Ойын-сауықОқиғаРепродуктолог: Шетелдіктер ЭКҰ мен суррогат ана үшін Қазақстанды таңдайды

Репродуктолог: Шетелдіктер ЭКҰ мен суррогат ана үшін Қазақстанды таңдайды

23 қаңтар 2026
5 мин
Репродуктолог: иностранцы выбирают Казахстан для ЭКО и суррогатного материнства
Фото: Tamga Media / ЖИ

Кейінгі бес жылда Қазақстанға ем алу үшін келетін шетелдіктер саны бес есеге артты. Ал өткен жылы еліміз медициналық туризм бойынша ТМД елдері ішінде алдыңғы орынға шыққан. Шетелдік ем алушылар арасында, әсіресе, репродуктивті медицинаға сұраныс жоғары. Қазақстандық дәрігерлерге бүгінде Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және басқа да елдерден үміт артып келеді. Қазақстан қалай репродуктивті туризмнің орталығына айналды? Шетелдік азаматтар неге біздің медицинаға қызығады? Бұл туралы репродуктолог-дәрігер Аяулым Косетова айтып берді.


Шетел азаматтары көбіне қандай қызмет түріне жүгінеді?


Қазақстанда алғашқы Репродуктивті медицина институты 1995 жылы ашылған. Онда экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі арқылы алғашқы сәби 1996 жылы дүниеге келді. 30 жыл ішінде дәл орталықта 30 мыңнан астам сәби туған. Кейінгі 10-15 жылда осы әдіс арқылы отбасыларға бала сүюге көмектесетін жеке клиникалардың да саны өсті. Алыс-жақын шетелден келетін пациенттер саны да артқан. Аяулым Косетованың айтуынша, шетел азаматтары ЭКҰ, донорлық аналық жасуша мен аталық ұрық, суррогат ана қызметі үшін келеді.


Неге Қазақстанды таңдайды?


Репродуктолог-дәрігер айтуынша, мұндай сұраныстың басты себебі – бағаның қолжетімді екені. Қазақстанда бұл қызметтер басқа елдердегіге қарағанда әлдеқайда арзан. 

"Репродуктолог-дәрігер әуелі ерлі-зайыптыны толық тексереді. Диагнозын білген соң ғана ЭКҰ-ның нақты бағасын айтады. Дегенмен орта есеппен бір ЭКҰ бағдарламасының құны шамамен – 1,5 миллион теңге", – дейді маман.


Расында, бұл қызмет Еуропа, АҚШ елдерінде бірнеше есе жоғары: Германияда  – 7 000 доллар, Израильде 8000 доллар, АҚШ-та 12 000 доллар. Қазақстанда дәл осы қызметті алу үшін 3 000 доллар жетеді. Маманның айтуынша, Қазақстанда қызмет арзан тұрғанымен, сапасы халықаралық стандартқа сай.


Ranking.kz зерттеуі бойынша, суррогат ана қызметі елімізде 9,8 миллион теңге –15,5 миллион теңгеге аралығы. Бұл – шамамен 21,8 мың доллар – 34,4 мың доллар. Ал Чехияда суррогат ана қызметінің құны – 65-85 мың доллар, Бельгияда – 54-65 мың доллар, Данияда – 50-60 мың доллар.


Шетел азаматтары Қазақстандағы репродукциялық медицина орталығында өз жасушасын бір рет алып, мұздатып, сақтауға 150 000 теңге, ал биоматериалды сақтауға жылына 72 000 теңге төлейді. Ал донорлық биоматериалдар 120 мың мен 150 мың теңге арасында тұрады.


Кейбір елде репродуктивті медицина, суррогат ана қызметі немесе басқа адамның генетикасын қолдану заңмен тыйым салынған. Осы себепті шетел азаматтары Қазақстанның медицина қызметіне жүгінеді. Қазақстандағы тұңғыш ЭКҰ орталығын ашқан Тамара Джусубалиеваның да сөзіне қарағанда, Қазақстан заңы – репродуктивті қызметтер үшін ең қолайлы заң. 

“Кейбір елдің заңы әр отбасыда тек өз генетикалық баласы болсын деп талап етеді. Сондықтан бізге жыныс жасушаларын қатырып қоюға, донорлыққа тыйым салынған елдерден адамдар келеді. Мысалы, Германия, Италия, тіпті Оңтүстік Кореядан науқастар келеді. Әдетте емделу үшін Сеулге барады, бірақ онда суррогат ана болуға болмайды. Ресейде суррогат ана қызметіне рұқсат етілген, бірақ суррогат ана баланы өзіне қалдыра да алады. Ал Қазақстанда суррогат ананың балаға құқығы жоқ – бала тек генетикалық ата-анасына тиесілі”, – дейді Тамара Джусубалиева.


Үшіншіден, Қазақстандағы репродуктивті медицина қызметі арзан болса да, сапасы халықаралық стандартқа сай. Қазірдің өзінде заманауи ЭКҰ орталықтарына әлемнің 40-қа жуық елінен адамдар келіп, емделеді. 

“Қазақстанда бұл қызметтің көрсеткіші жоғары – 50–60%. Мұнда тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді. Біз үнемі шетелдегі әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, білімімізді жаңартып отырамыз”, – дейді репродуктолог-дәрігер.


Қазақстан азаматтарының ЭКҰ бағдарламасын тегін қолдануға мүмкіндігі бар



Маманның айтуынша, кейінгі жылдары ел тұрғындары арасында да репродуктивті қызметтерге сұраныс көп. Себебі әр алтыншы ерлі-зайыптыда бедеулік бар. Бұрын бұл диагноз әйелдерге көп қойылса, қазір ерлерде де көп кездеседі. 

“Бедеулікті емдеуге болады. Бастысы – міндетті түрде репродуктолог-дәрігерге тексерілу. Ерлі-зайыпты дер кезінде бедеулікті емдеса, ертерек бала сүюге мүмкіндік болады. Ал егер дәстүрлі емес немесе баламалы медициналық емдерді қолданса, алтын уақыттарын жоғалтып алуы мүмкін. Қазіргі таңда бедеуліктің ең тиімді емдерінің бірі – ЭКҰ бағдарламасы”, – дейді ол. 


Қазақстан азаматтары ЭКҰ бағдарламасын тегін пайдалана алады. 2021 жылдан бастап “Аңсаған сәби”  деген бағдарламасы бойынша, жыл сайын ЭКҰ-ға тегін 7000 квота бөлінеді.


Дәрігердің айтуынша, қазір көп әйел балалы болуды кейінге қалдырады. Мұндай әйелдерге аналық жасушаларын қатырып қоюға кеңес беріледі. Себебі 25–34 жас аралығындағы әйелдерде бала туу мүмкіндігі жоғары, ал кейін овариалдық қор азаяды.

“Ал жүктілікке, ЭКҰ-ға дайындалып жүргендер зиян әдеттерден арылып, спортпен айналысыңыз. Артық салмақтан арылу керек. Жүктілікті жоспарлаудың алдында фолат қышқылын іше бастаңыз. Егер созылмалы ауруыңыз болса, жүкті болмай тұрып, емделіңіз. Дұрыс тамақтаныңыз, уақытылы ұйықтаңыз, күйзелмеңіз”, – дейді дәрігер.

Бөлісу: