Үй таза болғанымен, кейде іші ретсіз болып тұрады. Үстел үстіндегі ұсақ заттар, ашық сөрелердегі бұйымдар, көзге түсетін сымдар мен орындыққа үйілген киім бөлмені ала-құла етіп көрсетеді. Мұндайда мәселе тазалықта ғана емес, заттардың қалай орналасқанында болады. Интерьерде мұны визуалды шу деп атайды. Яғни көзге бірден түсетін заттар мен түстердің көптігі бөлмені шамадан тыс толтырып көрсетеді. Мұндай ортада демалу немесе зейінді бір іске шоғырландыру қиындайды. Визуалды шуды азайту үшін қымбат жиһаз сатып алудың қажеті жоқ. Кейде заттарды дұрыс орналастырып, ненің қай жерде тұратынын алдын ала жоспарлау жеткілікті.
Сәулетші Надежда Филиппова пәтерді жоспарлау кезінде нені ескеру керегін және шағын кеңістікті қалай тиімді пайдалануға болатынын түсіндірді.
Алдымен бөлмені қандай мақсатта қолданатыныңызды анықтаңыз
Жиһазды орналастырмас бұрын бұл бөлмеде не істейтініңізді ойластыру керек. Демалатын, жұмыс істейтін және зат сақтайтын орындарды алдын ала белгілеген жөн.
«Кез келген кеңістікті жоспарлағанда алдымен оны аймақтарға бөлуден бастау керек», – дейді Надежда.
Маманның айтуынша, бөлмені кім пайдаланатынын да ескерген маңызды. Мысалы, кеңседе жұмыс істейтін адамға жатын бөлмеде төсек пен киім шкафы жеткілікті болуы мүмкін. Ал мектеп оқушысына сабақ оқитын үстел мен оқу құралдарын қоятын орын қажет.

Жиһазды бөлменің көлеміне сай таңдаңыз
Үлкен кереует немесе көлемді диван кең бөлмеде үйлесіп-ақ тұрады. Бірақ шағын пәтерде мұндай жиһаз орын алып, әрі-бері қозғалуды қиындатады.
«Көлемді жиһаз үлкен кеңістіктерге арналған», – деп атап өтті сәулетші.
Оның түсіндіруінше, жиһаздың өлшемімен қатар пішіні де маңызды. Мысалы, қаңқасы көлемді, бас жағы үлкен кереует шағын жатын бөлмені тарылтып көрсетеді. Ал пішіні ықшам жиһаз бөлмені жеңіл көрсетеді.
Жиһаздың түсіне мән беріңіз. Шағын бөлмеде жиһаздың түсі де маңызды рөл атқарады. Надежда Филиппова мұндай кеңістіктерде ашық реңктерді қолдануға кеңес береді.
Маманның айтуынша, шағын асүйдегі қара түсті жиһаз бөлмені тар етіп көрсетеді. Ал ақ немесе ашық түсті жиһаз визуалды тұрғыдан кең секілді әсер қалдырады. Дегенмен қара түстен толық бас тарту міндетті емес. Ең бастысы – жиһаздың түсін қабырға және еденмен үйлестіру.

Заттарды сақтайтын орынды алдын ала ойластырыңыз
Қысқы киімдер, аяқкиім, велосипед, самокат пен тазалық құралдары үйде көп орын алады. Оларға арнайы орын бөлінбесе, заттар бос бұрыштарға жиналып, бөлме ретсіз көрінеді.
«Сақтау орындарын жиі ұмытып кетеді. Ал әр отбасыда маусымдық киімнен бастап, тазалық құралдарына дейін көп зат бар. Оларды қоятын орынды алдын қарастырмаса, кейін кеңістікті толтырып жібереді», – дейді Надежда Филиппова.
Сондықтан пәтерді жабдықтамас бұрын қай заттың қайда сақталатынын анықтап алған жөн. Күнделікті қолданатын бұйымдарды қолжетімді жерге, ал маусымдық заттарды жабық шкафтарға орналастыруға болады.
Жиһаздың арасын бос қалдырыңыз
Бөлмеде еркін қозғалу үшін жиһаздың арасындағы қашықтықты да ескеру қажет. Шкафтың есігі ашылмай, орындықты жылжыту қиындаса, демек кеңістікті дұрыс пайдаланбадыңыз деген сөз.
Надежда Филиппованың айтуынша, жиһаздың арасында еркін қозғалуға кем дегенде 60 сантиметр қашықтық қалдыру керек. Дегенмен нақты өлшем бөлменің көлемі мен жиһаздың түріне байланысты.

Бөлме ұзын болса, оны бірнеше аймаққа бөліңіз
Ұзын бөлмедегі барлық жиһазды қабырға бойына орналастыру кеңістікті дәлізге ұқсатып жібереді. Мұндайда бөлмені бірнеше бөлікке бөлген дұрыс.
«Ұзын бөлмелерде жиһазды түгел қабырға бойына тізбеген жөн. Әйтпесе дәлізде тұрғандай әсер пайда болады. Кеңістікті диванмен, сөремен немесе сәндік қалқамен бөлуге болады», – деп түсіндірді сәулетші.
Бұл тәсіл жөндеу жұмыстарын жүргізбей-ақ, демалатын және жұмыс істейтін орындарды ажыратуға мүмкіндік береді.
Бір бөлмедегі аймақтарды өзара үйлестіріңіз
Қонақ бөлмесінде демалатын, жұмыс істейтін және кітап оқитын орын болуы мүмкін. Әр аймаққа қажет жиһазды орналастырып, оларды ортақ стильмен біріктіруге болады.
Сәулетші жиһаздың түсін немесе стилін үйлестіру бөлмені тұтас көрсететінін айтады. Мысалы, диван мен креслоға бір түстегі жастық қою немесе ұқсас реңктегі жиһаз таңдау интерьерді визуалды тұрғыдан жинақы етеді.
«Жиһаздар бір-біріне ұқсамаса, оларды бір кеңістікке топтастыруға болады. Ал перде, жастық немесе көрпеше сияқты тоқыма бұйымдарын үйлестіре алсаңыз, әртүрлі жиһаз бір интерьердің бөлігі болып шыға келеді», – дейді Надежда.

Жарық пен пердені де ескеріңіз
Бөлменің кең немесе тар көрінуіне жиһаздан бөлек, жарық та әсер етеді. Терезені қалың пердемен жауып, бөлменің табиғи жарығын азайтсаңыз, кеңістік күңгірттене түседі. Сондықтан күндіз жарықтың бөлмеге еркін түскенін қадағалап, перде таңдағанда оның түсі мен қалыңдығын ескерген жөн.
Кешкі уақытта тек төбедегі шамға сүйенбей, жұмыс үстеліне немесе демалатын орынға қосымша жарық қоюға болады. Бұл бөлмені пайдалануды ыңғайлы етіп, әр аймақтың қызметін айқындайды.
Ашық сөрелерді шамадан тыс толтырмаңыз
Ашық сөрелер кітаптар мен әдемі бұйымдарды орналастыруға ыңғайлы. Бірақ олардың үстіне барлық затты тізіп қою бөлмеде визуалды тұрғыдан ретсіздік тудырады. Сондықтан сөреге тек қажет немесе интерьерді толықтыратын заттарды қойған жөн. Қалғанын жабық шкафқа орналастыра саласыз.
Бұл жерде барлық затты көзден таса ұстау міндетті емес. Ең бастысы – сәндік бұйымдар мен күнделікті қолданатын заттардың арасында тепе-теңдік сақтау.

Сымдар мен ұсақ-түйекті көзден таса ұстаңыз
Теледидардың астындағы сым, еденде жатқан ұзартқыштар, қуаттағыш пен тұрмыстық құралдардың қаптамалары да бөлменің жалпы көрінісіне әсер етеді. Оларды арнайы бекіткіштермен жинап, мүмкіндігінше жиһаздың артына немесе кабельге арналған қорапқа орналастыруға болады.
Кіреберісте де осындай тәртіп қажет. Кілт, сөмке, пошта мен аяқкиімге арнайы орын бөлінсе, олар асүй үстеліне немесе қонақ бөлмеге жиналмайды. Күнделікті пайдаланатын заттардың тұрақты орны болғаны оларды жинауды әрі іздеуді жеңілдетеді.
Қосымша сақтау жәшіктерін сатып алуға асықпаңыз
Үйдегі заттар сыймай жатса, бірден жаңа шкаф немесе жәшік сатып алу мәселені шешпейді. Алдымен қандай заттарды жиі қолданатыныңызды, қайсысы ұзақ уақыт бойы қажет болмағанын анықтап алған жөн.
Қолданылмайтын бұйымдарды бөлек жинап, жарамдыларын басқаға беруге немесе қайта өңдеуге болады. Ал қалған заттарды санатына қарай орналастырған дұрыс. Мысалы, тазалық құралдарын бір жерде, құжаттарды басқа жерде сақтау қажет нәрсені тез табуға көмектеседі.
Үйді ретке келтірудің мақсаты – заттарды көзден таса қылу ғана емес, оларды күнделікті өмірде қолдануға ыңғайлы етіп орналастыру.

Мінсіз тәртіп емес, жайлылық маңызды
Визуалды шуды азайту үшін үйдегі барлық заттан арылудың қажеті жоқ. Алдымен көзге көп түсетін ұсақ бұйымдарды реттеп, әр затқа орын белгілеуге болады. Содан кейін жиһаздың орналасуы мен сақтау орындарын ойластырған абзал.
Әр затты өз орнына қойып, пәтерде емін-еркін қозғала алсаңыз, кейін үйіңізді жинау да жеңілдейді. Бастысы – өзіңізге жайлы кеңістік қалыптастыру.



