Жаңа киімді су тегін алып, мәз болған кезіңіз болды ма? Немесе достарыңызға «мынаны өте арзанға таптым» деп мақтанған шығарсыз. Бұл – сіз үшін үнем, ал өндіруші үшін миллиардтаған долларлық бизнес. Этикеткадағы “Made in Bangladesh” немесе “Made in Vietnam” деген жазудың артында жұмысқа жегілген балалар жасырынып жатқанын екінің бірі біле бермейді. Tamga Media fast fashion әлемінде киім неге сонша арзан екенін және балалар еңбегі бұл жүйені қалай ұстап тұрғанын тарқатып көрді.
Жылына 100 миллиардтан аса киім тігіледі
Fast fashion (жылдам сән) – бұл подиумдағы немесе TikTok-тағы трендті лезде қағып алып, оны өте қысқа уақытта арзан етіп шығаратын бизнес-модель. Олардың қатарына Shein, Zara мен H&M брендтерін жатқызуға болады.
Халықаралық Worldmetrics ұйымының 2026 жылғы жаңа зерттеу есебіне сүйенсек, бұл индустрия жыл сайын 100 миллиардтан аса киім тігіп шығарады, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 60% көп. Орта есеппен бір адам жылына 64 киім сатып алады, бұл көрсеткіш 2000 жылмен салыстырғанда 41% жоғары.

Бұл сауданың 60%-ы – әлеуметтік желілердің әсерінен жасалған импульсив сауда. Тұтынушылар киімді алады да, оны қоқысқа лақтырмай тұрып, небәрі 7-10 рет киеді. Ал 1960 жылдары бір адам бір киімді орта есеппен 50 рет киген.
NielsenIQ сарапшыларының 2022-2023 жылдардағы дерегі бойынша, Қытайдың Shein бренді бір миллиард доллардан аса инвестиция тартып, нарықтағы құны Zara мен H&M компанияларының жиынтық капиталынан асып кеткен. 2022 жылы Zara 6850 жаңа киім, H&M 4400 модель ұсынса, Shein 315 000 жаңа модель (киім саны емес, түрі) шығарған. Яғни бұл алпауыт дәстүрлі брендтер бірнеше ай бойы тігетін топтаманы небәрі екі-ақ күнде нарыққа шығарып, «нағыз уақыт режиміндегі сәнге» (real-time fashion) көшкен.
Қазір Shein бренді күніне 6000-нан аса, яғни жылына 2 миллионнан астам жаңа модель шығарады. Ал H&M жылына 450 миллионнан астам киім (саны) өндіреді, бұл минутына 12 000 киім тігіледі деген сөз. Zara жылына 20-30 коллекция жасап үлгереді.
Аталмыш танымал брендтер балалар еңбегін тікелей пайдаланады деген бұлтартпас дәлел жоқтың қасы, бірақ өндірісте заң бұзатындар жиі кездеседі. Мәселен, 2023-2024 жылдары Shein компаниясы өз фабрикаларында 11 және 15 жастағы балалардың жұмыс істегенін ресми мойындаса, 2011 жылы Zara-ның Бразилиядағы жасырын цехтарында «құлдыққа ұқсас жағдайлар» тіркеліп, компания айыппұл арқалаған. Ал H&M сатып алатын Үндістандағы мақта алқабында балалар жұмысқа тартылғаны дәлелденген. Алпауыт брендтердің жеке тігін зауыттары болмауы осындай қылмыстардың басты себебі болып отыр.
Сән әлемінің тігіншілері
Zara, H&M немесе Shein сияқты брендтер тікелей өздері зауыт ашып, адам жалдамайды. Олар дизайнын сызады және маркетингпен айналысады. Ал тігу процесі дамушы елдерге аутсорсингке, яғни сырттай тапсырысқа беріледі.

Ал өндіріс тізбегі қалай жүреді? Бренд тапсырысты Бангладеш немесе Қытайдағы ірі фабрикаға береді. Фабрика үлгермей жатқанда оның бір бөлігін заңсыз, ешқандай бақылауы жоқ кішігірім көлеңкелі цехтарға таратып жібереді. Міне, дәл осы кезде еңбек нормасы толық бұзылып, балалар жұмысқа жегіледі. Олар терезесіз, ауа тазартқышы жоқ жертөлелерде аз жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр.
Дау шыға қалса атақты брендтер «ресми серіктестеріміз заңды жұмыс істейді, ал балалар туралы мүлдем хабарымыз жоқ» деп судан таза, сүттен ақ болып шыға келеді.
Халықаралық зерттеулер не дейді?
Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (UNICEF) мен Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) біріккен 2025 жылғы жаңа есебіне сүйенсек:
Әлемде 138 миллион бала еңбекке тартылған. Оның 54 миллионы өміріне қауіпті жағдайда жұмыс істейді.
Ал тікелей киім өндірісінде, оның ішінде мақта теру, мата тоқу мен тігінде 100 миллионнан аса бала жұмысқа тартылған.
АҚШ Еңбек департаментінің жанындағы Халықаралық еңбек істері бюросының (ILAB) 2024 жылғы 5 қыркүйекте жаңартқан есебіне сәйкес, әлемнің 82 елінен шығатын 204 түрлі тауар мәжбүрлі немесе бала еңбегі арқылы өндіріледі. Бұл қара тізімге киім-кешек, мата және мақта өндірісі де кіреді.
Неге балалар тиімді?
«Неліктен масс-маркет ересектерді емес балаларды қанайды?» деген сұрақ туады. Оның нақты себептері мынадай:
Кедейлік. 5 000 теңгеге футболка сату үшін фабрика оны небәрі 500 теңгеге тігіп шығаруға тиіс. Сондықтан мұндай мардымсыз тиын-тебенге жоқшылықтан титықтаған кедей елдердегі балалар таңнан қара кешке дейін тер төгуге дайын. Save the Children ұйымының зерттеуі көрсеткендей, олар жұмысқа өз еркімен бармайды. Ата-анасының мардымсыз табысы отбасын асырауға жетпегендіктен кішкентайлар оқуын тастап, отбасылық бюджетті толтыруға мәжбүр.
Өз құқығын қорғай алмайды. Олар кәсіподақ құрып, жалақыны өсіруді талап етіп ереуілге де шықпайды. Жұмыс берушілер үшін олар – ешқашан қарсыласпайтын, шарт қоймайтын, басқаруға өте ыңғайлы әрі момын «тірі құрал».
Ыңғайлы қолдар. Брендтер киімді қағаздағы эскизден бастап, дүкен сөресіне дейін есептегенде небәрі екі-төрт аптада, кейде тіпті 12 күнде жеткізуді талап етеді. Мұндай көз ілеспес жылдамдықты қажет ететін, әсіресе ұсақ моншақ қадау, түйме тігу сияқты көзге ауыр жұмыстарға балалардың кішкентай саусақтары ыңғайлы.

Балалар қандай жағдайда жұмыс істейді?
Global Child Forum дерегіне сүйенсек, киім өндірісіндегі балалар күніне 10-14 сағаттап, тіпті түнгі ауысымда істейді. Олардың арасында 5-10 жастағы кішкентай балалар да бар.
Еуроодақтың халықаралық серіктестік ұйымы жасөспірімдер матаны өңдейтін және бояйтын улы химиялық заттармен ешқандай қорғаныш киімінсіз жұмыс істейтінін айтады. Шаң, қапырық, ыстық және станоктардың гүрілдеген ортасында жарақат алу қаупі өте жоғары, бұның бәрі бала денсаулығын ерте бастан құртады.
Киімнің басты шикізаты саналатын кейбір мақта плантацияларында балалар ата-анасының қарызын өтеу үшін ешқандай жалақысыз, тегін жұмыс істейді. UNICEF мәліметі бойынша, ақы төленген күннің өзінде бұл балалар күніне небәрі 1-2 доллар табыс табады. Бұл ақша тіпті дұрыс тамақтануға да жетпейді. Төмен жалақының кесірінен олар медицина көмегі жоқ, санитария талаптарына сай келмейтін, адам көп шоғырланған лас жатақханаларда өмір сүруге мәжбүр.
Жылдам сән индустриясының басты мақсаты – аз шығындалып, көп киім тігу. Дүкен сөрелеріндегі тауардың сонша арзан болуының басты себебі – дамушы елдердегі көлеңкелі цехтар мен балалар еңбегі. Тапсырысты сыртқа беретін алпауыт брендтер осы күрделі тізбекті пайдаланып, жауапкершіліктен оңай құтылып кетеді. Бұл жүйені тоқтату үшін қатаң халықаралық бақылау орнатып қана қоймай, біз де тұтынушы ретінде арзан киімді жаппай сатып алуды доғарып, саналы тұтынуға көшуіміз қажет.




