МәдениетСалт-дәстүр“Құрсақ шашу” тойы: қазақтар әйелдің жүктілігін қалай жеткізген?

“Құрсақ шашу” тойы: қазақтар әйелдің жүктілігін қалай жеткізген?

23 қаңтар 2026
4 мин
Обряд «Құрсақ шашу»: как в казахской культуре сообщали о беременности
Фото: Tamga Media / ЖИ

Қазір қыз-келіншектер жүкті екенін жақындарына ерекше тәсілмен айтып жүр. Бірі жүктілік тестін әдемі қорапқа салып көрсетсе, енді бірі күйеуіне сәбидің киімін сыйлайды. Мұндай сәттерді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялау да сәнге айналды. Бұл видеоларды сүйсініп көретіндер де, аса ұнатпайтындар да бар. Алайда келіннің құрсағына бала біткенін хабарлау – қазақ халқының бұрыннан келе жатқан дәстүрі. Оның да өз жөн-жоралғысы бар. Солардың бірі – "Құрсақ шашу". Бұл материалда осы салттың қалай өткенін және не үшін маңызды болғанын тарқатып айтамыз.


Қазақ үшін сәбидің дүниеге келуі – үлкен қуаныш. Жүкті келінді тоғыз ай бойы ерекше күтіп-баптаған. Оның дұрыс тамақтануына, лас жерге бармауына, ұрыс-жанжалдан аулақ жүруіне мән берген. Келіннің көңілі мен денсаулығы басты назарда болған. Осындай қамқорлықтың бір көрінісі ретінде "Құрсақ шашу" тойын өткізген. Бұл туралы Этнограф Болат Бопайұлы "Қазақ кәдесі" кітабында жазып кеткен. 

“Қазақ аналары келіннің аяғы ауыр екенін білгенде қатты қуанады. “Қағанағы қарқ”, “сағанағы сарық” болып, қуанышын жасыра алмайды. “Бәтима пірім қолдай көр” деп тілеп, келін мен құрсақтағы баланың амандығын сұрайды. Кейін көрші-қолаңды, туыс-туғанды шақырып, “құрсақ той” жасайды. Тойға келген әйелдер жақсы тілек айтып, қол орамалдарын үйдің босағасына іліп кетеді. Бұл – “қол-аяғымыз жеңіл болсын, үйдегі береке бізбен еріп кетпесін” деген ниет”, – дейді этнограф. 


“Құрсақ шашу” дәстүрін келін қандай асқа жерін екенін табу үшін өткізген


Жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, "құрсақ шашу" дәстүрі ана мен бала үшін өте маңызды болған. Себебі жерігі қанбаған, яғни қалаған асын жей алмаған әйел тоғыз ай бойы әлсіреп, басы айналып, қиналған. Үнемі лоқсып, құсып жүрген соң, ішкен асы бойына сіңбеген. Қазақ мұндайды “ит жерік” деп атаған.


Келін жерік асын жемесе, іштегі сәби де әлсіз, жылауық болып туады деп сенген. Осыған байланысты халық арасында “Іштен қисық туғанды, тезге салсаң түзелмес” деген сөз қалған. Сондықтан апа-әжелер "Құрсақ шашу” тойын жасап, оған тек қыз-келіншектерді шақырған. Жиылған әйелдер әртүрлі дәм пісіріп әкелген. Келін сол тағамның бірін сүйсініп жесе, сол асты әкелген әйел келіннің жерігі қанғанша жасап беріп отырған деседі. Бұл сауапты іс саналған.













Қазақта “жерік асын жегендей елжіреді” деген сөз бар. Жерігі қанған келіннің көңілі көтеріліп, өзін жақсы сезінген. Кейде ер азаматтар да келіннің аңсары ауған асты табу үшін атсалысқан. Қайын інілері мен күйеуінің жолдастары аң еті, құс еті, балық әкеліп берген.

“Жүкті келіншектің күйеуіне мылтық атуға, тұзақ салуға болмайды. Өйткені іштегі жаңадан жан алып жатқан шақалаққа кесірі тиеді деп ырымдаған”, – дейді Зейнеп Ахметова.  

Тарихта аң етіне жерік болған аналарымыз туралы аңыз көп. Мысалы, Ақтұмар ана Жалаңтөс батырға жүкті кезінде көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Жұпар ана да Шапырашты батырды құрсағында көтеріп жүргенде арланның бауырын шикідей жеп жерігін қандырған екен. Тіпті келіннің жерік асына қарап, баланың болашағын да болжаған деседі.  


"Құрсақ шашу" тойы алғашқы жүктілікте ғана жасалған 


"Құрсақ шашу" тойын көбіне келіннің енесі ұйымдастырған. Зейнеп Ахметованың айтуынша, келіннің тәбеті болмай, ішкен-жегенін қайта-қайта құсып, түрлі иістен лоқсып жүргенін байқаған адам енесіне барып "Келініңіздің құрсағы ақ жарыпты" деп сүйінші сұраған. Ал енесі бұл қуанышты хабарды жеткізген адамға сүйінші беріп, алғысын айтқан. Кейін осы хабардың құрметіне "құрсақ шашу" рәсімін өткізген. Осылай, келін мен ене арасындағы қарым-қатынас нығая түскен.


"Құрсақ шашу" тойы алғаш рет ана атанғалы жатқан жүкті келінге арналған. Себебі жас келін үшін ағзасында болып жатқан үлкен өзгерістерді бірден түсіну оңай емес. Осындай кезде тәжірибесі бар аналар мен әжелер көмектесіп, қамқор болған. "Құрсақ шашу" тойында олар тек ас әкеліп қоймай, өз ақыл-кеңесін айтып, ана болудың қыр-сырын үйреткен.

Бөлісу:

“Құрсақ шашу” тойы: қазақтар әйелдің жүктілігін қалай жеткізген?