  • Манипуляцияланған ақпарат – шынайы фото, видео немесе деректерді өзгертіп көрсету.

  • Контекстен алынған ақпарат – ескі фото немесе видеоны жаңа оқиға ретінде тарату.

  • Жалған тақырыптар – материал мазмұнына сәйкес келмейтін, тек назар аударту үшін қойылған тақырыптар.

  • Сатира немесе пародия – әзіл үшін жасалған контенттің шынайы жаңалық деп қабылдануы.

  • Дипфейк – жасанды интеллект арқылы адамның бейнесін, дауысын немесе әрекетін қолдан жасап көрсету.

  • Жалған статистика мен дәйексөздер – адам айтпаған сөзді оған телу немесе ойдан шығарылған сандарды тарату.

Адамдар не үшін фейк ақпаратқа сенеді?


2025 жылы Nature Humanities and Social Sciences Communications журналында жарияланған зерттеу авторларының айтуынша, адамдар жалған ақпаратқа көбіне білімсіз болғаннан емес, эмоцияның әсерінен сенеді. Әсіресе қорқыныш, ашу, таңданыс немесе қуаныш тудыратын ақпарат тез тарайды. Сонымен қатар адамдар өзінің бұрыннан қалыптасқан көзқарасына сәйкес келетін ақпаратқа көбірек сенуге бейім. Психологияда бұл құбылыс «растау қатесі» (confirmation bias) деп аталады. Яғни адам өз пікірін қолдайтын ақпаратты қабылдап, оған қайшы келетін деректерді елемеуі мүмкін.

Халықаралық фактчекинг желісінің (IFCN) зерттеуіне қатысқан 137 фактчекинг ұйымының 78,1%-ы жалған ақпарат көбіне Facebook, Instagram, WhatsApp және Threads тарайтынын айтқан. Бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде кез келген ақпаратқа бірден сене салмай, оның рас-өтірігін тексерудің маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан бүгінгі таңда фактчекинг пен медиа сауат тек факчекерлерге емес, әр адамға қажет дағдыға айналып келеді.


Мәтін түріндегі ақпаратты қалай тексереміз?

  • Дереккөзді тексеру. Әуелі ақпараттың қайдан шыққанына назар аудару керек. Жаңалықты жариялаған сайтқа, авторына және дереккөзіне қараңыз. Егер ақпарат белгісіз сайттан шықса немесе оны кім жариялағаны түсініксіз болса, оған күмәнмен қараған дұрыс.

  • Басқа сенімді дереккөздермен салыстыру. Ақпаратты кемінде бірнеше сенімді дереккөзден тексерген жөн. Бір ғана сайтқа немесе әлеуметтік желідегі бір жазбаға сүйенуге болмайды. Мысалы, мемлекеттік органдардың сайттары, халықаралық ұйымдардың ресми парақшалары және беделді медиалар сенімді дереккөз бола алады.

  • Уақыты мен контекстін тексеру. Кейде ескі фото немесе видео жаңа оқиға сияқты көрсетіледі. Сондықтан ақпараттың қашан шыққанына және қандай жағдайда жарияланғанына мән беру керек.

  • Эмоциялық әсерін бағалау. Фейк ақпарат көбіне адамның эмоциясына әсер етуге тырысады. Қорқыныш, ашу, таңданыс тудыратын немесе «шұғыл» деп жазылған материалдарға мұқият қараған жөн.


Фотофейкті қалай анықтаймыз?


Factcheck.kz мәліметінше, фотофейк көп тарайды, бірақ оның рас-өтірігін ажырату оңай. Мұның қарапайым үш жолы бар.

  1. Google Chrome браузерін қолданып, тінтуірдің (мышка) оң жағын басып «Осы суретті Google-дан іздеу» дегенді бассаңыз болды, сурет туралы ақпараттар шыға келеді.

  2. Арнайы плагиндер арқылы да суреттің шынайылығын тексеруге болады. Плагин – браузерге қосымша орнатылатын шағын бағдарлама. Ол браузердің мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мысалы, Who stole my pictures («Суретімді ұрлаған кім?») плагині суретті тек Google-дан ғана емес, Яндекс пен Tineye сияқты іздеу жүйелерінен де тексере алады. Оның көмегімен суреттің интернетте алғаш қай жерде және қашан жарияланғанын анықтауға, оның басқа жерде көшіріліп қолданылған-қолданылмағанын білуге болады.

  3. Ал суреттің өңделіп-өңделмегенін Foto Forensics сайтынан білуге болады. Бұл сайт суреттің өңделген бөлігін тауып береді.

Видеофейкті қалай анықтаймыз?


Видеоның шынайылығын тексеру фотоға қарағанда қиынырақ. Бірақ бірнеше белгіге назар аударуға болады:

  • Видео жаңа оқиға туралы сияқты көрсетіліп, қысқа уақытта әртүрлі аккаунтта тараса, оны тексеру керек.

  • Видеоның астындағы пікірлерді де қарап шығуға болады. Кейде қолданушылар видеоны алғаш кім жариялағанын немесе оның түпнұсқасын тауып жатады.

  • Сонымен қатар видеодағы ұсақ-түйекке – көлік нөміріне, көшедегі жазуларға, ғимараттарға, адамдардың киіміне, ауа райына назар аударыңыз. Осы белгілер арқылы видеоның қай жерде және қашан түсірілгенін анықтауға болады.

  • Видеодағы негізгі кадрды скриншот жасап, оны Google арқылы іздеуге де болады. Бұл видео бұрын басқа оқиғаға байланысты жарияланған да шығар.

  • Видео жариялаған аккаунтты да тексеріңіз. Оның қашан ашылғанына, қандай контент жариялайтынына, басқа жазбаларына назар аударыңыз. Аккаунт күмәнді болса немесе видеодағы ақпаратпен сәйкес келмесе, материалға сенбеген дұрыс.

ЖИ жасаған видеоны қалай байқауға болады?


Қазір жасанды интеллект арқылы өте шынайы көрінетін фото мен видео жасауға мүмкіндік бар. Кейде адамдар мұндай контентті шынайы оқиға деп қабылдайды. Зерттеу бойынша, нейрожелі жасаған фейкке жастарға қарағанда егде жастағы адамдар көбірек сенеді екен. Дегенмен жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар қазір өте шынайы көрінгенімен, мұқият қарасаңыз кейбір белгісінен рас-өтірігін ажыратуға болады.

  • Бет-әлпет сәйкессіздігі. Кейде ЖИ жасаған видеоларда адамның ауыз қимылы айтылып жатқан сөзбен сәйкес келмейді. Видеоны баяулатып қарасаңыз, ерін қозғалысы мен дыбыстың арасында кідіріс бар екенін байқайсыз.  Оған қоса көздің қозғалысына назар аударған жөн. ЖИ жасаған видеоларда адам тым сирек жыпылықтауы немесе көз қимылы біркелкі көрінуі мүмкін. Ал шынайы адамда көз қозғалысы табиғи түрде өзгеріп отырады.

  • Жарық пен көлеңкенің сәйкес келмеуі. Бетке түскен жарық пен фондағы көлеңкелер кейде үйлеспей қалады. Жасанды бейнелерде жарықтың бағыты логикалық тұрғыда дұрыс берілмей жатады.

  • Дыбыстың табиғилығы. ЖИ дауысы кейде тым таза немесе бірқалыпты естіледі. Онда бөлмедегі жаңғырық, фон шуы немесе табиғи дем алу дыбыстары жетіспей жатады.

Күмәнді видеоны арнайы онлайн-сервистер арқылы тексеруге болады. Мысалы, Reality Defender және AI or Not сияқты құралдар видеода жасанды интеллект қолданылған-қолданылмағанын анықтауға көмектеседі.


Сонымен қатар YouTube та ЖИ жасаған контентпен күресу үшін жаңа жүйелер енгізіп жатыр. Енді платформа авторлардың өздері белгі қойғанын күтпей, жасанды интеллект арқылы жасалған видеоларды автомат түрде анықтап, көрерменге арнайы белгі көрсете алады. Бұл өзгеріс ұзын видеоларға да, YouTube Shorts қысқа видеоларына да қатысты.

ЖИ жасаған фотоларды қалай білеміз?


Жасанды интеллект жасаған суреттерде көбіне ұсақ қателер көрініп тұрады.

  1. Қол мен саусақтар. Ең жиі кездесетін белгі – қолдың дұрыс салынбауы. Саусақ саны артық болуы, бір-біріне қосылып кетуі немесе табиғи емес көрінуі мүмкін.

  2. Ұсақ бөлшектер. Көз, құлақ, тіс сияқты детальдар кейде дұрыс жасалмайды. Бет-әлпет симметриясыз болуы мүмкін.

  3. Фондағы қателер. Артқы пландағы жазулар, логотиптер немесе белгілер бұлыңғыр, қисық болып шығуы мүмкін.


Дипфейкті қалай танимыз?


ЖИ жасайтын фото мен видео дипфейкке ұқсас болғанымен, екеуі екі түрлі ұғым.


ЖИ жасаған фото немесе видео – жасанды интеллект арқылы мүлде болмаған жаңа сурет немесе көрініс жасау. Яғни адам, зат немесе оқиға шынайы өмірде болмауы мүмкін. Мысалы: ЖИ арқылы «ғарышта жүрген адам», «болмаған қала», «соғыстағы жалған көрініс» сияқты сурет немесе видео жасау.


Дипфейк  – көбіне нақты бір адамның бейнесін, дауысын немесе қимылын өзгерту. Яғни бар адамның орнына басқа бейне қою немесе адамның өзін айтпаған сөзін айтқызу. Мысалы: танымал адамның дауысын көшіріп, оған басқа мәтін айтқызу немесе бір адамның жүзін басқа видеоға қою. Тіпті қазір адамның дауысынан алынған дыбыс үлгілерін талдау арқылы оның тембрін, үн биіктігін, сөйлеу мәнерін және басқа да ерекше ерекшеліктерін көшіріп, дауыстың шынайы цифрлық нұсқасын жасайтын Voice cloning (дауысты клондау) бар. Бұл технология интернет-алаяқтар үшін таптырмас құралға айналды.

2023 жылы әлеуметтік желілерде шамамен 500 000 дипфейк анықталса, былтыр бұл сан 8 миллионға жеткен.


2025 жылы дипфейк алаяқтықтан келген жаһандық шығын 1,1 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда үш есе жоғары.


Зерттеулер көрсеткендей, адамдар дипфейкті бірден тани бермейді. Бір экспериментте қатысқандар ЖИ жасаған дауысты шынайы дауыстан ажырата алмай, оны шамамен 80% жағдайда бірдей деп қабылдаған.


NoFake.kz мәліметінше, дипфейкті тек техникалық белгілеріне қарап емес, жағдайына қарап та тексеру керек. Мысалы, видео немесе аудио адамды асығыс шешім қабылдауға итермелесе, қорқытып немесе күмәнді әрекетке шақырса, оның шынайылығына күмәнданған дұрыс. Ал техникалық тұрғыдан дипфейктер жоғарыда айтқан ЖИ видеоны анықтау тәсілдеріне ұқсас.


Алаяқтар дипфейкті айласы үшін кеңінен қолданып жатқандықтан, көптеген мемлекет оған қарсы шаралар қабылдап жатыр. Қазақстанда да жасанды интеллектке қатысты заңнама әзірленіп, дипфейк мәселесі қарастырылды. Жаңа талаптар бойынша, автор контентін ЖИ арқылы жасаса, мұны адамдарға ескертуі керек. Бұл жалған ақпараттың таралуын азайтуға көмектесе


Фейк ақпарат таратқан адам қандай жауапкершілік арқалайды?


Қазақстанда жалған ақпаратты әдейі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни адам ақпараттың өтірік екенін біле тұра оны жарияласа немесе таратса, заң алдында жауап беруі мүмкін.


ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша, қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін немесе адамдарға, ұйымдарға, қоғам мен мемлекетке зиян келтіруі мүмкін жалған ақпарат таратқан адамға айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту, бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру сияқты жаза қолданылуы мүмкін.

Егер жалған ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілер арқылы тараса, жауапкершілік күшейеді. Ал мұндай ақпарат ауыр зардаптарға әкелсе немесе төтенше жағдай кезінде таратылса, жаза қатаң болуы мүмкін.


Сондықтан әлеуметтік желіде немесе мессенджерлерде келген кез келген ақпаратты тексермей бөлісе салуға болмайды.


Қорытындылай айтқанда, цифрлық заманда ақпаратты тек оқу емес, оның қаншалық шынайы екенін бағалай білу де маңызды. Әр адам медиасауат дағдыларын меңгеріп, ақпаратты тексеруді әдетке айналдыруы керек.

Бөлісу: