ДенсаулықДене«Шайтанның емізігі», «құрт тәрізді мүше». Әйел оргазмы мен клиторы қалай «зерттелді»?

«Шайтанның емізігі», «құрт тәрізді мүше». Әйел оргазмы мен клиторы қалай «зерттелді»?

9 маусым 2026
5 мин
Фото: Tamga Media | Коллаж

Адамзат ғарышқа ұшып, Марсты зерттеп жатса да, әйел денесіндегі бір мүше ғылым үшін ғасырлар бойы нағыз «қара құрдым» болып келді. Сізден клитордың көлемі, нақты орны немесе құрылымы туралы сұраса, жауап бере аласыз ба? «Жоқ» деп жауап қатсаңыз, алаңдамаңыз, бұл – ғылымның жемісі. 2023 жылы Journal of Sexual Medicine журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, ерлердің жыныс мүшесі туралы ғылыми жұмыстар клиторға қатысты зерттеулерге қарағанда шамамен 10-20 есе көп. Көріп тұрғандарыңыздай, айырмашылық жер мен көктей. Бұл – ғылымдағы ғасырларға созылған гендерлік теңсіздік пен қорқыныштың тікелей салдары. Tamga Media клитор қалай «зерттелгенін» талдап көрді.


Анықтама: Клитор – әйелдің сыртқы жыныс жүйесіндегі ең сезімтал мүше. Оның биологиялық функциясы – ләззат сыйлау. Ол зәр шығару немесе бала көтеру процесіне қатыспайды.


«Әйел ләззаты – күнә». Клитор алғаш рет қалай сипатталды?


Әйел оргазмын зерттеу тарихы – ғылымдағы «табылған – жоғалған – қайта табылған» шексіз цикл.


Б.з.д. V ғасырда Гиппократ мектебінің дәрігерлері бұл мүшені алғашқылардың бірі болып сипаттап, көне грек тілінде “nympha” немесе “kleitoris” деп атаған. Ал кейінірек Еуропа анатомдары оған латынша “columella” (кішкентай бағана) деген атау берді. Б.з. ІІ ғасырында атақты дәрігер Гален әйел анатомиясын жай ғана «ерлердің төңкерілген нұсқасы» деп атап, клиторды бөлек орган ретінде мүлдем елемеді. 110 жылы Эфестік Руфус бұл органның әйел ләззатымен тікелей байланысты екенін нақтылады.


Алайда Орта ғасырларда діни фанатизм мен надандық ғылымды тұншықтырып тастады. Инквизиция мен мыстандарды аулаған кезде әйел денесіндегі кез келген беймәлім өсіп тұрған бөлік, соның ішінде үлкейген клитор «шайтанның емізігі» (devil's teat) немесе «мыстанның белгісі» деп аталды. Осылай, анатомиялық зерттеулер тоқтап, әйел ләззаты тікелей қара күшпен және кешірілмес күнәмен байланыстырылды.


Қайта өрлеу дәуірінде ғалымдар бұл тақырыпқа қайта оралғанымен, олардың пікірі екіге жарылды. Мысалы, 1543 жылы анатом Андреас Везалий мұны «сау әйелдерде кездеспейтін сирек ауытқу (аномалия)» десе, 1545 жылы Чарльз Этьен оны «ұят мүше» деп атады. Тек 1559 жылы Реальдо Коломбо оны қайта қарап, «әйел ләззатының орталығы» деп мәлімдеді. Бірақ консерватив қоғам бұл шындықты тағы да жылы жауып қойды.


Клиторды кесу және Фрейдтің қате теориясы


1844 жылы неміс ғалымы Георг Людвиг Кобельт клитор қызметін нақты сипаттап, дұрыс суреттерін жариялағанымен, медицина оны қабылдамады. Керісінше, 1800 жылдары әйелдің қалауы мен ләззаты психикалық ауру ретінде бағаланды. Дәрігерлер «истериямен» ауырады деп танылған әйелдерді емдеу үшін клитордың басын кесіп тастау керек деп,  клиторидэктомия сияқты ота жасаған. 


Бұған атақты психоаналитик Зигмунд Фрейдтің «клиторлық оргазм – жетілмеген құбылыс» деген негізсіз теориясы қосылды. Ол әйел оргазмын екіге бөлді, біріншісі – «клиторлық», яғни балалық, жетілмеген, екіншісі – «вагинальды» нағыз ересек әйелге тән. Фрейдтің теориясы бойынша, әйел есейгенде ләззат орталығын өзгертуге тиіс болған. Бұл негізсіз теория миллиондаған әйелді психологиялық тығырыққа тіреді. Әйелдер өзін «толыққанды емеспін», «менде бір кінәрат бар» деп сезініп, дәрігерлерге емделуге барды. Ал медицина әйел анатомиясын репродуктивті (бала туу) функциясы арқылы ғана зерттеуді жалғастыра берді.


1948 жылы әлемдегі ең басты анатомиялық оқулық – «Грей анатомиясы» (Gray's Anatomy) кітабында бұл орган толыққанды мүше ретінде сипатталудан қалды. Оның ішкі күрделі құрылымы мен жүйкелері туралы ақпараттар толық өшіріліп, барлық қызметі қате түрде қынапқа телініп кетті. Ол 1963 жылғы 27-басылымда ешқандай атаусыз, жай ғана «құрт тәрізді мүше» деп өте мардымсыз сипатталды.


Қуғынға ұшыраған Шер Хайттың оқиғасы


1970 жылдары америкалық әйел зерттеуші-сексолог Шер Хайт еркек ғалымдар жазған қате теорияларға қарсы тұрады. Хайт 3000-нан аса әйелге жасырын сауалнама таратып, олардың шынайы сексуал өмірі мен ләззаты туралы ақпарат жинайды. 


1976 жылы жарық көрген «Хайт баяндамасы» зерттеуінде әйелдердің 70%-дан астамы кәдімгі жыныстық қатынас, яғни пенетрация арқылы емес, тікелей клитор арқылы ғана оргазм алады деген қорытынды жасаған. Бұл Фрейдтің «вагиналық оргазм» туралы мифін тас-талқан етті.


Бірақ Америка қоғамы мен консерватив ғылыми орта бұл шындықты қабылдауға дайын болмай шықты. Шер Хайтқа қарсы нағыз ақпараттық террор басталып, басылымдар оны «еркектерді жек көруші» деп айыптады. Ғалымдар оның зерттеу әдісін жоққа шығаруға тырысты, ал радикал топтардан оған өлім тілеген хаттар келе бастады.


Жылдар бойы жалғасқан қудалау мен қысымнан шаршаған ғалым 1995 жылы АҚШ азаматтығынан бас тартып, ғылыми еркіндік іздеп Германияға біржола көшіп кетеді. Бұл оқиға ғылымда әйел анатомиясы туралы шындықтың қаншалық ауыр әрі қауіпті жолмен келгенін айқын көрсетеді.


«Айсбергтің» ашылуы


Нағыз төңкеріс 90 жылдардың соңында басталды. Аустралияның алғашқы әйел урологы, профессор Хелен О'Коннелл 1994 жылы медицинада бұл орган туралы нақты ақпарат жоқ деп дабыл қақты. Оның айтуынша, бұл білімсіздіктің кесірінен хирургтар жамбас аймағына немесе жыныс мүшелеріне ота жасағанда әйелдердің сезімтал жүйкелерін байқаусызда кесіп жібереді.


1998 жылы Хелен О'Коннелл мәйіттерге зерттеу жасап, тарихта алғаш рет клитор мен оның жүйке ұштарының толық картасын жасап шықты. Ол бұл мүшенің тек сырттағы кішкентай түйіншек емес, жамбас сүйегінің ішіне бойлай еніп жатқан алып «айсберг» екенін дәлелдеді.


Кейінгі жылдары О'Коннеллдің теориясы толықтай расталды. 2005 жылы МРТ сканерінің көмегі арқылы органның қан айналымы мен күрделі детальдары ашылса, 2009 жылы оның алғашқы 3D ультрадыбыстық бейнесі (УДЗ) жасалды.


Аустралиялық ғалымның еңбегінің арқасында 2008 жылы әлемге әйгілі «Грей анатомиясы» оқулығында бұл орган 1947 жылдан бері бірінші рет қатесіз, толық әрі дұрыс атаулармен қайта жарық көрді.


Амстердамдағы 3D-серпіліс 


Жақында Амстердам университетінің медицина орталығында нейробиолог Джу Ен Ли бастаған ғалымдар тобы үлкен жаңалық ашты. Олар ғылымға өз денесін донор етіп қалдырған екі егде жастағы әйелдің денесін зерттеді. Бұл зерттеудің ерекшелігі сол – ғалымдар кәдімгі МРТ (томография) аппаратымен шектелмей, мүшенің ең ұсақ бөлшектеріне дейін анық көрсететін өте қуатты рентген әдісін (синхротронды сәулеленуді) қолданған. Зерттеу нәтижесі клитордың жүйке ұштарының жүйесі қаншалық күрделі екенін алғаш рет 3D форматында көрсетті. 


Ғалымдар жамбастан бастап клитордың басына дейін созылатын ең сезімтал дорсальды жүйкені кеңістікте көре алды. Бұрын бұл жүйкелер тарылады деп есептелсе, жаңа зерттеу олардың керісінше ағаш бұтақтарындай (желпуіш тәрізді) тармақталып, қасаға (лоб) сүйегіне дейін жететінін дәлелдеді.


Салыстыру үшін, ерлердің жыныс мүшесіне арналған дәл осындай карта осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1998 жылы жасалып қойған. 


Жаңа 3D-карта неге маңызды?

  1. Медицина қателерінің алдын алады. Бұрын хирургтар жамбас аймағына немесе жыныс мүшелеріне ота жасағанда, көзге көрінбейтін өте нәзік жүйкелерді байқаусызда кесіп немесе зақымдап алатын. Жаңа 3D-картаның арқасында дәрігерлер енді олардың нақты орнын көріп, мұндай олқылықтарға жол бермейді.

  2. Қатыгез дәстүрдің зардабын емдеуге көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Африка мен Азияның 30 елінде 230 миллионнан астам әйел қыз балаларды сүндеттеу (жыныс мүшесін кесіп алу) дәстүрінің құрбаны болған. Бұл қатыгездіктен кейін қайта қалпына келтіру отасын жасатқан әйелдердің 22%-ы ләззат алу сезімінен мүлдем айырылып қалады. Жүйкелердің нақты қайда жатқанын білу бұл көрсеткішті азайтып, көптеген әйелге толыққанды өмір сыйлайды.

  3. Косметикалық және онкологиялық оталарды қауіпсіз етеді. Жаңа карта вульва (жыныс) обырын емдеу, жыныс ауыстыру, сондай-ақ лабиапластика (жыныс еріндерін кішірейту) сияқты оталар кезінде аса қажет. Тек 2015-2020 жылдар аралығында әйелдер арасында лабиапластика жасатуға сұраныс 70%-ға дейін күрт өскен. Осындай оталар кезінде сезімталдықты сақтап қалу үшін бұл картаның маңызы зор.

Біз 2026 жылы өмір сүріп жатсақ та, жоғарыда айтқанымыздай, әйел оргазмына қатысты ғылыми зерттеулер саны әлі де мардымсыз. Алайда бүгінгі ғылыми консенсус бір ғана нәрсені алға тартады: әйел оргазмын ерлердікінен «төмен» немесе «ерекше» деп бөліп-жару – ғылыми сауатсыздық. Әйел ләззаты ғасырлар бойғы қоғамдық табулар мен гендер теңсіздігінің, жалған ұяттың құрбаны болды. Джу Ен Лидің Амстердамдағы зерттеуі бұл органның бар құпиясын толық ашып бітпесе де әйел анатомиясын толық қабылдаудың жаңа дәуірін бастап берді деуге болады. 

Бөлісу: