Дәрігер, инженер, ұстаз немесе есепші сияқты мамандар жат елге жоғары білімі бар деген құжатымен барады. Өз отанында ол диплом оларға көптеген есіктерді ашып, үлкен мүмкіндіктер бергені сөзсіз. Алайда жаңа қоғамда бұл құжат бірден жарамды бола қалмайды: оны міндетті түрде ағылшын тіліне аударып, заңдастырып, тіпті арнайы емтихандардан өту талап етіледі. Оған қоса, барлығын нөлден бастап қайта дәлелдеуге тура келеді. Дегенмен, күнделікті өмір сүруге қаражат дәл қазір керек. Сол себепті, қолында жоғары білімі бар талай тәжірибелі маман амалсыздан такси айдауға, қоймада жүк тасуға, асханада немесе тазалық қызметінде қара жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бастапқыда өтпелі кезең деп, артынша осы «уақытша» амалдаудың қалай бірнеше жылға созылып кеткенін өздері де байқамай қалады.
Павелдің оқиғасы шетелге көшкен көп адамға таныс. Олар көшкеннен кейін ұқсас кезеңдерден өтеді, бірақ ол туралы алдын естімеген екен.
Мәселенің ауқымы
2023 жылы ЕО-да жұмыс істеген жоғары білімді адамдардың бір бөлігі біліктілігі төмен не орташа жұмыста болған. ЕО-ға кірмейтін елдерден келгендер арасында ең жоғары көрсеткіш – 39,4%, басқа ЕО елдерінен көшіп келгендер – 31,3%, ал жергілікті азаматтар арасында 20,8% болған. Яғни соңғы топтағы көрсеткіш ЕО-дан тыс елдерден келгендерге қарағанда екі есеге төмен. Айырмашылық әсіресе Грекияда, Италияда және Испанияда байқалады. ЕО-дан тыс елдерден келген жоғары білімді адамдар арасында бұл көрсеткіш Грекияда – 69,6%, Италияда – 64,1%, Испанияда – 56,0%. Атап өткен жөн, әйелдер арасында көрсеткіш ерлерге қарағанда 6,7%-ға жоғары. Көші-қон саясаты институтының есебінше, АҚШ-та кемінде төрт жыл медициналық білім алған 263 мың иммигрант пен босқын жұмыссыз жүр немесе мектеп аттестатымен жұмыст істейді. Олардың үштен екісі ағылшын тілін біледі, ал 80%-дан астамы елде заңды түрде тұрады. Демек, бұл жағдайды тек тіл білмеумен немесе құжат мәселесімен байланыстыруға болмайды.

Португалияға көшкен ондаған украиналық дәрігер медицина саласында жұмысын жалғастыра алмаған. Себебі оларға тіл үйрену мен емтиханға дайындалуға көмек болмаған. Дәрігерлер ұйымы тіл емтиханын уақытша тоқтатып, оларды тәлімгердің қадағалауымен жұмысқа жіберуді ұсынған. Алайда бұл жүзеге аспаған. Euronews-тің 2024 жылғы мәліметі бойынша, Германиядағы 1600-ге жуық украиналық дәрігердің тек 187-сі ғана біліктілігін толық растай алған.
Қай кезеңде кідіруге болады?
Шетелде өз мамандығы бойынша жұмыс істеу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Олардың әрқайсысы бірнеше жылға созылуы мүмкін.
Павел:
«Өз елімде 45 жасымда беделді, сұранысқа ие патологоанатом едім. Өз пәтерім, көлігім, достарым бар, тұрмысым да орныққан болатын. Испанияға көшкеннен кейін бәрін қайта бастауға тура келді: баспана іздедім, тіл үйрендім, жаңа ортаға бейімделіп, дос табуға тырыстым. Маман ретіндегі жұмысымды да қайта бастау керек болды. Медициналық дипломым мен көп жылғы тәжірибем бұл жерде бір сәтте маңызын жоғалтқандай сезілді. Бәрін нөлден бастадым».
Дипломды растау. Талаптар әр елде және әр мамандықта әртүрлі болады. Егер оқу бағдарламасында үлкен айырмашылық болса, қосымша курс оқу немесе емтихан тапсыру керек болуы мүмкін. Кейбір елдерде құжат тексерудің өзі үш айдан алты айға дейін созылады, бірақ бұл тек бастамасы ғана.

Павел:
«Мұнда дипломды растауға екі жылдан үш жылға дейін уақыт кетеді. Оған дейін медицина саласында жұмыс істеуге тыйым салынады. Менің жолым болды, құжаттарымды бірден тапсырдым – себебі, жақсы заңгер кездесіп, маған бәрін түсіндіріп, бағыт-бағдар берді. Құжаттарымды күтіп жүрген уақытта, мен өзім сияқты дипломын растап жатқан басқа да дәрігерлерді іздедім».
Тіл. Күнделікті сөйлесу деңгейі жеткіліксіз: кәсіби деңгей қажет. Дәрігер диагнозды түсіндіріп, науқастың шағымын ұғып, медициналық құжаттарды оқи білуі тиіс. Инженерлер мен заңгерлер де түрлі терминдермен және құжаттармен жұмыс істейді. Сондықтан тіл білу көбінесе ең маңызды қадам болып саналады.
Павел:
«Мен тілді екі жыл оқып, деңгейімді (С1) растайтын емтихан тапсырдым. басқа таңдауың қалмаған кезде, бұл аса қиын немесе қорқынышты болып көрінбейді».
Лицензия (Рұқсат қағазы). Көптеген мамандықтар қатаң қадағаланады. Әртүрлі елдерде жұмыс істеуге рұқсат алу үшін арнайы емтихандар тапсыру, ал кейде басшылықтың немесе тәлімгердің қадағалауымен тәжірибеден өту қажет.

Павел:
«Тіл білетінімді растаған соң, қарттар үйіне тәжірибеден өтуге жұмысқа тұрдым. Әрине, іштей бұл өте ауыр болды. Елестетіп көріңізші, бұрын маған бүкіл елден адамдар ақыл-кеңес сұрап келетін, ал енді мен науқастардың дәрет ыдыстарын тасуға мәжбүрмін. Бірақ қалай да алға жылжу керек қой, оның үстіне бұл жұмыс аз да болса медицинаға қатысы бар. Одан бөлек, маған сол елде тұруға рұқсат қағазын (ВНЖ) ұзарту үшін ресми келісімшарт өте қажет еді».
Ақша. Осы уақыттың бәрінде адамға табыс көзі қажет. Дайындыққа, құжаттарды аударуға, емтихан төлемдеріне және күнделікті өмір сүруге ақша керек. Дәл осы өтпелі кезеңде адамдар күнін көру үшін өз мамандығына қатысы жоқ басқа да қосымша жұмыстарды істеуге мәжбүр болады.
Павел:
«Осы уақыт бойы біз тек әйелімнің табысымен күн көрдік – ол иллюстратор және онлайн жұмыс істейді. Мен тек қолымнан келгенше азын-аулақ ақша тауып әкелетінмін. Қасымызда жасөспірім екі баламыз бен итіміздің бар екенін ескерсек, бұл оңай болған жоқ. Мен алдыма қандай жағдай болмасын тоқтамау және қайткенде де бір іспен айналысу деген мақсат қойып, соған жеттім. Одан бөлек, үй шаруасымен айналысып, уайымнан сәл де болса арылатынмын. Тамақ пісіргенді жақсы көремін, сондықтан асханада түрлі жаңа тағамдар жасап көруге уақыт табылды».
Уақыт. «Уақытша» деп кірген жұмыс көбіне ұзаққа созылып кетеді. Норвегияда өз мамандығынан төмен деңгейде жұмыс істейтін поляктарды зерттеген ғалым мұны «созылып кеткен уақытша жағдай» деп атайды: адамдар уақытша деп ойлаған жұмыс орындарында жылдар бойы қалып қояды.
Павел:
«Сонымен қатар, мен қара жұмыс істедім. Қолға не түссе, соны істей бердім – бір отбасында жүргізуші де болдым, жүк те тасыдым, жиһаз да жинадым».

Бұл жағдай адамға қалай әсер етеді?
Біліктілігінен төмен жұмыс істеудің зияны тек қаржылық қиындықтармен шектелмейді. Норвегияда бір жылдан астам уақыт өмір сүрген 30 поляк азаматы (24-59 жас аралығындағы 18 әйел және 12 ер адам) қатысқан зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай жағдайда адамдар жиі күйзеліске ұшырап, өз қадір-қасиетін төмен бағалай бастайды, сондай-ақ ұялу, торығу және қоғамнан алшақтау сезімдерін бастан кешіреді. Тіпті кейбіреулері суицид туралы ойлағандарын да жасырмаған. Зерттеу авторлары бұл жағдайға тән үш түрлі қарама-қайшылықты көрсетеді. Біріншіден, тұлғаның қоғамдық мәртебесі (статусы) төмендейді. Екіншіден, олардың ұлтын тек «арзан жұмыс күші» ретінде қабылдайды. Үшіншіден, адамның ішкі кәсіби болмысы мен істеп жүрген қара жұмысы бір-біріне мүлде үйлеспейді. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі өздерін «қатардағы қарапайым полякпыз» деп санап, мамандыққа қатысы жоқ салада еңбек етуді дамудың орнына кері кету (артқа құлдырау) деп санаған.
Адам екі ортадан бірдей алыстап қалуы мүмкін: жаңа жұмыстағы әріптестерімен ортақ әңгіме таба алмайды, ал бұрынғы ортасымен байланысы үзіледі. Өз саласында құрметке ие болып үйренген адамға бұл кейде табысының азайғанынан да ауыр тиеді.
Адамдар көшкенде оңай жоғалтатын тағы бір тірек – араласатын адамдар. Нидерландта тұратын мыңнан астам поляк мигранты қатысқан зерттеу бойынша, тек бірнеше туысымен ғана араласатын адамдар жалғыздықты жиірек сезінеді. Ал жергілікті тілді білетіндер жаңа таныстар тауып, араласатын ортасын кеңейте алады. Демек, тіл емтихан тапсыру үшін ғана емес, жаңа ортаға қосылу үшін де қажет.
Дұрыс бейімделу (адаптация) туралы миф
Шетелге қоныс аударғандарға әдетте «жергілікті халыққа сіңісіп кет», тілін үйрен, мәдениетін қабылда, тек өз қандастарыңның ортасында ғана шектеліп қалма деп ақыл айтып жатады. Сырттай қарағанда бұл өте орынды көрінеді. Бірақ амалсыздан көлік айдап жүрген білікті дәрігерге немесе рұқсат қағазын (лицензиясын) алу үшін барлық бейнетін қайта көріп жатқан инженерге мұндай кеңестің ешбір көмегі жоқ. Бұл жердегі басты түйткіл – адамның бейімделе алмауы емес. Нағыз мәселе жаңа елдегі қатаң жүйенің мамандардан жылдар бойы оқыған оқуы мен еңбегін бір шетке ысырып қойып, бүкіл кәсіби жолды ең басынан қайта жүріп өтуді талап ететіндігінде.

Ғылыми зерттеулер де бәріне бірдей жарайтын әмбебап тәсіл бар екенін растамайды. Мәселен, Осло университеті зерттеушілерінің метаталдауы 23 мыңнан астам адам қатысқан 83 зерттеуді және 7 мыңға жуық адам қамтылған тағы 19 ұзақмерзімді зерттеуді біріктірген. Нәтиже күтпеген болып шықты: адамның жаңа ортаға бейімделу үшін қандай жолды таңдағаны – өз мәдениетін сақтауы немесе жаңа қоғамға белсенді араласуы, оның жаңа жерде өзін қаншалық жайлы сезінетінімен байланысты болған. Зерттеу авторлары адамның жағдайына көбірек әсер ететін факторлар – кемсітушілік, тілдік кедергілер және әлеуметтік қолдау болуы мүмкін деп есептейді. Яғни «ортаға бейімдел» деген кеңес адам лицензия, тіл немесе қаржы мәселесіне тіркелген жерде көмектесе бермейді.
Не істеу керек?
Бұл – жалпыға ортақ кеңестер: нақты қандай қадамдар жасау керектігі баратын елге, мамандығыңызға және жеке жағдайыңызға байланысты, бірақ оның басты қағидасы бәріне бірдей.
Көшпес бұрын
Алдымен қандай жолдан өтетініңізді анықтап алыңыз, содан кейін ғана көшіңіз. Баратын елдің жауапты мекемесінен (регуляторынан) сіздің мамандығыңыз үшін нақты не талап етілетінін біліп алыңыз: дипломды растау, емтихандар тапсыру, тіл білу, іс-тәжірибеден өту, рұқсат қағазын (лицензия) алу. Жалпы ол елге көшу-көшпеу туралы шешіміңіз осы сұрақтардың жауабына тікелей байланысты болады.
Уақыт пен қаражатты алдын ала есептеңіз. Екеуіне де қосымша қор қалдырыңыз. «Уақытша» жұмыс бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін, сондықтан сол кезеңге жететін жинақ қажет.
Құжаттарды көшпей тұрып жинаңыз. Дипломды, оның аудармасын, еңбек өтіліңізді растайтын құжаттарды, оқу бағдарламасының сипаттамасын және әріптестеріңіздің ұсыныс хаттарын өз еліңізде жүргенде алу оңайырақ.
Күнделікті сөздермен қатар мамандығыңызға қатысты тілді үйреніңіз. Ол емтихан тапсыруға да, клиенттермен немесе науқастармен жұмыс істеуге де керек.
Жолда
Өз мамандығыңызға жақын жұмыс іздеңіз. Іс-тәжірибеден өту, көмекші (ассистент) болу немесе ерікті (волонтер) қызметін атқару - мұндай жұмыстар сізге өз кәсібіңізден алшақтамауға, жаңа таныстар табуға және жақсы мінездеме (ұсыныс хат) алуға көмектеседі. Тіпті сіздің мамандығыңызға жанама түрде ғана қатысы бар мекемеде тәжірибеден өтудің өзі сол жүйенің ішіндегі алға жасалған маңызды қадам.
Қосымша жұмыстың бейресми («көлеңкелі») болмауын қадағалаңыз. Келісімшартсыз жұмыс істеу сізді сақтандырудан, еңбек өтілінен және заңды қорғаудан қағады, сондай-ақ өз кәсібіңізде статуссыз (мәртебесіз) қалу қаупін арттырады. Ол жалпыға ортақ ереже, ал оның нақты салдары сіз барған елдің заңдарына байланысты болады.

Өзіңізге тәлімгер (ментор) және жаңа әріптестер табыңыз. Жұмысыңызды қадағалап, дұрыс бағыт көрсететін тәжірибелі маманның жаныңыздан табылғаны өте пайдалы (мұны Португалиядағы жағдайдан көруге болады). Сондықтан, кәсіби ұйымдарға кіріңіз, өзіңізбен бір салада істейтін, бірге көшіп келген отандастарыңызды іздеңіз немесе бұрынғы әріптестеріңізбен қарым-қатынасты үзбеңіз.
Лауазымыңыз бен мәртебеңіз төмендегеніне қатысты ішкі қиналысыңызды жасырмаңыз. Қазіргі басыңыздан өткеріп жатқан сезімдеріңіз бен уайымыңыз ғылымда дәлелденген және көпшілікке тән қалыпты жағдай. Осындай қиындықтардан бұрын өткен адамдармен немесе психологпен ашық сырласу жалғыздық пен қоғамнан бөлектену (оқшаулану) сезімінен арылуға үлкен көмегін тигізеді.
Егер бір орында тұрып қалсаңыз
«Уақытша» деп тапқан жұмысыңызға нақты мерзім қойып, әр алты ай сайын жағдайыңызды бағамдап отырыңыз. Егер тікелей өз мамандығыңыз бойынша жұмысқа тұру мүмкін болмаса, оған ұқсас, жақын салаларды қарастырып көріңіз. Мәселен, дәрігерлер зертхана маманы (лаборант), медициналық аудармашы, ғылыми қызметкер немесе оқытушы ретінде еңбек ете алады. Мұны сәтсіздік немесе жеңіліс емес, тығырықтан шығудың тиімді шешімі деп қабылдаған жөн.
Бөгде елге қоныс аударуды біз көбінесе адамның батылдығымен байланыстырамыз: тәуекел етті, көшіп кетті, барлық қиындықты жеңді деп ойлаймыз. Алайда, негізгі кедергілер адамның мінез-құлқына емес, құжат рәсімдеудегі (бюрократия) қиындықтарға, тілдік тосқауылдарға және уақытқа тікелей тәуелді. Тәжірибелі маман шетелге барғаны үшін ғана өз біліктілігін жоғалтып, жаман жұмысшы болып қалмайды. Оның тек айналасындағы ортасы, қоғамдағы беделі, сөйлесу тілі мен сол кәсіппен заңды түрде айналысу құқығы ғана өзгереді.
Егер сіз бұл мақаланы шетелге көшер алдында оқып отырсаңыз, ең басты әрі қарапайым кеңес мынау: жол сөмкеңізді жинамас бұрын, баратын елде өз мамандығыңызды қалай заңдастыруға (растауға) болатын жолдарды алдын ала толық біліп алыңыз.



