1920 жылы Мексикадағы төңкеріс кезінде халық ғимарат қабырғасына сурет салып, саяси пікірін білдірген. Сол кезден бастап алғашқы муралдар пайда болды. Қазір Қазақстанда да мурал қоғамдағы маңызды мәселе мен оқиғаны жеткізудің құралына айналды. Өнер адамдары үлкен сурет салып, өз ойын немесе құрметін көрсетіп жүр. Бүгінгі мақалада Tamga Media қызметін адал атқарып жүріп, қаза тапқан батырларға арнап алынған үш муралды ұсынады.
Полиция капитаны Ғазиз Байтасов
2011 жылғы 12 қарашада Таразда террорист Мақсат Қариев көшеде тұрғындарға граната лақтырады. Сол кезде полиция капитаны Ғазиз Байтасов гранатаны денесімен жауып, қарапайым халықты құтқарады, бірақ өзі қаза табады. Оның денесі 14 қарашада жерленді. Сол күні бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев полицейдің әйелі Гүлжамал Тәжиеваға Ғазиз Байтасовқа берілген “Халық қаһарманы” атағын, “Алтын жұлдыз” төсбелгісін және “Отан” орденін табыстады.
Содан кейін Тараздағы Жайлау мөлтек ауданының №3 үйінің қабырғасына Ғазиз Байтасовқа арналған мурал салынды. Оны жергілікті суретшілер Айтан Елебаев пен Наржан Елубай салған. Мурал дайын болғанда марқұмның әріптестері бірінші болып келіп, тағзым етті. Олар жастар осы муралды көрген сайын Ғазиз Байтасовтың ерлігін есте сақтайтын болады дейді. Жақында Байтасовтың ерлігі туралы “Капитан Байтасов” сериалы да жарық көрді.

Өрт сөндіруші Асқар Забикулин
2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы көпқабатты үйде өрт болып, Асқар үш адамды аман алып шығады. Өкінішке қарай, құтқарып жатқанда өзінің денесі күйіп, қаза тапты. Марқұмның әйелі Әнел Забикулинаның айтуынша, бұл Асқардың еңбек демалысы алдындағы соңғы жұмыс күні еді. Бірақ сол күн оның өмірінің соңғы күніне айналды.
Тілсіз жаудан қорықпай, адал қызмет көрсеткені үшін Асқарға І дәрежедегі “Айбын” ордені берілді. Сонымен қатар марқұм істеген №6 өрт сөндіру бөліміне және Астанадағы бір көшеге есімі берілді.
Ақмола облысы Степногор қаласында өрт сөндірушінің құрметіне мурал салынды. Өртпен күресіп, өмірін қиған батырдың бейнесін дәл көрсеткен бұл муралдың авторы – AW borders компаниясы.

Табиғат сақшысы Ерлан Нұрғалиев
Қарағандыдағы бір ғимараттың қабырғасында күлімсіреген ер адам ақбөкенді сәбише көтеріп тұрғаны бейнеленген. Бұл мурал Ерлан Нұрғалиевке арналған. Мурал Бұхар жырау мен Нұркен Әбдіров көшелерінің қиылысында орналасқан ғимаратқа салынған.
Ерлан Нұрғалиев 2019 жылғы қаңтарда браконьерлерді ұстаймын деп қаза тапқан. Қылмыскерлер табиғат сақшыларын ұрып-соғып, денесін айдалада қалдырып. Тіпті көліктерінің кілті мен GPS-навигаторды да алып кеткен. Бірақ олардың әрекеттеріне қарамастан, Ерлан жергілікті тұрғындардың есінде ең мейірімді жан ретінде қалды.





