«Тіл білу міндетті емес», «тәжірибе қажет емес», «жол мен баспана тегін», «айына бірнеше мың доллар табасыз». Шетелден жұмыс іздеген адам мұндай хабарландыруды жиі кездестіреді. Бірақ жоғары жалақының артында жалған вакансия, еңбек шартының өзгеруі немесе адам саудасы тұруы да мүмкін. Күмәнді ұсынысты қалай тануға болады және жолға шықпай тұрып нені тексеру керек? Tamga Media тарқатып айтады.
Шетелге жұмысқа бару – табысты арттырудың, кәсіп үйренудің, тәжірибе жинаудың бір жолы. Алайда жарнамасы «айқайлап тұрған» ұсыныстардың бәріне бірдей екі өкпені қолға алып жүгіре беруге болмайды. Жұмыс ақысы қаншалықты қымбат болса, жұмыс берушінің кім екені, қандай міндет жүктейтіні, еңбек қатынасының қалай рәсімделетіні де соншалықты маңызды. Мысалы, сіздің көзіңізге тым көп болып көрінген жалақы салық пен басқа төлемдер ұсталмаған кездегі сома бөлек болуы мүмкін. Одан баспана, тамақ, көлік, сақтандыру шығыны шегеріледі. Осылай қолыңызда елде тауып жүргеніңіздей ғана қаржы қалады.
Шетелде жоғары жалақысы бар жұмыс іздеген адам төмендегідей қауіптерге тап болуы ықтимал.
Жоқ жұмысқа ақша береді
Делдал құжат даярлауға, жол жүруге деп ақша алып, кейін байланысқа шықпайды. Алданған адам шетелге бармай тұрып-ақ шығынға ұшырап, аузы күйеді.

Уәде етілген еңбек жағдайы өзгереді
Жұмыс іздеп жүрген адам басқа қалаға немесе алыс ауданға арнайы барып, жұмысқа орналасады. Бірақ барған соң жұмыс беруші алдын ала айтылған шарттарды өзгертіп жіберуі ықтимал. Мысалы, уәде етілген жалақыдан аз төлеуі, жұмыс уақытын ұзартып жіберуі немесе келісімде болмаған басқа міндеттерді жүктеуі кездеседі. Кейде адам жаңа жерге барып, жол мен баспанаға ақша жұмсап қойғандықтан, мұндай шарттарға амалсыз көнуге мәжбүр болады. Осындай жағдайда қызметкердің еңбек құқығы бұзылады.
Кеткісі келген адамды жібермей, жұмыс істеуге мәжбүрлейді
Кей жағдайда жұмыс беруші кеткісі келген қызметкердің құжатын бермей қояды немесе жалақысын әдейі ұстап қалады. Осы арқылы адамның жұмыстан шығып кетуіне кедергі келтіреді. Бұған қоса қорқытып, қысым көрсетуі, бұрын айтылмаған немесе ойдан шығарылған қарызды өтеуді талап етуі ықтимал. Соның салдарынан адам жұмыстан өз еркімен кете алмай, сол жерде еңбек етуге мәжбүр болады.
Адам саудасы
Шетелге жұмыс іздеп барып, адам саудасының құрбаны болғандар да бар. Қылмыстық топтар адамды алдап немесе оның қиын жағдайын пайдаланып, еңбегін қанауы, тіпті басқа біреуге сатып жіберуі мүмкін. Бірақ адам саудасы үшін міндетті түрде шекара асу шарт емес. Мұндай қылмыс бір елдің ішінде де жасала береді.
Соңғы жылдары адам саудасының тағы бір түрі жиілеген: қылмыскерлер адамдарды ауыр жұмысқа емес, алаяқтық схемаларға тартады. Олар оператор, клиенттермен жұмыс істейтін маман немесе интернет арқылы қызмет көрсететін қызметкер іздеп жатқандай хабарландыру береді. Жоғары жалақыға қызығып барған адамға кейін мүлде басқа жұмыс істетеді. Мысалы, бейтаныс адамдарға хабарласып, оларды жалған инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеуді тапсырады. Кейде жұмыстан кетуге мүмкіндік бермей, осы істі жалғастыруға қысым жасайды.

Сондықтан «компьютердің алдында отырасыз, жұмысы жеңіл» деген жалпылама уәдеге сенбеу керек. Шетелге аттанбай тұрып, нақты қандай жұмыс істейтініңізді, телефон арқылы қандай өнім немесе қызмет ұсынатыныңызды және қай компанияға жұмысқа орналасатыныңызды анықтап алыңыз.
Қай елдерде мұндай қылмыстар жиі тіркелген?
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының 2023 жылғы есебінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алаяқтық орталықтарына адам саудасының кең тарағаны айтылады. Сенімді деректер бойынша, Мьянмада кемінде 120 мың, Камбоджада шамамен 100 мың адам интернет арқылы алаяқтық жасауға күштеп тартылған жағдайда болуы мүмкін.
Мұндай алаяқтық орталықтары Лаос пен Филиппинде де анықталған. Ал Таиланд кей жағдайда басқа елдердегі қылмыстық орталықтарға адамдарды жеткізетін транзиттік бағыт ретінде пайдаланылған.
Интерполдың 2025 жылғы мәліметі бұл мәселенің халықаралық сипат алғанын алға тартып отыр. Былтыр наурызда мұндай саудаға 66 елдің азаматтары ұшыраған. Сондықтан бұл елдерден жоғары жалақы ұсынатын, бірақ жұмыстың нақты міндетін түсіндірмейтін вакансия кездессе, жұмыс беруші мен компанияны ерекше мұқият тексерген жөн

Әлемде қанша адам мәжбүрлі еңбекке жегілген?
Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, еңбек мигранттары жергілікті тұрғындарға қарағанда мәжбүрлі еңбекке көбірек тартылған екен. Бөтен тіл, жергілікті тәртіпті білмеу және жұмыс берушіге тәуелді болу қауіпті еселейді. Бұл қанаудың артында үлкен қаржы тұрғаны да белгілі. Халықаралық еңбек ұйымының 2024 жылғы есебінде мәжбүрлі еңбектен түсетін жылдық заңсыз пайда 236 миллиард АҚШ долларына жеткені анықталған.
Кімдер көбірек қақпанға түседі?
Адам саудасы мен мәжбүрлі еңбек өзара байланысты болғанымен, екеуі бір ұғым емес. Сондықтан олардың статистикасын да бөлек қарастырған жөн.
БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының 2024 жылғы есебіндегі адам саудасы құрбандарының 39% – ересек әйелдер, 23% – ересек ерлер, 22% – қыз балалар, 16% – жас жігіттер болған. Ал Халықаралық еңбек ұйымының есебі мәжбүрлі еңбекке тартылған адамдардың әлемдік санын бағалайды.
Халықаралық еңбек ұйымы, Walk Free және Халықаралық көші-қон ұйымының бағалауынша, 2021 жылы әлемде 27,6 миллион адам мәжбүрлі еңбек жағдайында болған. Олардың шамамен 15,8 миллионы — ерлер мен ұлдар, 11,8 миллионы — әйелдер мен қыздар.
Бұл сандарды «адам саудасының құрбандары арасында әйелдер көп, ал мәжбүрлі еңбекке көбіне ерлер тартылады» деп тікелей салыстыру дұрыс емес. Себебі екі дерек әртүрлі құбылысты және әртүрлі есептеу әдісін қамтиды. Мәжбүрлі еңбек адам саудасының салдары болуы мүмкін, бірақ мәжбүрлі еңбекке тартылғандардың бәрі міндетті түрде адам саудасының құрбаны ретінде тіркелмейді.
Шетелдегі жағдайды тізіп шыққанымызбен, бұл мәселе біздің елде де бар екені рас. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы адам саудасынан зардап шеккен 171 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алған. Олардың 44-і – шетел азаматтары екен. Бірақ бұл елдегі барлық құрбанның саны емес.

Өз елінде жұмыс істейтін адамға айтқанды түсіну, мекенжайды анықтау, жақындарынан көмек сұрау қиын емес. Шетелде жұмыс беруші баспананы, көлікті, құжат рәсімдеуді өзі реттесе, қызметкердің оған тәуелділігі арта түседі. Сондықтан шетелдегі ұсынысты Қазақстандағы жұмыспен салыстырғанда айлықпен бірге құқығыңызды, басыңыздың амандығын, тұрмыс жағдайыңызды және елге өз бетімен қайту мүмкіндігіңізді де ойлап қоюыңыз керек.
Қай ұсынысқа бірден сенуге болмайды?
Жұмыстың мазмұны бұлыңғыр, табысы тым жоғары болған ұсынысқа майшаммен қараңыз. Міндеті, жұмыс уақыты, талаптары түсіндірілмей, тек ақша туралы айтыла берсе, қосымша тексеру қажет.
Делдал жұмыс берушімен тікелей сөйлестірмесе де сақ болыңыз. Компанияның атауын, мекенжайын немесе ресми байланысын бермесе, ат тоныңызды ала қашыңыз.
Құжатты барған соң рәсімдейміз деген сөздерге алданбаңыз. Елге кіру құқығы мен сол елде жұмыс істеу құқығы бірдей болмауы мүмкін. Қандай виза немесе қандай рұқсат қағазы қажет екенін баратын мемлекеттің ресми дереккөздерінен әбден тексерген жөн.
Ақшаны шұғыл аударуды талап етсе де асықпаңыз. «Орын бүгін жабылады», «қазір төлемесеңіз үлгермейсіз» деген сөздерге сеніп қалмаңыз.
Төлқұжаттыңызды өзіне алуға тырысқан адамдардан да сақ болыңыз. Құжаттың түпнұсқасын ешкімге бермеңіз.
Жолға шықпай тұрып нені тексеру керек?
Алдымен делдалды және нақты жұмыс берушіні бөлек тексерген дұрыс. Қазақстанда тіркелген агенттік қызметін түгел қарап шығыңыз. Шетелдегі жұмыс орнымен келісімді түгел түсініп оқу маңызды. Шартта жалақы, жұмыс уақыты, баспана ақысы, сақтандыру қызметі, еңбек қатынасын тоқтату және қайту тәртібі анық жазылғанына назар аударыңыз. Құжат сіз түсінбейтін тілде жазылса қол қоюға асықпаңыз. Ауызша айтылған уәденің ресми құжатта бар-жоғына көз жеткізіңіз.

Жақын адамыңызға қайда бара жатқаныңызды, шетелдегі жұмыс орнының мекенжайын, келісімнің көшірмесін және сапар бағытынан хабардар етіп қойыңыз.
Жұмыс іздеп алданған адам өзін кінәлап, жағдайын жақындарынан жасыруы мүмкін. Алаяқтың құрбаны болсаңыз немесе қандайда бір қауіп төнсе жергілікті полицияға дереу хабар беріңіз және Қазақстанның сол елдегі елшілігіне не консулдығына хабарласыңыз.
Кез-келген қиын жағдайға алдын ала дайын болыңыз. Жолға шығарда қайту билетіне жететін жеке қаражаттың басын топтап, оны өзіңіз ғана пайдалана алатын шотта ұстаңыз. Төлқұжат, виза және еңбек шартының көшірмесін қауіпсіз электронды жерде сақтаңыз, жақыныңызға да жіберіп қойыңыз.
Ескерту! Біз «шетелде жұмыс істеуге болмайды» деп ұрандатудан аулақпыз. Тек баратын еліңізді, жұмыс орныңызды алдын-ала зерттеп, тексеріп алыңыз дейміз. Шетелде жұмыс істеп, елдегіден бірнеше есе көп табыс тауып жүрген қазақстандықтар жетерлік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың 2025 жылдың тоғыз айына қатысты мәліметінше, былтыр шетелде 156,7 мың қазақстандық еңбек еткен. Олардың ең көбі Ресейде – 128,8 мың адам, Оңтүстік Кореяда – 15,2 мың, Польшада – 2,6 мың адам және Ұлыбританияда – 1,4 мың адам жұмыс істеген екен.
Қорытындылай келе, шетелдегі жұмысқа келісерде жоғары жалақыдан бұрын ұсыныстың заңдылығына көз жеткізген жөн. Ешбір табыс еркіндігіңіз бен қауіпсіздігіңізден қымбат емес.




