Ойын-сауықСаяхатШетел блогерлерін шақыру ел туризмін дамытудың жаңа тәсілі ме?

Шетел блогерлерін шақыру ел туризмін дамытудың жаңа тәсілі ме?

23 қаңтар 2026
5 мин
Блогеры и туризм: развитие туризма в Казахстане
Instagram: @cvlager

Кейінгі жылдары Қазақстан туризмді дамыту үшін шетел блогерлері мен инфлюенсерлерін шақырып, олардың контентін жарнама ретінде пайдаланып жүр. Мысалы, 2025 жылы Алматы әкімдігі 100 шетел инфлюенсерін елге шақырып, олардың жолақысын, жатын орнын және тағы басқа шығынын өтеу үшін бюджеттен 60 миллион теңге жұмсайтынын айтты. Ал биыл мәдениет, спорт және туризм салаларын дамытуға 263,5 миллиард теңге бөлінген. Осы орайда Tamga Media кейінгі жылдары елге келіп, Қазақстан туралы контент түсірген шетел блогерлеріне шолып шығады. 


Дисклеймер: Материалдағы блогерлер Алматы әкімдігі бөлген қаражатқа келіп-келмегені белгісіз. Біз тек әлеуметтік желіден Қазақстан туралы контенті көзге түскен блогерлерді тізіп шықтық.


Kazakhstan шоколадын сүйіп жейтін жапон блогеры


Yuji Beleza – жапониялық танымал блогер. Оның Instagram-да 6,4 миллион, TikTok-та 8,8 миллион оқырманы бар. Yuji 15-тен астам тілді біледі. Ол түрлі елге барып, көшеде бейтаныс адамдармен олардың ана тілінде сөйлесіп, сол сәтті видеоға түсіреді.


Оқырмандары оны сырт келбетіне қарап, қазаққа ұқсатады. Мұны Yuji-дің өзі де байқаған және кейін Қазақстан туралы зерттей бастаған. Қазір контентінен оның Kazakhstan шоколадын сүйіп жеп, тіпті шетелдіктерге таратып жүргенін көруге болады.


Блогер Қазақстанға алғаш рет 2024 жылы келген. Алматыға, Астанаға, Шымкентке, Түркістанға барып, контент түсірді. Болашақта Ақтауға барғысы келетінін айтқан.


Бір қызығы, 2024 жылы Yuji Аустриядағы Қазақстан елшілігінде өткен шарада "Қазақстан туризм елшісі" атағын алған. Бұл мәртебе оған Қазақстанды шетелде белсенді насихаттағаны үшін берілді.



Сингапурлық блогер Darshen Kuna


Darshen Kuna – TikTok-та танымал сингапурлық блогер. Бұрын бортсерік болып істеген, ал Covid-19 пандемиясы кезінде рейстер тоқтағанда блог жүргізе бастаған. Алғашқы видеоларында ол тамақтың дәмін татып, оған қызық әрі күлкілі реакция көрсететін. Кейін досы Samuel-мен бірге түсірген саяхат видеолары кеңінен танылды. Видеосында досы “Менің атым Самуэль және мен билет алдым” десе, блогердің өзі “Менің атым Даршен” деп қана айтып, досының жанында еріп жүреді. Оның осы видеоларында “Мy name is Darshen” деп айтқан сөзі тіркесі трендке айналып кеткен. Қазір оның Instagram-да жарты миллионға жуық, ал TikTok-та 1,5 миллион оқырманы бар.


Блогер Қазақстанға 2024 жылы келген. Оның айтуынша, ол ел табиғаты мен адамдарының сұлулығынан тәнті болған. 


“Қазақстанның табиғаты ғажап: көлдері, шатқалдары, атқа да міндік. Бірақ ең кереметі – тұрғындары. Олардың әдемі екені соншалық, өзімді ұсқынсыз сезініп кеттім. Қазақстандық тұрғындарға қараған сайын “бұл адамдар қай ғаламшардан келген?” деп ойлаймын. Бойдақ болсаңыз, міндетті түрде Қазақстанға барыңыз. Ал бойдақ болмасаңыз, жолға шықпай тұрып некелескенде берген сертіңізді қайта есіңізге түсіріңіз”, – деп өз ойын айтты.



Майамиға бармай, Алматыға келген Gstaad guy


Gstaad Guy – бай адамдардың өмір салтын, көзқарасын әзілмен, мысқылмен көрсететін британиялық сатирик-блогер. Бұл форматтағы контенті кеңінен тарағаны соншалық, қазір ол Loro Piana, Audemars Piguet секілді брендтермен жұмыс істейді.


Шын есімі – Gustaf Lundberg Toresson. Оқырмандары 1 миллионнан асады, арасында Голливуд жұлдыздары, британиялық әншілер, Грек ханшайымы да бар.


Блогер 2025 жылғы көктемде Қазақстанға келіп, Шарын шатқалына, Көлсайға, Қайыңдыға, Шымбұлаққа барған. 


Бүркітпен аңшылыққа шығып, ақындарды тыңдап, ұлттық тағам бешбармақтың дәмін татқан. Ұлттық киім киіп, нағыз көшпенділердің өмір салтымен танысқан. Видеода ол Гран-при Майамидің орнына Алматыға баруды таңдағанын айтады. Қазақстан жайлы видеосы Instagram-да 1,5 миллионнан астам рет қаралған. 



Қазақстанның көрікті жерлерін камерасына түсірген швейцариялық фотограф 


Швейцариялық блогер, саяхатшы, фотогоаф Chris Lager қолындағы смартфонына “минимализм” стилінде түсірген суреттері, видеолары арқылы танымал. Ол көбіне сәндік көліктерді, табиғатты, сапарын түсіреді. Қазір оның Instagram-да 460 мыңнан аса оқырманы бар. 


Chris Lager Алматыға келіп, Көлсай, Қайыңды көлдеріне, Шарын, Қара шатқалдарына барған. Киізүйде қонақтап, атқа мініп, бүркітпен саят құрып, қазақ мәдениетімен танысқан. Қазақстан – оның Орталық Азияда барған алғашқы елі. Енді оның фото альбомында Қазақстанның көрікті жерлері де бар. 



Қазақстанның қонақжайлығына тәнті болған саяхатшы британиялық блогер 


Британиялық блогер Simon Wilson 2025 жылы қыста Қазақстанға келді. Оның Алматыдан Астанаға 17 сағат пойызбен барған видеосы YouTube-та 1 миллионнан астам рет қаралды.


Видеода қазақстандық жолаушылардың оған тамақ ұсынып, үлкен кісілердің оның баскиімсіз жүргеніне алаңдаған сәттері көрсетіледі. Сонымен қатар ол елдегі ең арзан және ең қымбат қонақүйлерде түнеп, оларды салыстырған.


Simon Wilson-ның Instagram-да 600 мыңға жуық, TikTok-та 787 мың, ал YouTube-та 1 миллион 300 мыңнан аса оқырманы мен көрермені бар. Оның аудиториясы – көбіне қазақстандық емес, шетел азаматтары. Олар видеоның астына қазақтардың қонақжайлығына тәнті болғанын, Қазақстанға саяхаттап барғысы келетінін пікір етіп жарыса жазған. 



Алматы тауында туған күнін қарсы алған аустралиялық блогер 


Josie Lifts Things – аустралиялық саяхатшы-блогер. Ол дүниежүзіндегі түрлі елге саяхаттап, Instagram, TikTok, YouTube арнасына видео контент жасайды. Блогердің TikTok-та жарты миллионға жуық, ал YouTube-та 1 миллионнан аса көрермені бар. 


Josie Lifts Things Қазақстанға 2024 жылғы шілдеде келген. Ол Астана мен Алматыда болып, кейін өңірлердегі ауылдарға барған. Сапар кезінде ол атқа мініп, бауырсақ пен тосаптың дәмін татқан. Өзінің айтуына қарағанда, ол қазақтардың жылқы етін жейтініне таңғалған, теңгенің түсі мен дизайнын ұнатқан. 


Блогердің “Kazakhstan is Not What I Expected” деген YouTube-тағы видеосында айтқан сөзіне қарағанда, Қазақстан өзі ойлағаннан да өзгеше ел болып шыққан. Тіпті, Алматы тауларында туған күнін қарсы алыпты.  



Қазақстанға ғашық болған малайзиялық блогер  


Малайзиялық блогер, актриса Nur Ruhainies 2024 жылы өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арнайы шақырту алып, Қазақстанға келген. Ол Бурабайда, Әулиекөлде паром арқылы серуендеп, Жұмбақтас, Бөлектауды көріп “Қазақстан шынында менің жүрегімді жаулап алды” деген. Оның Instagram‑да 1,7 миллион, TikTok‑та 700 мыңнан аса оқырманы бар.

Бөлісу: