МедиаҚоғамҚытайдан Қазақстанға велосипедпен 26 күнде келген қазақ қызы Бүрлен

Қытайдан Қазақстанға велосипедпен 26 күнде келген қазақ қызы Бүрлен

25 ақпан 2026
5 мин
Қытайдан Қазақстанға велосипедпен 26 күнде келген қазақ қызы Бүрлен
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

22 жастағы Бүрлен Әділетқызы – Қытайда туған этникалық қазақ. Ол тарихи Отанына оралу үшін Қытайдан Қазақстанға велосипедпен жолға шыққан. Сапарға 26 күн кеткен. Бүрлен Tamga Media тілшісіне жолға қалай дайындалғанын, қай бағытпен жүргенін, қауіпсіздік шараларын және Қазақстандағы жоспарын айтып берді.


– Қытай мен Қазақстан арасы алыс екеніне қарамастан, жолға велосипедпен шыққанды жөн көріпсіз. Бұған не себеп болды?

– Ес білгелі велосипедпен доспын. Мектепке бармай тұрып-ақ, ата-анама “велосипед әпер” деп жылағаным есімде. Мектебім мен үйімнің арасы алыс болмаса да, күнде сабаққа велосипедпен барып-келетінмін. Ал әке-шешем үнемі “біз қазақпыз, Қазақстан деген туған еліміз бар” деп жиі айтатын. Сондықтан ес білгелі тарихи Отанымды көргім келетін. Қазақстанға барып келген туыстарым мен таныстарымның ел туралы әңгімесін қызығып тыңдайтынмын. Теледидардан “Қазақстанның президенті Нұрсұлтан Назарбаев” дегенде жақынымды көргендей қуанатынмын. Оқу бітірген соң, Қазақстанға оралғым келді. 20 жыл аңсаған жерге велосипедпен барып, өзім үшін де тарихи мәні бар сапар жасағым келді. 


– Сапарға қалай дайындалдыңыз? 
– Алғашында Қазақстанға міндетті түрде велосипедпен барамын деп ойлаған жоқпын. Бұл шешімге шамамен бір жарым жыл бұрын келдім. Бірақ оқу мен жұмысқа байланысты күнде дайындалуға мүмкіндік болмады.


Сапарға екі ай қалғанда велосипед сатып алып, күн сайын қала ішінде тебуді әдетке айналдырдым. Көп адам алыс жолға шығу үшін қымбат велосипед пен ұзақ дайындық керек деп ойлайды. Меніңше, олай емес.


Ақша жинап, шамамен 300 мың теңгеге велосипед алып, оны мені жолда қалдырмайтындай етіп дайындадым. Өзіммен бірге жиналмалы шатыр, дәрі-дәрмек, үш киім, дөңгелек жамайтын құрал, ауа толтырғыш және қуаттағыштар алдым. Алыс сапарға алғаш шыққан соң, артық зат пен азық-түлікті көп алмауға тырыстым.


– Жолға жалғыз шығуға қорықпадыңыз ба? Психологиялық тұрғыдан қалай дайындалдыңыз?
– Алғашында қорықпадым, уайым да болмады. Көңілім алып ұшып, қуанып жүрдім. Жолға шығатын күн жақындаған сайын қандай тәуекелдер болатынын түсініп, дайындала бастадым. “Бастаған ісім аяқсыз қалмай ма?”, “Жалғыз өзім бір айлық жолды қалай еңсеремін?”, “Жолда иті-құсы, түрлі ниеттегі адам кездессе қайтемін?” деген ойлар мазалай бастады, бірақ сыр бермеуге тырыстым. Онсыз да жақындарым “20 жастағы қыз үшін қауіпті” деп жалғыз жіберуге жиі қарсы болған еді. Ата-анам да “бармай-ақ қойшы” дейтін. Ал кей досым батылдығыма тәнті болды. Солардың үмітін ақтау үшін тәуекел еттім. 


– Маршрутты қалай жоспарладыңыз?
– Физикалық дайындығым аса жақсы болмаған соң, күніне көп дегенде 80-100 шақырым еңсере аламын деп ойладым. Қалалардың арасы – шамамен 200 километр. Сондықтан кейде жолда шатырда ұйықтадым. 26 күнде күндік 20 шақты қалада, ауылда, елдімекенде болдым. 




– Шекараға қанша күнде жеттіңіз, шекарадан өткенде қандай да бір кедергі болмады ма?
– Үрімшіден Қорғас шекара бекетіне дейін шамамен 10 күн жүрдім. Қазір Қазақстан мен Қытайдың арақатынасы жақсы ғой. Сондықтан ешқандай қиын мәселе болмады. Бұл сапарымды “Бір белдеу, бір жол” бағдарламасы аясында дедім. Бекетте жүкпен, көлікпен, сөмкемен өтіп жатқандар көп кезек күтті. Ал мен велосипедімді сүйретіп өте салдым. 


Шекарадағы қызметкерлер қызығып, сұрап жатты. Тіпті өз арасында ақша жинап беріп, маған ақ жол тіледі. Шынымды айтсам, танымайтын адамдардан мұндай жақсылық күтпеген едім.


– Сапарда қиын жағдай болды ма? Жолда қауіп төнген немесе “осы жерден қайта салайын ба?” деген ой келді ме?
– Кері қайтамын деген ой мүлде болған жоқ. Артымда қалған жолға емес, алда күтіп тұрған болашақты ойладым. Бала кезімнен бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге тырысамын. Алғашқы күндері күш-қуатым жеткілікті еді. Кейін шаршай бастағанымды сездім. Сапарға шілдеде шыққан соң, күн қатты ыстық болды.


Сапардың бір күнінде тоқтайтын жерім алыс болып шықты. Күндізгі аптапқа шыдай алмай, әлсіреп қалдым. Жақын маңда елдімекен де, көлеңке де, көлік те жоқ. Түскі ыстықта жолдың шетіне тоқтап, шатырымды тігіп, демалуға жаттым. Күннің ыстығы басылғанша сол жерде тынығып алдым. Күш жинаған соң, қайта жолға шықтым. Сол күнгі жол өте ұзақ болып көрінді. Ақыры жоспарлаған жеріме түнгі екі шамасында жеттім. Әрине, қорықтым, бірақ өзімді “аз қалды” деп жігерлендіріп, діттеген жеріме жеттім.


– Ауа райы, жол сапасы, тіл мәселесі сияқты факторлар сапарға әсер етпеді ме?
– Бірде көлдің жағасына шатыр тігіп ұйықтадым. Күн салқын болған соң, келесі күні ыстығым көтеріліп, ауырдым. Сол күні 100 шақырымды бағындырамын деп жоспарлаған едім, бірақ 30 шақырымнан кейін басым айналып, денем дірілдеп бастады. Ең жақын жанармай бекетіне жеттім де, сол жердегі жолаушыларға арналған демалыс орнына кіруге рұқсат сұрап, дәрімді ішім, демалдым, ем алдым.


Қытай мен Қазақстанның табиғаты ұқсайды, бірақ жолында айырмашылық бар. Қаланың ішіндегідей арнайы веложол болмады, көлік жолының жиегімен қозғалдым. Қытайдың жолы тегіс, олар ұсақ тастар қолданып жол салады. Ал Қазақстандағы жолдың тасы ірі екен. 


Тіл жағынан ешқандай кедергі болмады. Екі елдің де тілін білемін, сол себепті адамдармен сөйлескенде аса қиналмадым. 


– Сапар кезінде есіңізде ерекше қалған адамдар немесе оқиға бар ма? 
– Күні-түні жол жүрдім. Аптап ыстықты да, жаңбырды да көрдім. Ниетіме қарай шығар, жолда көбіне жақсы жандар жолықты. Әрине, арасында сапарымды сынағандар да кезікті. Мұндай сәтті есіме сақтамауға тырыстым. 


Бірде жаңбырлы түні жалғыз өзім кетіп бара жатқанмын. Бірнеше КАМАЗ жүк көлігі кездесті. Бәрі қатар-қатар жолға тұрып алыпты, арасынан өтіп кетуге тырыстым. Көлік жүргізушісі қазақ екен, көлігін алып мені өткізіп жіберді.


Күн қатты ыстық болғанда жанымнан өтіп бара жатқан көлік жүргізушілері тоқтап, мені күтіп, салқын сусын беріп кеткені есімде. Осындайда жақсы адамдар көп екен деп қуанып қалатынмын. 


Интернет бар жерлерде әлеуметтік желіге сапарым туралы қысқа фото, видео жүктеп қоятынмын. Кейде жолда кафеде тамақтанып отырғанда мені байқап, танып, бірақ мазаламай тамағымның ақысын төлеп кеткендер болды. Мәселе ақшада емес, мен бұл сапарға онсыз да қаржылай дайындалып шыққанмын. Сонда да іштей риза болып қалады екенсің. 


– Қауіпсіздікке қаншалық мән бердіңіз?
– Әрине, қыз болған соң, қорқасың. Ит-құстан, түрлі адамнан сақтану керек. Өзіммен бірге электрошок құрылғысын, газ баллон, ұратын темір құрал алып алдым. SOS батырмасы бар, жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне сигнал жіберетін құрылғы да алдым. Қуанышыма орай, оларды қолданатын жағдай болмады. 


– 20 жыл бойы Қазақстанды көруді армандадым дедіңіз. Шекарадан алғаш өткенде қандай сезімде болдыңыз?
– Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын. Мұны тек осындай сапардан өткен адам ғана түсіне алатын шығар. Астанаға жақындаған сайын жүрегім дүрсілдеп соға бастады. Бұған дейін тек теледидардан көрген бас қалаға аман-есен жеткеніме қатты қуандым.


– Қазақ халқы сізді қалай қарсы алды?
– Алғашында Қазақстанға қоныс аударған Қытай қазақтары көп көмектесті. Сапарымның соңғы сәтінде Бәйтеректің түбіне жақындағанда 50 шақты адамның жиналып тұрғанын байқадым. Бірақ олар мені күтіп алуға келді деп ойламаппын. Таныстарым сол күні радиодан “Қытайда туып-өскен қазақ қызы Астанаға велосипедпен келе жатыр” деп хабар таратыпты. Бәйтеректің түбінде бір қазақ ата “Міндетті түрде маған хабарлас” деп телефон нөмірін жазып қалдырды. Менің келетінімді радиодан естіп келіпті. Ол кезде менде қазақстандық нөмір де жоқ еді. 





Жиылғандар шашу шашып, бауырсақ пісіріп, қымыз құйып, бетімнен сүйіп, құшақ жая қарсы алды. Сол сәтте ғана үлкен бір жетістікке, жеңіске жеткенімді сезіндім. Танымайтын адамдардың “Батыр қыз, аман-есен Отанға оралдың, құтты болсын. Сені уайымдадық қой” деген сөздері жүрегімді елжіретті. Отаныма оралғанымды, мені өз баласындай қарсы алатын адамдар бар екенін түсіндім.


– Осы сапарда өзіңіздің қандай жаңа қырыңызды аштыңыз?
– Жалғыздықта өзімді тереңірек таныдым. Бұған дейін өзімнің осындай батыл, табанды адам екенімді байқамаппын. Сапарым біткенде өзіме сүйсініп, өзімді мақтадым. Қазір де қиындыққа тап болсам, өзімді “сен жалғыз қанша жол жүрдің, сен мықтысың, Бүрлен, берілме” деп шабыттандырамын. Осы сапар өзіме сенімімді арттырды.


– Осы сапардағы велосипедіңізді Қазақстанның бірінші президентінің мұражайына экспонат ретінде сыйлаған екенсіз. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі сізге алғыс хат пен ерекше сыйлық жолдапты. 
– Нұрсұлтан Назарбаевқа “бала кезден армандаған елордаға велосипедпен келдім” деп хат жаздым. Бала кезімде Құртқа сұлу Қобыланды батырға Тайбурылды сыйға тартқанын оқығаным есімде қалыпты. Сол сияқты мен де Қытайдан бірге келген, бір ай бойы менімен болған велосипедімді сыйға тартқым келетінін айттыс. Астанаға келген соң, Қазақстанда қалуды шешіп, азаматтық алу үшін құжат жинадым.






Бір апта өтпей-ақ маған Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан “хатыңыз қабылданды, Президент сізге хат жазып, сыйлық жіберді” деп хабарласты. Хатты алғанымда қатты қуандым, мұндай жауап бір аптада келеді деп күтпеген едім. Маған арнайы қолтаңбасы бар қолсағат, автографы қойылған кітап және тағы бірнеше бағалы сыйлық жіберіпті. Велосипедімді тұңғыш Президент мұражайына тапсырдым. Қазір басқа велосипедім бар. 


– Қазақстанда жастарға арналған велоқозғалыс құрайын деп жүргеніңізді білеміз. Бұл идея қайдан келді?
– Қазір 22 жастамын. Қазақстандағы замандастарымның өмір салтын зерттеп, осындай бір қозғалыс құрамын деп шештім. Қазір барлық елде жастар телефонға тәуелді, бәрі салауатты өмір салтын ұстанбайды. Jas Quat қозғалысы қатарластарымды велоспортпен айналысуға шақырады, қызығушылыға ортақ жастардың басын біріктіреді. Велоспортпен айналысу үшін ең әуелі физикалық дайындық емес, ішкі рухани тірек мықты болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан Jas Quat қозғалысы тек велосипед тебумен шектелетін орта болмайды деп сеніммен айта аламын.

Бөлісу:

Қытайдан Қазақстанға велосипедпен 26 күнде келген қазақ қызы Бүрлен