Ойын-сауықСаяхатСаяхаттан миссияға дейін: қазақстандық блогер ауғандарға көмектесуді неге парыз көреді?

Саяхаттан миссияға дейін: қазақстандық блогер ауғандарға көмектесуді неге парыз көреді?

22 мамыр 2026
5 мин
Фото: Жеке архивінен

Алматыдағы БҰҰ ғимаратында Sayahat Time YouTube арнасының авторлары Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы түсірген «Өтелмеген парыз» деректі фильмі көрсетілді. Фильм Қазақстаннан Ауғанстанға жіберілген гуманитарлық көмек пен сол сапарға барған қазақстандық дәрігерлердің жұмысы туралы баяндайды. Авторлар Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты ғана емес, сол елдегі қарапайым адамдардың күнделікті өмірін де көрсетуге тырысқан.


Ауғанстанға көмектесу неге әр қазақтың парызы?


2025 жылы Ауғанстанда болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстан гуманитарлық көмек жіберген еді. 18 тонна гуманитарлық жүк тиеп, 13 дәрігерді қоса аттандырған. Олардың қатарында травматолог, нейрохирург, уролог және басқа да мамандар болған.


Фильмнің ең ауыр тұстарының бірі – ауған медицинасының қазіргі жағдайы. Кей ауруханада қарапайым аппараттардың өзі жетіспейді. Бір жерде рентген жоқ, енді бірінде наркоз тапшы. Адам көп, мүмкіндік аз.


Фильм атауы да бекер таңдалмаған. Жобаның режиссеры Ернар Алмабек бұл жұмысты тек гуманитарлық сапар жайлы хроника емес, тарихи жадымен байланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, өткен ғасырдағы қиын кезеңдерде Ауғанстан қазақ көшін қабылдаған елдердің бірі болған. Сондықтан ол көмекті тек дипломатиялық миссия емес, кешігіп жеткен алғыс деп есептейді.


Ернар Алмабек, жоба режиссеры, саяхатшы:

«Ауғанстанды түсірген кезде «неге ол жаққа көмек көрсетілді, өз елімізде де қиын жағдайлар жетеді» деген сияқты пікірлер айтылатынын алдын ала білдім. Дәл солай болды, көрермен пікірі екіге бөлінді. Фильмге осындай атау беруімнің бір себебі де сол. Атауы арқылы көрерменнің «не үшін көмектесіп жатырмыз» деген ықтимал сұрақтарына алдын ала жауап бергіміз келді. Бұл миссияға әркім әртүрлі қарайды. Біреу саяси жағынан, біреу достық тұрғысынан қабылдайды. Ал мен оны парыз деп есептеймін. Мен үшін бұл – өтелмеген парыз».


Ернар мен Жазира – түрлі елге саяхаттап, сол жақтың тыныс-тіршілігін видеоға түсіріп жүрген жұп. Олардың Sayahat Time YouTube арнасы әуелде көрерменге видеолары арқылы танылды. Әлем елдерін аралап, қазақ тілінде тревел-влог түсірген алғашқы ірі жобалардың бірі болды. Бірақ кейінгі жылдары олардың видеолары біртіндеп басқа бағытқа ойыса бастағандай. Кадрда енді тек туристік орындар емес, адамдар тағдыры, шетелдегі қазақтар, әлеуметтік мәселелер жиі көрінеді.


Мәселен, Ернар мен Жазира Ауғанстанға сапарында «Өтелмеген парыздан» бөлек екі тревл-влог түсірген. Бірінде Жазира Кабулдың базарын аралап, жергілікті тұрғындармен әңгмелескен, өмір-салтымен танысқан. Екіншісінде таудың төбесінде тұратын ауған кісінің үйіне қонаққа барғанын түсірген.


Ал Ернар Алмабек Ауғанстанға үш рет сапарлаған. Бұған дейін ол екі рет өзі барып, саяхаттаған. Екінші барғанында онда тұратын қандас Сабыр деген жігітті елге көшіріп алып келген. Сабырдың Қазақстанда тұрып жатқанына бір жыл болды. Алғаш келгенде бірінші Астанаға орналасқан. Бірақ ол жақтың ауа райы жақпай үш айдан соң Алматы облысы Қаскелең қаласына көшті. Онда тұрып жатқанына 7-8 ай болып қалды.


Ернар Алмабек:

«Жақында хабарластым, әке-шешесінің жағдайын біліп қайтуға Ауғанстанға кетіпті. Қазір Мазари-Шариф қаласында жүр. Бірақ әлі құжатын жасатып жатыр. Бұл – өте күрделі процесс. Қандас мәртбесін алу үшін Ауғанстан билігінен алынған қазақ екенін көрсететін құжат болуы керек. Ал ол жақта бір құжатты алу біздегідей оңай шаруа емес, алты ай күту керек екен. Соны күтіп жүр».


«Көрерменге шетелдегі қазақтардың өмірі қызық»


Ернар Алмабек пен Жазира Байдалы блогерлікке журналистикадан келген. Екеуі де медиада 10 жылдан астам істеген. Ернар ақпарат сайттарында еңбек етсе, Жазира телевизия мен PR саласында жұмыс істеген. Ернардың айтуынша, екеуі – заман талабына сай блогерлікке ауысқан журналистер. Сондықтан олардың контентінде әдеттегі блогерлерге тән жеңіл форматтан бөлек, журналистік ізденіс байқалады. Мысалы, олар барған елдерінен міндетті түрде қазақтарды іздейді.


Ернар Алмабек:

«Тайландтағы Ко Пани деген аралда жүргенбіз. Судың ортасында тұрған ауыл ғой. Сол жерде Астанадан барған қазақ қызын кездестіріп қалдық. Дәрігер екен, сұхбат жаздық. Негізі ондай жерде қазақ кездестіру миллионнан бір сәйкестік сияқты ғой. Бірақ видео шыққаннан кейін адамдар сол қыз туралы көп пікір жазды. Кейін басқа елге барсақ та сондай жағдай қайталана берді. Сосын түсіндік – көрерменге шетелдің өзінен гөрі, сол жақтағы қазақтардың өмірі қызығырақ екен. Не істеп жүр, қалай барған, қалай өмір сүріп жатыр – адамдар соны көргісі келеді екен».  


Содан кейін блогерлер саяхатқа кетер алдында Instagram-ға алдын ала хабарландыру беретін болған. «Біз осындай елге шықтық, кім бар?» десе жеткілікті екен. Біреу үйіне қонаққа шақырса, тағы біреулер қыдырып жүрген болады.


Ернар Алмабек:

«Кейін Қытайға барғанда бұл формат тіпті тереңдей түсті. Өйткені ол жақта үлкен қазақ диаспорасы бар. Бір-екі адаммен ғана шектелу мүмкін емес болды да, «Қытай қазақтары» деген бөлек шығарылым жасадық. Сол видеодан кейін Ауғанстандағы қазақтар туралы да арнайы түсіру ойы келді. Саяхат контентінің арасына қазақтардың тағдырын қосу Sayahat Time-ның тұрақты форматына айналды».


Осылай, қарапайым саяхат видеолары біртіндеп әлеуметтік әрі деректі жобаларға ұласқан. Қытай қазақтары, Ауғанстандағы қазақтар туралы арнайы шығарылымдар – соның дәлелі.

Бөлісу: