Үйін жылан жалағандай ұқыпты ұстап, маңайын тап-тұйнақтай ететін адамдарды жиі кездестіреміз. Олар тіпті шаршап тұрса да, айналасын тазаламайынша өзіне демалуға рұқсат бермейді. Шашылған үй, ретсіз тұрған ыдыс, жуылмаған үш-төрт киім оған маза бермейді. Бір қарағанда «жұрттың баласы» деген теңдесіз теңеуге сыйып-ақ кетеді. Сондай болсам ғой деп қаласың. Бірақ шектен тыс тазалыққа әуес болу да жақсы әдет емес.
Былай түсіндірейік, адам шашылған, лас жерді тазалап, гигиена сақтаса – қалыпты құбылыс. Ал уақытының көп бөлігін тазалыққа жұмсаса және бұл күнделікті өміріне, жұмысына, жеке қарым-қатынасына кесірін тигізсе, мұны қалыпты деп айта алмаймыз.
Психологтар бұл мінез-құлықты обсессивті-компульсивті бұзылыс деп атайды. Мұндай әрекет тәрбиеден гөрі психикадағы мазасыздыққа жақын. Яғни адам ішкі уайымын бақылау үшін сыртқы тазалыққа шамадан тыс мән береді.
Обсессивті-компульсивті бұзылыс – бір ой мазалап, оны тоқтату не ұмыту үшін қайта-қайта бір әрекетті жасау. Бұл адамның «қалауы» емес, мазасыздығына байланысты психология жағдайы. Мысалы, есікті құлыптаса да, «Есікті ашық тастап кетпедім бе» деп қайта-қайта тексеру, қолымда микробтар көп деп ысқылап жуа беру және бір ой мазаласа, содан арылу үшін үй жинау, тазалау және тағы басқасы.

Бұл типтегі адамдарды перфекционист деп атай аламыз ба?
Зарина Елбаева, ғылыми практик психолог, phd доктор:
«Үнемі тазалыққа құштар болу жай ғана тәртіп емес. Бұл – іштегі мазасыздықпен күресудің бір тәсілі. Көбіне мұны идеалға ұмтылу, бәрін бақылауда ұстау, яғни перфекционизм деп қабылдаймыз. Мұның астарында әртүрлі ойдан жүйкенің тозғаны байқалады. Мазасыз ойдың тууы – жағдайларды басқара алмағанмен тікелей байланысты».
Психологтың айтуынша, адамның ішінде нақтылық болмаған кезде, психика «сыртқы деңгейге» ауысады. Яғни адам дереу өз ішінде емес айналасына тәртіп орнатып, бәрін бақылағысы келеді. Ал жан-жағын тазалау, реттеу адамға тыныштықтың иллюзиясын «сыйлайды».
«Бұл – компенсация. Өмірді немесе белгілі бір жағдайларды бақылау қиын болғанда, адам оған балама болатын басқа нәрсені іздей бастайды. Адамның психикасы қорғануға тырысады. Адамды нақты мәселелерден уақытша алыстатып, назарын басқаға, мәселен тазалыққа аударады. Бірақ ол іштей мінсіз тазалыққа жетуге болмайтынын түсініп тұрады. Жинаған заттар, үй, жер бәрібір шашылады. Десе де мұндай күйдегі адам тоқтай алмай, тазалыққа ұмтыла береді, өйткені бұл тыныштықты сезінудің ең қолжетімді жолы сияқты көрінеді», – деп қосты психолог.
17 жылдық тәжірибесі бар психолог мұндай жағдайда өзіңізге шынайы сұрақтар қойған маңызды дейді. Яғни:
Неге мен үнемі жан-жағымды жинай беремін?
Жинамасам, қандай күйде боламын?
Бәрі мінсіз таза болса, мен қандай сезімде боламын?
Адамдар осы сұрақтарға жауап бергенде мәселе тазалықта емес, басқа екенін түсінеді. Олар осылай тыныштыққа, қауіпсіздікке жеткісі келеді.
«Міне, осы жерде тазалықты сүю өз-өзіңді алдау тәсіліне айналғанын түсінесіз. Тазалық ішкі бейберекетті уақытша жабады. Бірақ оны шешпейді. Нағыз өзгерістер адам сыртын ғана емес, ішкі әлемін де ретке келтіре бастағанда басталады» – дейді Зарина Елбаева.

Дегенмен бала кезден осындай әдеті қалыптасқан адамдар да бар. Ата-ана балаға жиі талап қойып, оның орындалып-орындалмағанын жіті бақыласа, баламен басқамен салыстырса, ата-ана жанжалдасқанда бала өзін қалай тыныштандырарын білмесе, тазалыққа тәуелді болып қалуы мүмкін.
Бұл әдеттен қалай арыламыз?
Әрине, ұқыпты әрі таза болған дұрыс. Дегенмен біз айтып тұрған шамадан тыс тазалық адамның бала күнінен қалыптасқан әдеті болса да, одан арылудың жолын іздеген жөн. Әйтпесе, адам үнемі әр іске күмәнмен қарап, өзіне сенімін төмендетеді. Әдетте шамадан тыс мазасы кетсе, психотерапиядан, мысалы, когнитивті-мінез-құлық терапиясынан өту керек. Бұл терапия адамның мазасыздығын басуға, жағдайды қабылдауына, өз ойына шырмалмауына көмектеседі.
Тазалыққа тәуелді болудан құтылу үшін әуелі өз әрекетіңізді бақылаңыз. Қашан және не үшін жинай бастайтыныңызды байқаңыз. Бірден іске кірісіп кетуге асықпай, 10-15 минут күтіп көріңіз. Сол уақытта ішкі күйіңіз өздігінен қалай өзгеретінін байқайсыз. Бұл – тәсіл жоғарыда айтқан обсессивті-компульсивті бұзылыс кезінде жиі қолданылатын әдіс.
Клиникалық психолог Эдна Фоа обсессивті-компульсивті бұзылысқа қарсы тиімді әдісті зерттеген. Бұл «Экспозиция және жауапты болдырмау» деп аталады. Қарапайым тілмен айтсақ, адам өз қорқынышынан қашпайды, керісінше, соған әдейі жақындайды. Бірақ бұрынғыдай өзін тыныштандыру үшін жасайтын әрекеттерін (мысалы, қайта-қайта тексеру, жуу) жасамайды.
Мысалы, есікті жаптым ба деп уайымдайтын адам бұл ойымен қалады, бірақ барып есікті тексермейді. Иә, бастапқыда мазасыздығы күшейеді, бірақ біраз уақыттан кейін өзі-ақ басылады.

Зерттеу көрсеткендей, дәл осылай істегенде мазасыздық біртіндеп азаяды, адам “ештеңе істемесем де, жаман нәрсе болмайды” деген ойға келеді. Яғни бұл әдіс қорқыныштан қашпай, сонымен өмір сүруге болатынын үйретеді.
Түйіндесек, мынаны ұмытпаңызшы: үйдің сәл шашылып кетуі – қалыпты жағдай. Өзіңізге «жеткілікті деңгейге» демалуға, тазалықты ойламауға рұқсат беріп үйреніңіз. Нәтижені аз ойлап, қалған уақытта әрекеттен ләззат алуға тырысу керек. Айнала шашылып, бей-берекет болса да адам өзін жазғыруға болмайды. Ішкі ойларды тазаласаңыз, сыртқы әлемді бақылауға деген құлшыныс азаяды. Нақты өзгеріс өз-өзіңмен жұмыс істеуден басталады.




