2026 жылы Қазақстан экономикасында біраз өзгеріс болуы мүмкін. Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс істейді, халықтың шығыны артады. Ал тұрғын үй нарығында сұраныс бұрынғыдай жоғары болып қалады. Tamga Media биыл экономикада не өзгеретінін, ел тұрғындары не нәрсеге дайын болуы керек екенін экономистерден сұрап білді.
Салыққа қатысты заң қатаңдайды. Бизнестің жағдайы не болмақ?
Елде қосылған құн салығы – 12%, ал қосылған құн салығы бойынша есепке қою шегі 78,6 милиион теңге еді. Яғни компанияның бір жылдағы сатылымы осы сомадан асса, қосылған құн салығын төлеуі керек. 2026 жылдан бастап ҚҚС 16% болып өсіп, есепке қою шегі 43,3 миллион теңгеге түсті. Енді тек ірі компания емес, кейбір шағын және орта кәсіп иелері де қосылған құн салығын төлеуі керек болады. Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдың айтуынша, бұл өзгерістен соң, компанияның көбіне, әсіресе, маржасы аз секторларға қысым түседі.
Арман Бейсембай:
“Қазірдің өзінде жеке компаниялар жабылып жатқанын байқап жатырмыз, кейбір кәсіпкер кәсібін басқа елге көшіруді ойлай бастады. Ең осал салалар – сауда мен қызмет көрсету, себебі ҚҚС олардың соңғы бағасына тікелей әсер етеді. Көптеген компания өз процесін қайта қарап, “нарыққа бейімделеміз бе, әлде кетеміз бе?” деп маңызды шешім қабылдауға мәжбүр”.

Сарапшының сөзіне қарағанда, реформа сауда мен қызмет көрсету саласына қатты әсер етеді. Өйткені әр затқа қосылған құн салығы қосылып, тауардың соңғы бағасы өседі. Ал тауар қымбаттаған сайын халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендейді. Соның салдарынан кейбір дүкен мен қызмет көрсету орындары жабылуы, компаниялар қызметкерлерін қысқартуы мүмкін.
R-Finance ұйымының қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, бұл өзгерістер наубайхана, сұлулық салоны, шаштараз сияқты шағын кәсіпке салмақ түсіреді. Олардың таза табысы да, айналымы да шектеулі, сондықтан кез келген қымбатшылықты қатты сезеді.
Арман Байғанов:
“Компаниялар жаппай жабылмайды, бірақ олар тиімді жұмыс істеу үшін шығынын қайта қарап, операциялық процесін икемдеуге мәжбүр болады”
2026 жылы ипотека алған қаншалық тиімді?
Арман Бейсембайдың айтуынша, тұрғын үй нарығы қызып тұр. Елде жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар, субсидиялар іске қосылып, азаматтар зейнетақы жинағындағы қаржысын қолданған. БЖЗҚ дерегі бойынша, 2025 жылы қазақстандық азаматтар тұрғын үйін жақсарту үшін және емделу үшін қордан 1 009,68 миллиард теңге, яғни шамамен 1 триллион теңге шығарып алған. Бұл нарыққа “допинг” әсерін берді. Халықтың экономикалық жағдайына қарамастан, тұрғын үй бағасы күрт өсті. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың жартыжылындағы дерек бойынша, кейінгі бес жылда елде жаңа тұрғын үй 53,3%, ал екінші нарықтағы тұрғын үй 59,6% қымбаттаған.

“Қазір тұрғын үй бағасы шарықтап тұр. Мұндайда ипотека алған тиімсіз. Себебі нарық төмендесе, артық төлем жасау қаупі болады”, – дейді ол.
Арман Байғанов та жаңа жылда ипотека бағдарламасының пайыз мөлшерлемесі көбеймесе, азаймайтынын айтады. 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі – 18%. Сол себепті банктердің ипотекасы 19–23%, ал ЖТСМ 24-25% шамасында. Мұндай пайыздармен ипотека алу қиынға соғады: 10-15 жыл ішінде пәтерге қосымша төлемдер оның бастапқы бағасынан екі-үш есе артып кетуі мүмкін. Ай сайынғы төлемді де көп отбасы көтере алмайды. Оған қоса қосылған құн салығы салдарынан қиналған кәсіп иелері жұмыс орнын қысқартуы мүмкін. Ал бұл ел азаматтары жұмыссыз қалып қалуы мүмкін деген сөз. Сондықтан сарапшы 2026 жылдың ортасына дейін ипотека рәсімдемей, бағаның және мемлекет, өзі істейтін компанияның шешімдерінің өзгерістерін бақылаған дұрыс.
Күнделікті шығын өседі
ҚҚС, тарифтер және логистикалық шығындар қарапайым халықтың да күнделікті өміріне әсер етеді. Сондықтан ел азаматтары шығыны көбейетініне дайын болуға тиіс. Оның үстіне АЕК мөлшерінің өсуін тағы алыңыз. Бұдан баж алымы мен айыппұл мөлшері өседі. Оған қоса Ұлттық банк келер жылға инфляция деңгейі 9,5-12,5% аралығында болады деп болжап отыр. Ал инфляция жоғары болса, барлық тауар, азық-түлік, тұрмыстағы заттар, жанармай, біртіндеп коммуналдық төлемдер қымбаттайды.
Доллар бағамы: шетел валютасының курсы өсе ме?
Жыл бойы доллар бағамы біршама өзгерді, бірақ валюта нарығы жалпы тұрақты болды. Жыл басында доллар 524,67 теңге, наурызда төмендеп 497,99 теңге болды. Кейін қайта өсіп, қыркүйекте 540,74 теңгеге жетті. Желтоқсан соңына қарай теңге қайта нығайып, 2025 жылғы 30 желтоқсанда доллар 504,76 теңге болды. Арман Байғановтың айтуынша, доллар бағамы қазіргі деңгейде сақталуы мүмкін. Ал жыл ішінде көп дегенде 550 теңгеге дейін жетіп қалар.
“Сонымен қатар, Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталып, санкциялар азайса, теңгенің күшеюі де мүмкін. Оған қоса алықтың көбеюі бюджетке түсетін салмақты азайтып, қарыздарды жабуға көмектеседі”

Несие алу қиындай ма?
Арман Бейсембайдың сөзіне қарағанда, 2026 жылы тұтынушылық несие мен тауарды бөліп төлеп алу қиындайды. Себебі Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай сұранысты азайтуға тырысып жатыр.
“Алдағы уақытта банктер несие бергенде сақ болады. Ал дүкендердегі бөліп төлеу азаяды немесе мүлде болмауы мүмкін. Себебі мемлекет бұл жүйе арқылы импорт көбейіп, бағалар өсіп жатыр деп есептейді. Сондықтан оны шектемек”

Ал Арман Байғанов несие пайызы өспейді, себебі оның бәрі базалық мөлшерлемеге тәуелді дейді.
“Инфляция төмендеп келеді, демек базалық мөлшерлеме де төмендеуі керек. Реттеуші органдар пайыз мөлшерлемесін бақылап отыр, сондықтан несие пайызы артпайды”
2026 жылға қалай дайындаламыз?
Сарапшылар 2026 жылы елдің экономикасы қандай болатынын болжап, мынадай бірнеше кеңес береді.
Қарыздарды тезірек өтеп тастауға тырысу керек.
Қауіпсіздік үшін бірнеше айға жететін қаржыны жинап қойған дұрыс, өйткені кез келген уақытта жұмыссыз қалу мүмкіндігі бар. Артық ақшаны банк депозитінде сақтаған тиімді. Мысалы, базалық мөлшерлеме 18% болса, банктер салымшылардың ақшасын шығарып алмасы үшін депозиттерге әдетте 17-18% береді. Мұндай депозиттердің өз шарттары бар, бірақ олар инфляциядан қорғануға және жинақ құнын сақтауға көмектеседі.
Қаржы құралдарын қолдануды үйрену керек. Облигациялар – жаңадан бастағандар үшін ең қауіпі төмен әрі қарапайым түрі.
Білім – тұрақсыз заманда ең қауіпсіз әрі сенімді инвестиция. Сондықтан кәсіби білімді үнемі жаңартып отырған жөн.
Қаржыны, кәсіпті нарық жағдайына бейімдеу керек екенін ескеру керек.
Эмоцияға беріліп, несие алып, жұмыс ауыстырып, тәуекелі жоғары жобаларды бастамауға, импульсив қадамдар жасамауға тырысу қажет.




