ӘлемдеЭкономикаРеформа қалай байқалады: күнделікті мысалдар

Реформа қалай байқалады: күнделікті мысалдар

25 ақпан 2026
5 мин
Реформа қалай байқалады: күнделікті мысалдар
Фото: Freepik

Көбі реформаны тек саясат пен заң өзгерісі деп ойлайды. Шын мәнінде, реформалар біздің күнделікті өмірімізде де көрінеді: жұмыс, көлік, медицина, әлеуметтік төлемдер және бизнес – бәрі өзгереді.


Реформа дегеніміз не?


Реформа – қазіргі жүйені жаңарту, жетілдіру немесе өзгерту. Ол тек заңдарға ғана емес, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени салаларға да әсер етеді. Оның мақсаты – өмірді жеңілдету, ресурстарды үнемдеу және тиімді ету. Революциядан айырмашылығы – реформа жүйені түбірімен емес, біртіндеп жетілдіреді.


Көбіне реформаны мемлекет бастайды – үкімет, министрліктер немесе заң шығаратын органдар жоспарлап, жүзеге асырады. Кейде реформалар қоғам талабынан немесе халықаралық тәжірибеден шығады: петициялар, бизнес ұсыныстары немесе шетел тәжірибесі.


Күнделікті өмірде реформалар қалай көрінеді?


Мысалы, бұрын мемлекеттік қызмет алу үшін ұзын-сонар кезекте тұру керек еді. Қазір eGov.kz және eGov Mobile арқылы үйден шықпай-ақ анықтама алып, кәсіпкерлікті тіркей аласыз немесе өтініш бере аласыз. 2020 жылдан бері кейбір қызмет автомат түрде көрсетіле бастады.


Әлеуметтік төлемдер де жеңілдеді: жүкті әйелдерге немесе бала күтіміне арналған жәрдемақылар өтініш жібермей-ақ бірден беріледі. МӘМС жүйесі арқылы онлайн дәрігерге жазылуға, жолдама алуға және медицина картасын жүргізуге болады.


Әлемде де осындай өзгерістер бар. Мысалы, 2004-2006 жылдары Грузия полиция құрылымын жаңартты: ескі бөлімдер алынып, жаңа полиция құрылды, жұмыс әдістері өзгерді, сыбайлас жемқорлық азайды. Сингапурда Singpass жүйесі арқылы мемлекеттік қызметтер мен салық төлемдерін онлайн алуға болады – бәрін бір жерде қарау мүмкіндігі бар.


Кейінгі жылдары Қазақстанда қандай реформалар болды?


Уақыт реформасы. Бұрын Қазақстанның батыс өңірінде сағат басқа өңірден бір сағат артта болатын. 2024 жылы елде бірыңғай уақыт белдеуі UTC+5 енгізілді. Енді барлық өңірде уақыт бірдей есептеледі. Үкіметтің айтуынша, бұл жүйелерді үйлестіруге, мемлекеттік органдар мен бизнестің жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. Кей мамандар жаңа уақыт белдеуі адамның денсаулығына да пайдалы дейді. Дегенмен халық рефораның бәріне келісе бермеуі мүмкін. Мәселен, кей өңірдегі тұрғындар, әсіресе Шығыс Қазақстанда, бұл өзгеріске наразылық танытты. Әлеуметтік желіде пікірлер мен петициялар жарияланған, бірақ мемлекет шешімін өзгертпеді.


Салық реформасы. 2026 жылдан бастап Қазақстанда салық туралы жаңа заң күшіне енеді. Бұл өзгеріс салық төлеуді жеңілдетуге және барлығын онлайн жүргізуге бағытталған. ҚҚС 12%-дан 16%-ға өсті, тіркелу шегі 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке төмендеді. Енді қаржы айналымы осы шектен асатын шағын, орта және ірі кәсіпкерлер ҚҚС төлеуге міндетті. Онлайн шот-фактуралар мен автомат тексеру жүйелері енгізіледі. Үкімет бұл реформаны бюджетті толтыру үшін керек дейді. Бірақ экономистер енді елде тауар бағасы өсуі, кәсіпкерлер қиналуы мүмкін екенін айтады. 


Білім саласындағы реформалар. Цифрлық платформалар, онлайн мектептер және оқу сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалар енгізіліп, студенттердің білім алу процесі жеңілдеді.

Бөлісу:

Реформа қалай байқалады: күнделікті мысалдар — Tamga media