ӘлемдеЭкология«Шыдаудан басқа амал жоқ»: Алматыда шіркей неге қаптап кетті?

«Шыдаудан басқа амал жоқ»: Алматыда шіркей неге қаптап кетті?

21 маусым 2026
2 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Алматыда қазір ұсақ шіркейдің көптігі сондай, терезедегі тордан да өтіп кетіп жатыр. Содан кешкі серуеннің, террасадағы демалыстың, табиғат аясындағы уақыттың берекесі қашты. Әлеуметтік желі шіркейден көз ашпаған жұрттың шағымына толы. Тіпті кейбір қала тұрғындары таңғалып отыр, өйткені мұндай жәндіктер бұрын солтүстік өңірлерде ғана болатын. Жәндіктер неге аяқ асты көбейіп кетті? Жағдай ушыға бере ме, әлде басыла ма? Tamga Media бұл сұрақтың жауабын Зоология институтының энтомология зертханасы меңгерушісі Сергей Коловтан сұрап білді.


Сергей Коловтың айтуынша, жұрт көзге түскен майда жәндіктің бәрін «шіркей» десе де, бұл – ғылыми тұрғыдан тым жалпылама термин. Оның сөзіне қарағанда, мегаполисте, сірә, қанаты бар өсімдік биті қаптап кеткен сияқты.

«Мәселеге нақтырақ үңілсек, қазір қаптап жүрген – өсімдік биті. Олардың екі түрі болады: біріншісі – қанаты жоқ, яғни өсімдік шырынын сорып, бір жерде ғана отырады. Екіншісі – қанаты бар, бұл кезде ұрғашысы мен еркегі жан-жаққа ұшып, жаңа топ болып бөлінеді (Алматыдағы қазіргі жағдай осы – ред.). Неге қазір кенет көбейіп кетті? Меніңше, бұған бірнеше жағдай әсер етті. Мамырда жаңбыр көп жауды, артынша күн де қатты ысыды. Мұндай ауа райында шөп те, ағаш та қаулап өседі, содан кейін бит те қаптайды».


Өсімдік көп болған соң, онымен қоректенетін жәндіктерге де жем көп. Әсерінен олар да тез көбейеді.

«Кез келген тіршілік иесінің басты мақсаты – барынша тез көбейіп, жан-жаққа таралу. Сондықтан қолайлы орта туа қалса, олар бірден қаптап кетеді».


Шіркейлер терезедегі тордан қалай өтіп кетеді?


Алматы халқы үйреншікті торлардың көмектеспей қалғанына таңғалып отыр. Терезе жабық тұрса да, бұл майда жәндіктер үйдің ішіне кіріп кетеді. Маманның айтуынша, жәндіктер тым кішкентай, сондықтан тордың көзінен оп-оңай өтіп кетеді.

«Бұл майда жәндіктер адамға зиян келтірмейді, олар шақпайды. Тек көзіңізге кіріп, мазаңызды қашыруы мүмкін. Кәдімгі табиғатқа шыққанда көзге, құлаққа жабысатын шіркейлер сияқты, бұл да адамның мазасын алады».


Қала тұрғындары бұл жәндіктерден құтылу үшін неше түрлі құрылғы мен химиялық заттарды алып, әлек болып жатыр. Бірақ маманның айтуынша, бұдан құтқаратын нақты бір шешім әзірге жоқ. Тіпті сіз қолданып жүрген спрейлер, репелленттер немесе арнайы шамдардың өзі ешқандай пайда бермеуі мүмкін.

«Түнде жағып қоятын ультракүлгін шамдар, жәндіктерді үркітудің орнына, керісінше, өзіне тартады. Ал спрейлер мен репелленттерден тіпті қайыр жоқ. Өйткені бұл жәндіктер адамды іздеп жүрген жоқ, жай ғана бейберекет ұшады. Қазір олар жан-жаққа таралып жатқандықтан, үстіңізге, ағашқа немесе асфальтқа кездейсоқ қонып жүр».


Маман Алматы жұртшылығына сәл шыдай тұруға кеңес береді. Қазір ауа райы қолайлы болғандықтан, шіркейлер қаптап кетті. Алайда бұл ұзаққа созылмайды.


Күн ысып, ылғал азайғанда, шіркейлердің жемі де таусылады. Содан кейін олар өз-өзінен азаяды. Қысқасы, қазір бұлардан біржола құтылу қиын, бірақ уақыт өте келе бәрі табиғи жолмен қалпына келеді.

Бөлісу: