Әлемде●Экономика●Қолданылмай қалған заттар: неге қажетке жарамайтын дүниелерді сатып аламыз?

Қолданылмай қалған заттар: неге қажетке жарамайтын дүниелерді сатып аламыз?

24 қазан 2026
4 мин
«Степфордские жёны» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Шкафтың жоғарғы сөресіне, кереуеттің астына немесе балконға қараңызшы. Екі-ақ рет қолданылған шырынсыққыш, «бір күні киемін» деп алған, жапсырмасы әлі тұрған көйлек не гантель жатқан шығар. Movinga сауалнамасына сәйкес, америкалықтар бір жылда гардеробындағы киімдердің 82%-ын мүлде кимеген. Кейде зат сатып алғанда, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, өмірімізді өзгертеміз деп ойлаймыз. Бірақ жаңа зат алғанмен, әдетіміз өзгермейді. Неге бұлай болады?


Үйде барын ұмытып кеткен заттар


2018 жылы көшуге көмектесетін Movinga компаниясы 20 елдегі 18 мыңға жуық отбасына сауалнама жүргізген. Оларға «Соңғы бір жылда киімдеріңіздің қанша бөлігін мүлде кимедіңіздер?» деген сұрақ қойылған. Кейін жауаптарды шкафта нақты бар киімдермен салыстырған. Ең үлкен айырмашылық бельгиялықтардан байқалған. Олар киімдерінің төрттен бірін ғана кимейміз деп ойлаған. Ал шын мәнінде, 88%-ын мүлде кимеген. Америкалықтарда бұл көрсеткіш - 82%, канадалықтарда - 79%, британдықтарда - 73%. Яғни біз сатып алған заттарымыздың көбін пайдаланып жүрміз деп ойлаймыз. Бірақ іс жүзінде олай емес.


Асүйде де қолданылмай жатқан заттар аз емес. Tap Warehouse компаниясының 2020 жылы Ұлыбританияда жүргізген сауалнамасына қарағанда, бір отбасында жалпы құны орта есеппен 822 фунт стерлинг болатын асүй құрылғылары босқа тұр. Кофеқайнатқыш немесе френч-пресс сатып алған әр төртінші адам оны бір рет те пайдаланбаған. Көкөністі турайтын құрал алғандардың 17%-ы да оны қолданып көрмеген.


Тізімдегі ең қымбат зат - орташа бағасы 407 фунт стерлинг болатын шырынсыққыш. Оны алғандардың 15%-ы бір стақан да шырын сығып көрмеген. Ал әр жетінші британдық асүй құрылғысын аспаздық бағдарламаға қызығып сатып алғанын айтқан.


Британдықтар үйде жаттығу үшін де түрлі құрал сатып алады. Алайда Hussle платформасының сауалнамасына қатысқандардың үштен бірінен көбі бұл құралдарды қолданбайтынын айтқан.


MPB компаниясының 2022 жылғы зерттеуіне қарағанда, әрбір ересек америкалықта орта есеппен 2 459 доллардың техникасы пайдаланылмай тұр. Ел бойынша олардың жалпы құны 650 миллиард доллардан асады. Ересектердің 66%-ында қолданылмайтын теледидар, 65%-ында смартфон, 58%-ында ноутбук бар. Осы сандарды көргенде, адамдар ақшасын орынсыз жұмсайды деген ой келуі мүмкін. Бірақ мұның басқа да себептері бар.


Осыны алсам, өмірім өзгере ме?


Америкалық ғалым Джеймс Марчтың айтуынша, зат сатып алғанда оның қажетіне ғана қарамаймыз. Кейде оны өзіміз болғымыз келетін адамға ұқсау үшін аламыз. «Мен қандай адам болғым келеді? Ондай адам не сатып алар еді?» деген ой таңдауымызға әсер етеді. Мысалы, киноа алсақ, дұрыс тамақтануға көшкендей сезінеміз. Өзімізді денсаулығына көңіл бөлетін адам ретінде елестету ұнайды. Бірақ үйге әкелген киноамыз сол күйі шкафта ашылмай тұра береді.


Психолог Анджела Дакворт Freakonomics подкастында айтқандай, киноаны сатып алу бір бөлек, оны пісіріп жеу бір бөлек. Пісіру қиын емес, бірақ оған кірісу керек. Ең қиыны да - сол алғашқы қадам. Бұл басқа заттарға да қатысты.


Жүгіру жолағы «енді күнде жаттығамын» деп сатып аламыз. Бірақ кейін оған киім іліп қоямыз. Психологтар Жанет Поливи мен К. Питер Херман мұны «жалған үміт синдромы» деп атаған. Яғни алдымызға тым үлкен мақсат қойып, орындай алмаған соң өзімізге ренжиміз. Кейде осы сәтсіздік бізді бұрынғыдан да қатты қынжылтады.


Киім ілгішке айналған жүгіру жолағы орындалмаған мақсатымызды еске салып тұрады. Сонда да оны тастауға қимаймыз. Өйткені одан құтылсақ, күнде жаттығып, тәртіпке үйренеміз деген үмітімізден де айырылатындай көрінеді. 


Кітапты да «кейін оқимын» деп сатып алып, жинай береміз. Жапон тілінде бұл әдетті «цундоку» деп атайды. Мэйдзи дәуірінде пайда болған осы сөз кітапты сатып алып, оқымай, үйіп қоюды білдіреді.


Нассим Талеб «Қара аққу» кітабында Умберто Эконың кітапханасын мысалға алып, «антикітапхана» ұғымын түсіндіреді. Оның ойынша, оқылмаған кітаптардың да пайдасы бар: олар әлі білмейтініміз көп екенін еске салады. Freakonomics подкастының жүргізушілерінің бірі Стивен Дабнер де үйінде жүздеген, тіпті мыңдаған оқылмаған кітап барын мойындайды.


Неге қажетсіз заттарды тастауға қимаймыз?


Заттың барын ұмытып кету - бір мәселе. Ал қолданбай, оны тастауға қимай сақтау - басқа мәселе. 1990 жылы Даниэль Канеман, Джек Кнетч және Ричард Талер қарапайым тәжірибе жүргізген. Бір топ адамға саптыаяқ беріп, оны қаншаға сатуға дайын екенін сұраған. Ал екінші топтан дәл сондай саптыаяқты қаншаға сатып алатынын білген.


Саптыаяқ иелері оны орта есеппен 7 долларға сатқысы келген. Ал сатып алушылар 3 доллар ғана төлеуге дайын болған. Демек, зат өзіміздікі болса, оны екі еседей қымбат бағалаймыз. Ғалымдар мұны «иелік ету әсері» деп атаған. Өз затымызды қимаймыз, одан айырылсақ, жоғалтқандай боламыз. Сол өкініш жаңа зат алғандағы қуаныштан да күшті сезіледі. Кейін зерттеудің кейбір тұжырымдарына күмән айтылған. Бірақ өз диваныңызды сатарда оны қимай, бағасын жоғарырақ қойғыңыз келуі мүмкін.


Заттарын тастағысы келмейтін адамдар оларды сақтауға ақша төлеуге де дайын. АҚШ-та 2017 жылғы дерек бойынша отбасылардың шамамен 9,4%-ы қойма жалдаған. Ал 2019 жылы зат сақтайтын қоймалар бизнесінің айналымы 39,5 миллиард долларға жеткен. Адамдар қойманы орта есеппен 14 айға жалдап, айына 89 доллар төлеген. Яғни қолданбайтын, бірақ тастауға қимайтын заттарын сақтау үшін шамамен 1 250 доллар жұмсаған.


Кейде қажетсіз затты сатуға күш те, уақыт та таппаймыз. MPB сауалнамасына қатысқандардың шамамен 10%-ы қолданбайтын техникасын қалай сату керегін білмейді, ал 15%-ға жуығының оған уақыты жоқ. Жастар оны сатуды көп әуреге түсу деп санайды. Ал 55 жастан асқандар «бәрібір көп ақша түспейді» деп ойлайды. Сатып алу оңай болғанымен, заттан лақтыру қиынға соғады. Сөйтіп, ол үйде жата береді.


Қазақстанда да солай, тек біз көбіне жеңілдікті күтіп жүреміз. Picodi.com сайтының 2021 жылғы сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 82%-ы электроника мен тұрмыстық техниканы арзандағанда алуға тырысады. 74%-ы демалысқа, 73%-ы киім мен аяқкиімге жеңілдік күтеді. Ал дәрі-дәрмекті 77%-ы, азық-түлікті 68%-ы бағасына қарамай сатып алады. 61%-ы тамаққа тапсырыс бергенде де бағаға қарамайды.


Кейде заттың арзандағанына қызығып, дәл қазір керек болмаса да сатып аламыз. Сөйтіп, шкафта «бір күні киемін» деп алған көйлектер көбейе береді.


Кейін қолданбайтын заттарымызды басқа біреуге сатып жатамыз. OLX.kz дерегінше, 2022 жылы платформада әр минут сайын 12 сауда жасалса, 2023 жылы бұл сан 37-ге жеткен.


Енді не істейміз?


Бәріміз де «кейін қажет болады» деп зат сатып аламыз. Кейде сол затпен бірге өміріміз де өзгереді деп үміттенеміз. Осыны түсінсек, нені не үшін сатып алатынымызға мұқият қарай бастаймыз.


Қол астында тұрған, қолдануға ыңғайлы затты жиірек пайдаланамыз. Мысалы, әр жолы жууға ерініп, шырынсыққышты шкафқа салып қоюымыз мүмкін. Ал диванның жанында жатқан жаттығу резеңкесін алып, жаттығу оңайырақ.


Қолданбайтын затыңызды сатарда «бұған бекер ақша жұмсадым» деп өкінгенше, «енді біреудің қажетіне жарайды» деп ойлап көріңіз. Сонда оны қимай сақтай бермей, басқа адамға беру жеңілдейді. Кейінге қалдырмасаңыз, сату да ойлағаныңыздай қиын болмайды.


Жаңа зат аларда бір сәт тоқтап, «Бұл маған керек пе?» деп қана емес, «Осыны алсам, күнделікті өмірімде не өзгереді?» деп сұраңыз. Киноа, шырынсыққыш немесе жүгіру жолағын сатып аларда бұл сұраққа жауап беру оңай болмауы мүмкін.

Бөлісу: