Медиа●Өнер●Қоңыр сарын: 2026 жылғы Биеннале несімен ерекше?

Қоңыр сарын: 2026 жылғы Биеннале несімен ерекше?

3 шілде 2026
4 мин
Instagram: @labiennale

Венеция биенналесі – қазіргі заманғы өнердің нағыз ордасы. Биыл көрмеге «Мұңды сарында» тақырыбы таңдалды. Бұл атау өмірдің өзінен алынғандай: кураторы көрме ашылмай жатып өмірден өтсе де, іс-шара бәрібір ұйымдастырылды. Tamga Media 2026 жылғы Биенналенің ерекшеліктеріне тоқталады.


Венеция биенналесі деген не?


Бұл – әлемдегі ең беделді өнер көрмелерінің бірі. Егер теңеу іздесек, мұны қазіргі сәтті нақ түсірген, бүгінгі әлемнің тынысы мен көңіл-күйін көрсететін Polaroid өнер туындысы деуге болады. 2026 жылы 61-рет ұйымдастырылып жатқан Биеннале 9 мамыр мен 22 қараша аралығында Венецияның дәстүрлі алаңдары – Джардини мен Арсеналеде, сонымен қатар қаланың түкпір-түкпіріндегі ондаған қосымша көрмеде өтеді.


Көрменің құрылымы да ерекше, себебі бір-біріне ұқсамайтын екі бөліктен тұрады (латынша “bi” сөзі «екі рет» дегенді білдіреді, яғни көрме екі жылда бір өтеді).


Бірінші бөлігі – бір ғана бас ұйымдастырушының талғамы бойынша жиналатын, белгілі бір ортақ идеяны көрсететін негізгі көрме. Екінші бөлігі – әр елдің өз павильондары. Мұнда ондаған мемлекет өз суретшілерін әкеледі. Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ: суретшілер басты тақырыпқа байланбай, еркін тақырыптағы туындыларын ұсына береді.


Куратор – көрменің басты бейнесі, идея берушісі әрі жаны


Әр Биенналенің көркемдік жетекшісі болады. Ол көрменің тақырыбын таңдайды, суретшілерді іріктейді, бүкіл жобаның бағытын анықтайды. Шын мәнінде, көрмеге жиналған жүздеген суретшінің жұмысы бір ғана адамның, яғни куратордың негізгі ойы мен көзқарасын жеткізеді.


61-рет өтетін Биенналенің кураторы – Койо Куо. Ол – заманауи Африка өнеріндегі ең ықпалды тұлға (тегі Швейцария мен Камеруннан). Оның жетістіктеріне тоқталсақ, Кейптаундағы Zeitz MOCAA заманауи Африка өнері музейінің атқарушы директоры әрі бас кураторы болып істеген, Дакардағы RAW Material Company негізін қалаған. Сонымен бірге Венеция биенналесінің бүкіл тарихында бұл шараны басқарған алғашқы қара нәсілді әйел. Койо Куо өмір бойы Африка мәдениетін дамытуды, қоғамда сирек айтылатын мәселелерді, отарлау салдарын, диаспора мен халықтың ортақ тарихи жады сияқты тақырыптарды көтеріп келеді.


2025 жылғы мамырда Куо 57 жасында қайтыс болды. Оған қазасынан бірнеше күн бұрын ғана анықталған бауыр обыры себеп болды. Ол биенналенің ашылуына тура бір жыл қалғанда дүниеден өтті.


Көрмені өзгертпей, Куо қалай жоспарлады, дәл солай өткізу ұйғарылды. Өйткені ол көрменің тақырыбы мен негізгі құрылымын ерте бастан дайын қалдырған еді. Оның бұл идеясын көрме залына дейін жеткізген – өзі таңдап кеткен бес адамнан тұратын команда. Олар: Лондоннан келген тарихшы Гейб Бекхерст Фейхо, куратор Мари-Элен Перейра, кинобағдарламашы Раша Салти, бас редактор міндетін атқарған журналист Сиддхартха Миттер және Кейптауннан келген ассистент Рори Цапайи. Биеннале президенті Пьетранджело Буттафуоко бұл жағдай туралы: «Койо қазір арамызда жоқ, бірақ ол бізді басқа әлемнен бақылап тұрғандай. Біз көрмені дәл өзі ойлағандай жасап жатырмыз», – деді.



Тақырыбы: «Қоңыр сарын»


Минор ұғымы көбіне мұң, қайғы мен оқшау сезімдерді еске салады. Бұл сөз бізді музыка әлеміне, ал музыка арқылы жабырқау көңіл-күйге толы поэзияға жетелейді. Бірақ куратордың идеясы бұл қасаң түсінікті мүлдем өзгертті. Оның ойынша, дәл осы минорлы ноталарда қуаныш та, жұбаныш та, үміт де бар. Минор – бұл бәсең дыбыс, нәзік реңктер, сыбыр мен ішкі үн. Яғни күнделікті азан-қазан шудың астында қалып, естілмейтін дүниелер туралы болмақ.


Бұл көрме көрерменді сәл тоқтап, асықпай айналаға байыппен қарауға шақырады. Мұндағы мақсат күнделікті жаңалықтар мен апаттарды талқылау емес. Бірақ бұл шындықтан қашу немесе айналадағы жағдайға көз жұму деген де сөз емес. Керісінше, көрме өнердің өзіне тән шынайы табиғатын – сезімді, түйсік пен жеке көзқарасты алдыңғы орынға шығарған. Мұнда адамның көңіл-күйінен бастап, бүкіл планетаның тынысына әсер ететін, бірақ байқала бермейтін нәзік құбылыстарды сезіне аласыз.


Куо көрмеге еркін джаз музыкасын таңдаған. Сондықтан көрме суретшілермен бірге жазылған ортақ әуен сияқты: мұнда әр автор – үлкен оркестрдегі музыкант іспетті.



Көрме залдары бөлек-бөлек бөлімдерге емес, бірімен-бірі астасып жатқан үйлесімді кеңістікке айналған. Олар: Киелі мекен, Шеру, Мектеп және Тыныштық. Іште ешқандай қабырға немесе бөгет жоқ, сондықтан бір жерден екінші жерге қалай өткеніңізді байқамай қаласыз.


Орталықта өмірден озған екі тұлға Сенегал суретшісі Иссе Сэмб пен Америка суретшісі Беверли Бьюкененге арналған киелі орын бар. Сэмб кезінде Куоның ұстазы болған. Сондықтан бұл бұрыш жай ғана еске алу емес, олардың қайта қауышуын білдіргендей әсер береді.


Суретші Кадер Аттиа көрме ішінде қоңыраулар мен жаңбыр дыбысы естілетін «демалыс бөлмелерін» жасаған. Мұнда келіп, сәл тынығып алуға болады. Ал Джардини бағында ақындар шеруін көре аласыз. Бұл – Куоның өзін еске алу үшін жасалған дүние. Ол 1999 жылы Африканың тоғыз ақынымен бірге Дакардан Тимбуктуға дейін сапарлаған.


Көрменің масштабы да көп нәрсені аңғартады. Қатысушылар саны әдейі шектелген – бар-жоғы 110 автор, бұл өткен жылдардан әлдеқайда аз. Мұндағы басты мақсат – сан қуаламай, әр туындыға шынайы жанашырлықпен әрі ерекше ықыласпен қарап, сапаны көрсету.


Салыстырмалы түрде алғанда, Адриано Педроза басқарған 2024 жылғы көрме “Foreigners Everywhere” деп аталған еді. Негізі бұл шарада әр көрмеге осындай ерекше мағынасы бар атау беру бұрыннан келе жатқан дәстүр.


Бұл көрменің ерекшелігі неде?


Негізгі жайттарға тоқталсақ, көп нәрсе бірден түсінікті болады.


Біріншіден, өлім, шығармашылық иесінің көзқарасы мен оның қалдырған ойы – тұтас бір дүниеге айналған. Көрермен мұнда суретшінің өзі көрмей кеткен, бірақ артында мәңгі қалған ойын көреді.


Екіншіден, көрмені ұйымдастырғанда көп жанжалдар болды. Іс-шараның екі жүзден астам қатысушысы “Art Not Genocide Alliance” хатына қол қойып, Ресей, Израиль мен АҚШ-тың қатысуына наразылық білдірді әрі Израиль павильонын алып тастауды талап етті. Осы шудың кесірінен Оңтүстік Африка Республикасы көрмеге қатысудан мүлдем бас тартты. Оған елдің мәдениет министрі Газадағы құрбандарға арналған бейнебаяндарды көрсетуге тыйым салғаны түрткі болды (кейін бұл жұмысты Венециядағы шіркеуге ауыстырды). Жағдай ушығып, 2026 жылғы 30 сәуірде қазылар алқасының толық құрамы кетіп қалды. Сол себепті марапаттау рәсімі басында емес, көрменің соңында, 22 қарашада бір-ақ өтетін болды. Тіпті дәстүрлі жүлделердің орнына, биыл алғаш рет бас жүлдені халық анықтайды – үздіктерге алтын және күміс «Көрермен арыстандары» беріледі.


Үшіншіден, көрме өтіп жатқан қаланың өзі де – осы шараның бір бөлшегі. Венецияға туристер онсыз да көп келеді, бірақ Биеннале өткізуге бұдан асқан тамаша орын табу мүмкін емес.



Қорытынды


Осының бәрінен кейін, басында мұңды көрінген көрме, іс жүзінде бүкіл әлемді елең еткізді. Мұндағы әртүрлі көңіл-күй мен сезімдердің астарында үлкен мән жатыр. Куо бұл тақырыпты жазғанда, өзінің ең соңғы туындысы болып қаларын білген жоқ. Қазіргі қарбаласта бір сәт тоқтап, өмірді сезінудің қаншалық маңызды екені дәл осы жердегідей өзекті болған емес. Көрменің мұңды сарыны біз күткеннен де көп ой салды.

Бөлісу: