Көз алдыңызға елестетіңізші, түн ортасы ауған шақ. Құрбыңыз тағы да жылап телефон соқты. Сүйіктісімен кезекті рет ренжісіп қалыпты. Сіз жұмысыңызды жиып қойып, ыңғайланып отырып, оны жұбатуға кірісесіз. Бір сағат, екі сағат... Ақыл айтасыз, жол көрсетесіз. Ол басын шұлғып келіседі де, артынша ештеңені өзгертпейді. Бір аптадан соң тағы да қоңырау соғады. Сіз тағы да тұтқаны көтересіз. Өйткені басқаша істей алмайсыз, ішкі дүниеңіз жібермейді.
Басқаға жаны ашу – адам баласының ең асыл қасиеттерінің бірі екені даусыз. Бірақ көмектесу өзіңіздің құндылығыңызды дәлелдеудің жалғыз жолына айналса, мұны мәрттік деу қиын. Психологтар мұндай күйді «құтқарушы синдромы» деп атайды. Tamga Media бұл құбылысты психологпен тарқатып көрді.
Бұл не нәрсе?
Құтқарушы синдромы – адамның өз қажеттігін кейінге ысырып, өзгенің тауқыметі мен сезімі үшін жауапкершілікті негізсіз арқалап алуы. Бұл ресми медициналық диагноз емес, бірақ клиникалық психологияда тәуелді қарым-қатынастың бір түрі. Әдетте мұндай әрекеттің қозғаушы күші мейірім емес, іштегі мазасыздық. Анығырақ айтсақ, адамның санасына «менің құным өзгеге тигізген пайдаммен ғана өлшенеді» деген қатып қалған сенім ұялап алған.
Шырын Айдарова, психолог:
«Шын ниетпен жәрдем беру – адамның өз еркімен, іштей өзін кінәлі сезінбей немесе ұялмай, қол ұшын созуы. Ал құтқарушы синдромы бар адам құштар болғаннан емес, өз ішіндегі қайшылықты өзгелер арқылы шешуге тырысқаннан көмек береді. Мұндай адам жұртқа жәрдемдесіп жүрмін деп ойлағанымен, шын мәнінде біреудің тағдырына араласып, өз жан жарасын емдегісі келеді».

Түп-төркіні қайда жатыр?
Мамандар мұның бірнеше себебін атап көрсетеді.
Балалық шақ. Көбіне бұл синдром бала кезінен «ересек» болуға мәжбүр болғандардың бойында болады. Мазасы қашқан анасын жұбатып, әкесінің қас-қабағына қарап, бауырларына бас-көз болып өскен баланың танымы өзгеше қалыптасады. Ол «жылу мен махаббатқа тек біреуге қамқор болып қана лайық боламын» деген түсінікті санасына құйып өседі. Зерттеулер көрсеткендей, бала күнінде жақындарымен бауырмалдық байланысы дұрыс орнықпаған жандар есейгенде осындай күйге жиі түседі.
Өзін төмен санау. Адам өз болмысын барымен қабылдай алмағанда, өзгеге тигізген пайдасы арқылы ғана жұрттың қасында жүруге «хақым бар» деп есептейді.
Мәдени орта. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен тығыз араласатын халықтарда жақынға қарайласу – бұлжымас қағида. Қазақ қоғамы да бұдан шет емес.
Шырын Айдарова, психолог:
«Біздің менталитетте құтқарушы синдромы ұят пен кінә сезіміне тікелей байланысты. Көпшілік қатысатын іс-шаралардан қалсаң, "ел не дейді", “ұят болады” деп қорқып, өзін іштей кінәлай бастайды. Осы сезімнен құтылу үшін еріксіз баруға мәжбүрсің. Мүлде танымайтын, өміріңде араласпаған алыс ағайынның той-томалағына немесе асына барып, көрімдік беріп, ақша жинау – осының айқын көрінісі».
Өмірде қалай көрініс табады?
Сырттай қарағанда бұл күйдің еш оғаштығы жоқ, қалыпты жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Керісінше, айналасындағылар оны «көпшіл, ақкөңіл, қолы ашық жақсы адам» деп мақтап жатады. Алайда мынадай белгілерге байқап қарасаңыз, мәселенің тереңде жатқанын аңғарасыз:
Сұрамаса да, ақыл айтуға бейім. Өзге біреудің «қате» қадам жасап жатқанын көрсеңіз, жаныңызға батады. Тіпті ол өзгенің өмірі болса да, шыдап тұра алмайсыз.
Өзгенің міндетін мойныңызға іліп аласыз. «Мен жақсырақ істеймін» немесе «оған ауыр тиеді» деген желеумен біреудің шаруасына білек сыбана кірісесіз.
Біреудің бетін қайтарсаңыз, кінәлі сезінесіз. Біреудің өтінішінен бас тарту сіз үшін сатқындық жасағанмен бірдей сезіледі.
«Қиын» жандарды таңдайсыз. Достықта да, махаббатта да үнемі көмекке мұқтаж, тағдыры күрделі адамдарға бүйрегіңіз бұрып тұрады.
Сөзіңіз өтпесе, өкпелейсіз. Кеңесіңізге құлақ аспаған адамға іштей шамданып, ренжисіз.
Өзіңізді екінші орынға қоясыз. «Әуелі соған көмектесіп алайын» деп, аш жүргеніңізге де, ұйқының қанбағанына да, тіпті дәрігерге бару керек екеніне де көз жұма қарайсыз.
Шырын Айдарова, психолог:
«Құтқарушы дертіне шалдыққан адам бейсаналы түрде жаны жаралы, тағдыр тауқыметін тартқан немесе біреуге тәуелді серік таңдауға бейім. Осылай, ол бала кезден таныс сценарийді қайталай береді. "Мені тек құтқарушы болсам ғана жақсы көреді" деген түсініктің жетегінде кетеді. Өзгеге жәрдем беріп, адам жағдайды бақылап отырмын, біреудің тағдырын өзгерте аламын деп ойлайды. Мұның астарында менмендік те жоқ емес: "мен болмасам, ол күнін көре алмайды" деген паңдық сезім жатыр. Ал ең тереңде – "өзгеге көмектессем, бәлкім, өзім де құтылармын" деген соңғы үміт тұр».

Карпман үшбұрышы: құтқарушының құрбанға айналуы
1968 жылы психиатр Стивен Карпман адамдар арасындағы қарым-қатынастың күрделі бір үлгісін сипаттады. Бұл – құтқарушы, құрбан, агрессор (кінәлаушы) деп аталатын үш рөлден тұратын «драмалық үшбұрыш». Мұндағы ең қызық дүние – рөлдердің үнемі ауысып отыратыны.
Мәселен, өзгеге жәрдем беремін деп жанын салған, бірақ лайық алғыс алмаған құтқарушы бірез уақыттан соң, құрбанға айналып шыға келеді («Мен ол үшін бәрін істедім, ал ол болса...»). Содан соң іштегі өкпесін сыртқа шығып, кінәлайтын агрессор рөліне ауысады. Осылай, басында «жанашырлық» болып басталған байланыс соңында үлкен реніш пен жанжалға ұласады.
Шырын Айдарова, психолог:
«Адамды бұл үшбұрыштан бірден жұлып алу мүмкін емес. Мәселе тек рөлдерді танып-білуде емес, адамның өз ішкі күйіне үңіліп, жауапкершілікті қайта өз қолына алуында. Бұл рөлдер – жылулыққа ие болудың немесе мазасыздықты басудың бір амалы ғана. Оған тек "құтқаруды қой" деп бұйыру еш нәтиже бермейді, қайта адамның ішкі тірегін шайқалтып жіберуі мүмкін. Алдымен адам өзінің қай рөлде жүргенін аңғаруға тиіс. Ол өзіне тиесілі емес жүкті арқалап жүргенін түсінуі қажет. Әр рөлдің астарында белгілі бір сезім жатыр: құтқарушының ішінде үрей мен мейірімге зәрулік, құрбанның ішінде шарасыз болып, жасырын түрде ашулануы мүмкін. Ал агрессор өзін дәрменсіз сезініп, жаны ауырып тұруы мүмкін».
Зерттеулер не дейді?
Бұл тақырып көбіне психологиялық тұрақтылық пен өзгеге тәуелді болу мәселелері аясында қарастырылады. Кейінгі жылдары жүргізілген зерттеулер мынадай мәліметтерді алға тартады:
Ратгерс университетінің мәліметі бойынша, өте сезімтал, яғни өзгенің мұңын өзінікіндей қабылдайтын жандар тәуелді қарым-қатынасқа тез түседі. Әсіресе қызмет көрсету және көмек беру саласында жүрген мамандарға тән.
2021 жылғы ғылыми зерттеулер көрсеткендей, медицина қызметкерлері мен еріктілер өзгенің қасіреті мен өз жауапкершілігінің аражігін ажырата алмағаннан тез қажып, рухани тұрғыда сарқылып кетеді.
GoodTherapy порталының дерегі бойынша, тек АҚШ-тың өзінде 40 миллионға жуық ересек адамның бойынан «құтқарушы» дертіне өте жақын келетін тәуелді мінез-құлық байқалған.
Ал бауырмалдық пен ағайын-туысты алдыңғы орынға қоятын халықтарда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Өкінішке қарай, Орталық Азия аймағында бұл бағытта жүйелі зерттеулер әлі де аз, сондықтан нақты сандарды айту қиын. Десе де, біздің ортада өзгенің өмірі үшін жауапкершілік арқалау жазылмаған қағидадай қабылданатыны жасырын емес.
Көмек беру – бақылаудың бір түрі
Бұл бір қарағанда оғаш көрінгенімен, өте маңызды ой. Біз біреуді өзі сұрамай-ақ «құтқаруға» ұмтылғанда, оған бейсаналы түрде: «Сенің қолыңнан ештеңе келмейді, сен дәрменсізсің» деп ишара жасаймыз. Осылай, сол адамның өз бетінше тәжірибе жинауына, қателесіп, содан сабақ алып өсуіне кедергі келтіреміз.
Сонымен қатар, «құтқарушы» рөліндегі көмек, адам оны сезінбесе де, әйтеуір бір қайтарымды күтеді. Көмек қолын созған жан іштей болса де алғыс, адалдық немесе өзіне ерекше ілтипатты дәметеді. Күткені орындалмағанда, көңілін реніш билейді. Бастапқыда «шын ниетпен» басталған қарым-қатынас, іс жүзінде жасырын «саудаға» құрылғаны белгілі болады.

Шырын Айдарова, психолог:
«Терапия барысында адам өзінен ешкім жәрдем сұрамағанын, керісінше, көмегін өзі тықпалап, біреуді құтқаруға жанталасқанын түсіне бастайды. Әуелде ол: "Жоқ, бәрі дұрыс, мен өмір бойы осылай өмір сүрдім ғой" деп қарсыласуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, ішінде ашу-ыза жиналып, қажып кеткенін сезеді. Кейін ол өзгенің дербестігін құрметтеуді үйренеді: өз шекарасы мен өзгенің шекарасын ажыратып, сұрамаған жерге сұғынбау керек екенін ұғынады».
Құтқарушылар тез қажиды
Құтқарушылар тез сөнеді. Адамның ішкі қуаты шектеулі, ал жұрттың алғысы бәрібір аз болып көріне береді. Өйткені мәселе алғыста емес. Кәсіби тұрғыда «қажуды» зерттеген мамандар мынадай қорытындыға келген: адамды жұмыстың көптігі емес, жағдайды бақылай алмау сезімі мен өз тұлғасын атқаратын рөлімен шатастырып алуы қажытады.
Құтқарушы дертіне шалдыққандар үшін бұл – өте дәл сипаттама. Егер сіз «көмектесуді» сіз үшін қарапайым іс-әрекет ретінде көрмей, бүкіл болмысыңызға айналып кетсе, онда өзіңізді жоғалтып алуыңызда ғажап емес.
Шырын Айдарова, психолог:
«Бұл синдромның кесірінен қажыған адам ызаланып тұрып, шаршайды. Шағымданады, бірақ осы шеңберден қалай шығуды білмей басы қатады. Эмоциялық тұрғыдан қажығанда, жай шаршағанда демалып немесе басқа іске көңіл бөліп, басуға болады. Ал құтқарушы дерті салдарынан қажыған адам не болып жатқанын толық сезінбегенше, бұл күй бүкіл өмір бойына созыла беруі мүмкін».
Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
Әрине, мәселенің тамыры балалық шақта жатса, жай ғана кеңестерді оқымай, кәсіби маманның көмегін алған дұрыс. Дегенмен сауығу жолындағы алғашқы қадам ретінде мына жайттарға назар аударған жөн:
Жанашырлық пен «өзіңді ұмытуды» ажырату. Өзгенің мұңын түсініп, көңіл айту – адамгершілік. Ал сол қасіретті өз иығыңа арқалап алу – өзіңді жоғалту.
«Менен көмек сұрады ма?» деген сұрақты өзіңізге жиі қойыңыз. Егер ешкім өтініш білдірмесе, сіздің әрекетіңіз жәрдем емес, өзгенің өміріне қол сұғу немесе өз қалауыңызды тықпалау болып шығады.
Ниетіңізге үңіліңіз. Тура қазір неге көмектесіп жатырсыз? Шын жүректен бергіңіз келгендіктен бе, әлде «бетін қайтарсам, жаман адам болып көрінемін» деген қорқыныш па?
«Иә» деуге асықпаңыз. Кез келген өтінішке дереу жауап бермеуге тырысыңыз. Өзіңізге аз-кем уақыт беріп, ішкі даусыңызды тыңдаңыз: мұны істеуге зауқыңыз соға ма, әлде күш-қуатыңыз жете ме?
Маманның көмегіне жүгіну. Мәселе тым тереңде болса, психологқа барған абзал. Тәуелді қарым-қатынастан арылуда когнитивті-мінез-құлық терапиясы мен схема-терапия әдістері өте тиімді.

Шырын Айдарова, психолог:
«Құтқарушы синдромынан арылу – табандылықты қажет ететін ұзақ процесс. Бір-екі сеанста бәрі өзгере қоймайды: адамның ішкі танымының қайта қалыптасуы үшін уақыт керек. Тұлғаның болмысына, жасына және жағдайға бейімделу жылдамдығына қарай, бұл жұмыс бір-екі жылға, тіпті одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Адам үйреншікті рөлінен бас тартып, ескі сценарийден шыға бастағанда, бұрынғы қарым-қатынастарының іргесі сөгілуі мүмкін. Сол сәтте іште бос сезім, үрей мен күмән пайда болады. Бірақ ол осы тыныштықта қалып, нағыз еркіндіктің дәмін сезеді. Өз өмірі өз алдына бөлек, қайталанбас құндылық екенін түсіне бастайды».
Өзгеге қарайласу – ізгілік, ал өзгеге сіңіп, жоқ болып кету – қауіп. «Құтқарушы» болуға ұмтылу сіздің жаман адам қылмайды. Бұл – кезінде «мені болмысым үшін емес, тек істеген ісім мен тигізген пайдам үшін жақсы көреді» деген қате ұғымның санаңызға сіңіп қалғанының көрінісі. Бұл шешім бір уақыттары жаныңызға пана болған шығар, бірақ қазір аяғыңызға тұсау болып тұрғаны анық. Ал мұндай байламды қайта қарап, өзгерту ешқашан кеш емес. Қай жаста болсаңыз да, өз қадіріңізді сезінуге хақыңыз бар.




