Instagram немесе Threads әлеуметтік желісін ашып, «Алматы» деп іздеу салсаңыз, таспаңыз Көктөбедегі батқан күнге, шеткі ықшамаудандарды басқан мамырлы тұманға немесе тау тасасынан сығалаған толған айға толып шыға келеді. Ал ол суреттердің қалай туатыны көбіне жұртқа беймәлім. Tamga Media шаһар келбетін жылдар бойы суретке тартып жүрген фотографтармен тілдесіп, жақсы қала кадры қалай жасалатынын сұрады.
«Ғимарат төбесінде айды түсіруге де есеп керек»
Дмитрий Доценконың фотоаппарат бауын мойнына ілгеніне жиырма жылдан асты. Ал соңғы он жылдан бері фотосурет – оның жалғыз кәсібі де, негізгі нәпақасы да. Бұған дейін ол журналистикада еңбек еткен. Бірақ қазір, өзі жымия мойындағандай, бұл өнер бүкіл уақытын алады екен. Қала суреттерінде оған сәулет пен табиғаттың бір кадрда тоғысқан сәттері ерекше ұнайды. Соның бірі – «Қазақстан» қонақүйінің тәжіне дәл келіп тұрған алып ай.
Мұндай суретті кездейсоқ түсіре салу қиын. Фотограф алдымен ай мен күннің қай бағыттан шығатынын есептейді. Мұнда азимут, яғни көкжиектегі нысанның бағытын көрсететін өлшем қажет. Содан кейін картаны қарап, қай жерден түсіргенде ай ғимаратпен бір сызыққа келетінін анықтайды.

«Мендегі суреттің сәтті шығуы толығымен алдын ала жасалған дәл есепке байланысты. Ай мен күннің шығу азимутын бағамдаймын, картаны егжей-тегжейлі зерттеймін. Түс ауа орныма барып, ракурсын байқап қайтам да, түнде қайта ораламын. Көбіне екі камера ұстаймын: бірі – стандартты фотоға, екіншісі – таймлапсқа», – дейді фотограф.
Таймлапс – ұзақ уақыт бойы белгілі бір аралықпен түсірілген кадрларды біріктіріп, өзгерісті жылдам көрсететін тәсіл. Мысалы, оның көмегімен айдың көтерілуін немесе қала үстіндегі бұлттардың қозғалысын көрсетуге болады.
Бірақ барлық нәрсені алдын ала есептеу мүмкін емес. Кейде фотограф жоспарламаған сәттің өзі жақсы кадрға айналады.
«Осындай математикалық дәлдікке қарамастан, кездейсоқ сәттерге де жол беремін. Жол-жөнекей көзге ерекше бірдеңе түссе, дереу камераны бұрып, ұстап қалуға тырысамын. Тұңғыш Президент саябағында қарлы пейзажды түсіріп жүріп, ағаш басындағы құлақты үкіні байқап қалдым да, сәтті пайдаланып, лезде таспаға басып алдым», – дейді ол.
Яғни фотограф үшін кадр камераны қолына алған сәттен емес, одан әлдеқайда бұрын басталады. Бірақ қанша есептегенмен, табиғатты толық бақылау мүмкін емес. Бұлт шығып кетуі, тұман түсуі немесе таңдалған орын ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін.
Дмитрийдің айтуынша, айды немесе сирек табиғи құбылысты түсіруге шыққанда он әрекеттің тоғызы алғашқы ретте сәтсіз аяқталуы мүмкін. Мұндайда ол ойынан бас тартпайды: идеяны жазып қойып, қолайлы жағдайды қайта күтеді. Мысалы, Сәтбаев шыңын өзі қалағандай түсіру үшін фотограф үш жыл күткен.
«Бүгін ойым іске аспаса, идеяны жазып қоям да, қолайлы сәтті күтіп, сол жерге қайта барамын. Мысалы, Сәтбаев шыңын түсіру үшін үш жыл күтуге тура келді», – деп қосты спикеріміз.
«Қаланың өзін емес, оның сол сәттегі күйін таспалайсың»
Максим Золотухинге қала суреттерінде әдемі ғимараттың өзі жеткіліксіз. Оның ойынша, маңыздысы – қаланың сол сәттегі вайбын ұстап қалу. Ол суретке мектеп кезінен қызыға бастаған. Кейін журналист болып жұмыс істеп жүргенде газет материалдарына иллюстрация қажет болғандықтан Алматыны жиі түсірген. Бюджет, инвестиция немесе қаржы туралы мәтінге сурет табу керек болғанда, Көктөбеден түсірілген қала көріністерін пайдаланатын кездері де болған. Сондықтан фотограф кейде нақты жоспармен шығады, кейде жай серуендейді. Бірақ сәтті кадрлардың көбі бәрібір алдын ала ойластырылады.
Уақыт өте бұл жұмыс нағыз «фото-аңшылыққа» айналған. Неге? Өйткені қаланы күн сайын бір жерден түсіре беру жеткіліксіз. Ауа райын бақылау, жарықты күту, қай жерден қандай көрініс ашылатынын алдын ала білу маңызды.

Фотографтың айтуынша, қаланың өзін емес, оның сол сәттегі көңіл күйін түсіресің.
«Көктөбеге немесе кез келген биік төбеге шығу кез келген адамның қолынан келеді. Бірақ суретте ерекше сезім мен атмосфера болғанда ғана ол жүрекке жол табады, ал оны алдын ала сезе білу керек. Әмбебап фотографтар өте аз. Менде қала мен табиғат суреттеріне, әсіресе қала көріністеріне сұраныс жоғары болды. Ал халыққа ұнаған дүниені кез келген шебер одан әрі шыңдап, оқырманмен диалог орнатуға тырысады», – дейді фотограф.
Трамплин түбіндегі бір секунд
Фотографтың ең қиын қарсыласы – уақыт. Максимнің есінде әлі күнге дейін Трамплин маңында түсіре алмай қалған бір көрініс бар. Сол күні өрік ағаштары аппақ болып гүлдеп, ауа ерекше таза болған. Фотограф суретті жоғарыдан түсіру үшін трамплинге көтеріліп, кейін қайта төмен түскен. Штативін орнатып, камерасын дайындаған. Бірақ батырманы басардың дәл алдында күнді бұлт жауып қалған.
«Содан кейін қанша барасам да, дәл ондай сәтті де, ондай жарықты да қайтып кезіктіре алмадым. Әдетте ол жақты түтін мен сағым басып тұратын. Ал ол күні жел соғып, ауа тап-таза, мөлдір еді. Міне, мұны қолдан шыққан мүмкіндік дейді», – деп күрсінеді Максим.
Осындай сәттер қала фотографиясының бір ерекшелігін көрсетеді: кей көріністі кейін қайталап түсіруге болады, ал кейбірі бір рет қана кездеседі. Дмитрий Доценко да сәтсіз кадрға түпкілікті жоғалған мүмкіндік деп қарамайды. Егер ауа райы кедергі жасаса немесе ракурс дұрыс болмаса, сол идеяға кейін қайта оралады. Ал Максимнің айтуынша, фотографтың ең үздік кадры көбіне әлі түсірілмеген қала деп есептейді.
«Тау мен қаланы күн батар сәтте таспалаған сәтті болады»
Павел Михеевтің бұл салада жүргеніне 23 жыл болды. Ол – фототілші, репортаж, спорт және қала пейзаждарын түсіреді. Фотосуретті ол бүкіл ғұмырын арнаған басты ісі санайды. Ол жас кезінен осы өнерге ғашық болып, кезінде тіпті оқиға ортасында, «ыстық нүктелерде» жұмыс істеуді армандаған. Бұл арманы 2003 жылы белгілі фототілші Талғат Ғалимов оны «Новое поколение» газетіне шақырғанда орындалды. Павелдің айтуынша, оның фотожурналистикадағы мансабы осылай басталды.
Төрт кадр үшін жұмсалған үш пленка
Оның бұл жолы пленкалы фотоаппараттан басталды. Мектепте жүргенде Республикалық Оқушылар сарайындағы фотоүйірмеге қатысып, суретті өңдеп, қағазға шығаруды үйренді. Алматыны, тұрғындарды, Алатаудың тауларын таспалады. Ол кезде пленка арзан емес еді, сондықтан әр кадрды үнемдеп түсіруге керек еді.

«Қазір флешканы саласың да, қанша сурет түскенін санамайсың, ал бұрын әр кадрдың есебі бар еді. Фотокорреспондент болып жүргенде алғашқы сандық фотоаппаратым сынып қалып, біраз уақыт қайтадан пленкаға түсіруге тура келді. Футбол репортажына үш пленка кететін, содан ары кетсе 3-4 кадр ғана таңдап алынатын. Пресс-конференцияларда да әр кадрды қатты үнемдейтінбіз. Қазір бәрі флеш картаға байланысты, жад көлемі қаншалықты үлкен болса, сурет те соншалықты көп», – дейді Павел.
Күннің соңғы сәулесін қуып...
Павел Михеев қалаға көбіне табиғи жарыққа қарап шығады.Оның айтуынша, күн батар кезде Алматыдағы кей ғимараттардың келбеті ерекше өзгереді.
«Күн батарда «Қазақстан» қонақүйінің келбеті құлпырып кетеді. Содан кейін Ғалымдар үйіне қарай тартасың, атырапқа тараған батыстың соңғы сәулесі қаланың шығысын жарқыратып жібереді. Орталық мешітке, Вознесенский соборына да соға кеткен жөн, күн еңкейгенде олар өте көркем көрінеді. Таңғы жарықтың жөні бөлек, ол шығыстан батысқа қарай ауады. Бірақ таулар мен қаланы күн еңкейіп, батуға айналған сәтте таспалаған әлдеқайда ұтымды», – деп қосты үшінші спикерміз.
Таңғы және кешкі жарықтың айырмасы бар. Күннің бағыты өзгерген сайын ғимараттың бір жағы жарыққа түсіп, екінші жағы көлеңкеде қалады. Ал төмен түскен күн сәулесі нысандардың пішінін айқынырақ көрсетеді. Сондықтан фотограф үшін «қай жерде түсіру керек?» деген сұрақпен қатар «қай уақытта түсіру керек?» деген сұрақ та маңызды.
Павел Қазақстанның басқа қалаларына барғанда да сәулетін арнайы түсіруге тырысады. Астана, Атырау, Семей, Қызылорда, Орал, Қостанай, Шымкент пен Түркістанды аралап, олардың келбетін Алматының сәулетімен салыстырады.
Сәтті кадр кездейсоқ туа ма?
Үш фотографтың жұмыс тәсілі әртүрлі. Дмитрий Доценко карта мен есепке көбірек сүйенеді. Максим Золотухин қаланың көңіл күйі мен ауа райын бақылайды. Павел Михеев сәуленің соңынан жүреді. Бірақ үшеуіне ортақ бір нәрсе бар: әдемі кадр бір сәтте туа салмайды. Оның артында алдын ала дайындық, дұрыс уақытты күту және кейде сол жерге бірнеше рет қайта бару тұрады. Кейбір кадр үшін фотограф бірнеше сағат күтеді, ал кейбіріне бірнеше жыл кетеді. Әлеуметтік желіден бір сәт қана көз жүгіртіп өтетін Алматы суретінің артында кейде бірнеше сағат, тіпті бірнеше жылға созылған дайындық жатады.




