Ойын-сауықСаяхатШаолинь: неге миллениалдар кунг-фу үйрену үшін Қытайға барады?

Шаолинь: неге миллениалдар кунг-фу үйрену үшін Қытайға барады?

28 мамыр 2026
6 мин
Фото: Tamga Media / ЖИ

Миллениалдарға жаңа ермек пайда болды. Олар енді бәрінен шаршағанда елсіз бір қиырға емес, Қытайдағы Шаолинь ғибадатханасына кетіп жатыр. Ондағы мақсаты – монахтардың қатал тәртібін, рухани дамуын және жаттығулардан тұратын өмірін көру.


Бәрі қайда кетіп жатыр?


Шаолинь ғибадатханасы 495 жылдан (Уэй династиясының императоры Сяо Уэнь Ди заманынан) бері Хэнань провинциясындағы Суншань тауының етегінде тұр. Дәл осы жерде үнді мәтіндері тұңғыш рет қытай тіліне аударылды және чань-буддизм (дзен) осы жерден басталған. Бірақ көбі үшін Шаолинь – ең әуелі кунг-фудың отаны.


Аңыз бойынша, бәрі Бодхидхарма (қытайша Да Мо) деген үнді монахынан басталған. Ол VI ғасырдың басында ғибадатханаға барып, соған жақын маңдағы үңгірде тоғыз жыл бойы медитация жасаған. Ол ұзақ отырып жаттыққанда күш пен зейінді жоғалтпауға көмектесетін, денені шынықтыратын жаттығу ойлап табады. Шаолинь кунг-фуы дәл осы жаттығудан басталған.


XIII ғасырда Сюэтин Фуюй деген бас монах Қытайдағы ең мықты жекпе-жек шеберлерін ғибадатханаға үш рет шақырады. Олар әр келген сайын сонда үш жыл тұрады. Шеберлер бір-бірінен үйреніп, өнерлерін шыңдайды. Кейін үйлеріне қайтқанда Шаолинь әдістерін ала кетеді. Сондықтан Азияның көптеген жекпе-жек түрлерінде Шаолиньнің белгілері бар. Әр заманда монах-жауынгерлер ғибадатхананы қарақшылардан қорғап, патшаларға көмектескен. Мәдени төңкеріс кезінде (1966-1976 жылдары) билік бұл жерді жауып, монахтарды қуып жіберді. 1980 жылдары ол қайта жанданып, ал 2010 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне кірді. Ғибадатхананың айналасында ондаған мектеп ашылды. Кейін оның көбі басқа жаққа көшті, өйткені үкімет ғибадатхана аумағында бір ресми мектепті ғана қалдырды. Бір қызығы: бұл жерде арнайы Shaolin International Hotel қонақүйі бар. Оның дәліздерінде Брюс Лидің суреттері салынған.


Ол жердегі өмір қандай?


Күн 04:30-да басталады. Олар әуелі екі сағат жаттығады. Содан кейін жеңіл таңғы ас ішіп, мінажат етеді, медитация жасап, діни сабақтарға қатысады. Одан соң тағы үш-төрт сағат жаттығады. Ғибадатхана маңын тазалап, айналасындағы жұмыстарды істейді де, кешке тағы дайындалады. Күні бойы монахтар Шаолинь кунг-фуын (жүріс-тұрысты, соққыларды, қимылдарды), жекпе-жекті, тайчи мен цигун жаттығуларын үйренеді. Сонымен қатар таяқ, қылыш, найза сияқты қаруларды қолдануды, «темір дене» әдісін, яғни қатты нәрселерді ұруды меңгереді. Оған қоса олар буддизм философиясын, каллиграфияны және қытайдың халық медицинасын оқиды. Олар үшін ауыр жаттығулар – жан дүниені тазартудың бір жолы.


Шаолиньге кімдер және не үшін барады?


Бұл жер Қытайдағы ең танымал орындардың біріне айналды. Саяхатшылар көп келетін маусымда мұндағы адам саны 40 000-ға жетеді. Қазір Шаолиньге спорт үшін баратындар көбейді. Яғни адамдар ғибадатхананы тек көру үшін емес, осында жаттығу үшін таңдайды. Мұндай спорт туризмінен түсетін әлемдегі табыс 2024 жылы 14,8 миллиард доллар болды. Ал болжам бойынша, 2033 жылға қарай бұл көрсеткіш 27,8 миллиард долларға дейін өседі.


Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қытай жекпе-жегін ұнататындардың 24,8%-ы дәл осы Шаолинь кунг-фуын таңдайды. Ол Уин Чунь (35,4%), Ян стиліндегі тайчи (33,6%) және цигуннан (27,9%) кейінгі төртінші орында тұр. Ал спорт саяхатына шығатын адамның көбі – 29-44 жас аралығындағылар. 2024 жылы олардың үлесі 55%-дан асқан.


Миллениалдар (29-44 жас) бала күнінде Джет Ли мен Джеки Чанның фильмдерін көріп өскендіктен, Шаолиньді жақсы көреді. Қазір олардың бұл арманын орындауға қаржылай мүмкіндігі де жетіп тұр. Дегенмен мұндай жаттығу турлары ұзақ уақыт пен көп ақшаны қажет еткен соң, тек қалталы миллениалдар барады. Олар кәдімгі демалыстан жалығып, денсаулыққа пайдалы, жан дүниесін өзгертетін саяхатты іздейді. Ал зумерлердің жөні бөлек. Мысалы, танымал блогер IShowSpeed Шаолиньге барып, жастар арасында кунг-фуды қатты танымал етті. Бірақ бұл танымалдылық Шаолиньге билет сатып алатындар санымен емес, тек интернеттегі видеоны қанша адам көргенімен ғана өлшенеді. Яғни жастар Шаолиньге барғаннан гөрі оны желіден көргенді ұнатады. Жастар бұл жерге бір-екі аптаға ғана барса, миллениалдар бір ай немесе одан да ұзаққа қалады.


Әлеуметтанушы мамандар мен спорт мектептері адамдардың өнерді таңдауының бес негізгі себебін атайды.

  • Біріншісі – денсаулық және өзгеру. Адамдар кәдімгі фитнестен жалығып, өз мүмкіндіктерін тексергісі келеді. Олар жаңа спорт түрін үйреніп, денесін шынықтырғысы келеді.

  • Екіншісі – жан дүниені тану. Қазір буддизмге, медитацияға және ішкі тәртіпке қызығатындар көбейді. Әсіресе, айналадағы күйбең тіршіліктен шаршағанда, ішкі тыныштықты адамдар осы жерден іздейді.

  • Үшіншісі – мәдениетті тану. Бұл Қытайды терең зерттеп, білгісі келетіндер үшін маңызды.

  • Төртіншісі – қашу (тыныштық іздеу). Бұрын адамдар күйзелістен қашып, Үндістанға демалуға кетсе, қазір телефоннан демалып, күйзелістен арылу үшін ғибадатхананы таңдайды.

  • Бесіншісі – контент. Шаолинь – қызық видеолар түсіріп, желіде бөлісу үшін таптырмас орын. Зерттеушілердің айтуынша, бұған ММА мен UFC-дің танымал болуы (бұл сала жылына 5,4% өсіп жатыр), пайдалы саяхаттың трендке айналуы және TikTok, YouTube-тегі видеолардың көбеюі ықпал етіп жатыр.


Қайда оқуға болады және бұл қанша тұрады?


Сіз Шаолинь монахы бола алмайсыз, бірақ олар сияқты өмір сүріп көре аласыз. Ол үшін мынадай негізгі мектептер бар:

  • Shaolin Temple Center China (Хэнань провинциясы, Дэнфэн қаласы, ғибадатхананың дәл қасында). Мұнда бір ай оқу құны – шамамен 850 доллар. Оған аптасына бес күн жаттығу, күніне үш рет тамақтану және жатын орын кіреді. Бағдарламада монахтардың күн тәртібі, қытай тілі, буддизм теориясы мен каллиграфия бар.

  • Shaolin Tagou Martial Arts School (ғибадатхана жанындағы ең үлкен жекеменшік мектеп). Бұл жерге тура бір айға келу шарт емес, қанша уақытқа баратыныңызды өзіңіз таңдайсыз. Бағасы – күніне 75 доллар (жаттығу, тамақ, жатын орын кіреді). Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттерді кездестіресіз.

  • Shaolin Temple Yunnan (Юньнань провинциясы). Бұл жерге де бірнеше күнге баруға болады. Бағасы – күніне 50 доллар (тіркелу үшін қосымша 200 доллар жарнасы төлеу керек). Ал бір айға толық пакеттің құны – 1 500 доллардан басталады.

  • Qufu Shaolin Kung Fu School (Шаньдун провинциясы). Барлық жағдайы жасалған, бір айға арналған толық пакеттің құны – 810 доллар. Сондай-ақ тіркелу үшін 100 доллар төлейсіз. Бұл жарна мерзімсіз, яғни кез келген уақытта келе аласыз.


Бір нәрсені түсіну керек: нағыз Шаолинь мен туристерге арналған Шаолинь екі бөлек. Осы өнерге шынымен терең бойлағыңыз келсе, тәлім беретін нағыз шеберлерді, ұзақ уақыт оқытатын мектептерді іздеу керек.


Шабыт алу үшін кімдердің контентін көруге болады?


IShowSpeed (Даррен) – 2024 жылдың ең шулы кейсі. Ол Қытайға саяхаттағанда Шаолинь ғибадатханасынан тікелей эфирге шыққан. Эфир 6,5 миллионнан астам рет қаралған. Даррен шәкірт қабылдаудың дәстүрлі ритуалынан өтіп, кунг-фу киімін киіп, шебер Лян Сяолунның қол астында толық жаттықты.


Медет Жанатұлы (@lifeofmedet) – ғибадатханада бір айға жуық болып, кунг-фу мен медитацияны үйренген Қазақстан блогері. Ол видеоларында сол жердегі өмірді, күн тәртібі мен монахтардың тұрмысын көрсетті.


TikTok-тағы 45 күндік челлендж – қазір желіде «45 күннің 1-күні» сияқты Шаолиньдегі өмір туралы видеолар тренд болып жатыр. Оларды #shaolinmonk, #shaolintemple, #kungfutraining хэштегтерімен іздеп, көруге болады.


Бөлісу: