EdTechБілім«Р» әрпін айту қиын болды: Қазақша TikTok жүргізетін француз қыз қазақ тілін қалай үйренді?

«Р» әрпін айту қиын болды: Қазақша TikTok жүргізетін француз қыз қазақ тілін қалай үйренді?

30 тамыз 2026
5 мин
Элиз Пакето | Фото: жеке архивінен

Француз қыз Элиз Пакето TikTok-та контентін қазақ тілінде жүргізеді. Ол Қазақстан туралы видео көргеннен кейін, елдің мәдениеті мен тіліне қызығып, қазақ тілін өз бетінше үйрене бастаған. Кейін Қазақстанға келіп, елді өз көзімен көріп те үлгерген. Элиз Tamga Media-ға берген сұхбатында қазақ тілін қалай үйренгенін, қандай қиындықтарға тап болғанын және Қазақстанға деген қызығушылығы туралы айтып берді.


Элиз Пакето Қазақстан жайлы алғаш рет 2019 жылы Rocky Journey YouTube влогынан біліпті. Кейін қазақ дәстүірі мен мәдениеті туралы ізденіп, әліпбидегі бірнеше әріпті үйреніп көрген. 

«Қазақ тілінің дыбысталуын бірден ұнаттым, өте әдемі тіл. Кейін ғаламдық пандемия кезінде бірнеше әріпті үйрендім. Бірақ қазақ тілін меңгеруге көмектесетін ресурс аз екенін түсіндім. Оның үстіне, Францияда ауылда тұрған соң, Париждегі қазақ қауымдастығымен байланыс орнату қиын болды. Сондықтан оқуымды тоқтата тұруға тура келді», – деп сөзін бастады бойжеткен. 


Ол бұған дейін неміс, корей және ағылшын тілдерін үйренген. Кейін қытай, орыс және аздап ұйғыр тілін де меңгерген. Ал 2025 жылы Париждегі қазақ мәдени орталығында аптасына бір рет өтетін курсқа қатысып, қазақ тілін қайтадан жүйелі түрде оқи бастаған.


Кейін ол қазақ достар тауып, мәдени іс-шараларға қатыса бастаған. Кейін бойжеткен Қазақстанға да барып, елдің мәдениетімен жақынырақ танысқан.

«Көбі Қазақстанда еркін жүру үшін орыс тілін үйрену керек деп ойлайды. Бірақ бұл жаңсақ пікір дер едім. Халықтың мәдениетімен танысу үшін ең әуелі қазақ тілін түсіну керек. Себебі, мысалы, кей сөздің өзге тілде баламасы жоқ», – деп қосты ол. 


Қазақ тілін үйренуге көмектесетін ресурс аз


Элиз Пакето қазір сапа менеджері болып істейді. Мамандығының филологияға еш қатысы жоқ. Мамандығы филологияға қатысы жоқ. Соған қарамастан жұмысы мен күнделікті тіршілігінің арасында тіл үйренуге уақыт бөледі.

«Демалыс күндері, таңертең жұмысқа бармай тұрып және жұмыстан кейін кешке қазақ тілін үйренуге және контент идеяларын ойластыруға уақыт бөлуге тырысамын. Сонымен қатар спортпен айналысуға және басқа да істерге уақыт табамын. Кейде ұйқымды қиюға тура келеді. Сонымен қатар бос уақытымды өз жобаларымды дамытуға пайдаланамын. Мысалы, жақында қазақтарға қазақ тілінде француз тілін үйрету үшін Telegram арнасын аштым. Қазақ тілін үйрену барысында мүмкіндігінше тілдік орта қалыптастыруға және тұрақты түрде оқуға тырысамын», – дейді Элиз. 


Оның сөзінше, қазақ тілін үйренгенде ең қиын нәрсе – қажет материалдардың аз екені. 

«Қазақ тіліне қатысты мәліметтің көбі түрік және орыс тілдерінде. Егер қазақтар шетелдіктердің Қазақстанға келгенде қазақ тілін үйренуге көбірек қызығушылық танытқанын қаласа, орыс тілін міндетті етпей, ағылшын немесе басқа тілдерде де қолжетімді ресурстарды көбейту керек деп ойлаймын», – дейді ол. 


Бірақ Элиз табандылығы мен ынтасының арқасында тілді меңгеріп алған: түрлі сайттан ақпарат іздеп, қосымшалар мен материалдарды зерттеген. Қазақша контент көрген, достарымен хат жазысқан. Сондағы мақсаты – қазақтармен еркін сөйлесе алу. 

«Қазақтардың Threads желісінде көп отыратынын байқадым. Мұнда қазақтар қалдырған жазбаларды оқимын. Қазақ тіліндегі білмейтін сөздерімді анықтап, сөздік қорымды толықтырып отыруға тырысамын. Жақында досым «Хәрри Поттер» кітабын алып келеді», – деп қосты ол. 


«Р» дыбысын айту қиын болған


Қызығы, франциялық бойжеткен «р» әріпін дұрыс айтуды бірнеше ай үйреніпті. Кейде көптік жалғауды жалғағанда қайсы дұрыс екенін анықтау қиынға соғады дейді. 

«Қазақ тілінің грамматикалық құрылымы корей тілінікіне ұқсас екенін байқадым. Кейде -лар, -лер, -дар, -дер жалғауларының қайсын қолдану керегін білмей қаламын. Өзіме жыл мезгілдерін қазақша сипаттаған қызық. Меніңше, мұның бір поэтикалық ырғағы бар. Әзірге қазақ тіліндегі деңгейім А2 мен В1 арасында деп ойлаймын. Сөйлегенге қарағанда, жақсырақ тыңдап түсіне аламын»,  – дейді Элиз. 


Қазақстан, қазақ тілі туралы түсінігім өзгерген


Элиз қазақ тіліне, Қазақстанға қатысты бірқатар жаңсақ пікір естіген. Мысалы, Қазақстанда кирилл әліпбиі қолданылған соң, қазақ тілі славян тілдер тобына жатады деп ойлаған. Бірақ уақыт өте келе, бұл тілдің түрік тілдерінің тобына жататынын білген.

«Оның үстіне көбі Маңғыстау тұрғындарының өз диалекті барын естідім. Оларды “жабайы” дегендер де болды. Алайда осы аймаққа барғанда қандай қонақжай, меймандос екенін көрдім. Шынымды айтсам, батысқазақстандық адамдардың акценті ерекше ұнайды. Жалпы қазақтардың қонақты қалай күтетіні таңғалдырды. Дастархан жайып, түрлі тәттілер қойып күтіп алды. Дәстүрге деген ерекше құрмет бар екенін байқадым, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдары, музыкасы ұрпақ-ұрпаққа қалып, бүгінге дейін жеткен», – деп ойын бөлісті ол.


Блогымның мақсаты – қазақ тілін шетелдік азаматар да үйрене алатынын көрсету


Қазір Элиз әлеуметтік желіде блогын қазақша жүргізеді. Аккаунтына қазақ тілінде видеолар салғанда мұншалық тез тарап кетеді деп ойламапты. 

«Көбі бұл өте аз аудиторияға арналған деп айтатын, бірақ мұның өтірік екенін дәлелдей алдым. Қазақтардың өз елі мен тіліне қызығушылық білдірген өзге ел азаматтарын бағалайтынын, қолдайтынына тағы көзім жетті. Бұл да мен үшін үлкен мотивация», – дейді ол. 


Бойжеткен контентінің арқасында франциялық азаматтар асырап алған қазақ баласына тіл үйренуге көмектескен. 

«Бала қазақша да, орысша да сөйлей алмайтын. Биологиялық отбасымен араласу үшін қазақ тілін үйренуге қатысты кеңес сұрады. Мен бар білгенімді бөлісіп, қажет ресурстарды бердім. Блогым арқылы француз тілінде ойлайтын, сөйлейтін адамға да қазақ тілін үйренуге болатынын көрсеттім»,  – деді ол.

Бойжеткен болашақта француз-қазақ тілдеріндегі материал дайындағысы келетінін айтады. Екі елдің мәдени байланысын нығайтып, түрлі іс-шара ұйымдастыруды мақсат етіпті. 

«Қазақ тілі менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазақша контент тамашалаймын, қазақтармен сөйлесемін. Көпшілігі қазақ тілін үйренудің еш пайдасы жоқ десе де, менің таңдауым өзгермейді. Келешекте тілге қатысты үлкен жобалар жасағым келеді. Мысалы, келесі жылы бейнеконференция арқылы сабақ өткіземін. Егер мүмкіндік болса, Қазақстанда біраз уақыт тұрар едім», – деп сөзін түйіндеді. 

Бөлісу: