Кез келген адам лифтке кіргенде алдымен батырманы басып, сосын айнаға қарайды. Киімін түзеп немесе селфи жасағанша лифттің есігі ашылып, адам шығып кетеді. Сол арадағы уақытты сезбеу үшін лифтте айна орнатқанын білесіз бе?
Неден басталды?
Лифтке айна орнату идеясы өткен ғасырдың ортасында пайда болды. Оның себебі қалаларда орналасқан биік ғимараттар көбейді. Ал биік ғимаратқа лифт керек. Сол кезден бастап тұрғындардан «Лифт өте баяу жүреді!» деген шағымдар қарша жауды. Жоғары қабатқа дейін көтерілу қаншалық ұзақ екенін білетін де шығарсыз, әсіресе ескі лифт болса.
Инженерлер лифтті бұдан да жылдам жүргізу техникалық тұрғыдан тым қымбат әрі қауіпті екенін түсінді. Содан кейін олар мәселені шешудің басқа жолын тапты. Ел арасында тараған аңызға сенсек, бұл мәселенің шешімін психолог тапқан дейді. Компания мамандары жиналып, талқылай келе бір-ақ нәрсені түсінген: уақыттың өзі емес, адамның сол сәтте немен айналысып тұрғанында. Зейініңіз басқа нәрсеге ауғанда, уақыт та зымырап өте шығады.

Қазір жан-жағы айдай анық көрінетін әйнек лифттердің немесе ішіне айнасы бар лифттердің көбейіп кеткені де осыдан.Төрт қабырғаға қамалып, ештеңе істемей күту өте қиын, ондайда тіпті 10 секундтың өзі ғасырдай көрінеді. Ішіне кірсеңіз, көзіңіз еріксіз айнаға немесе сырттағы көрініске түседі. Айнаға қарап, киіміңізді түзейсіз бе, әйтеуір назарыңыз басқаға ауып, уақыттың қалай өткенін байқамай да қаласыз. Лифт баяғыдай баяу жүріп тұрса да, көңіліңіз алданып, «неге мұнша жай жүреді» деп шағымданбайсыз.
Өйткені лифт жасайтын мамандар мынадай қулықты түсінген: сағаттың көрсетіп тұрған уақыты бір бөлек, адамның өзі сезетін уақыт бір бөлек. Ал айна – адамның назарын басқаға аударудың ең оңай жолы.
Жалпы, мұндай қулықтар өмірде өте көп. Осыны біліп алсаңыз, айналаңыздағы нәрселерге басқа көзқараспен көре бастайсыз.
Уақытпен манипуляция жасау
Хьюстон әуежайындағы мына бір оқиғаны тіпті «Нью-Йорк Таймс» газетінде жазған. Адамдар «жүгімізді тым ұзақ күтеміз» деп әуежай басшылығына жиі шағымдана береді. Басшылық жүк тасушы қызметкерлерді көбейтіп, күту уақытын 8 минутқа дейін қысқартады. Бұл негізі өте жақсы нәтиже болғанымен, шағым азаймайды.

Мәселені тереңірек зерттеп көрген соң, мына нәрсе анықталды. Ұшақтан түскен адам жүк беретін жерге бір минут қана жүреді екен. Қалған жеті-сегіз минут бойы ештеңе істемей, күтіп тұрады. Содан соң әуежай басшылығы жүктің келуін жылдамдатпай, оның орнына ұшақтарды алысқа тоқтатады. Жолаушылар ұшақтан әуежайға дейін жаяу жеткенше, чемодандары лентаға шығып тұрады. Қызығы, күту уақыты азаймаса да, жолаушылардың шағымы тоқтады. Адам қозғалыста болғанда ісі жүріп тұрғандай сезінеді, ал бір орнында тосып қалса уақытты босқа жоғалтқандай қажытады.
Мұндай мысал өмірде өте көп. Жол бойындағы бағдаршамның таймері де осыған дәлел. Күту уақыты өзгермесе де, қанша уақыт қалғанын көріп тұрған соң, уақыт тез өткендей сезіледі.
Манипуляция жасау дұрыс па?
Диснейлендтің мына бір танымал кейсін қарайық. Ондағы электронды тақталар кезектің күту уақытын әдейі 20–30 минутқа асыра көрсетіп қояды. Себебі межеленген уақыттан бұрын жеткен адам іштей "уақыт ұттым" деп қуанып, өзін кішігірім жеңімпаздай сезінеді. Ал компания бұл эмоцияны өз мүддесіне тиімді пайдаланады.
Қазір кез келген затты жеткізіп беретін қызметтер де дәл осы әдісті шебер меңгерген. Олар тапсырыс уақытын әдейі созып айтып, ертерек жеткізуге тырысады. Басты мақсат – оқырман мен клиенттің шағымын азайту.

Тұтынушыға деген сыпайылықтың артында әрдайым компанияның қаржылық мүддесі мен беделі тұрады. Сондықтан шынайы қамқорлық пен бизнес-есептің шекарасы өте нәзік.
Бұдан былай лифттегі айнаға жай ғана әйнек деп қарамаңыз. Ол – уақыт психологиясын шебер меңгерген маркетологтардың ең сәтті манипуляциясы. Үйреншікті болып кеткенімен, уақытты жылдамдатып, адам назарын алдауға оңай екенін дәлелдейтін қарапайым кейс.



