Кәдімгі бір реттік ұстара шамамен 250 теңге тұратынын, ал дәл сондай, бірақ күлгін түстісі сәл де болса қымбат екенін байқадыңыз ба? Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ, бірақ неге екені белгісіз, күлгін түстісі үшін көбірек төлеуге тура келеді. Бұл құбылыстың өз атауы бар – Pink Tax «қызғылт салық». Tamga Media бұл «салықтың» қайдан шыққанын және әйелдердің шынымен артық ақша төлеп-төлемейтінін зерттеп көрді.
«Қызғылт салық» деген не?
«Қызғылт салық» – бұл әйелдерге арналған тауарлар мен қызметтердің ерлерге арналған дәл сондай нұсқаларынан қымбат болуы. Бұл жерде әңгіме сапалы немесе бренд тауарлары туралы емес, негізінде бір-бірінен еш айырмасы жоқ қарапайым заттар – ұстара, душқа арналған гель, киім немесе күнделікті қызметтер туралы болып отыр.
«Зерттелген санаттардың көбінде әйелдер тауарлары ерлердікіне қарағанда қымбат болып шықты. Орташа есеппен айырмашылық – шамамен 7%, ал жеке гигиена заттарында бұл көрсеткіш 13%-ға дейін жетеді», – делінген NYC Consumer Affairs зерттеуінде.
Бұл терминнің шығуына тауарлардың көбіне тек қаптамасы немесе өзінің түсі арқылы «әйелдерге арналған» болып жасалғаны себеп болған. Дәл сол өнім, бірақ түсі қызғылт болғандықтан бірден қымбат затқа айналады. Негізінде бұл мемлекет бекіткен салық емес, қарапайым маркетинг айласы.

Бұл қай жерде жиі кездеседі?
«Қызғылт салыққа» біз күнделікті өмірде үнемі кезігеміз. Ең қарапайым мысал – жеке гигиена заттары. Әйелдерге арналған ұстаралар, дезодоранттар немесе гельдер әдетте ерлердікінен қымбат.
Дәл осы жағдай киім мен аяқкиімге де қатысты. Көп жағдайда, әсіресе базалық киімдерде, әйелдердің заттарының бағасы жоғары. Кейде бұл тіпті балалар тауарларынан да байқалады: «қыздарға арналған» киімдер «ұлдардікіне» қарағанда қымбат.
Әйелдердің шаш қиғанын алайық. Шаштараз жұмсайтын уақыт пен жұмыстың күрделігі бірдей болса да, әйелдердің шашын қиғаны ерлердікінен әлдеқайда қымбат.
«Жеке қызмет көрсету саласында баға айырмашылығы өте анық байқалады. Мысалы, шаш жуу мен сәндеуді (укладка) қосқанда, әйелдер шаш қию үшін орташа есеппен €30,07 еуро, ерлер үшін €20,46 еуро жұмсайды. Қызметтің күрделігі мен жұмсалған уақыт бірдей болғанның өзінде, осындай айырмашылық бар», – делінген BSI Economics зерттеуінде.
Мұның себебі неде?
Мұның бірнеше себебі бар және оның бәрі тек алдауға келіп тірелмейді. Біріншісі – маркетинг. Компаниялар аудиторияны бөліп, бір өнімді адамдардың қабылдауы мен әдетіне қарай әртүрлі бағамен сатады.
Екіншіден, кейде өнімнің өзінде айырмашылық болады. Мысалы, құрамы, қаптамасы немесе пішіні сәл басқаша болуы мүмкін, демек оны өндіруге көбірек шығын кетеді.
Ең маңыздысы – сатып алушылардың мінез-құлқы. Зерттеулер көрсеткендей, әйелдер брендке, дизайнға және өнімнен алатын «әсерге» көбірек көңіл бөледі. Тәжірибелі маркетологтар осыны ұтымды пайдаланады.

Шынымен «салық» бар ма?
Экономистердің бәрі бірдей бұл мәселені гендерлік бөлумен байланыстырмайды. Кейбір маманның айтуынша, бағадағы айырмашылық – нарықтың нәтижесі: сұраныс, өнім әртүрлі, адамдардың төлеуге дайындығы да әртүрлі.
Дегенмен көптеген елде мұны реттеуге тырысып жатыр. Мысалы, ерлер мен әйелдерге арналған бірдей қызметке әртүрлі баға қоюға тыйым салады немесе гигиена заттары сияқты базалық тауарларға салынатын салықтарды мүлдем алып тастайды.
Егер жағдайға ашық қарасақ, «қызғылт салық» нақты бір механизм емес, маркетингтің, әдеттер мен нарық ерекшеліктерінің қосындысы. Кей жерде бағаның айырмашылығы біртүрлі көрінсе, кей жерде оның қисынды себептері бар.
Бірақ факт – факт болып қала береді: көп жағдайда әйелдер бір-біріне өте ұқсас заттар үшін шынымен артық төлейді. Сондықтан сатып алуға неғұрлым мұқият қарасаңыз, мұндай айырмашылықты байқау оңай болады. Артық төлемеу үшін, мысалы, қызғылт емес, көк түсті ұстараны таңдауға да болады.



