ӘлемдеЭкономикаСанкция деген не және оның қарапайым халыққа қандай әсері бар?

Санкция деген не және оның қарапайым халыққа қандай әсері бар?

23 қаңтар 2026
5 мин
Что такое санкции и их влияние на обычный народ?
Фото: Unsplash

Кейінгі жылдары “санкция” сөзі жиі айтылып жүр. Себебі бұл саудаға, төлемге, саяхатқа және шетел сервистеріне әсер етіп отыр. Тіпті санкция салынбаған елдер де оның салдарын сезеді. Сонымен санкция деген не және оның әсері қандай болатынын түсіндіреміз.


Санкция – бір немесе бірнеше мемлекет басқа елдің саясатына ықпал ету үшін қолданатын шектеу шарасы. Бұл әскери қақтығыстың баламасы ретінде қолданылады.


Оның бірнеше түрі бар.
Экономикалық сауда – саудаға, инвестицияға, қаржы нарықтарына қойылатын шектеулер. Мысалы, мұнайды сатуға немесе технология әкелуге тыйым салу.
Қаржы санкциялары – активтерді бұғаттау, халықаралық төлем жүйелерінен (SWIFT) ажырату, банк операцияларын шектеу.
Секторлық санкциялар – энергетика, қорғаныс өнеркәсібі, банк сияқты нақты салаларға салынатын шектеулер.
Жеке санкциялар – нақты бір адамға, кәсіпкерге салынатын шектеу. Мысалы, бір шенеуніктің е есепшотын бұғаттайды, елге кіруге тыйым салады. 
Технология санкциялары елге заманауи техника мен бағдарламаларды сатуға тыйым салу. Мысалы, зауытқа қажет жабдықты, чиптерді немесе лицензияланған бағдарламаларды сатып ала алмау.


Санкцияны қалай енгізеді?


Президент жарлық шығарып, парламент шешім қабылдап немесе халықаралық ұйымның құжаты арқылы санкция салынады. Кейде бір ел өзі, кейде бірнеше мемлекет бірігіп бір елге, кәсіпке, адамға қатысты шешім шығарады.  


Әдетте санкция бірден күшіне енбейді. Әуелі жеңіл шектеулер қойылады. Одан нәтиже болмай жатса, қатаң шаралар қабылдайды. Санкция бірнеше жылға қойылуы мүмкін. Кейде саясат өзгеріп, жағдай жақсарса, санкцияны алып та тастайды. Мысалы, қазір батыс елдерінің бірқатары Украинаға қарсы ашқан соғысына байланысты Ресейге санкция салған. Соның салдарынан Ресейдегі кейбір ірі бренд жұмысын тоқтатқан, визалар мен халықаралық рейстерге шектеу қойылған.



Санкция қарапайым халыққа қалай әсер етеді? 


Зардабын ең әуелі санкция салынған елдің азаматтары сезеді. Кейін ол елде тауарла қымбаттайды, валютасының құны төмендейді, инфляция күшейеді. Елде кейбір тауар мен технология тапшы болады, халықтың табысы азайып, өмір сапасы біртіндеп нашарлайды. 


Әлеуметтік сала да өзгереді. Импортқа тәуелді салалар өндірісін қысқартып, жұмыс орнын азайтады. Сол елдің тұрғындары халықаралық сервистерді пайдалана алмай қалады: төлем жүйелері мен онлайн платформалар істемейді. Шетелге шығу да қиындайды: виза, төлем және шетелде қызметтерді пайдалану қиындайды.


Бизнес иелері ісін қайта жоспарлап, реттейді. Компания қаншама жыл бойы қалыптасқан жұмыс процесін өзгертуі, тоқтатуы, тіпті қажет жабдықтар мен материалдар ала алмай қалуы да мүмкін.


Компаниялар санкция салдарынан тоқтап қалған бағыт бойынша жаңа серіктестер іздеуге мәжбүр болады. Ал бұл шығынды көбейтіп, бәсекені төмендетеді. Осындай қысымға төтеп бере алмаған кәсіпорындар жабылып, елде жұмыссыздар көбейеді.


Санкциялар үшінші елдерге қалай ықпал етеді? Қазақстан мысалында


Санкциялар жаһандық сауданы, шикізат нарығын өзгертіп, елдер жаңа сауда жолын іздеуге мәжбүр болады. Санкция салынған елмен байланысы бар мемлекеттер де екінші реттік шектеуге тап болуы мүмкін. Екінші реттік санкциялар – бұл усанкция салынған елмен байланысы бар үшінші елдерге әсер ететін шектеулер. Мысалы, бір елге санкция салынса, сол елге тауар немесе қызмет жеткізетін басқа елдер де санкцияның салдарын көреді.


Елден McDonald’s кетті
Мәселен, кейінгі жылдары Қазақстан санкция салынбаса да, Ресейге жақын орналасып, экономикасы байланысты болған соң, оларға қойылған шектеулердің салдарын сезді. 2023 жылы McDonald’s елдегі жұмысын тоқтатты. Компания франшиза келісімі бітті дейді. Бірақ сарапшылар мұны екінші реттік санкциямен байланыстырады. Кейін бренд қайта құрылып, I’m деген атаумен жұмысын жалғастырды.


Қазақстаннан ресейлік банктер кетті
2022 жылы Ресейге санкция қойылған соң, Қазақстанда істейтін ресейлік банктер жұмысын өзгертуге мәжбүр болды. Себебі банктер ресейлік топ құрамында қалса, екінші реттік санкцияға ұшырауы мүмкін. Кейін халықаралық төлемдер жасай алмай, шетел банктерімен жұмыс істей алмай қалатын еді.


Сөйтіп тамызда Сбербанк қазақстандық бөлімшесін Қазақстан үкіметіне, “Байтерек” холдингіне сатып, кейін Bereke Bank деп аталды. Ал сәуірде Альфа-Банк Қазақстандағы банкін ЦентрКредит Банкіне сатты.


Елдегі азаматтарға, кәсіп иелеріне банктің жаңа шартына бейімделуге тура келді. Дегенмен банк клиенттің алдындағы барлық міндетін орындайтынын айтты. Қазір елде жұмысын жалғастырып отырған жалғыз ресейлік банк – ВТБ.


Экономика санкцияға бейімделе ала ма?


R-Finance ұйымының қаржы кеңесшісі Арман Байғанов кез келген елдің экономикасы санкция жағдайына белгілі бір деңгейде бейімделе алады дейді. Бұған әлемде болған мысал көп.


“Куба, Иран сияқты мемлекеттер ондаған жыл бойы шектеулермен өмір сүріп келе жатыр. Иә, бұл елдер баяу дамиды, технология прогресі тежеледі, бірақ экономика тоқтап қалмайды, бейімделудің жолын табады: санкцияға бейімделу үшін жаңа жеткізушілерді іздейді, өз өндірісін дамытады. Батыс тауарларын ала алмаса, Азия елдеріне назар қояды. Сонымен қатар мемлекет импорттың орнын басатын отандық өндірісті қолдайды”, – дейді маман. 


Дегенмен сарапшы импортты толық алмастыру мүмкін емес дейді. Соның салдарынан мемлекет дамымай қалады. Бұған Солтүстік Корея мысал бола алады.


“Шын мәнінде, жоғары дамыған елдердің енгізетін санкциялары технологияларға, инвестицияға, арзан қаржыға жете алмай қиналады. Ал АҚШ санкцияларын жою үшін Конгрестің шешімі қажет, ал бұл жылдарға созылуы мүмкін. Куба, Иран, Солтүстік Корея – ондаған жыл бойы санкциялармен өмір сүріп келе жатқан елдер. Сондықтан санкциялар жақында алынып тасталады деп күтудің өзі қате”, – деді Арман Байғанов.


Санкция кезінде қандай мүмкіндіктер пайда болады?


Қаржы кеңесшісінің сөзінше, кейде санкция жаңа мүмкіндіктер береді. Дегенмен санкцияға ұшыраған елдерге емес, көршілес елдерге тиімді болуы мүмкін.

“Санкция кезінде Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі өсті. Қытай-Еуропа бағытындағы жүк тасымалы Қазақстан арқылы жиі өтіп жатыр, кейбір тауардың айналымы артты. Бірақ бұл мүмкіндіктермен қатар қауіп те бар. Қазақстандық компаниялар санкцияны айналып өтуге қатысты күдік тудырмауы үшін екінші реттік санкция қаупін үнемі ескеріп отыруға тиіс”, – дейді маман. 


Санкция кезінде халық пен кәсіп иелері нені ескергені жөн?


Қарапайым азаматтар да, кәсіп иелері де қаржы тұрақтылығына аса мән беруі қажет. Себебі әдетте санкция кезінде несие қымбаттайды, валюта құбылады, жұмыссыздық көбейеді. Мұндай кезде қарыз алмай, қаржы сауатын, кәсіби біліктілікті арттырған жөн. Ал бизнес иелері санкция талаптарын мұқият түсініп, қандай тауарлар мен қызмет түрлері шектелгенін біліп, екінші реттік санкция қаупін болдырмау керек.

“Шектеулер салдарынан көрші елдерде сұраныс артқан жаңа нарықтар пайда болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланған компаниялар өз нарығын кеңейте алады”, – дейді маман.


Қорыта айтсақ, санкциялар тек екі елдің арасындағы мәселе емес, олардың әсері әлдеқайда кең. Қазақстанға санкция тікелей салынбаса да, елдің орналасқан жері, экономикалық байланыстары салдарын сезінуге мәжбүр етеді.

Бөлісу: