Кейде туған күн адам өміріндегі күрделі өзгерістермен тұспа-тұс келеді. Мысалы, жақын адамыңмен сөйлеспеу қалуы немесе өмірден озуы, басқа қалаға не елге көшу, жұмыс ауыстыру немесе қаржылық қиындыққа тап болу мүмкін. Осындай кезде адамға не болып жатқанын түсініп, мереке туралы ойлауға да зауқы болмайды. Сол сәтте туған күнді атап өтуге күш те, көңіл де болмайды. Психолог, когнитивті мінез-құлық терапевті Надежда Артамонова бұл жағдайда туған күнді қалай өткізген дұрыс екенін түсіндіреді.
Күннің өзі жағымсыз естеліктермен байланысты болса
Кей адамдарға туған күн әуелден-ақ қуанышпен қатар жағымсыз сезімдерді де тудырады. Бала кезде туған күн отбасылық жанжал, ақталмаған үміт немесе көңіл қалдырған жағдайлармен есте қалуы мүмкін. Ал есейгенде бірнеше рет сәтсіз өткен туған күн сол күнге деген жағымсыз сезімді одан әрі күшейтуі мүмкін. Кейде адам дәл осы күні өзіне жеткілікті көңіл бөлінбегенін, жақындарының жанында болмағанын немесе мерекенің өзі қалағандай өтпегенін есіне алады.
Надежда Артамонованың айтуынша, мұнда ең маңыздысы – адамның осы күн туралы не ойлайтыны және оған қандай мағына беретіні.
«Туған күннің өзі психологиялық проблема емес. Маңыздысы – осы күн туралы туған күн иесі қайлай ойлайтынында. Когнитивті мінез-құлық терапиясы тұрғысынан біз тек “бүгін менің туған күнім” деп емес, адамның оны қалай қабылдайтынына және осы сәтте қандай ойлар туындайтынына назар аударамыз», – дейді маман.

Осындай кезеңде адам өткен өмірін қайта-қайта ой елегінен өткізіп, «бәрі басқаша болғанда өмірім қандай болар еді?» деп ойлауы мүмкін. Мэтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» романында да осы тақырып қозғалады. Басты кейіпкер Нора өміріндегі қиын сәтті, бұрынғы шешімдеріне өкінеді. Ерекше кітапханаға тап болған ол өз өмірінің басқа нұсқаларын бастан кешіруге мүмкіндік алады: рок-жұлдыз болады, ғалым атанады, бұрынғы сүйіктісіне тұрмысқа шығады және өзіне сәттірек көрінген басқа жолдарды байқап көреді. Кітап кейде «егер басқаша таңдасам, өмірім жақсырақ болар ма еді?» деген ойға басқа қырынан қарауға көмектеседі. Сондықтан дәл осындай кезеңді бастан өткеріп жүрсеңіз, оқып көруге болады.
Туған күн ауыр оқиғалармен тұспа-тұс келсе
Кейде туған күннің алдында адам өмірінде үлкен өзгеріс болуы мүмкін. Бұрын қуанышқа, жақындармен кездесуге толы болған мереке енді жалғыздық, белгісіздік немесе қайғы кезеңіне айналды. Мұндай жағдайда психолог өзіңізден көңілді болып жүруге талап етпеуге кеңес береді.
«Егер адам айырылысуды, қайғыны, көшуді, жұмыстан шығуды немесе басқа да қиын кезеңді бастан өткеріп жүрсе, туған күн бір жағынан мереке болғанымен, екінші жағынан өмірінде маңызды адамның қасында жоқтығын бұрынғыдан да қатты сездіруі мүмкін. Сондықтан “бүгін мен міндетті түрде қуануға тиіспін” деген ойды алып, сол сәтте қандай сезімде болсаңыз, соны қабылдау маңызды», – дейді маман.

Қайғыдан кейін өмірге қайта бейімделу тақырыбын Фредрик Бакманның «Увенің екінші өмірі» романынан да көруге болады. Басты кейіпкер – әйелінен айырылғаннан кейін тұйық өмір сүре бастаған егде жастағы Уве. Алайда жаңа көршілерінің келуі оның күнделікті өмірін біртіндеп өзгертеді. Кітап ауыр кезеңде адамның өзін жалғыз сезінуі мүмкін екенін, бірақ жанында қолдау көрсететін адамдардың болуы өмірге қайта араласуға көмектесетінін көрсетеді.
Туған күнді атап өтпеген дұрыс па?
Туған күнді мүлде атап өтпеу де қалыпты шешім болуы мүмкін. Бірақ Надежда Артамонова алдымен өз көңіл күйіңізді түсініп алуға кеңес береді.
«Өзіңізден: “Мен шынымен туған күнімді атап өткім келмей ме, әлде атап өткім келеді, бірақ қорқыныш, мұң немесе ұялу сезімі кедергі болып тұр ма?” деп сұрап көріңіз. Когнитивті-мінез-құлық терапиясында адамның туған күннің алдында не ойлап, не сезінетініне және мерекеден бас тартуына не себеп болып тұрғанына назар аударамыз», – дейді маман.
Осы сұрақтарға жауап беру өзіңізге қай шешім жайлырақ болатынын түсінуге көмектеседі. Кейде туған күнді атап өтпеу шынымен қалауыңыз болса, ал кейде жағымсыз сезімдерден қашу жолы болуы ықтимал.

Мерекелеуге күш болмаса, туған күнді қалай өткізуге болады?
Қиын кезеңде үлкен мереке ұйымдастыру міндетті емес. Психолог қалыптасқан дәстүрге емес, сол сәттегі өз қалауыңызға сүйенуге кеңес береді.
Егер адамдармен араласып, көңіл бөлінгенін қаласаңыз, жаныңызда өзіңізді жайлы сезінетін жақындарыңызды шақыруға болады.
Егер ешкіммен кездеспей, бұл күнді жалғыз өткізіңіз келсе.
Жаңа жасыңыздың басталғанын атап өткіңіз келеді, бірақ үлкен мерекеге ұйымдастыруға зауқыңыз болмаса, өзіңізге шағын бір қуаныш сыйлаңыз: сүйікті тортыңызды сатып алыңыз, көптен ойлап жүрген жерге барыңыз, өзіңізге сыйлық жасаңыз немесе басқа іспен айналыспаңыз.
Достарыңызбен не жақындарыңызбен кейінірек кездескіңіз келсе, мерекені демалыс күніне немесе келесі айға ауыстыруға болады.
Мұнда қатаң ереже жоқ. Тіпті ештеңе ұйымдастырмай-ақ қоюға болады. Ең маңыздысы – өзіңізге ұнайтындай, жайлы өткізіңіз.
Кейде өзіңізге жасалған кішкентай қамқорлықтың өзі бұрынғы қуанышты біртіндеп қайта сезінуге көмектеседі. Осындай ой Сесилия Ахерннің «P.S. Мен сені сүйемін» романында да көрініс табады. Басты кейіпкер Холли күйеуінен айырылып, оның қазасын ауыр қабылдайды. Отыз жасқа толар алдында ол күйеуінің көзі тірісінде дайындап кеткен хаттарының бірін алады. Хаттар Холлиге онсыз өмір сүруге біртіндеп бейімделуге көмектеседі. Алғашқы хатты бергенде, бірге тортты да сыйлайды. Хатта күйеуі оған туған күнін атап өтуге кеңес береді.
Қиын кезеңде туған күнді міндетті түрде үлкен мерекеге айналдыру шарт емес. Кейде бұл күнді өзіңізге шамасы жететін, көңілге жайлы бір нәрсе жасауға мүмкіндік ретінде қабылдаудың өзі жеткілікті.
Құттықтаулар мен айналадағы адамдардың сұрағына қалай жауап берген дұрыс?
Егер адам туған күнін атап өтпеуді шешсе, айналасындағылардың назарында болмау қиын. Таңертеңнен бастап хабарламалар мен қоңыраулар келеді, таныстар жоспар сұрайды, әріптестер бірге атап өтуді ұсынады, ал туыстар мерекеден бас тартқаныңызға таңғалуы мүмкін.

Мұндайда шешіміңіздің себебін егжей-тегжейлі түсіндіру міндетті емес. Алдын ала қысқа жауап дайындап қоюға болады: «Құттықтағаныңызға рақмет. Биыл туған күнімді атамаймын», «Қазір мен үшін күрделі кезең, сондықтан үлкен мереке ұйымдастырмаймын» немесе «Кездескенімізге қуанамын, бірақ сәл кейінірек».
Қиын кезеңді бастан өткеріп жүрген адамды қалай құттықтаған дұрыс?
Егер адамның қиын кезеңде жүргенін білсеңіз, оның көңіл күйін өзіңізше болжамаған дұрыс. «Әрқашан күліп жүр», «өмірге қуана бер» сияқты үйреншікті тілектер кейде орынсыз естілуі мүмкін. Мұндай сәтте адамға оның қазіргі күйін қабылдайтыныңызды және міндетті түрде бақытты кейіп танытуын күтпейтініңізді сездіру маңыздырақ.
Надежда Артамонова жылы, бірақ бейтарап құттықтау сөздерін таңдауға кеңес береді:
«Ең дұрысы – адам міндетті түрде қуанышты немесе көңілді күйде деп ойламай, шын көңілмен құттықтау. Мысалы: “Туған күніңмен! Саған дәл қазір өзің үшін маңызды әрі құнды нәрселерді тілеймін”. Бұл – адамға қысым түсірмейтін, жылы әрі орынды тілек. Өйткені оның дәл қазір қандай жағдайды бастан өткеріп жүргенін біз әрдайым біле бермейміз», – дейді маман.



