ӘлемдеЭкономикаШөлде құм толып жатыр. Бірақ әлемге жетпейді. Неге?

Шөлде құм толып жатыр. Бірақ әлемге жетпейді. Неге?

24 тамыз 2026
5 мин
Фото: Pexels

Құм десе, көз алдымызға шөл, жағажай немесе өзен жағасы келеді. Жер бетінде құм соншалық көп болған соң, оны таусылмайтын ресурс деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ қазір әлемде құрылысқа қажет құм тапшылығы байқалады. БҰҰ дерегінше, 2060 жылға қарай ғимараттар салуға қажет құмға сұраныс тағы 45%-ға өсуі мүмкін. Сонда шөлдер мен жағажайлар құмға толы болса, әлемге неге құм жетпейді?


Әлемге құм не үшін керек?


АҚШ Геологиялық қызметі құрылысқа арналған құм мен қиыршық тасты құрылыс индустриясындағы негізгі шикізаттардың бірі деп атайды. Оған қоса бұл – әлемдегі ең көп пайдаланылатын қатты материал. БҰҰ дерегі бойынша, адамзат жыл сайын шамамен 50 миллиард тонна құм пайдаланады. Өйткені қазір қалалардың көп бөлігі онсыз салынбайды. Құм бетон, асфальт, әйнек және басқа құрылыс материалдарын өндіруге қажет. Қала көбейіп, жаңа үйлер, жолдар мен көпірлер салынған сайын құмға деген сұраныс та артып келеді.


«Бірақ шөл далада құм толып жатыр, неге соны пайдаланбаймыз?» деуіңіз мүмкін.  Міне, осы жерде ең қызық нәрсе басталады.


Шөлдегі құмның бәрі құрылысқа жарай бермейді


Құрылысқа жарамды құмның түйіршіктері әдетте ірірек, бұдырлау және пішіні әркелкі болады. Мұндай түйіршіктер цементпен жақсы араласып, берік бетон жасауға көмектеседі.


Ал шөлдегі құмның ерекшелігі басқа. Жел құм түйіршіктерін бір-біріне ұзақ уақыт бойы үйкеп, оларды ұсақ әрі тегіс, домалақ етіп жібереді. Сондықтан шөлдегі құмды сол күйінде бетонға пайдалану көп жағдайда тиімсіз. БҰҰ да шөл құмының бетон өндірісіне жарамсыз ететінін атап өткен.


Осы жерде қызық парадокс шығады: әлемде шөл көп, құм да көп. Бірақ құрылысқа қажет құм бәрібір тапшы.


Қызығы, құмға толы Сауд Арабиясының өзі құрылысқа қажет құмды сырттан сатып алады. Мысалы, 2023 жылы ел Аустралия, Қытай, Түркия, Испания және АҚШ сияқты мемлекеттерден табиғи құрылыс құмын импорттаған. Тек Аустралиядан әкелінген құмның құны 140 мың долларға жуық болған.


Ендеше құрылысқа қажет құмды қайдан алып жүрміз?


Көп жағдайда оны өзендерден, жағалаулардан және теңіз түбінен өндіреді. Тағы бір тәсіл – тау жыныстарын ұсақтап, құрылысқа жарамды жасанды құм алу.


Бірақ мұның да өз құны бар. Өзеннен шамадан тыс көп құм алсақ, оның табиғи арнасы өзгеріп, су тасқыны мен эрозия қаупін арттыруы, жерасты суларының деңгейіне әсер етуі мүмкін. Ал жағалаудан көп алсақ, жағалау шайылып, теңіздің экожүйесіне зиян келеді.


Оның үстіне, құм бір күнде пайда болмайды. Жел, су, мұз және температура әсерінен тау жыныстары біртіндеп үгіліп, құм түйіршіктері қалыптасады. Бұл – өте баяу геологиялық процесс. Табиғатқа құмды қалыптастыру үшін жүздеген мың жыл қажет екен. Ал біз оны әлдеқайда жылдам өндіреміз.


Сондықтан мәселе Жердегі барлық құмның таусылып қалғанында емес, құрылысқа қажет құмның табиғи жолмен қайта қалыптасуынан әлдеқайда жылдам өндіріліп жатқанында. БҰҰ бұл алшақтықты «sand gap» деп атайды.


Құм үшін қара нарық та пайда болды


Құмға сұраныстың қаншалықты жоғары екенін оның айналасындағы заңсыз саудадан да көруге болады. Мысалы, Үндістанның Гоа штатындағы өзендерден заңсыз құм өндіру мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті. Мұндай заңсыз өндірумен айналысатын топтар тіпті «құм мафиясы» деп аталады.


2024 жылғы Үндістанның Ұлттық жасыл трибуналының құжатында заңсыз құм өндіретіндер өзен арнасын өзгертіп, жағалауды шайып, судағы табиғи ортаны бұзатынын айтқан.


Ал 2025 жылы Үндістанның Орталық тергеу бюросы Тамилнад штатында жағажай құмын заңсыз өндіру, тасымалдау және шетелге шығару бойынша жеті қылмыстық іс қозғаған. Тергеу 21 адам мен алты компанияға қатысты жүргізілген. Мемлекетке келтірілген ықтимал шығын 58,32 млрд рупиге, яғни шамамен 332 млрд теңгеге бағаланған.


Демек, құм мәселесі тек экологияға қатысты емес. Құрылыс пен инфрақұрылымға сұраныс артқан сайын, құмның экономикалық маңызы да күшейіп келеді. Ал сұранысы жоғары ресурс заңсыз нарықтың да нысанына айналуы мүмкін.


Қазақстанды әзірге құрылысқа қажет құм тапшылығы қатты сезілетін елдердің қатарына жатқызу қиын. Керісінше, елімізде құрылыс құмы өндірілетін ірі кен орындары бар. Соның бірі – Түркістан облысындағы «Арысское-III» кен орны. Ол Арыс қаласына жақын орналасқан және 1961–1963 жылдары барланған. Кен орнындағы жекелеген учаскелерде 2025–2034 жылдары жылына 100 мың текше метрге дейін құрылыс құмын өндіру жоспарланған.


Оған қоса, Қазақстан құмның белгілі бір түрлерін экспорттайды әрі импорттайды. Мысалы, 2024 жылы еліміз 88,97 мың тонна кремнийлі және кварцты құмды экспорттаған. Оның 88,31 мың тоннадан астамы Қырғызстанға жөнелтілген. Мұнда маңызды бір нәрсе бар: бұл – кәдімгі құрылысқа арналған өзен құмы емес, кремнийлі және кварцты құм санаты. Мұндай құм, мысалы, әйнек өндірісі сияқты өнеркәсіп салаларында пайдаланылады.


Бірақ Қазақстан үшін басқа мәселе өзекті – құмның қалай және қай жерден өндірілетіні.


2023 жылғы қыркүйектен бастап, 2024 жылғы қазанға дейін Семей қаласында екі қазақстандық кәсіпкер 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз өндірген. Соның салдарынан мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.


Кейін олар жалған сертификаттар жасап, жеке кәсіпкерлер арқылы құмды құрылыс материалдарын өндіретін зауыттарға сатқан. Осылай, 150 миллион теңгеден көп заңсыз табыс тапқан.


Ал 2026 жылы Қостанай облысында ТОО «СТС-Цемент» компаниясының басшысы өзен арнасы мен жағалауынан заңсыз түрде құм өндірген. Ол үшін екі жер снарядын пайдаланып, кейін өндірген құмды сатқан. Жалпы 113 мың текше метрден астам құм сатып, одан 719 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Бұл іс сотта қаралып жатыр.


Мәселе тек экономикалық шығынмен шектелмейді. Құм өндіргені салдарынан Тобыл өзенінің арнасы өзгеріп, жағалауы бұзылған және өзеннің гидрологиялық режиміне зиян келген. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде су қоры жерлерінің 28 мың шаршы метрден астам аумағы зақымданған.


Яғни әлемдегі құм мәселесі Қазақстанға да қатысты. Бізде мәселе әзірге «елдегі құм қоры таусылып бара жатыр» дегеннен гөрі, құрылысқа деген сұраныстың артуы табиғи ресурстарға, соның ішінде өзендер мен басқа да экожүйелерге түсетін қысымды күшейтіп отырғанында.


Құм тапшылығын қалай азайтуға болады?


Құмды пайдалануды бір күнде тоқтату мүмкін емес. Сондықтан негізгі мақсат – табиғи құмға түсетін қысымды азайтып, оның орнына басқа материалдарды көбірек пайдалану. Ол үшін бірнеше жол қарастырылып жатыр:

  • Құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану. Мысалы, ескі ғимараттарды бұзған кезде шыққан бетонды ұсақтап, жаңа құрылысқа қажет материал ретінде қолдануға болады.

  • Тау жыныстарын ұсақтап, құмның орнына пайдалану. Мұндай материалды кей жағдайда табиғи құмға балама ретінде қолдануға болады.

  • Тау-кен өндірісінің қалдықтарын құрылысқа жарату. Яғни бұрын қалдық болып саналатын материалдардың өзін қайта өңдеп, құрылысқа қажетті шикізатқа айналдыру.

Бұл тәсілдің барлығы табиғи құмды аз пайдалануға мүмкіндік береді.


Тағы бір қызық бағыт – шөл құмын құрылысқа бейімдеу. Ғалымдар оны арнайы өңдеп немесе басқа материалдармен араластырып бетон өндірісінде қолдану мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мысалы, 2025 жылы БАӘ-дегі ARDH Collective компаниясы жергілікті шөл құмын құрылыс материалдарына айналдыру технологиясын ұсынды. Компания шөл құмын құрма өндірісінен қалған қалдықтармен біріктіріп, құрылысқа жарамды материал жасауға тырысып жатыр.


Қорытындыласақ, құм – қазіргі қалалардың негізін құрайтын маңызды ресурс. Сондықтан құмға деген сұраныс артқан сайын, оны қалай өндіретініміз, пайдаланатынымыз және үнемдейтініміз де маңызды бола түседі. Енді мәселе құмның бар-жоғында емес, оны қанша уақытқа дейін осылай пайдалана алатынымызда.

Бөлісу: