ӘлемдеБизнесҚытайлық көлік алу қаншалық тиімді?

Қытайлық көлік алу қаншалық тиімді?

16 сәуір 2026
5 мин
Насколько выгодно покупать китайские автомобили?
Пикап GWM POER HAVAL | Фото: HAVAL

Алматыдағы кез келген сауда орталығының автотұрағына көз салсаңыз, су жаңа көліктердің арасында қытайлық маркалар көбейіп кеткенін байқайсыз. Jetour, Chery, Haval, Geely – бәрі қатар тұр. Сырты жылтыр, төбесі панорама, іші толған экран. Бағасы да үш-төрт жыл бұрынғы жақсы жапон көліктерімен шамалас.


Нарық көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Ал бұл сатып алушылардың алдына жауабы әлі бұлыңғыр талай сұрақты көлденең тартты. Алматының екі қысынан кейін бұл көліктердің жағдайы қандай болмақ? Гибридке сенім артуға бола ма? Ең бастысы – іші экранға толы, сырты жылтыр кроссовер үшін талай сыннан өткен Toyota-дан бас тарту қаншалық дұрыс шешім? Tamga Media бұл сұрақтарды автосарапшыға қойып көрді.


Неліктен қытайлық автокөлік қаптап кетті? 


2020 жылы еліміздегі жаңа көлік нарығының небәрі 2%-ы ғана қытайлық маркалардың еншісінде еді. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 39% болды. Бүгінде сатып алынған әрбір үшінші жаңа көлік не Қытайдың өзінен келген, не солардың рұқсатымен біздің зауыттарда құрастырылған.


Мұндай серпіліс өздігінен болған жоқ. 2022 жылдан кейін нарықта кедендік алымсыз сатылып келген, бағасы да тиімді ресейлік брендтердің орны босап қалды. Босаған орынды Chery, Haval, Jetour, Geely мен Changan дереу иелене қойды. Мәселен, 2025 жылдың ішінде Jetour саудасы 74%, Geely-дікі 65% жуық өсті. Осы тұста жапон мен корей көліктерінің бағасы да едәуір шарықтап кетті.


2025 жылы Қазақстанда 85 608 қытай көлігі иесін тапты. Бұл екі жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. 2026 жылға арналған болжам бойынша, бұл сан 98 мыңға жетуі мүмкін. Осылай, еліміз қытай автоөндірісі үшін әлемдегі ең ірі 10 нарықтың біріне айналды.


Арсен Шакуов, автосарапшы, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының» басшысы: 

«Қытайда сырттан әкелінетін көліктерге 260% салық салынады. Шекарасын бекітіп алған көрші ел осылай өз автоөндірісін дамытуға жанын салды. Қысқа уақыт ішінде олар сапасы жағынан еуропалық брендтерден қалыспайтын көлік жасап шығарды. Тіпті Volkswagen, BMW, Volvo сияқты алпауыттардың өзі сол жаққа барып, зауыттарын салды. Қытайдың төл брендтері осы дайын технологиялардың негізінде дүниеге келді. Мысалы, Jac – негізінен Volkswagen, Geely – Volvo технологиясымен жасалады. Сондықтан "қытай көлігі" дегенде, оның астарында еуропалық немесе жапондық мықты негіз жатқанын ескеру керек».


Қытайлық көлік расымен тез бұзыла ма? 


Көлік алайын деп жүрген кез келген адамды осы сұрақ мазалайды. Қысқаша айтсақ: темір болған соң, бәрі де тозады, бәрі де бұзылады. Бірақ мәселенің мән-жайына үңілсек, жағдай басқаша.


Такси мен жалдамалы көлік (каршеринг) қызметінде күні-түні жүрген «қытайлық көліктер» қазірдің өзінде жүз мыңдаған шақырымды артқа тастады. Әзірге олардың жаппай істен шығып, иесін жолда қалдырған оқиғалары жайлы ести қойған жоқпыз. 


Десе де, бұл көліктердің өзіне тән осал тұстарын біліп жүрген артық етпейді. Біріншіден – электроника: Қазақстанның қатал аязы мен құбылмалы ауа райында климат-бақылау, мультимедиа мен жарық жүйесі кейде сыр беріп қалады. Әдетте мұндай ақаулар кепілдік болса, тез жөнделеді. 


Екіншіден – шанақ (кузов): кейбір модельдің тотқа қарсы қалай өңделгені көңіл көншітпейді. Алматының батпағы мен жолға себілетін тұз-реагенттер көлік қаңқасына иесі ойлағаннан да тезірек әсер етуі мүмкін. 


Үшіншіден – алғашқы «робот» беріліс қораптары (коробка передачи) нашар болатын, күн суықта оталмай қалған кездері болған. Бірақ 2023-2025 жылғы модельдерде өндірушілер бұл мәселені айтарлықтай түзеді. Ал 2022 жылға дейінгі ескілеу көліктерді аларда абай болған абзал


Арсен Шакуов, автосарапшы:

«Әлеуметтік желіде біреудің беріліс қорабы, біреудің моторы не электроникасы сыр берді дегенді оқып қаламыз. Бірақ бұл – мыңнан бір кездесетін жағдай. Қытай көліктерінің негізгі бөлшектері еуропалық үлгілерден көшірілген, сондықтан оларды бастан-аяқ жаман деуге негіз жоқ. Полиция қызметінде жүрген Jac көліктерінің арасында майын уақытылы ауыстырып, миллион шақырымнан астам жол жүргендері бар. Олардың моторына әлі ешкім қол тигізбеген. Тек беріліс қорабына келгенде абай болу керек: айдағанда, орнынан қозғалтқанда көлік жұлқына бастаса, бірден дилерге бару қажет».


2026 жылы автобөлшек табу оңай ма?


Нарықта көлік көбейген сайын, оған керек-жарақты таситындар да қаулады. Chery Tiggo, Haval F7, Jetour X70, Geely Atlas сияқты елге танымал модельдердің май-сүзгісі мен жиі ауысатын бөлшектері қазір кез келген ірі дүкенде бар. Көлікке техникалық қызмет көрсету құны да корейлік бәсекелестерінің бағасымен деңгейлесіп қалды.


Десе де, бір кедергі бар: аз сатылатын немесе елімізге ресми емес жолмен келген көліктердің бөлшегін табу әлі де қиын. Егер темір тұлпарыңыз Қазақстандағы ең өтімді 15 модельдің қатарына кірмесе, керек затты іздеп сабылуыңыз әбден мүмкін.


Арсен Шакуов, автосарапшы:

«Қазір жұрт екіге жарылды. Бірі – ресми дилерде кепілдікте тұрып, бөлшекті де сол жерден алады. Екіншілері – бірден базарға барады немесе Alibaba, AliExpress, Ozon арқылы тікелей тапсырыс береді. Не алып жатқаныңды жақсы білсең, бұл да бір амал. Бірақ ресми өкілдігі жоқ көліктер үшін бөлшектің үйлеспей қалуы немесе сапасыз затқа ұрынуы мүмкін». 


«Гибрид» көліктердің жөні қалай? 


Автосүйер қауымның басты тақырыбы – қытайлық «гибридтер». BYD, Chery, Changan, Geely бұл бағытқа барын салып жатыр. 2025-2026 жылдары бұл сегмент бүкіл нарықты шаң қаптырып кетті.


Қытайлық гибридтің көбі PHEV (қуатталатын гибрид) жүйесіне негізделген. Яғни, үлкен батареяны тоққа қосып қуаттайсыз, ал қозғалтқыш тек тас жолға шыққанда немесе батарея отырғанда ғана істейді. Қала ішінде мұндай көлік кәдімгі электрокар сияқты жүреді.


Сыртынан бәрі тамаша-ақ. Бірақ біздің жағдайда ескеретін тұстар бар. Біріншіден, қуаттау станциялары көлік санына ілесе алмай жатыр. Екіншіден, қатал аязда батареяның қуаты тез таусылады. Ал 7 -10 жылдан кейін сол батареяны ауыстыру қаншаға түсетінін дилерлердің өзі де дөп басып айта алмайды.


Арсен Шакуов, автосарапшы:

«Гибрид қала ішінде электромобиль сияқты, ал қала сыртында қозғалтқыш қосылып, батареяны қатар қуаттап отырады. Қазақстандықтар мұның тиімді екенін түсініп, гибридті жиі ала бастады. Тіпті үйінде қуаттағышы болмаса да, жай ғана үнемді көлік ретінде қызмет ете береді. Негізгі артықшылығы сәл азайғанымен, көліктің сапасына нұқсан келмейді. 7-10 жылдан кейін батареяның күйі не болмақ? Міне, басты сауал осы. Қызмет көрсету жағынан әзірге кәдімгі көліктерден айырмашылығы жоқ: майы мен редукторлары дәл солай ауысады. Бірақ ұзақ мерзімді статистика әлі жинақталған жоқ».


«Тойотаны» сатып, қытайлық көлікке мінген жөн бе?


Астындағы мығым жапон не корей көлігін су жаңа жылтырақ кроссоверге айырбастағысы келетіндер үшін бұл үлкен уайым. Мұндайда ақылға салып, екі жағдайды бағамдап алған жөн.


Егер сіз көлікті 5-7 жыл бойы сатпай, ұзақ мінемін десеңіз, қытайлық темір тұлпар ұтымдырақ көрінуі мүмкін. Технологиясы озық, іші кең, мультимедиасы заманауи. Toyota-ның тек алдыңғы жетекті (передний привод) моделіне жететін ақшаға бұл жерден төрт дөңгелегі де тартатын (полный привод) көлік аласыз.


Ал көлікті екі-үш жыл сайын жаңартып тұруға дағдылансаңыз, кейін бұл көлік қаншалық қайта сатылады, соны ойлану керек. Kolesa.kz зерттеуіне сүйенсек, қытайлық көліктер екі жыл ішінде моделіне қарай құнының 11%-дан 36%-ға дейінгі бөлігін жоғалтады. Орташа есеппен – 20-28%. Бұл көрсеткіш жапондық баламаларымен деңгейлес болғанымен, айдалған қытай көліктерінің нарығы әлі тұрақсыз. 


«Қытай көлігін технологиясы үшін – үлкен экран, ақылды жүйелер мен жүргізушіге көмекші функциялар үшін алған тиімді. Ал Toyota қалыптасқан абыройы мен сенімділігі үшін таңдайды. Адам көлікті еш себепсіз, тек сырты жаңа болғаны үшін ауыстырса, бұл асығыс шешім болуы мүмкін. Lixiang, Voyah, Leopard модельдері сапасы мен жайлылығы жағынан Toyota, Hyundai-мен теңесіп қалды. Бірақ қайта сату құнын салыстыру әзірге қиын. Қытай көліктері еуропалық және жапондық технологиялардың негізінде жасалған, уақыт бәрін өз орнына қояды».


Қайсын таңдаған жөн? 


Егер қытай көлігін алуға бекісеңіз, қаптаған брендтің ішінен таңдау жасау оңай емес. Сондықтан мамандар мынадай кеңестерге құлақ түруді ұсынады:


Біріншіден, көліктің елде ресми өкілдігі бар-жоғына мән беріңіз. Дилерлік желісі, қосалқы бөлшек қоймасы мен арнайы сервисі болғаны дұрыс. 


Екіншіден, нақты сол модельдің қаншалықты көп сатылатынын бағамдаңыз. Көлік неғұрлым танымал болса, оны кез келген шеберханада жөндеу де соғұрлым жеңіл. 


Үшіншіден, технологиялық платформасының шыққан уақытын қараңыз. 2023 жылдан кейін жарық көрген модельдердің электроникасы мен беріліс қорабы 2021 жылға дейінгі нұсқалардан әлдеқайда сапалы әрі сенімді.


Арсен Шакуов, автосарапшы:

«Ең алдымен көліктің шығу тарихы мен қандай технологияға негізделгеніне үңіліңіз. Көліктің артында еуропалық немесе жапондық мектеп тұрса, бұл үлкен басымдық. Сыртындағы жылтырағы мен ішіндегі жабдығына ғана емес, техникалық сапасына баса назар аударыңыз. Қазір Deepal жақсы бағаланып жүр, қызық көлік. BYD-ді де қарап көруге болады. Батареяға күмәнмен қарайтындар көбіне Jac пен Jetour-ды таңдайды. Geely мен Changan-ның саудасы да қызып тұр. Десе де, көп нәрсе көліктің нақты жағдайы мен қалай күтілгеніне байланысты».

Бөлісу: