МәдениетТұлғаларСаясат пен шығармашылық тоғысқан тағдыр: Мұхтар Әуезов кім?

Саясат пен шығармашылық тоғысқан тағдыр: Мұхтар Әуезов кім?

23 қаңтар 2026
5 мин
Мухтар Ауэзов: политика и творчество переплелись в судьбе
Фото: kazpravda.kz

Мұхтар Әуезов - қазақ әдебиетін әлемге танытқан классик жазушы. Жазушының бала кезі, алғашқы шығармалары, атасы мен әжесінің тәрбиесі, тіпті Абаймен кездесуі – бәрі өмірін ерекше етті. Мұхтар Әуезовтің тағдыры тек әдебиетпен шектелмей, саясат пен тарихқа да бай болды. Қаламгердің өмірі туралы материалда толығырақ баяндаймыз.


Мұхтар – Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы


Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезінің Шыңғыс болысында туған. Қазақта алғашқы немерені көбіне атасы мен әжесі тәрбиелеген. Мұхтарды да Әуез бен Дінасыл бауырына басады. Атасы оны арабша оқытып, сауатын ашса, әжесі түрлі ертегі мен аңыз айтып беріп өсірген. 


Шежіре бойынша, Мұхтар Әуезов – Мұхаммед пайғамбардың күйеубаласы, ислам әлемінің сыйлы тұлғасы Әзірет Әлидің қырық бесінші ұрпағы. Қожа руынан шыққан. Ал бұрын қазақтар дінді насихаттап, халық сауатын ашқан қожаларды ерекше құрметтеген. Әуезовтер әулеті де көпке танымал әрі ықпалды болған.  


Мұхтардың төртінші атасы  – Әбдіқожа. Әбдіқожаның Бердіқожа мен Сарғалтаққожа деген екі ұлы болған. Ал Бердіқожаның ұлы – Әуез. Ол Байғара бидің туысы Дінасылмен отау құрған. Ол кезде мұндай беделді әулеттің қызын кез келген шаңыраққа бермейтін. Кейін Құнанбай да Бердіқожаның қызы Нұрғанымды төртінші әйелі етіп алған. Ал сол Әуез бен Дінасылдың Омарханнан туған немересі – Мұхтар. 


“Ішкен асым да, алған нәрім де – Абайдан”


Құнанбай мен Әуез бір-бірін сыйлап, жақсы қарым-қатынаста болған. 1873 жылы Құнанбай Меккеге барғанда Әуез оны Семейге дейін шығарып салған. Ал Құнанбай сапардан оған тәспі, жайнамаз және Құран сыйға әкелген деседі. Әуез Құнанбайдың ұлы Абаймен де жақсы сырлас болған. Абай оны “Әуке аға”, “Үлкен Қожа” деп құрметтеген. Тіпті, Абай Мұхтар туғанда шілдеханасына барып, ақ батасын берген. 


Абай қайтыс болған кезде Мұхтар небәрі жеті жаста еді. Бірақ ұлы ақынмен бірнеше рет кездесіп үлгерген. Екеунің ауылы көршілес орналасқан соң, қонаққа барып-келіп тұрған. Мұхтар төрт жасында Жидебайға барып, Абайдың ақ батасын алып қайтқан деген де дерек бар. 


Абай қайтыс болғанда Әуез қатты қайғырған. Ұлы ақынның мұрасы жойылып кетпесін деп, оның өлеңдерін Мұхтарға жаттатқан. Осылай, Мұхтардың шығармашылығы бала кезінен басталып, Абайдың рухымен біте қайнасқан.

Мұхтар Әуезовтің өзі де “Менің бала күнімнен ішкен асым да, алған нәрім де – Абайдан” деген. 




Алғашқы қазақ драмасы – “Еңлік-Кебек” пьеасасын жазды


Мұхтар бала кезінен өте зерек болды. Мұны ағасы Қасымбек байқап, өзімен бірге қалаға әкетіп, оқытқысы келді. Дегенмен Мұхтардың әкесі Омархан ұлын ерте үйлендіріп, немере сүйгісі келетінін айтады. Бірақ атасы Мұхтардың білім алғаны дұрыс екенін айтып, оның ұзақ әрі жемісті сапары басталады. Сөйтіп ол 1908 жылы Семейдегі Камалладин хәзірет медресесінде, 1910 жылы қаладағы 5 сынып оқытатын орыс училишесінде оқыды. Осында жүріп “Дауыл” деген алғашқы шығармасын жазған. 


1915-1919 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясында оқыды. Осы білім ордасында жүріп, көпке танымал “Еңлік-Кебек” пьесасын жазды. Кейін бұл пьесасы – қазақ тарихындағы сахналанған алғашқы драма.  


Айта кетері, Мұхтар тек әдебиетке емес, спортқа да қызықты. Ол семинарияда оқып жүріп, "Ярыш" футбол командасында жартылай қорғаушы болып ойнап, қазақтың тұңғыш футболшыларының бірі атанды.


Жазушының төрт әйелі болған 


Мұхтардың әкесі, анасы, ағасы, әжесі бірінен кейін бірі дүниеден өтіп, ауылдағы қара шаңырақ қараусыз қалады. Сол кезде туыстары Мұхтарды ауылға шақырып, оны 15 жасар Райхан Кәкенқызына үйлендіреді. Екеуінің Мұғалима мен Шоқан деген балалары дүниеге келеді, бірақ Шоқан ерте шетінеп кетеді. Үш жылдан соң ерлі-зайыпты ажырасып, халық соты қызды анасына, ұлды әкесіне қалдыруды шешеді. Дегенмен Мұхтар сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді. 


Көп ұзамай Мұхтар Абайдың немересі Кәмила Мағауияқызымен танысады. Абайдың бәйбішесі Ділдәға қолқа салып жүріп, армандаған аруымен шаңырақ көтереді. Екеуінің Мағрипа, Зере деген қыздары дүниеге келеді. Алайда олар ерте шетінейді. 1926 жылы Кәмила да сырқаттан көз жұмады. 


Мұхтар 1923 жылы Ленинград мемлекеттік университетінде оқып жүргенде Валентина Кузьминамен танысып, бес жылдан соң ресми некелеседі. Олардың Лейла, Елдес, Елдар, Ернар деген балалары өмірге келеді. Бірақ Елдес пен Елдар ерте шетінеп кетеді. Валентинамен Мұхтар өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Ал қызы Лейла кейін Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевқа тұрмысқа шықты. Екеуінен тараған Диар Қонаев бүгінде Мұхтар Әуезов тұрған мемориалды музей үйінде ғылыми қызметпен айналысады.


Мұхтардың тағы бір жұбайы – Фатима Ғабитова. Фатима – Біләл Сүлеевке, Ілияс Жансүгіровке және Мұхтар Әуезовке муза болған жан. Алайда оның жұбайлары бірінен соң бірі репрессияға ұшырап, “халық жауы” атанады. Фатима екі рет  “халық жауының әйелі” ретінде Алматыдан Семейге жер аударылған. Соғыс жылдарында 5 баламен жалғыз қалған жесір әйелге Мұхтар қамқор болады. Оны Алматыға алып келіп, Меркіге туыстарына жіберді. Осы некеден ұлы Мұрат дүниеге келді.


Мұхтар Әуезовтің саяси жолының қалыптасуы


Мұхтардың семинариядағы жылдары – Семейде саяси қозғалыстар күшейген кезең. 1917 жылғы төңкерістен кейін қазақ жерінде “Алаш” партиясы құрылып, Мұхтар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовпен танысты. “Алаш жастары” ұйымын құрып, Жүсіпбек Аймауытовпен бірге “Абай” журналын шығарды. Бұл кезең оның бағытын айқындады.


1920 жылы Кеңес үкіметі орнап, “Алаш” қозғалысы тоқтады. Алаш қайраткерлері жаңа билікке тартылып, Мұхтар да түрлі қызмет атқарды: Семей губаткомында басшылықта болды, “Қазақ тілі” газетін басқарды, Орынборда Қазақ ОАК-тің төралқа мүшесі әрі саяси хатшысы болды. Бірақ 1921–1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты Мәскеуге жолдаған хаты үшін “ұлтшыл” атанып, 1923 жылы партиядан шығарылды. Ол хатта жерді қайтару, аштықпен күресу, халықты оқыту туралы талаптар айтылған болатын.


Саясаттан шеттетілген соң Мұхтар ғылым мен шығармашылыққа бет бұрды. 1922 жылы Ташкентке барып, Орта Азия университетінде оқыды. 1923 жылы Ленинград университетінің филология факультетіне түсіп, кейін Семейде сабақ берді. Жүсіпбек Аймауытовпен бірге “Таң” журналын шығарды. 1926–1927 жылдары экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде “Әдебиет тарихын”, “Қилы заман”, “Хан Кене” шығармаларын жазды. 1928 жылы оқуын бітіріп, Ташкентке аспирантураға қабылданды. Сол жылы Қырғызстанға барып, “Манас” эпосын қағазға түсірді. 1928–1930 жылдары бірнеше оқу орнында қазақ әдебиетінен дәріс берді.



1927 жылы большевиктер “ұлтшылдық” деп танып, қазақ зиялыларының көптеген еңбектерін, оның ішінде Әуезовтің “Әдебиет тарихын” да, басып шығаруды тоқтатты. 1930 жылы ол алаш қайраткерлерімен бірге тұтқындалып, тергеуге алынды.


1931 жылы түрмеде отырған Ахмет Байтұрсынұлы оған хат жазып, “қателікті мойындап, ашық хат жазуға” кеңес берді. Осыдан кейін Мұхтар 1930 жылдың қыркүйегінен 1932 жылдың сәуіріне дейін қамауда болып, бостандыққа шыққан соң “Казахстанская правда” газетінде ашық хат жариялады. Онда тағылған айыптарды мойындауға мәжбүр болды. 1932 жылдан бастап Абай атындағы педагогикалық институтта, кейін Қазақ драма театрында жұмыс істеді. Шекспир, Гоголь, Островскийдің шығармаларын қазақ сахнасына әкелді. 1934 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берді.


“Абай жолы”: 30 жылдық ізденістің жемісі


1937 жылғы қуғын-сүргінде көптеген қазақ зиялысы атылды. Мұхтар тірі қалды, бірақ кітаптары алынып, жұмыстан босатылды. 1939 жылы Мәскеуге көшіп, “Абай” романын жазуға кірісті. Марфуға Шапиян дерегінше, жазушы бұл эпопеяға 30 жылын арнаған. “Абай жолы” 40-тан астам тілге аударылып, ЮНЕСКО оны әлемдік мәдени мұраға қосты. 1949 жылы Әуезов Сталиндік, 1959 жылы Лениндік сыйлық алды.


Соғыс басталғанда елге оралған жазушы кейін Ғылым академиясында қызмет етті, профессор әрі академик атанды. 1951–1954 жылдары қайта айыптауларға ұшырап, елден кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде сабақ берді. 1954 жылы елге оралып, “Абай жолын” аяқтады, шетелге сапарлар жасады. 1957 жылы бастаған “Өскен өркен” романы аяқталмай қалды. Мұхтар Әуезов 1961 жылы Мәскеуде операция үстінде қайтыс болды. Оның қазасы туралы “The New York Times” та жазды.


Қиындыққа толы ғұмырына қарамастан, Әуезов қазақ әдебиетін байытқан мол мұра қалдырды. 2014 жылы оның шығармалары 50 том болып жарық көрді. Бүгінде оның есімі театрларға, университеттерге, көшелер мен музейлерге берілген.

Бөлісу: