Музыка индустриясында бұрын-соңды болмаған тың қауіп пайда болды. Жасанды интеллект жұлдыздарды алдап, тірі әншілердің түсіне де кірмейтін миллиондаған стрим жинап жатыр. Жақында BTS мүшесі V (Тэхен), поп-дива Селена Гомес және Twice тобының мүшесі Цзыюй (Tzuyu) сынды танымал жұлдыздар өз әлеуметтік желілерінде Сиенна Роуз (Sienna Rose) деген әншінің әнімен жазба жариялады. Жүздеген миллион аудиториясы бар артистердің қолдауынан кейін оның әндері Spotify чарттарынан бір-ақ шықты. Алайда көп ұзамай оның артында кім тұрғаны және оның ЖИ екені анықталды. Tamga Media музыка әлеміндегі бұл оқиғаның мән-жайын тарқатып көрді.
Жұлдыздарды алдаған Сиенна Роуз кім?
Сиенна Роуз – музыка әлеміндегі ең табысты әрі даулы цифрлық жобалардың бірі. Ол өзін neo-soul және jazz орындаушысы ретінде таныстырады. Оны Spotify платформасында айына 3 миллионнан астам тыңдарман тыңдаған, ал жалпы туындылары 40 миллионнан аса рет тыңдалған. “Into the Blue” әні Spotify-дың Viral 50 жаһандық чартына еніп, 15 миллион рет ойнатылған. Ал “Where Your Warmth Begins”, “Safe With You” және “Breathe Again” әндері аталмыш платформада орта есеппен 5-6 миллион стрим жинаған.
Сиеннаның әлеуметтік желідегі парақшаларын қарасаңыз, қарапайым адамнан еш айырмашылығы жоқ: түрлі тренд түсіріп, тыңдармандарымен тығыз байланыс орнатқан. Тіпті әнін қолданған Тэхенға, Селена Гомеске пен Цзыюйға алғыс айтқан видеосын да жүктеп қойған. Оның бірде-бір парақшасында жасанды интеллект екені туралы ескерту жоқ.
Бірақ оның ән шығару қарқыны тым жылдам екен. 2025 жылғы қыркүйектен бастап бүгінге дейін ол 40-қа жуық ән шығарған. Күрделі джаз композицияларын мұндай қысқа мерзімде толассыз шығару мамандар арасында бірден күмән тудырды.
ЖИ әншінің артында кім тұр?
2026 жылғы көктемде Германияның Bayerischer Rundfunk телерадиокомпаниясына қарасты Trasherchiert жобасының журналистері зерттеу жүргізіп, «жұлдыздың» шынайы болмысын ашып берді.
Бұған дейін британиялық BBC мен швейцариялық Watson порталы да әншіге күдікпен қарағанымен, неміс журналистері ғана бұлтартпас айғақ таба алды. Біріншіден, миллиондаған тыңдарманы бар әнші осы уақытқа дейін бірде-бір жанды концерт бермеген. Екіншіден, видеоларды мұқият тексергенде, кадр ауысқан сәтте Сиеннаның саусағындағы жүзіктің пішіні өзгеріп, «еріп» кететіні байқалған. Бұл – нейрожелінің визуал контент жасағанда ең жиі жіберетін қатесі.
Журналистер мұнымен тоқтап қалмай, ЖИ әншінің «әкелерін» де тауып алды. Сиеннаны Норвегия астанасы Ослода тұратын Хаффштайн Руннерсон мен Максим Муравьев жасап шығарған.
Муравьев Instagram-да 133 мың оқырманы бар парақшасын @foreveralone.wav деген лақап атпен жүргізеді. Өзін «жалғыздықтан шабыт алатын эмоциялық дыбыс суретшісімін» деп таныстырған ол 2025 жылдың соңында 2,2 миллион тұрақты тыңдарман мен 17 миллионнан аса стрим жинағанын жариялап, мақтанған. Бұған қоса Максим нейрожелі арқылы музыка жасап, Telegram арнасын жүргізеді және оның қоржынында Сиеннадан бөлек ондаған «фейк» музыкалық жоба бар көрінеді.
Мұндай жобалардың түпкі мақсаты – пайда табу ғана. Виртуал әншіге гонорар төлеудің немесе оның мінезіне шыдаудың қажеті жоқ. Ол шаршамайды, қымбат сахналық киім әперіп, райдерін орындаудың да қажеті жоқ. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді, ал стримингтен түсетін табыс бірден продюсердің қалтасына түседі.
ЖИ лейбл ашқан қазақстандық стартап
Жасанды интеллектің музыкаға араласуы тек батыстық тренд емес. Бұл жаһандық дүмпудің қақ ортасында қазақстандықтар да жүр. 2025 жылдың жазында қазақстандық Higgsfield стартапы толығымен нейрожеліге негізделген Higgsfield Records лейблін ашқанын жариялаған. Компанияның басты ұраны батыл әрі қорқынышты естіледі: «Енді жұлдыз болу үшін таланттың қажеті жоқ, келбетіңіз болса жеткілікті».
Яғни, жоба қатысушысы тек өз келбетін пайдалануға береді, ал қалғанын – вокал, эмоция, хореография мен бейнебаян – нейрожелі өзі-ақ жасап шығарады.
2025 жылдың күзінде жаңа лейбл өзінің алғашқы «қарлығашы» әрі бас кейіпкері Kion есімді виртуал әншісін таныстырды. Higgsfield оны «әлемдегі ең алғашқы ЖИ K-Pop айдолы» деп атады. Жоба Kion-ның биылға жоспарланған “AI World Tour KION 2026” атты алғашқы әлемдік турнесін жариялап, жаңа бейнебаян шығарып үлгерді.
Толығымен Higgsfield және KLING технологияларының көмегімен генерацияланған “Stay Mad” атты бейнебаян YouTube-те 37,8 мың рет қаралып үлгерген.
Мақпал Жүнісова өзін неге ұры сезініп жүр?
Одан бөлек қазір желіде нейрожелімен жасалған түрлі кавер қаптап кетті. Мысалы, джаз стиліндегі Заттыбектің, америкалық рэпер Канье Уэсттің орындауындағы «Седая ночь» әндерін естіген боларсыз.
Жақында желіде халық артисі Мақпал Жүнісованың дауысымен шырқалған Розэ мен Бруно Марстың хит «APT» әні кең тарап кетті.
Нейрожелі әншінің дауыс ырғағы мен тембрін айнытпай салғаны сонша, көпшілік мұны шынайы кавер деп ойлап қалған. Әнші «Ел арна» телеарнасына берген сұхбатында бұл жағдайға қатысты ренішін жасырмады. Ол ЖИ өзіне мүлдем ұнамайтынын айтқан. Сондай-ақ эстрада жұлдызы біреудің дауысын рұқсатсыз пайдалану нағыз заң бұзушылық екенін атап өтті.
«Ағылшын тілінде ән айтпайтындықтан, жұрт алдында өзімді ұры сезініп, ыңғайсыз күй кештім», – дейді ол.
Әлемдік жұлдыздардың ЖИ-ға қарсы көтерілісі
Қазақстанда бұл мәселе енді талқылана бастаса, батыс шоу-бизнесінде нағыз соғыс жүріп жатыр. Бұл күрестің алдыңғы шебінде әлемдік поп әнші Тейлор Свифт тұр. Алдыңғы шеңберде тұр дейтін себебіміз – ол дауысы мен сахналық образын жеке тауар белгісі ретінде тіркеуге ресми өтініш берді. Заңгерлердің айтуынша, бұл – шоу-бизнестегі бұрын-соңды болмаған оқиға. Бұған дейін әншілер өз туындыларын авторлық құқық арқылы қорғайтын. ЖИ ескі әнді көшірмейді, ол әншінің дауысын айнытпай мүлдем жаңа ән жаза алады. Осының алдын алу үшін Тейлор енді өз дауысын кәдімгі Coca-Cola немесе Apple сияқты заңды брендке айналдыруды көздеп отыр. Кімде-кім оның дауысын пайдаланса, жай ғана этиканы бұзбайды, заңмен қорғалған тауар белгісін ұрлаған болып есептеледі.
2024 жылы музыка әлемінің 200-ден астам алпауыт жұлдызы (арасында Билли Айлиш, Кэти Перри, Ники Минаж бар) IT компанияларға қарсы ашық хат жариялаған болатын. Олар компаниялардан артистердің дауысын нейрожелілерді оқыту үшін рұқсатсыз пайдалануды тоқтатуды талап етті.
Жұлдыздардың басты уәжіне сәйкес, ЖИ адам шығармашылығын байытудың орнына, тірі артистердің еңбегін құнсыздандырып, табысын тартып алмауға тиіс. Егер бұл процесс заңмен реттелмесе, ертең нағыз таланттарға нарықта орын қалмауы әбден мүмкін.




