Кеше ғана «Сантьяго жолы» тек құлшылық, ғибадатханаға бару мен дұғадан тұратын сапар еді. Қазір бұл саяхатшылардан бастап спортшыларға дейінгі адамдардың мәдени кодына айналды. Мысалы, кино актеры және каскадер Ерден Телемисов пен оның жұбайы Наталья Телемисова Камино-де-Сантьягоның әртүрлі бағытын – 627 және 840 шақырымды, екі рет жаяу жүріп өткен. Біз осы екі пилигриммен сөйлесіп, олар үшін бұл сапардың қандай мәні бар екенін сұрадық.
Аңыз: дін және саясат
Христиан дәстүрінде Иса Мәсіхтің 12 апостолы бар, солардың бірі – Иаков Зеведеев. Ол Иаирдің қызын тірілтті, Иса Мәсіхтің өзгерген сәтін көрді және Гефсиман бақшасындағы дұғаның куәсі болды. Аңызға сенсек, Иса қайта тірілгеннен кейін Иаков Испанияға барып, христиан дінін насихаттай бастайды. Шамамен 44 жылы оны патша I Ирод Агриппа өлтірген, сондықтан Иаков христиан тарихындағы алғашқы шейіттердің бірі саналады.
Оның шәкірттері денесін кемемен Галисияға апарып жерлейді. Сол жерге кейінірек үлкен Сантьяго-де-Компостела храмы салынған, ол ғасырлар бойы қажылықтың басты орнына айналған.
Бұл атау да жайдан-жай қойылмаған. Бір күні Пелайо деген тақуа адам аспанда жұлдыздардан құралған ерекше бір «жұлдызды алаңды» көреді. Латынша campus stellae дейді. Сол белгі қабірдің тұрған орнын көрсетеді деп сенген. Кейін осы сөзден «Компостела» атауы шыққан.
Енді осы жерден бастап саясат басталады. IX ғасырда Пиреней түбегінің бір бөлігін мұсылмандар билеген. Сол кезде солтүстіктегі христиан корольдіктеріне халықтың қолдауы аса қажет еді. Өйткені онсыз жерін қорғау оңай емес. Сондықтан бәрін біріктіретін рухани орталық, қорған болар символ керек болды.
Иаковтың бейнесі дәл сол кездегі бірліктің символына айналды. XI ғасырға қарай Сантьягоға апаратын жол христиандар үшін ең маңызды үш қажылықтың бірі болды. Қалған екеуі – Рим мен Иерусалим. Франциядан, Германиядан, Италиядан арнайы маршруттар ашыла бастады. Жол бойында монастырьлар, ауруханалар, ауылдар мен базарлар пайда болды. Тіпті орта ғасырда осы жолға арналған Codex Calixtinus деген жолсілтеме кітабы да жазылған.
Барлық маршрут Сантьяго-де-Компостела қаласындағы Әулие Иаков соборына апаратын. Алайда XVI-XVIII ғасырларда соғыстар, реформация, шіркеу мүлкін мемлекетке алу сияқты оқиғалардың ықпалынан қажылыққа қызығатындар азайып, уақыт өте келе бұл жолдар ұмыт болды.
Тек 1980 жылдары бұл маршруттар қайта жандана бастады. Бұған бірнеше себеп бар еді: Испания Франко диктатурасынан кейін өз ұлттық болмысын іздеді, Еуропа елдері ортақ мәдени негіз табуға тырысты, католик шіркеуі адамдарды рухани бастауға шақырды, ал көпшілік соғыс пен қиындықтардан шаршап, өмірден жаңа мән іздей бастады.
Сөйтіп бірден бірнеше мәселе шешіліп, Камино жолын қалпына келтіре басталды. Жолдарға сары белгілер қойылды, қажыларға арналған арзан жатақханалар – альбергелер қайта ашылды. 1987 жылы Еуропа кеңесі Каминоны Еуропаның алғашқы мәдени маршруты деп жариялады, ал кейін бұл тарихи жолдар ЮНЕСКО тізіміне енді.

Наталья Телемисова:
Камино туралы алғаш рет 2017 жылы естідім. Бірақ ол кезде “осы жолды өзім жүріп өтемін” деген ой мүлде болмады. Қызық әрі қиын болып көрінді. Өзімді сынағанды жақсы көремін. Алайда survival туралы реалити-шоуларды диванда отырып қана көретінмін. 2020 жылы бір досым Түркиядағы Ликий жолын бірге жүріп өтейік деді. Мен бірден “Не?! Бір ай жаяу жүру? Палаткада тұру? Жоқ, ешқашан!” дедім.
Бірақ кейін Дудьтің Птушкинмен сұхбатын көрдім. Олар дәл сол Ликий жолымен жүрген екен. Сол кезде ішімнен бірдеңені сезгендей, “Маған да бару керек шығар” деген ой келді. YouTube-та адамдардың сол жолды қалай жүргенін көп көрдім де, қатты қорқынышты еместей көрінді. Сол видеолардың арасында Камино-де-Сантьяго туралы да әңгімелер кездесе бастады. Сол кезде өзіме “Бір күні міндетті түрде осы жолды жүріп өтемін” дедім. Сөйтіп әуелі дайындық үшін қысқалау маршруттардан бастадым. Өмірімдегі алғашқы 100 шақырымды төрт күнде жүріп өттім. Палаткада ұйықтадық, отта тамақ істедік. Физикалық тұрғыдан қиын болды, түнде суық еді, бірақ өте әдемі болды. Содан кейін Түркияға барып, Ликий жолының бір бөлігін жүріп өттім. Сол жорықтар арқылы өзімді тексердім. 100 шақырым жүре алсам, онда 10 есе көп жүре де алатынымды түсіндім».
Қазір Camino de Santiago әр адам үшін әртүрлі мағына береді. Біреу үшін – рухани сапар, біреу үшін – спорттық сынақ, біреу үшін – өзін тану жолы, ал біреу үшін – жай ғана саяхат.
Католик дәстүрінде қажылық – күнәлардан арылудың бір жолы. Кейбір адам бұл жолға ниеттеніп, тілек тілеп шығады. Мысалы, біреу денсаулық сұрайды, сәбилі болғысы келетінін айтады немесе өміріндегі қиын жағдайдан шығудың жолын іздейді. Мұндай сапар жеке бір рухани сынақ сияқты. Адам белгілі бір тілегінің орындалуы үшін, яғни өтеуі ретінде осы жолды жүріп өтеді.
Жолда болашақ шіркеу қызметкерлерін де кездестіруге болады. Олар Каминоны өзінің рухани тәжірибесінің бір бөлігі ретінде санап, жүріп өтеді. Ал Юбилей жылдары (яғни 25 шілде – Әулие Иаков күні жексенбіге сәйкес келген кезде, бұл Қасиетті жыл деп жарияланады) жолда дін қызметкерлері өте көп болады. Мұндай жылдары «Қасиетті есік» ашылып, пилигримдер ерекше индульгенция ала алады.

Наталья Телемисова:
«Басында бұл жолға жалғыз шығамын деп ойладым. Сондықтан бірден 1000 шақырым жүріп өтетін ұзын маршрут іздедім. Мысалы, Испанияның оңтүстігінен солтүстігіне дейін. Бірақ кейін күйеуім де бірге барғысы келетінін айтты. Содан маршрутты қысқартуға тура келді. Өйткені мен моральдық жағынан да, физикалық жағынан да дайын едім, ал ол әлі дайын емес болатын».
Ерден Телемисов:
«Шынымды айтсам, бұл жолға шығу идеясы менікі емес, Наташанікі. Мен бұл маршрут туралы бұрын мүлдем білмейтінмін. Ол жарты жыл бойы мені көндірді. Басында қарсы болдым. Өйткені ол жалғыз бармақ болды, ал жолда орман да, өндіріс аймақтары да бар. Бірақ жолға шыққан соң, қорқынышым сейілді. Біз Камино-де-Сантьягоны екі рет өттік. Себебі Португалия мен Испания жолдары қауіпсіз болды».
2024 жылғы Oficina del Peregrino статистикасына қарасақ, бүгінгі пилигримдердің жартысынан көбі Сантьяго жолын діни қажылық ретінде емес, саяхат, жеке даму, мәдени тәжірибе немесе физикалық сынақ ретінде қабылдайды. Мұны ғылыми зерттеулер де растайды. Көптеген саяхатшы бұл жолға рухани ізденіс үшін, табиғатпен жақын болу үшін және жаңа әсер алу үшін шығатынын айтады. Бұрын адамдар үшін ең бастысы – соңғы нүктеге жету болса, қазір басты назар адамның өзіне, оның ішкі тәжірибесіне ауысқан.
Ерден Телемисов:
«Басында мен де “Маған бұл не үшін керек?” деп ойладым. Өз басым белсенді демалыс түрін ұнатпаймын. Достарым да “Бұл саған қызық емес қой” деді. Өзім де таңғалдым. Шынымды айтсам, ерекше бір рухани аян алдым деп те айта алмаймын. Бірақ жақсы бір серпіліс болғаны рас. Жолдың көп бөлігінде әйелім екеуіміз бір-бірімізден сәл алшақ жүрдік. Фильмдердегідей қол ұстасып, қатар-қатар жүрмейсің. Ең бастысы – бір-біріміз көзге көрініп тұрсақ болды. Кейде мен, кейде ол алда жүреді. Жолда өз ойыңмен жалғыз қалу өте қызық тәжірибе екен. Оның үстіне, төзімділік те артады. Бұл демалыс емес, кәдімгідей сынақ. Тағы бір қызығы – әр жылы ағза әртүрлі болып өзгереді екен. Бірінші жылы біз 600-ден аса шақырым жүрдік. Үйге келгенде салмағым өзгермепті, бірақ денемде өзгеріс болды. 11 килограмм май кетіп, оның орнына 10 килограмм бұлшықет қосылыпты. Ал екінші жылы не болғанын білмеймін. Испанияда ақуыз көп жемеген шығармыз. Оның үстіне ол жақта шарап өте дәмді екен, күнде іштік. Үйге қайтқанда денсаулығым сәл сыр бергенін байқадым. Қан қысымым да, қант деңгейім де өзгеріп кетіпті».
Қазір бұл қажылық жолы әлеуметтік желілерде де қатты танымал болып кеткен. Мысалы, TikTok-та #CaminoDeSantiago деген хэштегпен 135 мыңнан аса видео бар. Адамдар жолдағы әсерлерін бөліседі, қалай жүргенін айтып, пайдалы кеңестер береді, жол бойындағы әдемі табиғатты көрсетеді. Бұл маршрут TikTok-тың орыс тіліндегі сегментінде де танылып жатыр. #Путьсантьяго деген хэштегпен екі мыңға жуық видео жарияланған. Пікірлерде адамдар бір-бірімен ақпарат алмасып, өз тәжірибесін айтып, кейде тіпті бірге жолға шығуға келісіп жатады.
Ерден Телемисов:
«Жолда күн сайын жаңа адамдармен танысасың. Кейбіреуі бірден жақын тартып кетеді. Мысалы, Португалия арқылы жүрген кезде бізде шағын бір топ қалыптасты: Лондонда өз шіркеуі бар бір адам, Том деген америкалық мектеп психологы (түрі Дэнни Де Витоға ұқсайды), тағы бір америкалық азамат бар еді – өзі Перуде туған, Дензел Уашингтонға ұқсайды, бұрын Ирактағы соғысқа қатысқан екен. Ал Испаниядағы маршрутта басқа компаниямыз болды: чехтар, орыстар, Италиядан барған Джованни, Швейцариядан барған бір қыз. Жолда осылай жаңа достар табу – шынында керемет нәрсе»
Жолай не бар?
Каминоның төрт негізгі маршруты бар:
Француз жолы (Camino Francés). Бұл – ең танымал әрі инфрақұрылымы жақсы дамыған маршрут. Ол Испанияның солтүстігін түгелдей кесіп өтеді.
Солтүстік жол (Camino del Norte). Бискай шығанағының жағалауымен өтетін, табиғаты өте әдемі маршрут.
Португал жолы (Camino Portugués). Бұл жол Португалиядан басталады (көбіне Порту қаласынан). Басқа бағыттарға қарағанда жеңілірек саналады.
Примитиво жолы (Camino Primitivo). Ең көне маршруттардың бірі әрі ең қиын бағыт. Ол Астурия таулары арқылы өтеді.
Наталья Телемисова:
«Мен жолдың жеңілірек нұсқасын – Португал жолын таңдадым. Бірақ көп адам бастайтын Порту қаласынан емес, сәл ұзындау бағытты – Лиссабоннан басталатын 680 шақырым жолды алдық. Лиссабонда біз соборға барып, креденсиаль алдық. Бұл – пилигримнің паспорты сияқты нәрсе. Камино бойымен жүргенде альбергелерде, шіркеулерде, тіпті кейбір барда да соған мөр қойдырып отырасың. Менде ерекше бір рухани сұрақ немесе ниет болған жоқ, сондықтан бұл сапарды көбіне қызық үшін және өзімді физикалық жағынан сынау деп қабылдадым. Бірақ көрген видеолардың бәрінде адамдар «Каминоның кереметі» туралы айтып жататын. Сондықтан біз де сол Камино кереметі бізге жолыға ма екен деп күттік. Шынын айтсам, бірінші күннен-ақ жолымыз болды. Бірінші күнге альбергеде түнейтін жерді алдын ала брондамадық, өйткені қанша шақырым жүретінімізді білмедік. Бір шағын қалаға жеткенде қараңғы түсті. Жоспарлаған альбергелеріміздің біреуі жабық, біреуі телефонға жауап бермейді. Сол кезде біз ұйықтайтын қаптарымызбен көшеде қонуға дайындала бастадық. Супермаркетке кірсек, кассада тұрған қыз бізге орысша жауап берді. Сосын көмек қолын созды. Ол бізді жақында ғана Беларусьтен көшіп келген туыстарына жіберді. Сөйтіп біз көшеде қалмадық – душ та бар, кешкі ас та болды. Міне, біздің алғашқы «Камино кереметі» осы болды».
Ерден Телемисов:
«Жұбайым Португал маршрутымен жүрейік деді. Себебі ол өте жақсы, жайлы ел, ал мен ол жақта бұрын болмағанмын. Екінші рет барғанда біз Испаниядағы Солтүстік жолды (Camino del Norte) таңдадық. Бұл маршрут көбіне мұхит жағасымен өтеді, өте әдемі жерлер. Меніңше, бұл – ең әдемі бағыттың бірі».

Каминода сары жебе және теңіз қабыршағының белгісі бар. Адамдар тауда немесе орманда адасып кетпес үшін осы белгілерге қарап жүреді. Ал Сантьяго-де-Компостела соборының алдындағы алаңға жеткенде бәріне Компостела деген сертификат береді. Оны алу үшін кемінде 100 шақырым жаяу жүру керек немесе 200 шақырым велосипедпен жүріп өту қажет.
Ерден Телемисов:
«Алғаш жолға шыққанда мені не күтіп тұрғанын білмедім. Төртінші күні аяғым қатты қажалып, үлкен күлдіреуік шығып кетті, содан бір апта бойы ақсаңдап жүрдім. Бірақ көңіл жағынан бәрі керемет болды. Бір жағынан жол өте қиын, ал екінші жағынан өміріңде бармаған, баруың да екіталай жерлерге тап боласың. Оның үстіне табиғаты ерекше әдемі».
Барлық пилигрим жолда альбергелерде тоқтайды. Бұл – арнайы пилигримдерге арналған қарапайым жатақханалар. Түнегені үшін адамдар әдетте 5-15 еуро шамасында донат қалдырады. Жол бойындағы қалаларда көптеген кафе мен мейрамхана саяхатшыларға арнайы түскі ас ұсынады. Әдетте ол – екі түрлі тағамнан тұратын үлкен порциялар және шарап. Кейде тіпті бір адамға тұтас бөтелке шарап береді.
Ерден Телемисов:
«Әдетте ең қиын бағыттар – ең әдемісі. Бастапқыда Португал жолы қиын сынақ шығар деп ойладым. «Бірақ Испанияға жетіп, одан Солтүстік жолмен жүргенде, бір күні Барселонадан түнде автобуспен келіп, дұрыс ұйықтамай, таңғы алтыда қараңғыда тауға қарай жүріп кеттік. Бірнеше жүз метрге көтерілген кезде ішімнен тағы да: “Маған осының бәрі не үшін керек?” деп ойладым». Кейде бәрін тастап, үйге қайтып кеткім келген сәттер болды. Шамамен екі күнде бір рет сондай ой келеді. Жалғыз болсам, мүмкін екінші күні-ақ “бұл менікі емес” деп, сыра ішіп, қонақүйде демалып жатар ма едім. Бірақ жанымда әйелім болғандықтан шыдадым».
Наталья Телемисова:
«Мені таңғалдырғаны, Каминоға әртүрлі жастағы адамдар барады екен. Біреулер бұл жолды 3 рет, біреулер 5 рет, тіпті 8 рет жүріп өткен. Олар “Камино адамды өзіне тартып алады. Үйге оралған соң қайтадан осы жол туралы ойлай бастайсың” деп айтатын. Бізде де солай болды. Бір жылдан кейін біз Camino del Norte 820 шақырымдық маршрутын жүріп өттік. Бұл – Испанияның солтүстігімен өтетін жол. Өмірімде мұндай әдемі жер көрмеген шығармын. Жолдың көп бөлігінде мен айналадағы табиғатқа қарап жай ғана күліп жүрдім. Ішімде бір ерекше жылылық, махаббат сезімі болды. Маған ол сезім бүкіл жерде бар сияқты көрінді. Жолда екі рет адамдардың үйленуге ұсыныс жасағанын көрдім. Біреуінде жігіт менен видеоға түсіріп беруімді өтінді».
Жол оңай болған жоқ: біресе ұзақ көтерілеміз, біресе қайта төмен түсеміз. Бірақ соған қарамастан айналасы керемет еді. Кейбір ерекше жерді көру үшін негізгі жолдан бірнеше шақырым бұрылып кетуге тура келді. Бірақ бәрі шыдауға тұрарлық.
Барлық саяхатшы арқасына 10 келі шамасында дорба алып жүреді. Ішінде ең қажет заттар ғана болады: қосымша киім, жаңбырдан қорғайтын плащ (бұл жақта ауа райы тез өзгереді), ыңғайлы треккинг аяқкиім және скандинавиялық жүріске арналған таяқтар.
Ерден Телемисов:
«Жолға ештеңе күтпей шықтым. Бірақ осы сапарды бастан өткергеніме қуанамын. Әрине, бұл жолға шығуыма әйелім себеп болды. Бұл жол біздің қарым-қатынасымызды да біраз сынады. Арасында сөзге келіп, ренжісіп қаламыз. Бірақ сол қиындықтардың өзі бізді бұрынғыдан да жақындата түсті. Ең бастысы – бәрін бірге өткердік, әлі де біргеміз, бәлкім бір-бірімізді бұрынғыдан да қатты жақсы көреміз. Жол үстінде кейде өзімнің шығармашылық жоспарларымды ойлап жүретінмін. Ал кейде табиғаттың сұлулығына қарап, ештеңе ойламай, сол сәттен жай ғана рахат алатынмын. Терең тыныстап, жүріп келе жатқанда біртүрлі тыныш күйге енесің. Жай ғана бәрін тамашалап, айналаңа қарап келе жатасың».
Қазір Сантьяго жолымен жүру – жыл өткен сайын жеңіл. Қалаған адам жолды жайлы жағдайда да жүріп өте алады: экскурсиялар бар, жүгіңді тасып беретін қызмет бар, түнейтін жер мен тамақ табу да қиын емес.
Наталья Телемисова:
«Кей күні күйеуім “автобуспен не пойызбен жүре салсақ қайтеді?” деп айтатын. Ал мен үшін жолды басынан аяғына дейін жаяу жүру маңызды болды. Қысқартпай, ауа райынан қашпай, аяғың қанап тұрса да жүре беру керек. Камино кезінде түрлі жағдай болды. Мысалы, Португалияда орман өртенген, бірақ біз жеткенше оны сөндіріп үлгерген. Кей жерді жаңбырдан кейін су басып қалса да, біз шағын шалшықтарды кешіп өттік. Ал келесі күні келген пилигримдер сол жерден бел ортасына дейін су кешіп жүрген. Біз мұхит жағасынан дер кезінде кетіп, дауылдан аман қалдық. Бір қыз соқыр итімен келе жатқан. Кейін бізге “бүгін соңғы күніміз шығар” деп ойлағанын мойындады. Жел қатты соғып, ұшып кетпес үшін ағаштарға жармасып тұрған екен. Ал бізді сол қиындықтардың бәрі айналып өтті. Мен үшін Каминоның кереметі – осы».
Каминодан кейін
Ерден Телемисов:
«Тағы бір түсінгенім – көбірек саяхаттау керек. Мүмкін, бұл жолғыдай ауыр сынақпен емес, сәл жеңілірек болатындай. Португалия мен Испанияда тұратын достарымыз “Сендер жаяу жүріп елді бізден де жақсы танып үлгердіңдер” деп айтады. Мен діндар адам емеспін, бірақ сенімім бар. Сол сапарда бір ерекшеu қуатты сезгендей болдым. Әлемнің әдемілігіне, түрлі мәдениетке тағы бір мәрте таңғалдым. Адамдар қаншалық әртүрлі болса да, соншалық бәріміз ұқсаспыз.
Мен толық өзгерген жоқпын. Бірақ Португалия мен Испанияның иісі, желі, жаңбыры, күн шуағы, адамдардың мінезі қандай екенін бұрынғыдан гөрі жақсы сезіндім. Тағы бір нәрсені түсіндім. Қалада жүргенде ойыңда үнемі үлкен жоспарлар, кездесулер, түрлі жұмыс тұрады. Үйде жылы төсек, тамақ бар. Ал жол үстінде бәрі қарапайым нәрселерге тіреледі – қайда қонасың, таңғы асты қайдан ішесің, қайда түскі ас табасың, киімің таңға дейін кебе ме? Сол кезде миың да демалады. Адам жай ғана өмір сүріп жүргенін сезеді. Кейде дәл осындай қарапайым өмір жетіспей кетеді. Бірақ тағы бір Каминоға шығу ойымда жоқ. Екі рет жүргенім жетеді».
Наталья Телемисова:
«Камино маған екі жақсы адамды жолықтырды – Финляндиядан Майя мен Швейцариядан Ирета. Қызығы, екеуіміз де бір уақытта Монбланды айналып өтетін маршрут туралы біліппіз. Сосын сөйлесіп, жоспар құрып қойдық. Енді шілдеде үшеуміз бірге палаткамен, газ плиткасымен, жорыққа арналған ыдыстарымызбен тауға барамыз. Бірақ ол – енді басқа әңгіме».



