Денсаулық●Психология●Сары күздің сарыуайымы

Сары күздің сарыуайымы

30 қыркүйек 2026
5 мин
«Вечное сияние чистого разума» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Күз түссе болды, бәріміз «көңіл жоқ», «ешкімді көргім келмейді», «басым жастыққа тисе болды, ұйықтай бергім келеді» дегенді жиі естиміз. Бұған көбіне күннің қысқарғаны мен жауын-шашынды сылтау қыламыз да, осымен әңгімені жаба саламыз. Кейде «ауа райы ғой» деп мән бермейтін, тереңде жатқан жан жарасы жасырынып тұруы ықтимал. Ал жай ғана күзгі көңілсіздік пен шын мәніндегі ішкі дабылдың айырмашылығы неде? Бұл тақырыпты Tamga Media психоаналитика бағытындағы психологтар: Назигүл Темірғалиева, Айнұр Құмарғали және Татьяна Калашникова талқылады.


Күзгі көңілсіздік – ауру ма, әлде сылтау ма?


«Күзгі көңілсіздік» дегенді сылтау етіп, бойкүйездікті ақтай салу оңай. Бірақ бұл  медициналық диагноз емес. АҚШ-тың Ұлттық психикалық денсаулық институты (NIMH) мен Mayo Clinic деректеріне сәйкес, маусым ауысқан кезде кей адамдардың көңіл-күйі мен күнделікті әдеттері өзгеруі мүмкін. Мысалы:

  • ұйқысы көбейіп, әдеттегіден ұзақ ұйықтағысы келеді;

  • күш-қуаты азайып, жұмыс істегісі келмейді;

  • зейіні бұзылады;

  • бұрын ұнайтын істерге қызығушылығы төмендейді;

  • адамдармен араласқысы келмей, үйде көбірек отырғысы келеді;

  • көңіл-күйі түсіп, ашуланшақ немесе құбылмалы болуы мүмкін;

  • тәбеті артып, тәтті мен көмірсуы көп тағамдарды көбірек жегісі келеді.

«Адам кейде көңіл-күйіндегі өзгерісті маусым ауысуымен байланыстыра алмайды. Психолог ретінде күз бен көктемде мұндай өзгерістер жиірек байқалатынын білемін және жұмыс барысында оны да ескеремін», – дейді психолог Айнұр Құмарғали.

Ал психолог Назигүл Темірғалиеваның пікірінше:

«Ең алдымен өзіңізге «Мәселе шынымен тек күзде ме?» деген сұрақ қойып көріңіз. Кейде адам «ауа райы ғой» деп өзін жұбатады. Ал шын мәнінде артында депрессия, іште қалған өкініш, жалғыздық немесе дағдарыс тұруы мүмкін. Күз іштегі сол сезімдерді қоздырып, мазасыздық басым болуы мүмкін».

Айнұр Құмарғали бұл мәселе Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі сезілетінін байқаған.

«Мысалы, Алматыда күзде далада ұзақ жүруге, серуендеуге, табиғатты тамашалауға болады. Бірақ Қазақстан үлкен ел. Бір жерде қар түссе, бір жерде бірнеше күн қатарынан жаңбыр жауады, ал енді бір өңірде күн әлі жылы әрі ашық болады. Сондықтан маусымдық өзгерістердің әсері де әр аймақта әртүрлі сезіледі».

Татьяна Калашникова да күн қысқара бастағанда бойкүйездікке салынатынын жасырмайды.

«Күннің қысқарғанын өзімнен де байқаймын. Көп ұйықтағым келеді. Әдетте түнде кеш ұйықтаймын, бірақ қазір кешкі тоғыздың өзінде ұйқым келе бастайды. Бұл күндізгі жарықтың азаюына байланысты ұйқы мен сергектікке жауап беретін ағзадағы үдерістердің қайта бейімделуімен байланысты», - дейді психолог маманы.

Адамның жағдайына не әсер етеді? 


Кейбір адамдар үшін күздің келуі ерекше ауыр тиеді. Созылмалы аурулардың асқынуы, ұйқы мен сергектік тәртібінің өзгеруі адамның эмоциялық жағдайына да ықпал етеді. Маусымдық аффективті бұзылыстың  (SAD) көбіне жасөспірімдерде, күйзеліске тез ұшырайтын жандарда және күн ұзақтығы тез өзгеретін аймақтарда тұратындар арасында жиі кездеседі.


Жаздың думанды маусымы аяқталып, адамға бұрынғы режиміне қайта оралу үшін белгілі бір уақыт қажет. Айнұр Құмарғали бұл кезеңге былай қарауды ұсынады:

«Табиғатпен бірге біздің де тынысымыз саябырсығандай болады. Осындай тыныштықта іште жатқан, кезінде ашық айтылмаған немесе қабылдағымыз келмеген ауыр сезімдер қайта жанданып, ішкі мазасыздықты арттыра түседі».

Сонымен қатар өмір қарқыны баяулағанда, адам күнделікті қарбаласта байқамай жүрген сезімдерімен бетпе-бет келуі мүмкін. Психолог Татьяна Калашникова мұны күздің өз бейнесімен салыстырады:

«Егер жаз бойы күндеріңіз қарбалас әрі көңілді өтіп, ішкі сезімдеріңізді түсінуге уақыт таппасаңыз, күзде сол іште жиналып қалған сезімдер анық сезіле бастайды. Ағаш жапырақтары түскендей, адамның да ойы мен көңіл күйі болмайды».

Ал отбасылық психолог Назигүл Темірғалиева күзді әркім әрқалай қабылдайтынын айтады.

«Күз әсіресе бұрыннан шаршап жүргендерге ауыр тиеді. Яғни ұйқысы қанбайтын, көп жұмыс істейтін, ауыр қайғы, ажырасу не жалғыздықты бастан кешіп жүргендерге оңай емес. Сонымен бірге адамның бұрын басынан өткен оқиғалары да үлкен рөл атқарады. Біреу үшін қыркүйек – жаңа үміт пен бастамалар айы. Ал екіншілерге керісінше ауыр естеліктер уақыты. Мұны саналы түрде ұмытсақ та, ішкі жан дүниеміз бәрін есте сақтайды».

Дене мен сананың белгі беруі


Психологияда «айтулы күнге реакция» деген ұғым бар. Оймен ұмытсақ та, тәніміз бен ішкі жан дүниеміз бәрін есте сақтайды. Содан жыл сайын белгілі бір уақытта сол бұрынғы күй қайта оралады. Психолог Назигүл Темірғалиева мұның қалай көрінетінін мысалмен түсіндірді.

«Терапияда мынадай жағдайлар жиі кездеседі. Адамдар көбіне күз келгенде біртүрлі болатынын. Ештеңеге зауқымы болмай, ауа райының өзгергені көңіл–күйіне әсер ететін айтады. Ал әңгімелесе келе, осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы мезгілде басынан ауыр қайғы не жоғалту өткені анықталады. Адам мұны өзі байқамауы мүмкін. Бірақ жыл сайын осы уақытта бойды әлсіздік басып, көңіл-күй түсіп, елден оқшауланғысы келе береді. Мұндайда психолог іште қалып қойған, соңына дейін шығарылмаған өкінішпен жұмыс істейді».

Қашан дабыл қағып, маманға жүгіну керек?


Күз мезгілінде адамның көңіл-күйіне тек психологиялық емес, физикалық факторлар да тікелей әсер етеді. Созылмалы аурулардың өршуі немесе ұйқы режимінің бұзылуы ішкі жан дүниемізге де салмақ салады. Психолог Айнұр Құмарғали бұл туралы былай дейді:

«Күз бен көктемде тек психикалық емес, созылмалы физикалық аурулар да қозуы мүмкін. Жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек жолдары немесе түрлі аллергия мен дәрумендердің жетіспеушілігі мазаласа, оған мән бермей, жағдайдың ушығуын күтпеңіз. Өйткені тәннің ауруы да терең эмоционалдық мазасыздыққа әкелуі ықтимал».

Ең бастысы – жағдайдың уақытша уайым, әлде күрделі мәселе екенін ажырата білу. Психолог Татьяна Калашникова бұл екеуінің айырмасын нақты түсіндіреді.

«Хандра – өтіп кететін жеңіл мұң. Жұмыстан қажып келіп, эмоционалды фильм көріп жеңілдеу – ағзаның табиғи серпілуі. Бірақ ауырлық екі аптадан астам уақыт бойы сейілмей, еңсеңізді көтергізбесе, бұл – дабыл белгісі. Ол енді жай ғана маусымдық көңілсіздік емес, депрессияның бастапқы кезеңі болуы мүмкін».

Психолог Назигүл Темірғалиева да бұл пікірді толық қолдап, күнтізбеге емес, өмір сапасына қарауға шақырады. 

«Күнтізбеге қарай бермей, осы күйдің кесірінен күнделікті тірлігіңіздің қаншалықты берекесі қашып жатқанына үңіліңіз. Егер көңілсіздік апталап созылып, бұрын қуантатын нәрселерден суып кетсеңіз, жұмысқа, оқуға, тіпті таңертең төсектен тұрудың өзі азапқа айналса, ұйқы мен тәбет бұзылып, түңіле берсеңіз, бұған күзді сылтау ете беруге болмайды. Оның үстіне, адам өзіндегі бұл өзгерісті сезбей де қалуы мүмкін, мұны көбіне жақындары бірінші байқайды. Кісі тұйықталып, күйгелек боп кетсе, үнемі шаршап жүрсе немесе «өмір сүріп не керек», «қолымнан ештеңе келмейді» дей бастаса, маманның көмегі керек».

Маусымдық аффективті бұзылысты бірнеше белгіге қарап өз бетіңізше анықтауға болмайды. Өйткені осындай белгілер басқа жағдайларда да байқалуы мүмкін.


Өзіңізге қалай көмектесуге болады?

  • Өзіңізге жайлы орта қалыптастырыңыз 

Күзгі сұрқай күндері бойға қуат беру үшін психологтар даттардың әйгілі «хюгге» философиясына назар аударуға кеңес береді. Хюгге – асығыстықты қойып, қарапайым сәттердің өз бойынан жылылық пен жайлылық табу өнері.

«Данияда жылдың басым бөлігі қараңғы, әрі суық болып келеді, сондықтан адамдардың да сыртқа шығуға ынтасы бола бермейді. Десе де олар өмірді сүюдің өзіндік жайлылық мәдениетін қалыптастыра білді: хош иісті майшамдар, жылы көрпе, дәмді ас, достармен өткізетін жайлы кештер мен кітап оқу. Мұндағы басты мақсат әркім өзіне жақын жан тыныштығын тауып, оны күнделікті әдетке айналдыруында. Мен үшін хюгге  ең алдымен өмір сүру сапасы», – дейді Айнұр Құмарғали.

  • Жарық уақытта сыртта жүріңіз

Күн бұлтты болса да, далада табиғи жарық көбірек болады. Сондықтан мүмкіндік болса, күндіз сыртта серуендеген дұрыс.

«Жарықпен емдеу – мезгілдік депрессияда шынымен көмектеседі, оның ғылыми дәлелі бар. Далада серуендеу, қозғалыс, дұрыс ұйқы, достармен жүздесу мен сүйікті хобби де пайдалы», –  деп Назигүл Темірғалиева өз ойымен бөлісті.

Татьяна Калашникова да адамның өз жағдайына қарап, құлақ асуына кеңес береді:

«Дәл қазіргі ішкі күйіңізге қандай жарық жетіспей тұрғанын сезініп көріңізші. Мысалы, мен аналитикалық бағытта жұмыс істейтіндіктен, сессияларды бәсең жарықта өткізгенді ұнатамын. Өйткені адамға өзінің бейсаналы ішкі әлемімен тереңірек байланысуға мүмкіндік беру мен үшін маңызды».

  • Ұйқы тәртібін қалпына келтіру

Күзде ұзағырақ ұйықтағыңыз келуі мүмкін. Бірақ үнемі шамадан тыс ұйықтау кейде әлсіздік пен дел-салдық сезімін күшейтеді. Сондықтан күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұру керек. Тұрақты ұйқы тәртібі ағзаның жаңа маусымға бейімделуіне көмектеседі.

  • Қозғалысты арттыру

Күз түсе белсенділікті азайтып, үйде көбірек отыруға бейімбіз. Десе де, тұрақты дене қозғалысы – стрессті азайтып, эмоционалды жағдайды реттеуге көмектеседі.


Айнұр Құмарғали:

«Бұған дейін спортпен шұғылданбаған болсаңыз да, күзде денені сергітуге уақыт бөлгеніңіз абзал. Бұл үшін міндетті түрде спорт залына бару шарт емес: монша, массаж, таңертеңгілік созылу жаттығулары немесе ашық ауадағы серуеннің өзі ағзаға үлкен қолдау болады».

  • Адамдардан оқшауланбау

Көңілдің хошы болмай, бойдан қуат кеткенде кездесулерден кашып, өз ініңе тығылғың келетіні заңды. Бірақ айналадан толық оқшаулану көңілсіздікті одан әрі тереңдете түседі. Бұл орайда бүкіл әлеуметтік белсенділікті сақтап қалу міндетті емес. Жұмыстан кейін сырлас досыңызбен кездесу, жақыныңызға телефон шалу немесе жай ғана бірге серуендеп қайтудың өзі жеткілікті. Дегенмен психологтар кәсіби психологиялық көмектің орнын жақындар мен достармен басуға болмайтынын ескертеді.


Айнұр Құмарғали:

«Адамға өз сезімі туралы ашық әрі қауіпсіз сөйлесе алатын арнайы кеңістік қажет. Мұндай ішкі сырласуды психологпен қауіпсіз ортада өткізген абзал. Достар, серіктес немесе туыстар белгілі бір деңгейде ғана қолдау көрсете алады, өйткені олар мұндай ауыр эмоционалдық жүктемені көтеруге әрдайым дайын бола бермейді. Сондықтан қиын жағдайда кәсіби көмекке жүгінген өте маңызды».

  • Күн тәртібіне сүйікті істерді алдын ала жоспарлау

Күз түсе салысымен байқаусызда «жұмыс – үй – ұйқы» шеңберіне қалу оңай. Сондықтан жаныңызға қуаныш сыйлайтын кішкентай детальдарды алдын ала күн тәртібіне енгізіп отырған абзал. Бұл – киноға немесе көрмеге бару, қала сыртына серуендеп қайту, жақындармен жүздесу немесе бұрыннан армандап жүрген жаңа хоббиді қолға алу болуы мүмкін.


Айнұр Құмарғали:

«Күз аяқтала бергенде, тән ғана емес, жан да рухани қорекке мұқтаж болады. Мұражай, сұлулық, сәулелі музыка мен жаңа әсерлер – мұның бәрі сыртқы әлемнен ішке жылу жинап, сол арқылы ішкі балансты қалпына келтірудің таптырмас жолы».

  • Маусымның өз дәмін табу

Маусымдық тағамдар, бала кезден таныс дәмдер мен үйде дайындалған ас та күзді қабылдаудың жеке бір рәсіміне айналуы мүмкін.


Татьяна Калашникова:

«Күздің өзіне тән дәмі мен иісі бар: асқабақ, алма, үйде піскен бәліш. Осындай қарапайым дүниелердің өзі мезгілдің ерекше атмосферасын қалыптастырып, адамға өзінше қолдау береді».

  • Өзіңізге жұмсақ қарау

Күзді «тезірек өтіп кетуі керек кезең» деп қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл да өзгеріс пен бейімделу кезеңі.

«Өмір – әртүрлі түстерден тұратын күрделі құбылыс. Мұнда тек қана қараңғылық пен мұң немесе керісінше, тек шексіз қуаныш болуы мүмкін емес. Шаттықтың артында аздап мұң жатуы ықтимал, ал ең ауыр әрі қорқыныш сәттерде үміттеніңіз. Мезгілмен бірге өзгеру, бір күйден екіншіге өту оңай емес, бірақ өзгеріс – өмірдің басты заңдылығы. Ештеңе де бір орнында қатып қалмайды, біз үнемі жаңа ырғаққа бейімделеміз. Өмірдің шынайы мәні де осы».

Осындай кезеңде өзгеріске бейімделу үшін бұрынғы қарқынды талап етпей, өзіңізге тынығуға, жаныңызға жағатын істерге және ішкі күйіңізге уақыт бөлгеніңіз абзал.


Айнұр Құмарғали:

«Өз-өзіңізге барынша жұмсақ, кешірімді әрі қамқор болған маңызды. Күз – ішкі әлеміңізге үңіліп, өзіңізге мұқият қарауға, шынайы қажеттіліктеріңізді сезініп, дәл қазір жаныңызға қандай жылулық жетіспей тұрғанын түсінуге берілген ең қолайлы уақыт».

 

Бөлісу: