Ойын-сауықЭзотерикаСандар мен жұлдыздар: неге эзотерика трендке айналды?

Сандар мен жұлдыздар: неге эзотерика трендке айналды?

23 қаңтар 2026
5 мин
Эзотерика: почему мы верим в звезды и числа
Фото: Pexels

2024 жылы қазақстандық азаматтар көріпкелге, бақсыға, астрологқа, нумерологтарға 2,9 миллиард теңге жұмсаған. Бұл 2023 жылға қарағанда 75 есе көп. Оған қоса интернеттен тағдыр матрицасы мен наталдық карта туралы көп ақпарат іздеген. Қазақстандық азаматтар не себепті эзотерикаға қызыға бастағанын талдап көреміз. 


Қазақ қоғамы бұрыннан тылсым дүниеге сенген. Бірақ кейінгі жылдары бұл тендеция қатты байқалады. Мәселен, Қоғамдық саяси институттың 2024 жылғы зерттеуі бойынша, елімізде әрбір алтыншы адам кем дегенде бір рет көріпкелге, астрологқа, нумерологқа қызметін алу үшін барып көрген. Астрология мен нумерологияға сенетіндердің көбі Шымкент қаласы, Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы мен Астанада тұрады. Әсіресе, үй шаруасындағы әйелдер, қоғамдық және мемлекеттік жұмыста істейтіндер, оған қоса ерлерге қарағанда әйелдер көбірек жүгінеді екен.


Эзотерика қызметіне жүгінетіндер Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де көбейіп жатыр. АҚШ-та эзотериктердің бір жылдағы табысы 3,2 миллиард АҚШ доллары, ал Оңтүстік-Шығыс Азияда 36 миллиард АҚШ доллары болған. Бұл тенденцияға бірнеше фактор себеп болуы мүмкін. 


1.Адамдар қатты күйзелгенде эзотерика қызметіне жүгінеді


1982 жылы психолог Грэм Тайсон зерттеуінде адамдар астрологтарға көбіне күйзелгенде жүгінетінін анықтады. Тіпті бұл ілімге сенбейтін адамның өзі қатты жабырқап, қиын жағдайды бастан өткергенде эзотерика қызметін қолдануға дайын болады екен. Себебі адам болжам жасатып, жауап алғанда күйзелісі уақытша азайып, болашаққа сенімі артады екен.


2.Қоғамда тұрақсыздық болса, адамдар эзотерикаға әуестене бастайды


Кей кезеңде, әсіресе қоғам тұрақсыз, экономика, жағдай нашарлап, болашақ бұлыңғыр болғанда адамдар эзотерика іліміне көп жүгініп кетеді. Мысалы, 1850-1860 жыл аралығы АҚШ-та азаматтық соғыс болғанда, КСРО құлағаннан кейін және коронавирусқа қатысты пандемия кезінде эзотерикалық қызметке сұраныс артқан екен. Қазір дүниежүзінде соғыс, қақтығыс болып жатыр, әлеуметтік желіден елде болып жатқан түрлі қайғылы, негатив хабарлар шығып жатыр, экономика тұрғысынан да өмір сүру қиындап барады. Мұның бәрі адамның бір сәт эзотерикаға әуестенуіне себеп болуы мүмкін. 


“Адамдар өз өмірлеріне жауапкершілік алмас үшін бәрін жасауы мүмкін. Эзотерикаға сенетіндердің көбі – өмірінде тұрақсыздық, белгісіздік болған жандар. Олар өзінің қорқыныш сезімін бейсаналы бақылауда ұстауды қажет етеді. “Бәрі бекерден бекер емес”, “әр нәрсенің мәні бар” деген сеніммен ішкі тыныштықты сақтайды. Бұл – адамға өзін-өзі тыныштандырудың тиімді жолы”, – дейді психолог Бақыткүл Манасова.


3.Эзотерика өз-өзін тану құралына айналды


Қазір адамдар тіршілік етіп қана қоймай, сапалы өмір сүргісі келеді. Дұрыс тамақтану, спорт, медитация, өзін-өзі дамыту курстары қалыпты нәрсеге айналды. Кейінгі жылдары бұл тізімге астрология, нумерология, манифестация сияқты эзотерика практикалары да қосылды.


Бірақ қазіргі буын эзотериканы жай ғана "болашақты болжау" деп емес, өзін түсінудің, ішкі ресурсын ашудың, болашағын саналы түрде құрудың құралы деп санайды. Біреу жұлдыз картасынан өз мінезінің құпиясын іздесе, біреу сандарға қарап өзінің мықты және әлсіз тұстарын анықтайды. Тағы бірі наталды картадан өмірлік мақсатын іздейді. Кейбірі кіммен үйлесімді қарым-қатынас құра алатынын, қай салада жетістікке жететінін анықтағысы келеді. 


4.Әлеуметтік желі эзотерика ілімін қолжетімді етті


Бұрын адамдар тылсым күшке сенетінін айтуға ұялса, қазір, керісінше, чакра, астрология, нумерология сияқты ілімді зерттеу трендке айналды. Оның үстіне, оған қызығатындар бұрынғыдай “балгер жағалап” жүрмей-ақ, телефон арқылы сұрақтарының жауабын ала алады. Себебі қазір TikTok-та тағдыр матрицасына талдау жасайтын, жұлдызнамаға арналған мем мен кеңес беретіндер көп. Бұл да – эзотериканың танымал болғанына әсер еткен тағы бір фактор

Бөлісу: