МәдениетТарихСауыт киген батырлар шайқасы: жекпе-жек жаңа спорт шоуына айнала ала ма?

Сауыт киген батырлар шайқасы: жекпе-жек жаңа спорт шоуына айнала ала ма?

20 маусым 2026
4 мин
"Алмас қылыш" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Кейінгі жылдары рыцарьдің сауытын киіп, төбелесу жай ғана тарихқа қызығатындардың ермегі емес, кәдімгі спорт түріне айналды. Батыста сауыт кигендер алаңға шығып, доғал қарулармен шайқасатын турнирлер өтеді. Сыртынан қарағанда бұл аралас жекпе-жек (ММА) элементтері бар орта ғасырдағы қойылымға ұқсайды. Осы орайда бізде «Қазақстанда да осындай бір нәрсе пайда болуы мүмкін бе?» деген сұрақ туды. Өйткені кейінгі кездері көшпенділер тарихы мен дала жауынгерлерінің бейнесін медиадан жиі көріп жүрміз. Tamga Media тарихшы Әнуар Жұманмен сөйлесіп, далада рыцарлар сайысына ұқсас жарыстар болған ба және оны бүгінгідей қызық спортқа айналдыруға бола ма деген сұрақтардың жауабын білді.


Батырлар неге рыцарь емес?


Бір қарағанда, бәрі оңай сияқты көрінуі мүмкін: Еуропада сауыт киген рыцарлар шайқасып жатса, бізде де қазақ батырларымен неге жасап көрмеске? Бірақ тарихшы көшпенділердің соғыс мәдениеті Еуропа мәдениетінен мүлдем өзгеше болғанын айтады. 


Еуропада басты соғыс күші үстіне ауыр темір сауыт киген рыцарлар болды. Ал дала әскері бір орында тұрмай, ат үстінде өте тез қозғалып соғысқан. 

«Дала жауынгерлері, ең  әуелі ат үстінде соғысқан, ал ат ғасырлар бойы шайқастағы басты артықшылық болып қалды. Қарудың негізгі түрлері – садақ пен жебе, найза, қылыш және балта болды. Қару-жарақ біртіндеп өзгеріп отырған: сақтар мен ғұндар ат үстінен садақ атуға басымдық берсе, кейінгі орта ғасырларда, отты қару шығып, соғыс тәсілі де өзгерді», – деп түсіндіреді тарихшы.


Еуропа турнирлерін көшіре салу даланың соғыс дәстүрін жеткізе алмайды. Өйткені көшпенділер ауыр сауыттың емес, шапшаң әрі жинақы болғанының, ат үстінде шайқаса алғанының арқасында жеңіске жеткен. 


Батырларда сауыт болған ба?


Дала жауынгерлері мүлдем сауыт кимеген деген жаңсақ түсінік бар. Шындығында олай емес. Маманның айтуынша, түркі және моңғол жауынгерлері көбіне темір тақташалармен қапталған сауыт, кіреуке сауыт және темірмен күшейтілген былғары сауыт киген. Сонымен бірге археологтар мойын мен иықты қорғайтын торы бар дулығаларды да көп тапқан. 

«Бастан-аяқ киілетін толық сауытты тек таңдаулылар, яғни батырлар мен әскербасылар киген. Қатардағы жауынгерлер сауыттан бұрын қимылдың шапшаңдығына сенетін. Яғни “рыцарлардікіндей” қорғаныс бізде де болған, бірақ бәрінде бірдей емес еді. Дегенмен Орта ғасырда Еуропада да толық сауытты кез келген адамның қалтасы көтере бермейтін», – дейді маман.


Сонымен бірге дала жауынгерлерінің сауыты Еуропаның темір киімінен өзгеше болған. Олардың сауыты әлдеқайда жеңіл әрі қорғануға емес, шапшаң қозғалуға, үстіндегі шайқасуға ыңғайлы еді.


Қазақтарда да өзіне тән «рыцарлар шайқасы» болған


Қазіргі сауыт киіп төбелесу форматы несімен қызық? Әрине, екі адамның жеке шығып шайқасқанымен қызық. Міне, дәл осындай дәстүр біздің дала тарихында да болған.


Әңгіме жекпе-жек туралы болып отыр. Бұл – үлкен соғыс басталар алдында екі жақтың ең мықты батырларының алға шығып, өзара соғысуы. Мұндай шайқастар жай ғана күш сынасу емес, ерекше нышан саналған. Қай батыр жеңсе, сол жақтың әскері де жеңіске жетеді деп сенген.

«Батыр деген атқа ие болу үшін адамның жеке ерлігі мен жекпе-жекте шыңдалған абыройы болуы керек еді. Үлкен шайқастардың алдында екі жақтың ең мықты жауынгерлері ортаға шығып, жекпе-жекке түсетін. Бұл – тек әскери тұрғыдан емес, сарбаздардың сенімі мен рухын көтеру жағынан да үлкен мәнге ие шайқас саналған. Мұндай форматты қазіргі спорт түріне айналдыруға әбден болады», – дейді Әнуар Жұман.


Батырлар үшін бұл шайқас өз шеберлігі мен батылдығын дәлелдеудің, сондай-ақ ел алдында құрметке ие болудың жолы еді. Жекпе-жек туралы ақпарат «Қобыланды», «Алпамыс» және өзге де қазақ эпостарында бар.


Бұны қазіргі спортқа айналдыруға бола ма?


Қазір Батыста сауыт киіп төбелесу өз ережелері мен турнирлері бар жеке спорт индустриясына айналды. Қазақстанда да мұндай жобаларды қолға алуға толық негіз бар. Өйткені бізде де этно-фестивальдер, ұлттық спорт жарыстары мен тарихи қойылымдар жиі өтеді. 


Дегенмен тарихшының пікірінше, біреудің дайын дүниесін айнытпай көшіре салған қызық емес. Одан да өз тарихымыз бен дәстүрлерімізге тән, мүлдем жаңа формат жасаған әлдеқайда тиімді.

«Тарихта болған қаруды қолданып, сауыт киіп жаяу немесе ат үстінде жеке шығу (жекпе-жек) көрермен үшін өте табиғи әрі түсінікті болар еді. Сондай-ақ шайқас элементтері бар ат жарыстарын немесе дала тактикасына: жауды қапталдан қоршау, өтірік шегіну, шапшаң қозғалуға мән беретін топ форматындағы сайыстарды жасаса, одан да жақсы дүние шығар еді», – дейді Әнуар Жұман

Бөлісу: